«Еңбегім – еліме» медалімен марапаттау рәсімі өтті
Кітапханамызда «Ақ жол» демократиялық партиясының ШҚО филиалының ұйымдастыруымен дәстүрлі садақ атудан Шығыс Қазақстан облыстық федерациясының мүшесі, спорт шеберіне үміткер Олжас Қалымбекұлы Дюсуповты марапаттау және Әлем кубогына шығарып салу рәсімі өтті.
Іс-шараға облыстық Билер алқасының өкілдері, дәстүрлі садақ атудан Шығыс Қазақстан облыстық федерациясының басшылығы, спортшылар, зиялы қауым өкілдері, жастар мен кітапхана оқырмандары қатысты.
Спортшының соңғы жылдардағы жетістіктері де көпшілік назарына ұсынылды. 2025 жылы Оңтүстік Кореяда өткен Әлем кубогының 1/4 финалына дейін жетсе, 2026 жылы Түркияның Стамбул қаласында өткен «Фетих Купасы-2026» халықаралық турнирінде күміс жүлдеге ие болды. Сондай-ақ тамыз айында Қарағанды қаласында өткен жарыста қола және күміс медальдарды қанжығасына байлады.
Кездесудің маңызды бөлігі – Олжас Дюсуповты «Ақ жол» демократиялық партиясының «Еңбегім – еліме» медалімен марапаттау рәсімі болды. Марапатты «Ақ жол» демократиялық партиясының басшысы Бохаев Қанапия Сағатбекұлы табыстады.
Алдағы 12–20 қыркүйек аралығында Атырау қаласында өтетін Әлем кубогына аттанғалы отырған спортшыға арнайы ақ бата берілді. ШҚО Билер алқасының биі Оралхан Жұмаханұлы Түсіпов дәстүрлі жолмен бата беріп, мергеннің жебесі нысанаға дәл тиіп, елге жеңіспен оралуын тіледі.
Іс-шара барысында ШҚО Билер алқасының Бас биі Нұразхан Ертіс Ыбырайымұлы, дәстүрлі садақ атудан ШҚО федерациясының президенті Ажар Төлеуханова, вице-президенті Бақытбек Қаблоллаев, VI Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының алтын жүлдегері Аяш Қабдоллаева және қала жастары спортшыға ақжолтай тілектерін білдірді.
Ұлттық спорт – ұлт рухының айнасы. Ал ел намысын қорғаған спортшыға көрсетілген құрмет – жас ұрпаққа үлгі, ұлттық спортқа көрсетілген қолдау.































