Қала күніне орай А.С. Пушкин атындағы кітапханада 25-31 тамыз аралығында «ӨСКЕМЕН – махаббатым, мақтанышым» атты кітап көрмесі ұйымдастырылады.
Аталған көрмеден Өскемен қаласының тарихы мен негізгі қалыптасу кезеңдері жайлы сыр шертетін басылымдар орын алады. Бүгінгі күні шырайлы Шығыстың өнеркәсіп пен мәдени орталығына айналған шаһар тарихын баяндайтын Құрбанғали Халид «Тауарих Хамса», З. Қайсеновтың «Шығыс өлкесінің тарихи – әдеби мұралары», Г. Щербиктің «Усть-Каменогорские предания», Н. Алексеенконың соғыстан кейінгі жылдардағы қала өміріне арналған «Моя комендантка» кітаптарының қала тарихына қызығушылық танытатын оқырмандарға берер мағлұматы мол. Мың жылдық тарихы бар ежелгі Кеңгір Тұра қаласы мен археологиялық қазба жұмыстары кезінде қала орнынан табылған құнды жәдігерлер туралы баяндайтын «Тарихқа толы Тарбағатай» жинағы мен кейінгі жылдары қала тарихына қатысты мерзімді басылым беттерінде жарық көрген зерттеу мақалалары да оқырман назарын аударары сөзсіз. «Абай әлемі» кітаптар топтамасымен жарық көрген «Краеведы ХIХ-ХХ веков о Восточном Казахстане» зерттеулер жинағы да қаламыз бен өлкеміздің тарихынан құнды ақпарат береді.
Көрмеден орын алған «Қазіргі Өскемен», «Ғажайып Шығыс Қазақстан», «Сиқырлы шығыс», «Шығыс Қазақстан: бейбітшілік пен жасампаздық», «Усть-Каменогорск на рубеже тысячелетий», «Усть-Каменогорск современный» атты көркем безендірілген альбом беттерін парақтай отырып, қаланың көз тартар әсем де көрнекті орындарын тамашалап, олардың қалыптасу жылнамасымен танысуға болады.
Сондай-ақ, 20 ғ. екінші жартысы мен 21 ғ. басында қаланың дамуына ат салысып, өркендеуіне үлесін қосып, қаланың Құрметті азаматы атанған тұлғалардың өмірбаяндары да сол кезеңдегі Өскемен тарихынан мол сыр шертеді.
Бүгінгі таңда «Таулы Алтайдың қақпасы» атанған Өскемен – Қазақстан түсті металлургиясының інжу-маржаны, аты елімізден тыс жерлерге танымал ең белді өнеркәсіп орталықтарының бірі. Қаланың кезіндегі жән қазіргі заманауи әсем бейнесін көрмеге қойылған фотосуреттер легі айшықтай түседі. Қала тарихына арналған фотосуреттер галереясын кітапхана сайтынан да тамашалауға болады.
Сондай-ақ, біздің кітапхананың "Шығыс Қазақстан: танымал есімдер" деректер базасынан, "Шығыс Қазақстан өлкетануы" сайтынан өлкеміз, сүйікті қаламыз туралы маңызды да қызықты ақпараттармен таныса аласыздар.
Құрметті оқырмандар! Сіздерді Қала күнімен шын жүректен құттықтай отырып, қаламызға арналған кітап көрмесіне саяхат жасауға шақырамыз! Біздің мақтанышымыз, Шығыстың жүрегі, өскелең қала – Өскеменнің жұлдызы әрқашан жарық болсын!
Байланыс: Ошан М.
+7 771 863 1686