«Абай әлемі» кітаптар топтамасының» тұсаукесері
2022 жылдың 14 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған іс-шаралар аясында А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының ұйымдастыруымен «Абай әлемі» кітаптар топтамасының» жаңа шығарылымының тұсаукесері өтті.
«Абай әлемі» кітаптар топтамасы әдеби жобасы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың бастамасымен «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Жоба өлкеміздің өткені мен бүгіні жайлы қалам тербейтін жерлес қаламгерлердің шығармаларын басып шығаруға арналған. 2018-2022 жж. аралығында барлығы 59 389 данамен 82 кітап жарық көрді. Олар: 54 автордың жеке кітаптары, 6 жинақ, 1 «Әнші Әміре» кітабы, 1 өлке зерттеушілерінің еңбектері, абайтанушылардың 5 томдығы, Абай шәкірттері мұрасының 4 томдығы.
Топтаманың алғашқы кітабынан оқырман Абай Құнанбайұлы мен Шәкәрім Құдайбердіұлының даналығын сезініп, Мұхтар Әуезовтың әлемге әйгілі «Абай жолы» эпопеясының орыс тіліндегі жаңа аудармасымен танысады. Сондай-ақ, топтамаға Федор Достоевскийдің Семей қаласында өмір сүрген жылдары жазған еңбектері мен ұлттық театр өнерінің алғашқы қарлығашы Әміре Қашаубаевтың 130 жылдығына арналған басылым да енген.
2019 жылы республикамызға танымал ақындар Тыныштықбек Әбдікәкімов, Бақытжан Раисовалардың шығармаларымен қатар, «Жастар жылы» аясында басты назар жастардың шығармашылығына аударылды. Өңірімізге белгілі талантты жас ақындардың шығармалары жеке кітап және жинақ болып қалың оқырман қолына жол тартты. Сондай-ақ, кейінгі 100 жылда алғаш рет орыс географиялық қоғамы мүшелерінің жариялаған жұмыстарының жеке жинақтары да жарық көрді.
2020 жылы хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойы атап өтілді, сондықтан бүкіл кітап топтамасы осы айтулы күнге арналды. 1909 жылы Санкт-Петербург қаласында Бораганскийдің баспаханасында араб қарпінде жарық көрген Абайдың тұңғыш кітабы қайта басылып шықты, жаңа басылымда араб қарпіндегі шығарма кирилицадағы мәтінмен бірге жүреді. Сонымен қатар, бұл жылғы жинақпен ұлы ақын шәкірттерінің әдеби мұрасы, абайтанушы ғалымдардың, Ұлы Абай шығармашылығын зерттеушілердің еңбектері оқырманға жол тартты.
2021 жылы шығыс өңірінен шыққан, есімі барша елімізге танымал Оралхан Бөкей, Қалихан Ысқақ, Әлібек Асқаров, Дидахмет Әшімханов, Сапарғали Бегалин, Сәуле Досжан, Мүсілім Құмарбеков және басқа да авторлардың шығармалары жарық көрді.
Биылғы жыл қазақ әдебиетінің классигі, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтың 125 жылдығы сынды үлкен атаумен есте қалмақ. Сондықтан осы жылғы кітаптар топтамасы заңғар жазушының «Қараш-қараш оқиғасы», «Қилы заман» және «Көксерек» повестері, сонымен бірге Әуезовтың оқырмандардың кез келгенінің қолына түсе бермеген жолсапарлар жазбаларынан бастау алады. Сондай-ақ, бұл жобаны Әзілхан Нұршайықов, Талаптан Ахметжан, Роза Мұқанова, Асқар Алтай, Әлібек Қаңтарбаев, Айман Шәріпханова, Ғабдулғазиз Есенбаев, Тоқтар Мағзұмовтың тәрізді танымал жерлес жазушылардың үздік прозалық туындыларымен қатар ақындар Қалқаман Сарин, Генадий Пуссеп және Гүлнар Салықбайдың таңдамалы жыр кітаптары толықтырды.
Шығыс өңірінің рухани бай мұрасын кеңінен насихаттайтын әдеби жоба келесі жылы да жалғасын таппақ. Барша кітапсүйер қауымды «Абай әлемі» кітаптар топтамасының» жаңа шығарылымымен танысуға кітапханаға шақырамыз!
Байланыс тел.: 26-13-33 (119)