Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз – жыл басы, бірлік пен татулық, ізгілік пен бақыт, жаңару мерекесі. Шуақты көктем мерекесі қарсаңында 19 наурыз – Жаңару күні А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада «Наурыз FEST» мерекелік бағдарламасы өтті.
Кітапханадағы Наурыз мейрамы қонақтарын жыл басына арналған «Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні!» атты қызықты да тағылымды интерактивті әдебиеттер көрмесімен қарсы алды. Ал кітапсүйер оқырманның басын қосатын «Төр Алтайдың әдеби әлемі» клубының әдеби-музыкалық қонақжайы келушілерге мерекелік көңіл-күй сыйлап, ән-шашу бағдарламасын ұсынды.
Сондай-ақ, қонақтарымыз «Наурызға тарту» көрме-жәрмеңкесін тамашалап, қолөнер шеберлерінің ұлттық нақыштағы түрлі бұйымдарын сатып алды. Мереке барысында кітапхананың кішкентай оқырмандары «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» тақырыбындағы квест ойынына қатысып, Наурыз мейрамы, салт-дәстүр тақырыбында білім бәйгесіне түсіп, күш сынасты. Ал қаламызға танымал «Қазына», «Руханият», «Ақниет» әжелер тобының қатысуымен өткен дөңгелек үстелде осы тақырыпта ұлағатты әңгіме қозғалды.
Дәл осы күні «Ұлттық өнер – асыл қазына» атты Live-кездесу өтті. Кездесу қонақтары – кәсіпкер, ағаш шебері, «Ornek Oskemen» шеберханасы мен «NAIZA» компаниясының басшысы Хабиұлы Нарынбек және әлемге әйгілі бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызы болды. Айшолпан осы кездесу үшін Алматыдан арнайы келді.
Айшолпан Нұрғайыпқызы - Моңғолия мемлекеті Баян-Өлгий аймағы Алтанцөгц ауданында дүниеге келген. Жасынан бүркіт баптауға әуес болды. Әкесі Нұрғайып және арғы атасы да бүркітші, салт-дәстүрді жақсы сақтаған адамдар. Солардың өнегесімен жасынан құс баптап, әкесіне еріп, бүркіт салды. Құс баптаудың қыр сырын жеттік меңгерді. 13 жасында 79 саятшы қатысқан бүркітшілер сайысында рекорд жаңартып тарихта тұңғыш рет жеңімпаз атанды.
Ол туралы америкалық режиссер «Бүркітші қыз» деген деректі фильм түсіреді. Туынды жарыққа шыққаннан кейін оны көреміз деп Баян-Өлгейге әлемнің 31 елінен мыңдаған турист келген. Айшолпан Нью-Йоркте «Азияның батыр қызы» деген атаққа ие болды. Сондай-ақ Моңғолияның «Алтын жұлдыз» орденімен марапатталған.
Хаби Нарынбек - ұлттық кәдесыйларды жасаушы шебер. Оның қолынан бесік, шаңырақ, киіз үй сияқты т.б. белгілі кәдесыйлар шыққан. Нарынбек Хабиұлы Моңғолияның Баян-Өлгий аймағы Бұлғын сұмында туған. Жасынан ол ұлттық қолөнерге жақын болды. Ол С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін тәмамдап, Өскемен қаласында тұрады. Басты мақсаты ұлттық қолөнерді ағаш бұйымдарын жасауды дамыту.
Нарынбек Хабидың жасаған киіз үйге және басқада бұйымдарына қазіргі уақытта сұраныс аса көп деуге болады. Ол «Өрнек» атты кәсіпорын құрып, бірнеше отбасыны жұмыспен қамтып отыр.
Жыл басы, бақыттың бастамасы, жақсылықтың жаршысы, жаңарудың белгісі, тіршіліктің тынысы, халық қастерлеген Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!