5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні. Осы атаулы мерекеге орай А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында «Тіл – достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы» атты кітап көрмесін ұсынады.
5 қыркүйекте «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деп кеткен тіл жанашыры, қазақ тіл білімі және әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ұлт ұстазы, Алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толады.
Көрме төрінен А. Байтұрсынұлының өмірі мен қызметі, шығармашылығына арналған басылымдар орын алған: ана тіліміздегі алғашқы әліппе – «Оқу құралы», тұңғыш грамматикалық оқулықтар – «Тіл құрал», қазақ тілін пән ретінде оқыту әдістерін баяндайтын «Тіл жұмсар», «Әдебиет танытқыш» зерттеулері топтастырылған «Қазақ тіл білімінің мәселелері», ғалымның әр жылдары жазылған еңбектері, мақалалары, мұрағаттан табылған құжаттар енген «Ахмет Байтұрсынұлының тілтанымдық мұрасы», 6 томдық шығармалар жинағы, Р.С. Имаханбетованың мұрағаттық сирек қорлар құжаттарына жүргізген ізденістері нәтижесінде жазылған, ғалымның шығармашылық өмір жолы, мемлекеттік және қоғамдық қызметтеріне арналған «Ғасыр саңлағы: Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық ғұмырбаяны» және т.б. еңбектер.
Әдебиеттер экспозициясында ұсынылған ұлтымыздың ұлы ақыны, қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы А. Құнанбайұлының түрлі тілдерге аударылған еңбектері әр уақытта оқырманның үлкен сұранысына ие. Кітапхана пайдаланушылары сондай-ақ әлемнің түрлі тілдеріне аударылған ақын шығармалары мен абайтанушылардың еңбектері, ақын шығармашылығына байланысты басқа да материалдар топтастырылған «Біздің Абай» электронды кітапханасымен де таныса алады.
Мемлекеттік тілді үйренемін деушілерге Е. Романенконың «Понятный казахский с упражнениями и ответами», У. Мусабекованың «Казахский язык для стран СНГ» еңбектері, өзге де тілдерді меңгеремін деушілерге түсіндірме, орфографиялық сөздіктер, тілашарлар үлкен көмек.
Экспозицияны «Языки Казахстана» социолингвистикалық анықтамалығы, Б. Хасановтың «Языки народов Казахстана и их взаимодействие» және т.б. еңбектер тәрізді елімізде тұрып жатқан барлық этностардың тілдік бірегейлігін сақтау мен дамытудың маңыздылығына арналған әдебиеттер топтамасы жалғастырады.
Тіл білімінің мәселелерін жан-жақты зерттеген С. Исаев, І. Кеңесбаев, Ө. Айтбаев, А. Жұбанов сынды белгілі ғалымдардың зерттеулері, Р. Сыздықтың «Қазақ әдеби тілінің тарихы», М.Серғалиевтің «Тілім менің – тінім менің», С. Аманжоловтың «Қазақ тілі теориясының негіздері», К. Ахановтың «Тіл білімінің негіздері», Ә. Османнның «Тіл тәуелсіздігі – ел болашағы», А. Жылқыбаеваның «Туған тіл – тұғырым», «Қазақстан тілдері: әлеуметтік лингвистика анықтамалығы» еңбектері көрменің бір бөлімінен орын алған. Тілдік өзгеріс, тілді меңгеру, жазба тілдің негіздері, тіл және адам миы сияқты жекеленген мәселелер «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жарық көрген «Тіл біліміне кіріспе», С.Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация», «Тіл тарихы» басылымдарында қамтылған.
Сондай-ақ, экспозицияны «Тіл және қоғам», «Тіл», «Туған тіл», «Мысль» және «Простор» журналдары толықтыра түседі.
Байланыс тел.: 26-13-33