Елін сүйер сеніңіз, Өз отбасын сүйе алған.
Қ. Аманжолов
А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада жыл сайын қыркүйектің екінші жексенбісінде атап өтілетін Отбасы күніне орай «Отбасым – алтын ұям» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Отбасы – адамзат баласы шыр етіп дүние есігін ашқанда қарсы алатын жылы ұясы. Белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің, мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы.
Заманға сай отбасында бала тәрбиелеу ата-анадан аса үлкен жауапкершілік пен білімді талап етеді. Кітап көрмесінде ұсынылған «Ағаш бесіктен жер бесікке дейін», «Қазақтың отбасы фольклоры», Х. Арғынбаевтың «Қазақтың отбасылық дәстүрлері» басылымдары халқымыздың ертеден келе жатқан отбасылық құндылықтары жайында сыр шертсе, М.Тоқашбаевтың «Бақыттың кілті», З. Жаназарованың «Отбасы социологиясы», Д. Миллердің «Правила счастливых семей», «Сүйе біл», Т. Андрееваның «Психология семьи», Н. Жасұланның «Жар таңдауда жаңылма», Г. Айкинбаеваның «Жас отбасындағы жұптардың өзара бейімделуінің әлеуметтік-психологиялық ерекшеліктері» еңбектері және қорымызға жаңадан келіп түскен «Отбасы хрестоматиясы» сериясымен жарық көрген «Логотерапия немесе өмірге құштарлық», «Махаббаттың мәні» еңбектері жанұядағы сыйластық, жарастық орнаған отбасындағы тәрбие, отбасы психологиясы, бүгінгі қоғамдағы жастардың отбасылық өмірге деген көзқарасы туралы мәлімет береді.
Бала –¬ отбасының айнасы. Бала тәрбиесіндегі отбасы құндылықтарының алар орны өте маңызды. Көрменің келесі бөлімінен орын алған әдебиеттер отбасындағы бала тәрбиесіне арналған: С. Ұзақбаеваның «Тамыры терең тәрбие», Ә. Тұрақұлованың «Балам жақсы болсын десеңіз», Д. Омарбаеваның «Дана мен бала», В. Горчакованың «Воспитание в стиле Modern», Е. Ертайұлының «Баланы тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле», И. Жянлиннің «Ақылды ана» және т.б. еңбектер.
Көрмеден орын алған, оқырманның ерекше қызығушылығын тудыратын басылымдардың бірі ¬–¬ қазақтың даңқты батыры Бауыржан Момышұлының келіні З. Ахметованың халқымыздың әдет-ғұрып, ырым-тиымдарының мағынасы арқылы жас ұрпаққа қазақы тәлім-тәрбиенің мәнін ұғындырады «Күретамыр» кітабы. Ал, С. Ғаббасовтың «Ұрпақ тәрбиесінің жаңа ілімі» еңбегінде адам тәрбиесі мен қоғам тәрбиесіне түбегейлі тоқталады. З. Мейірханованың «Қыздың жолы жіңішке», «Қыз – өмірдің қызғалдағы», Ж. Байжанованың «Қызым, саған айтам...», «Қыз өссе – елдің көркі», Қ. Абденнің «Сен қазақтың қызысың. Мақтан ет!» кітаптары қыз бала тәрбиесіне арналған. Қазіргі замандағы қыз баланың білімді, өзін-өзі дамыта отырып табысты, іскер болудың құпияларымен бөліседі. Кітап парақтарында берілген көптеген кеңестер ұлттық салт-дәстүрге негізделген.
Отбасы құндылықтары белгілі ақын-жазушыларымыздың шығармаларынан да көрініс тапқан. Олардың ішінде әрқашан оқырман сұранысына ие – М. Әуезовтың «Абай жолы», Б. Момышұлының «Ұшқан ұя», Ғ. Мүсіреповтың «Ананың анасы», З. Ахметованың «Шуақты күндер», Қ. Омарұлының «Әке», «Әке мен бала – Мұхамедхан Сейтқұлов пен Қайым Мұхамедханов - Отан патриоттары», «Менің Анам Фархинұр Мұхамедханова» кітаптары.
Мерекелік көрмеге әдебиеттермен қатар «Алтын босаға», «Дәстүр», «Қазақстан әйелдері», «Жұлдыздар отбасы», «Бала тәрбиесі», «Мой ребенок», «Отбасы және денсаулық», «Отбасы және балабақша» және т.б. мерзімді басылымдар оқырман назарына ұсынылды.
Оқырмандарымызды Отбасы күнімен құттықтай отырып, атаулы мерекеге орай ұйымдастырылған көрмені тамашалауға шақырамыз!
Байланыс тел.: +7718631686