Кітап қоры біртіндеп ұлғая түсті, 1920 жылы 5000 томды құрады. 1920 жылы қарашада «Советская власть» газеті: «Қалалық орталық кітапханаға жазылушылар саны күннен күнге өсуде»,- деп жазды. Оқырмандар саны 612 адамға жетті.
Осы жылдары кітапханаға жазушы әрі халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі Павел Петрович Бажов барынша көмек берді. 1920 ж. 11 маусымдағы Өскемен ревкомының баяндау хатында: «Өскемен қаласының тұрғындары барынша орнықты, бірақ оларға Халық үйінің төменгі қабатында орналасқан, ауыр жағдайдағы орталық қалалық кітапхана ғана қызмет көрсетеді. Кітапхана залы тар, оқу үстелі де сол бір бөлмеде орналасқан (жеке оқу залы жоқ. Театр залында ойналатын оркестр оқырмандарға кедергі жасайды. ... Кеңес үкіметі орнаған жарты жылдың ішінде орталық қалалық кітапхана қоры (кітап саны) екі есеге өсті. Күнделікті келушілер саны – 50-60 адам». П.П.Бажовтың белсене араласуының нәтижесінде кітапхана драмтеатрдың 2-қабатының дөңгелек фойесіне көшіріліп, жеке оқу залы берілді.
1925-1926 жж. III тоқсандағы
Халыққа білім берудің Уездік бөлімінің есебі
Уездде кітапхана көп емес. Ірілері – екеу. Олардың бірі – Риддерде, екіншісі – Қалалық Орталық кітапхана, олардың екеуінде де жаңа әдебиеттер жетіспейді. Қаражат тапшылығынан жазылу мүмкіндігі жоқ. Әсіресе, қазақ бөлімдері қиналуда. Қолда бар кітаптардың көмегімен Қалалық Орталық кітапхана жылжымалы кітапханалар ұйымдастырып, оларды уездге жөнелтіп отырады. Барлық жылжымалы кітапхана саны -10. Таяуда Орталық кітапханада кітап көрмесі ұйымдастырылып, оң нәтиже берді. Қыс мерзімдері де кітапханаға келушілер толастамады.
Келешекте кітапхананың материалды жағдайын жақсартып, оны қолайлы жерге орналастыру қажет, өйткені қазіргі ғимарат күрделі жөндеуді талап етеді.
ХБУБ меңг.орынбасары - Харламов