Әке. Қазір бұл мен үшін өте қашық, бірақ сонымен қоса өте жақын да ыстық әлдене. Көп жылдар өтті және оның бейнесі менің зердемнен өшіп бара жатқан сияқты, алайда оның басты ерекшеліктерін мен бұрынғыдан да айқын сезінемін. Оның жұмсақ та бәсең дауысы, жылы да мейірімді қолдары, аласа бойлы, үлкен басты, ақ шашты, терең қара көз адам. Оның бейнесінен менің есімде қалғанының бары осы. Бірақ мен әрдайым оның қолдарының жылылығын, оның жан жылылығын сезінемін. Оның маған, ақыл тоқтатпаған бозбалаға деген шыдамдылығы мен сүйіспеншілігі есімде. «Жастық шақ - бұл ақылдың желігуі» деп Ларошфуко жақсы айтқан, бұл дәл мен туралы. Әкелер мен балалар, мәңгілік дау. Біз бастапқы кезде әкеммен бір-бірімізді тіпті-дерлік түсінбедік.. Менің жаным қызықты оқиға мен ғанибет іздеді, ал оның даналылығы мен салмақтылығы маған түсініксіз болып, кейде тітіркендіретін. Оның маған деген әкелік махаббатын мен іштей сезетінмін, бірақ дүниетанымымыз әргүрлі болатын. Кейінірек, өмірдің нағыз бейнесін көрген соң, тағдырдан біраз таяқ жеген кезде, мен оны бірте-бірте түсіне бастадым. Жастық шақта бұл тек, ол маған өмір берген менің әкем деген табиғи сезім болатын, кейіннен орасан зор ішкі күш иесіне деген түсінушілік пен сүйіспеншілікке айналды. Әкені, оның ақылы мен жан жүрегін танып білу, түсінбеушіліктен күшті, нағыз махаббатқа өту және оның рухани әлемі мен мінез күшіне қайран қалу кезеңдері байқаусызда, алайда, жылдар өте келді. Қазір оны еске алғанда, мен екеуіміздің өмір туралы, тұрмыстың мәні туралы соңғы ұзақ әңгімелесулерімізді елестетемін. Әкемнің өмірінің кезеңдерін еске алғанда, оның тасқындар мен сарқырамаларға толы қиын-қыстау өмірі көз алдымнан өзенше ағьш өтеді. Оның өзені өз мұхитына сәтті ағып жетті, ол өз өмірін ұсақ-түйек пен әбігерге жұмсаған жоқ, ол, қазіргі кезде біз оның кітаптарынан көретін басты нәрсені істеді.

Оның өмірі өте қиын басталған. Әкем тоғыз жасында ата-анасынан, өз үйінен айырылып, бір тілім нансыз қалып, басқа жетімдермен бірге көпірдің астында, жасырынып күн кешкен. Аштық пен суықтан әбден өлуге таяған оны коммунистік жорық кезінде тауып алып, балалар үйіне орналастырған. Бұл Лениннің өлген күні, 1924 жылдың 21 қаңтары болатын. Ол дәл кеңес үкіметі, коммунистік партия оны құтқарып, оған өмір, білім, өз дарынын ашып, жазушы болуына мүмкіндік берді деп есептеп, мұны әрқашан есінде сақтаған.

Оқып, балалар үйінде тәрбиеленген соң, әкем жұмысшы факультетіне оқуға түседі, ал оны үздік аяқтағаннан кейін, әлі тіпті жас шағында, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып жұмыс істеуғе Қарсақпайға жібереді. Бұл, аштық пен өлім кәдімгі құбылыс болған ауыр жылдар болатын. Әкем өмірінің бұл кезеңін еске алып, әңгіме етуді жаратпайтын, бұл оған өмір бойы тыным бермеген, оның терең де жазылмайтын жан жарасы болса керек.

Соғыстың алдында әкем оқуға түседі, ал 1940 жылы "тау инженері" мамандығы бойынша Алматы Тау-металлургиялық институтын (кейіннен политехникалық болған) аяқтайды.

Әкем мамандығы бойынша әлі толық жұмыс істеп үлгерместен, соғыс басталып, алғашқы күннен-ақ әкемді майданға шақыртады, ол сол жақта партияға өтеді.
1943 жылдың аяғына таман, капитан лауазымының иегері болған әкем ауыр жарақат алып, бір жыл госпитальда жатып емделген соң, Алматыға орала салысымен, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті секторының меңгерушісі болып жұмысқа қабылданады.
Көп кешікпей, 1944 жылы ол өзінің болашақ әйелі, менің анам, 1937 жылы атылып кеткен «халық жауының» қызы - Диляра Жүсіпбековамен танысады. Анамның әкесі - Хамза Жүсіпбеков - әйгілі партия қайраткері, жазушы, С. Сейфуллиннің пікірлесі болған. Ол Н. Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» романын қазақ тіліне бірінші болып аударған. Әкем өміріндегі алғашқы да жалғыз-ақ махаббатымен кездесуді былайша еске алатын.

1943 жылғы ауыр жарақаттан кейін оны Алматыға партиялық жұмысқа жібереді. Бір күні опера театрында ол, кездейсоқ, ерекше сұлу бойжеткенді жолықтырады. Қыздың оны сүйсіндіргені соншалық, ол бірден жақындап, танысады. Оның есімі - Диляра - қуғындалған партия қызметкерінің, сол кездегіше айтсақ, «халық жауының қызы екен. Дилярамен көп жігіттер танысатын, бірақ ол кімнің қызы екенін білісімен, тездетіп кете баратын ұзақ созбау үшін, ол Ілиясқа кімнің қызы екенін бірден айтты. Бірақ Ілияс, «мен сізге бір көргеннен ғашық болып қалдым, ал сіздің кімнің қызы екеніңіздің ешқандай маңызы жоқ» деп айтып, қайтпады. Диляра қатты таңырқады. Көп кешікпей олар үйленді. Менің ойымша, әкемнің бұл талғамынан оның бүкіл өміріне есеп берудің жаңа нүктесі басталды. Ол махаббатты қалады. Бұл оның өміріндегі басты ұғымы болды.

Дәл партиялық тәртіп пен мансапты елемей, махаббатты тандағаннан бастап, әкемді қорлау мен оның соңына түсу басталды.
Алдымен, оны Орталық Комитеттегі жұмыстан босатып, радиохабарлаудың Мемлекеттік Комитетіне, кейіннен Қазақ Мемлекеттік филармониясына ауыстырады, сонан соң ол екі жыл жұмыссыз жүрген. Түбінде, 1950 жылы Мәскеуде өткен әдебиет және өнер декадасында ақша қаражаттарын орынсыз жұмсағаны үшін деп, оған қарсы қылмыстық іс қозғайды. Тергеудің әділ емес жүргізілу себептері баршаға белгілі болғанымен де, оған хат жазысу хұқығымен он жыл беріп, анық өлім - Қарақұм каналының құрылысына жібереді. Қапырық, аштық, төзу мүмкін емес еңбек адамдарды орылған шөпше қырды. Әкемді, оның тау инженері болуы мен жауапты шеп - шұғыл жұмыстарды жүргізуге жетекшілік еткені сақтап қалған. Біздің үйде әлі күнге дейін, оның дағдылану нормасы мен жоспарды ылғи артығымен орындағандығы туралы көшірмелер сақталған.

1953 жылы Сталиннің өлімінен соң әкемді ақтап, босатып шығарды да, олар анам екеуі Семей облысына кеніштерде жұмыс істеуге аттанады. Сол жердің өзінде-ақ ол әдеби шығармашылықсыз өмір сүре алмайтындығын түсінді, ол қандай жұмысты болса да істеуге дайын болды, тек ойлап шығару мен жазу жазса болғаны. Соғыс кезінде ол бірнеше көркем шығарма жазғаны қоса бар, олардың кейбіреуі - поэмалар мен өлеңдер - 1945 жылы алғаш рет жарық көрді.

Ол жанұясымен Алматыға келіп, қатардағы редактор лауазымына, көркем әдебиет баспасына жұмысқа орналасады. Сол жерде ол проза түрінде алғашқы кітаптар жаза бастайды, оның ішінде, өзінің алғашқы, өмір орнықтырушы - «Адам туралы ән» романы.
Сонымен қоса, әкемнің тарихи роман жазу ойы болды, тарихи ақпар жинау және өңдеу процесі үзіліссіз жүргізілді. Ол түрлі қалалардың көптеген архивтеріне барып, ықыласпен ізденіп, түпдеректермен танысты. 1965 жылы, шығармашылық шабытпен үш ай ішінде әкем, кейіннен қиыншылықпен, 1967 жылы жарыққа шыққан, өз әйгілі трилогиясы «Көшпенділердің» бірінші кітабы «Қаһарды» жазады. Тарих, коммунистік идеологияның құрамдас бөлігі болғандықтан, сол кездері, партия ұйымдарының бақылауында болғандығын айта кеткен жөн. Сондықтан кітапты, авторды қинаған сияқты, түрлі партия отырыстарында "қинай" бастады, сол кездері алғашқы көре алмаушылар мен қарсылық білдіргендер де болды. Бірақ, осыған қарамастан, әкем трилогияның қалған бөлімдерін жазып бітіріп, басында журналдық нұсқада, ал кейіннен, «Көшпенділер» деген атпен толық кітапты шығарған. Жастардың тарихи салада жетілу керектігін түсінген әкем, оның «Көшпенділер» романы мектептердің оқу бағдарламасына қосымша оқу ретінде енгізілуіне қол жеткізуге тырысты. Ленин сыйлығын ол тарихи шындықты әйгілеуге себепкер болатын, кітаптың жылжу құралы деп қарастырды. Ол қазақтар өздері және өз тарихы жайлы көбірек білсе екен деді.
Ол өз мақсатына жетті десек те болады, 70-80 жылдардағы көптеген адамдар «Көшпенділер» романын оқыған, әсіресе, - қазақтар туралы, олардың өмірі туралы өз білімдерін толықтырғысы келетін, жүректерінде тарихи себептерге байланысты туған, ана тілдерін білмеудің ерекше жарасы мен азабы бар, орыс тілінде сөйлейтін қазақтар. Әкем, өткен шақ пен осы шақ арасындағы тығыз байланысты сезініп, заман ағымына сай шығармалар да жазғанын айта кету керек. Біз Мағжан Жұмабаев жайлы, оның қоғам қайраткері және әдебиетші ретіндегі маңызы жайлы жиі-жиі сөз қозғайтынбыз. Сондай-ақ, біздің басқа да ол танитын, жанұяларын білетін, олардың өміріне, тағдырына, қандай да бір салаға қосқан үлесіне қайран қаларлық танымал отандастарымызды тілге тиек ететінбіз. Әкем жұмысты көп істейтін, тәулігіне 12 сағаттан. Ол еңбекке қабілеттілігінің арқасында көптеген көлемді кітаптар, 30-40 фильмдерге сценарийлер, осыншама пьесалар жазды, көптеген кітаптарды редакциялады. Бұдан басқа әкем қазақ фольклорын ұнататын және меңгерген, әлемдік әдеби классиканы сүйіп оқитын. Ол суретті, әсіресе, өзі жер жүзіндегі ең әсем жануар деп есептеген жылқылардың суретін сүйсіне салатын.

Өз қабілеттерін сыпайы бағалағанымен де, менің ойымша, жалпы ол дарынды адам болған. Ол, бауыры Раунақ Есенберлин (профессор, техника ғылымдарының докторы) сияқты кез-келген техника саласында үлкен ғалым бола алар еді.
Оның бауырына деген таңданарлық махаббаты бүкіл өміріне созылды. Олар бір-біріне қиыншылықтарға қарсы тұруда демеу болды. Осылайша, әкем қамауда болып, кейіннен жұмыссыз (10 жыл бойы) қалған кезде, ай сайын ақша салып тұрған жалғыз адам, бауыры Раунақ болған еді. Бірақ, ең бастысы материалдық көмек емес, әрине, ең бастысы - рухани демеу, көзқарастағы бірлік, әрқашан көмекке келуге дайын болу. Екі адамның - Ілияс пен Раунақтың сүйіспеншілігі, елу жылдан астам уақытқа созылған хат жазысудан айқын байқалады. Осы хаттар нағыз бауырлық махаббаттың, міндеттің, қамқорлықтың айқын куәсі. Менің өмірімде әкемнің үлесі зор болды. Дәлірек айтсақ, оның бейнесі әлі күнге дейін менің жадымда. Ол маған тек жай - әке ғана емес, сонымен қатар ұстаз және дос болды. Әкем менімен әңгімелесу-сөйлесуге әрқашан уақыт табатын. Біз жай ғана үндемей бірге отырсақ та, мен оны бар жан жүрегіммен қабылдайтынмын, бұл түсініксіз, тығыз рухани байланыс болатын.

Оның әділдік сезімі өте ұшқыр болатын және ол маған ылғи, сенің өміріңде қандай жағдай болса да, сен әрқашан әділетті болуың керек деп үйрететін.

Біз жиі-жиі түрлі тақырыптарда: саясат, әлемдік және орыс әдебиеті, жалпы өмір туралы әңгімелесетінбіз. Осындайда ол ылғи менің осы заттарға көзқарасымды әдептілік пен жоғары мораль призмасы арқылы бағыттауға тырысатын. Мұнысымен ол маған дүниетанымымды орнықтыруға көмектесті деуге болады. Мінезі жағынан ол өмірге өте құштар және өмірге сеніммен қарайтын адам болған. Оны мейірімділік пен жұмсақтық ерекшелендіретін, бірақ жұмсақтықтың артында құрыштай қатты мінез тұратын, ал осыдан барып, үлкен төзімділік пен еңбек қабілеттілігі шығатын. Ол адамдармен араласқанда дауыс көтермейтін, биязы сөйлейтін, сирек жағдайларда әлдекіммен қатты сөйлесетін.
Мен әрқашан, әкемнің өз халқы үшін әрдайым жүрегі ауыратынын сезетінмін, ол халқын мүсәпірлеп аямайтын, ол оны расында да сүйетін. Мен мұны көріп, сезінетінмін. Оның өмірінің соңғы күні мен оған ауруханаға шығармаларының жаңа басылып шыққан бес томдығын апарып бердім, ол қатты қуанды, біз ойладық,.. бірақ, 1983 жылы бесінші қазанда, ол жүрегі жарылғаннан қайтыс болды...

Сол кезде мен, менің анам мен әпкелерім қандай күйде болғанымызды сөзбен айтып жеткізу қиын, бірақ қазір, уақыт өткен соң, мен оның сүйіспеншілігі мен қолының жылылығын сол кездегідей сезінемін. Кейбір нәрселер менің есімнен шығып кетсе де, мен бірте-бірте көп жағдайларда оны түсінетін болдым. Әкемнің басты ерекшелігі оның үлкен махаббаты болатын. Шынымды айтсам, мен бұл өмірде халқын соншалықты сүйетін адамды әлі көрген емеспін. Ол біздің арамыздан кеткеніне 18 жылдай уақыт болса да, оның бейнесі менің есімнен кетпейді және біздің жаңа өмірде қуанышты кездесетінімізге күннен-күнге жүрегімнің сенімі молаюда.
Қозыкөрпеш Есенберлин
ӘКЕ.
Back
Next
Роман әлемнің 30-дан астам тіліне аударылған.
Тарих және  халық
Әбілхайыр- хан (1693 - 1748)
Абылай-хан (1711-1781)
Кенесары Қасымов
(1802-1847)
Батырлар
Ойшылдар мен Көсемдер
Әйелдер образы
«Көшпенділер» - ұлт мақтанышы!
Мемлекетіміздің 550-жылдық тарихы - І.Есенберлиннің «Көшпенділер» парағында
 

KZ   RU