Батырдың жолы болар ма екен, өзім аттандырайыншы, - деді маржандай аппақ тісін көрсете күлімсіреп, сөйтті де тізгінді қолына алып, үзеңгісіне аяғын салған қас батырдың қолтығынан ұстап, жоғары көтере бастады.
Қабанбай атына мінген соң ғана қыздың жүзіне дұрыстап қарады. Қыз екі көзі жаудырап, Қабанбайды қимаған адамдай мөлдіреп тұр.
- Рақмет, құрбым, - деді Қабанбай, жүрегі кенет дүрсілдеп, - айдын көлдің аққуы аттандырды ғой, жолым болады екен! -
Қыз әлі жаудырай қарап тұр.
- Айтқаныңыз келсін!
- Қош бол, қарындасым!… - Қабанбай атының басын тежей қалды, - кездесе алмай қалсам, ең болмаса біліп кетейін, атың кім, қарындасым?
- Атым Гәуһар… Бәсентин Малайсары батырдың қарындасымын, - қыз бұ жолы сүйріктей әппақ саусақтарын ұсынды. - Алла сау сәламат көрісуге жазсын!
- Айтқаның келсін, қарындасым! Қош бол!
- Қош болыңыз!
Қабанбай Көкдауылын тебініп қап, «Гәуһар… Гәуһар!…» деп күбірлей солтүстікке қарай жөнеп берді. Ұзап бара жатып, артына бұрылып қарады. Қыз әлі орнында тұр екен. Ол ақ орамалын алып, жігітке «сау қайтыңыз!» деп екі үш рет бұлғады.
- Гәуһар десе Гәуһар ақ екен! - деді Қабанбай, атының борбайына қамшыны басып жіберіп...
Көшпенділер: 2-бөлім «Жанталас» романы
Гауһар сұлу мен Қабанбай батырдың алғаш танысуы