Қазақтың ұлы жазушысы, ата тарихының асқан білгірі, соңына мәңгі өлмес мол мұра қалдырған қанатты қаламгері, асыл ағамыз Ілекеңнің дүниеден озғанына он жыл толыпты. Оның арамыздан кеткеніне осынша уақыт өтсе де біз үшін жайдары жүзі жүрегімізге жылылық шуағын төгіп, ертең-ақ ортамызға келетіндей болып көрінеді. Мүмкін бұл алып жүректі асыл ағаны ажалға қимайтын інілік көңілдің мәңгілік рух иесі алдындағы ізеті болар, мүмкін Ұлы Абай айтқан «Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» ағаны өлді деуге болмайтын қағидадан туған қимас көңіл болар, өйтеуір Ілияс ағаны ажалға қию біз үшін қиынның қиыны. Мен туыстық жағынан алғанда Ілекеңнің бажасы болғанмен, шын мәнінде туған інісіндей араластық. Ағамыздың бір кіндіктен тараған інісі Раунақ Мәскеуде тұрды, сондықтан ағайындар арасында Ілекең мен тонның ішкі бауындай араласып, інілік қызмет атқару менің пешенеме жазылды. Мен мұны әрдайым мақтан етемін. Ілекең дүние салардан екі апта бұрын жүрегінің сырқаты мендеп, денсаулығы нашарлап сала берді. Ағайын-туыстарының да, дәрігерлердің де айтқанын тыңдамай, ауруханаға жатқысы келмеді. Күнде кешкісін далаға шығып, таза ауамен серуендеп қайтып жүрді. Ауруханға әкетер алдынан екі күн бұрын кешкілік серуенде бірге жүрдік. Ілекен ежелгі әдеті бойынша ақырын жүріп, асықпай сөйлеп біраз әңгіме айтты. Тіпті сол жүрістің өзіне қалжырап, жиі-жиі дем ала берді. Мен шыдамай:
- Ілеке, дәрігерлердің айтқан сөзіне құлақ асқан жөн болар. Жүрегіңізге салмақ түсіре беріп қайтесіз. Ауруханаға жатып, асықпай емделгеніңіз дұрыс шығар, - дегенді айттым. Ілекең азғана үнсіздіктен соң:
- Жүрек ауруы қимыл, қозғалысты сүйеді. Сондықтан инфаркт алған, прединфарктный жағдайға түскен адамдар шамасы келгенше таза ауада көбірек қозғалыстар жасайды екен. Осы әдісті қолданатын үлкен адамдарды білемін. Мен де өз әлімше солай жасап жүрмін ғой, - деп салмақты жауап қайырды. Мен ағамызды одан әрі мазалауды жөн көрмедім. Серуеніміз аяқтала бере Ілекең:
- Зайролла, «адам күні адаммен» екенін әрдайым есіңе сақта. Сондықтан мен бар болайын, жоқ болайын - тірлігімде дәм-тұзым жарасқан мына жандарды сенің де біліп жүргенің дұрыс. «Жаман айтпай - жақсы жоқ», - алда-жалда әлдеқандай жағдайлар бола қалса, ұялмай менің атымнан хабарлас, - деп өзі жанына жақын тұтқан біраз адамдарының аты-жөнін, телефондарын жаздырды. Ілекең өте сұңғыла жан еді. Ажал шіркіннің таяп қалғанын да іштей бағамдаған сияқты. Осы оқиғаның ертесінде Ілекеңді ауруханаға алып кетті. Мұнда да көп жатқан жоқ, екі түнеп, үшінші күні реанимацияда қайтыс болды. Мен Ілекеңнің тапсырған аманатын түгел орындап, Дилара жеңгеміз, Раунақ ағамызбен бірге оның алыс-жақындарына түгел хабарлап, көзімізді жас, жүрегімізді қан жуып жүріп, асыл ағаны соңғы сапарға шығарып салдық. Міне, соған тура он жыл өтіпті... Біздер, туыстары, үшін ол кісінің ағайын арасындағы орны, балалары мен туыстарына жасаған қамқорлығы, қалдырған жылуы, күнделікті өмірдегі қарым-қатынасы - өте қымбат.
Ілкеңнің балалық шағы қалың қазақтың тең жартысын жалмаған голощекиндік геноцидпен тұспа-тұс келді. Өзінен екі жас кіші інісі Раунақ екеуі жастайынан жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленіп, тағдыр тауқыметін көп тартты. Текті тұқымынан шыққан жан емес пе, жастайынан өмір қиындығына шынығып, ширығып өсті. Кейін 1940 жылы Қазақтың тау-кен институтын бітірді. Келесі жылы соғыс басталып, Ілекең Ұлы Отан соғысына аттанды. Жаралы болып елге оралған соң Қазақстан Компариясы Орталық Комитетінде жауапты қызмет атқарып жүрген кезде халық жауының қызына үйлендің деген айып тағылып, қызметінен босатылды. Қазақ зиялыларына, азат ойлы ардагер ұлдарына жағылған ұлтшылдық айыбы да Ілекеңе тағылып, қуғын-сүргінге ұшыратылды, тіпті жалған жаламен абақтыға да жабылды. Бірақ мұның бірде бірі өршіл рухты қаламгерді мойыта алмады. Ілекеңнің өмірі азат ой арқандалып, бостандық идеясы бодандыққа алмастырылған қиын заманда өтті. Міне, осындай қиын кезеңде, Ілекең сол кезде жазуды қойып атын атауға тиым салынған қазақ халқының әйгілі хандары, батырлары, билері туралы, туған еліміздің тәуелсіздік жолындағы толассыз күресі жайында тереңнен толғаған толымды туындыларын жазды. Әр кітабының жарыққа шығуына көптеген кедергілер жасалып, «қырағы көздердің» сүзгісінен өтсе де Ілекен қазақ әдебиетінде соңына ең мол мұра қалдырған қаламгер, романист-жазушы ретінде қалды.
Осы тұста Ілекең көрген қиындықтың бәрін нар жігіттерге тән азаматтықпен бірге бөліскен Дилара апамыз туралы да айта кеткен жөн. Ол кісі ұзақ жылдар бойы тату-тәтті отбасылық ғұмыр сүрді. Ұл да сүйді, қыз да тәрбиледі. Ілекең көз жұмарда немере сүйіп, сәбидің атын ол кезде атауға тиым салған қазақтың ұлы ақыны Мағжан деп қойды. Дилара апай, қазақтың белгілі қайраткер ұлы,
отыз сегіздің қанды қырғыны кезінде 1938 жылы 26 ақпанда Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлинмен бірге атылған Хамза Жүсіпбеков деген аяулы азаматтың қызы еді. Хамза Жүсіпбеков - қазақ халқының тарихында аты қалған ардагер азамат. Сол 20-30 жылдарға дейінгі уақытта болған қоғам қайраткері. Казкрайкомның хатшысы, бюро мүшесі, Казсовпрофтың төрағасы, заң халкомы қызметін атқарып, өмірінің соңғы кезінде Көркем әдебиет баспасының директоры болды. Осы кезде халық жауы қатарына ілігіп, жазықсыз құрбан болды. Хамза Жүсіпбеков уақытында қоғам қызметімен қатар газет-журналдарда әдеби мақалалар жазып, аударма жұмысымен де айналысты. Онымен қатар әңгімелер және «Қара Ақпай» (1925) деген кітап жазды.
Ілекең мен Дилара апайдың Раушан, Дилфруза, Қарлығаш деген қыздары, Қозыкөрпеш деген ұлы бар. Ілекең балалары жақсы тәрбие алып, жоғары оқу орындарын бітірді. Олар ғылым жолына түсіп, кандидаттық диссертацияларын қорғады. Әкелерінің ардақты есімін қастерлеп, ата даңқына даңқ қосып келеді. Осы тұста Ілекеңнің соңынан ерген жалғыз інісі Раунақ аға туралы да бір-екі ауыз сөз айта кеткен жөн сияқты. Ілекеңмен тай-құлындай тебісіп, тете өскен інісі Раунақ та өмірден көп қиындықтар көріп өсті. Ұлы Отан соғысының от жалынына шарпылды. Соғыстан кейін Мәскеуде қалып, ғылыми жұмыстармен айналысты.
Техника ғылымының докторы болып, профессор атағын алды. Техника саласында көптеген жаңалықтар ашып, «КСРО-ның еңбек сіңірген өнертапқышы» деген атаққа ие болды. Әскери оқу орындарында дәріс беріп, полковник атағын алды. Раунақ, Ілекең қайтыс болғанда Мәскеуден келіп, ағасын елмен бірге соңғы сапарға шығарып салды. Раукең аға Ілекең сияқты өте ұстамды кісі, артық сөйлемейтін, келбетті, бір әңгімелескен адамына даналықтың, қайраттылықтың белгісін қалдыратын жан еді. Осындай ардақты азаматтың да арамыздан кеткеніне бірнеше жылдың жүзі болыпты. Ілекең өзі дүниеден озса да, соңына мәңгі өлмес мұра қалдырды. Оның шығармалары жыл сайын әлемнің әр түкпірінде мыңдаған тиражбен басылып жатыр. Өмірдің өнерде жалғасуының бұдан артық үлгісі бола қояр ма екен. Асыл ағамыздың туғанына 80 жыл толуына арналған мерейтой үстінде: «Қараорман қазақ халқына қалдырған мол әдеби мұраңыз ғасырдан ғасырға көктей өтіп, мәңгі жасай берсін» деген інілік ізетпен игі тілек айтқым келеді.
Зайролла Дүйсенбеков
Асыл аға.