Бұл жерде, әрине, барлық мән жазушының өзінде. Оның бәрі осы өмірде не көрді, ол жәйлі не біледі, адамдар туралы ойында не сақталды, қандай үрейден қажыған, оның адамгершілігі қандай, әдептілігі, азаматтық позициясы қандай болса, оның шығармасы да сондай болады.
9 март 1978 жыл.
Жазушы мен қоғам
Жазушы көне заманның тарихи зерттеулерімен ұзақ уақыт айналысқан кезінде, өткен дәуірдің адамдары мен оқиғалары өзінен-өзі оның жадында жаттала бастайды. Және ол осылардың астарынан тек адам тағдырын ғана көреді. Осындай жағдай менің басымнан да өтті. XIX ғасырдағы Кенесарымен байланысты ұлт-азаттық қозғалысты зерттей келе мен осы өткен тарихи оқиғалардан ұлы тұлғаның бақытсыздығын көрдім. Оның күрделі мінездері, жетістіктері мен сәтсіздіктері туралы романымда ешқайсысын ақтамай, қараламай тағдыр тәлкегі қалай болған болса, сол қалпында жаздым.
Жазушы туралы
Табыстың бјрі осы ізденуде жатыр. Неғұрлым көбірек ізденсең, соғұрлым еңбегің нәтижелі болады. Ақын, жазушының да еңбегі кен зерттеушілердің еңбегі тәрізді. Өздеріңіз айтыңыздаршы, сіздер далаға шығысымен-ақ кен таба бересіздер ме?.. Ал кен жылдам табыла қоймаса ше? Онда бәрі де бітті деп дереу зерттеу жұмысын тастай саласыздар ма? Әрине өйтпейсіздер. Өйткен болсаңыздар не шығар еді? Еш уақытта да кен таба алмас едіңіздер. Біздің де жолымыз өздеріңіздікіндей. Бізді де жеңіске жеткізетін осынау іздену жолы. Ол жол қанша ауыр, қанша ұзақ болса да, қажымай, талмай алға қарай ұмтыла беру керек. Сонда ғана адам дүниесінің сырын ашар мол қазынаға жетесіз. Сол қазына сенің ойлаған шығармаңның арқауы, өзегі болады.
Жазушы туралы пікір
Дүниедегі ең қиын өнердің бірі - ол жазушы болу. Бұл өнерде сен тығылып қалар, өз жазғаныңнан өзің жасырынар таса болмайды. Бәрі ашық. Әскери қолбасшының - әскері, ғалымның - лабораториясы, қарамағындағы ғылыми қызметкерлері, артистің режиссері мен көрермендері бар. Ал сенде ешкімде жоқ, бар болғаны алдыңдағы ақ қағазың мен кейде құны бес-ақ тиын тұратын қаламың Сенің бар майдан ашар жерің де осы, жеңіске салар әскерің де осы, осы бар күшіңді жина да шабуылға шық. Жеңгенде қандай! Кейде әскер басы кемеңгердің қолынан келмейтін шыңға көтерілесің. Бар әлемді бағындырасың! Және әлемді бағындырғанда қандай! Мәңгілік! Бар әскер басы кемеңгердің қолынан келмейтіндей етіп әдеби мұраңды ұрпақтан-ұрпаққа қалдырасың. Сенің бағындырған әлеміңе мезгілдің де, еш дәуірдің де, қолбасшының да, патшаның да үкімі жүрмейді.
Өзім туралы
«Көпшенділерді» жазғандағы басты ойым, мына себепке тоқталды: Қазақ халқының өткенінің тарихи анықтығы, оның мемлекет болып құрылуын батылдықпен бейнелеп көрсету. Ең бастысы бұл роман шаманизм философиясына қарсы қойылған, көшпенді халықтар тарихтарынан айырылған сияқты. «Көшпенділер» - әр түрлі бұрмалауға тура жауап. Қазақтардың өз мемлекеті болған және біздің тарих өте көне әлемдік тарихтың бір бөлігі болып табылады.
Өзім туралы
Ашқаның, болжағаның, күмәнданғанын қағаз бетіне түсіру - менің ең жақсы көретін шаруам. Мен - бұл кезде дүниедегі ең бақытты адаммын. Жалғанның өзге қызықтары, қобалжу, біреумен күресу, таласу - бәрі екінші сатыға көшеді, тіпті естен шығады.
Өзімнің шығармаларым туралы
«Мұхиттан өткен қайық» кітабын жазғанда мен бәрінен де бұрын өз заманымның адамдарының өмір тарихын анығырақ көрсеткім келген. Мен Дінмұхамед Қонаевтай мемлекет қайраткерінің дүние танымы туралы, оның нақты істері туралы халқы білгенін қалап едім. Ал егер осы істері жақсы болса, онда не болады? Менің әдеби кейіпкерлерімнің прототипіне көңіл аударып олар мемлекет басшылары және сондықтан кітапты ұстап тұруы ақымақтық. Кітабымның мәні менің кейіпкерімнің өмірін жазумен байланысады. Әсемделген емес, тек олар іс жүзінде қалай болса, сол қалпында қалдыру. Бұдан не шықты? Осындай белгілеріне қарап сөгуге бола ма? Егер мен фактілерді коньюктерлік ойлаумен бұрмаласам, іс басқада. Кітапта бұл жоқ.
Тарих туралы
«Мен қазір тарихпен неге бәрінен де көп айналысам? Қазіргі өмір маған қызық болмағандықтан ба? Жоқ, мүлде олай емес! Мен бүгінгі күнді, бүгінгі өмірді жақсы көремін. Бұның бәрі менің ұрпақтарымның болашақ өмірі. Қазір мен артыма қарайлаймын, өйткені, менің білімім, ой-өрісім осыдан кеңейе, күрделене түседі. Мен өмірді білмеген кезімде, тарих туралы ойланған жоқпын, ал қазір... Ағаш биіктеген сайын, оның тамыры соғұрлым жерге терең кетеді. Адам да сол сияқты. Болашақ туралы көп ойланған сайын, өткенді соғұрлым көбірек білгің келеді. Әйтпесе болашақ сені кешірмейді».
Абай туралы
Абай ескерткішіне бардым. Абай - менің шын сүйетін, абзал ақыным. Оның өлеңін оқығанда мен күні бүгінге дейін жас балаша қуанамын, немесе қайғырамын. Ал сол Абайдың тұғырда тұрған тас бейнесін көргенімде, оның жырлары ұсынғандай жан тулатар әсер ала алмадым. Неліктен? Тіпті мүсіншінің осыншама тасты таудай қылып үйгеніне таң қалдым. Абай бабамның жанында ұзақ отырдым. Бетіне үңіле қарадым, бәрі де дұрыс, тұрған тұрысы да, бет әлпеті де, тіпті, қолына кітап ұстағаны да ұнайды, бірақ бұл мүсін адамның жүрегіне от жағып, қиялында толқын ойнатпайды. Бұған себеп - мүсінші Абай өлеңінен, Абайдың ішкі жан дүниесінен өзі де ұшқындана алмағанға ұқсайды, сондықтан мүсіннің шебер зердесінен емес, тастан жасалғаны бірден көзге түседі.
Дінмұхамед Қонаев туралы
Көрнекті адамдар өз халқының бақыты немесе соры үшін туады деген ескі мақал бар. Димаш Ахметұлы өз халқының бақыты үшін туылған, ол әрқайсымыз үшін өте қымбат. Әсіресе ол кім жиі тұңғиыққа тірелген болса немесе кімнің өмірі бір тал шашқа ілініп тұрған болса, соларға қымбат. Оның ең басты қасиеттері адам сүйгіштік, әділдік, істің мәнін терең түсінетіндігінде болып табылады. Терең ақылдылығы әрқашан оны өзгеше етіп көрсететін. Ол өзінің істерімен халықтың сүйіспеншілігіне бөленді, оның адал есімі әруақытта қайырымды ұрпақтарының есінде қалады.
Зиянды дәстүрлер
Қазақ «сынықтан өзгенің бәрі жұғады» дейді. Бұл даналық елдің ақиқат сөзі: ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің. Әсіресе үлкендердің жаман әдеттері, өмірге деген қисық көз қарастары, мінез-құлқы әбден қалыптаспаған жастарға тым жұққыш келеді. Жоқ, тек жастарға ғана емес, мұндай адамдардың кесірі өзгелерге де тимей қоймайды. Ең бомағанда ақ ниет адал жандарды қапаландырады, ренжітеді.
Әлемді тану туралы
Гербер Уэллс «Әлем соғысы» романында жерге марсиандықтардың келулері туралы әңгімелейді. Олар өздерінің ғылыми әлдеқайда озық жетілгендірілген техникамен қаруланып, біздің планетамызды жаулап алуға келіпті. Бір қызығы: марсиандықтар доңғалақ көрмепті... Бұл жеке даму және әлем тану заңдылықтары әруақытта бір- бірімен сәйкес келе бермейтіндігі.
Қазақ киносы туралы
Киноматографияда ұзақ жыл жұмыс істеу арқылы мен мынандай пікірге келдім: қазақ киносының осы кездегі дамуында редактордыѕ жұмысы өте күрделі іс тындырады. Біздің көріністеріміздің көбі бірыңғай және жансыз болып шығуына редакторлар кінәлі деп есептеймін.
Бүгінгі күнде қазақтың ұлттық киносы жоқ. Біздің фильмдерімізде шын мәнінде қазақ өмірі жоқ. Кинодағы қазақтардың тілі - қазақы емес, ол орысшыл. Міне мәселе қайда?
Өмір мен сүйіспеншілік
«Менімше - бұл өмірде махаббаттан асқан қазына жоқ».
Махаббат үшін ерлік
Ержүрек болу деген не? Менің білетінім толып жатқан қазақ қиссаларында, дастандарында кездесетін Ер Тарғын, Ер Сайын, Қобланды, Алпамыс батырлар болатын. Ал бұл батырлардың ең басты қасиеті неде еді? Әрине ержүректіктерінде, ештеңеден қорықдайтындықтарында. Сондықтан да олардың қолынан бәрі келді. Жауын жеңемін дей ме, жеңеді. Тек артынан барып, кенет, халық ардақтайтын батыр аталуы үшін ержүрек қана болу шарт емес екенін түсіндім. Шынында, бүкіл адам баласына аңызға айналған Джульетта мен Баян Сұлу сондай ержүректі жаралғандар ма еді? Ал расында, олар бар болғаны нәзік жанды, мүмкін тіпті өте үрейлі қыздар болар? Сөз жоқ, дымға тұрмайтын бірдеңеге, мысалы, жүзіктерін жоғалтып алса, не шынашақтарын пышақ кесіп кетсе, айталық, тіпті біреудің өздеріне қаттырақ сөйлеуінен де, көз жастарын төге қоятын қыздар шығар, бірақ олар өздерінің махаббаттары үшін жан беруден қорықпады ғой. Сол үшін адам баласының есінде бұл аяулы жандар мәңгі-бақи қалмақ, жоқ, олар ерліктің және өздерінің бақыты үшін құрбандықтан қашпайтын адамзаттың үлгісі боп жер бетінде күн сөнгенше өмір сүрмек.
Өмірді тек өзің қалаған шындық үшін сүру, сол үшін қандай құрбандыққа болса да бара білу бұл адам баласының ең үлкен қасиеті.
Махаббат пен бақыт
Жүректі шын күйдірсе, махаббат азабының өзі де бір қуаныш емес пе? Иә, зор қуаныш. Өйткені жүрек күю үшін шын махаббат, зор махаббат керек. Ал, ондай махаббат жаныңа қанша азап салса да - қуаныш, бақыт.
Есенберлин І. «Жан сырым»: Ойлар, нақыл сөздер. Естеліктер. - Алматы.-2001 ж.
«Тарих дөңгелегі тоқтамайды…»