Бұл есімді атағанда қазақ әдебиетінің, қазақ мәдениетінің алып тұлғаларының бірі көз алдыңа келеді. Бойы орташадан төмен, көз тоқтатып қараған жанға әрдайым сыпайы да сырбаз көрінетін Ілекең шын мәнінде қазақ топырағында туып, жиырмасыншы ғасырдың ауыр тауқыметін көтерген алыптардың бірі екендігі бұл күні баршаға аян.
Ілекең ағамыздың асылдығы неде? Қазақ әдебиеті бұл күнде барша шығыс халықтары әдебиетінің ең алдыңғы қатарында. Оның прозасы да, поэзиясы да соңғы ғасырда ғажайып есейді де, дүниежүзілік әдебиеттің легіне ілікті. Міне, осы тұрғыдан қарағанда қазақ әдебиетін әлемдік тұғырға қондырған біздің мәдениетіміздегі асылдарымыздың бірі, бірі де болса бірегейі Ілекең. Ұлы жазушы өзінің эпикалық шығармаларында көшпелі өркениеттің сырын да, мұңын да, шерін де жан-жақты ашып берді. Менменсіген Европа ғалымдары мен оқырмандары көшпенділер өркениетін тағылар, жабайылар өркениеті есебінде санап келді, енді олар Ілекең шығармашыларымен танысқаннан кейін өздерінің білімсіздігін, не оның таяздығын, отырықшылар өркениетінің көшпенділерімен тығыз байланыстығын мойындауға мәжбүр болды. Сонау «тоқырау» деп аталған тоталитарлық қылбұрау заманасында тарихшылардан бұрын халқымыздың өткеніне терең бойлап, жаңаша ойлап, толғанып та тебіреніп те қалам тартқан жазушы ең алдымен Ян бастаған тарихи романистердің бәрінен жоғары көтерілді. Тарихи тақырыпқа Ілекеңнен кейін қалам тартқан И. Калашников болса Ілекеңе эпикалық құлаш сермеу жағынан да, көркемдік жағынан да жете алмады. Ал В. Чивилихин болса тыраштанып, ұлы державалық шовинизмінің жел кемесіне мініп, дауылдың айдаған жағына ағып, мекенсіз бір аралға тіреліп, омақаса құлады.
Ұлы Мұхтардың «Абайынан» кейін Ілекеңнің эпикалық шығармаларын оқыған әлемдік барша қауым қазақ әдебиетінің көшпенділер өркениетінің сырын ашудағы айрықша рөлін біржолата мойындады, мойындап қана қоймады, барша дүниежүзілік адам баласының дамуында отырықшылар мен көшпенділер өркениетін бір жүйемен біріктіріп қарау керектігін түсінді, көшпенділер өркениетінің тарихтағы ғажайып маңызын терең зерттеп, болашаққа батыс пен шығыстың қол ұстасып баруы керектігіне көзі ашылды. Бір кездегі ағылшын ақыны Киплингтің «Батыс аты - батыс, шығыс аты -шығыс, олардың қосылуы мүмкін емес», - деген тұжырымның отаршыл психологиямен уланып, көкірегіне нан піскен алаяқтың сандырағы екендігіне бұл кезде ешкім де күмәндәнбаса керек-ті.
Ұлы жазушының мен өз басым азаматтық ерлігіне тәнтімін. Кешегі атақты ғалым Е. Бекмахановтың 25 жылға итжеккенге аударылуының басты себебі - ұлт азаттық қозғалысының ең бір жабық тақырыбы - хан Кене бастаған қаһарман халқымыздың бостандық күрес тарихын зерттеуі емес пе еді. Міне, осы бір «жабық», басқаша айтқанда, «абақты», «итжеккенге» айдауы мүмкін тақырыпқа оралу үшін қандай жүрек керек десеңші! Егер біз 400 жылға созылған Ресей империясына қарсы жүргізілген 300-ге жуық ұлт-азаттық қозғалысының көріністері болды десек, басқаша айтқанда, үзілмеген, үдеген, тұтас бір ұлт-азаттық қозғаласы болды десек, солардың ішінде хан Кене бастаған көтерлісте жеке иемен ел боламын деген көрніс көңілі де, көзі де соқыр жанға жалындап-ақ көрініп тұрған-ды. Империяның жанына бататыны да, көңілінің мұз болып қататыны да осы екенін еліміздің жүрек жұтқан ерлері де бір сәт ұмытқан еместі. Солай десек те не бір арыстандай қаһарлы, жолбарыстай айбарлы, түлкідей айлалы деген ерлеріміздің жүрегі шайылып, ашық, бетпе-бет империяға жекпе-жекке шығуға дәті дауаламайтын кез еді ғой бұл. Міне, осы сәтте Ілекең ағамыз білекті сыбанып, сауытын киіп, бес жарағын асынып, «мен мындамын!» деп шықпады ма, ағайын! Жоқ, қалай десеңіздер олай деңіздер, Ілекең империялық айбардан, қаһардан қорықпады, зиялы қауым ішінде хан Кенедей батырлығын танытты, заманынан ширек ғасыр озып, арттағы ұрпаққа өлмес мұра, Ә. Кекілбаев, М. Мағауин, С. Сматаев сияқты талантты тарихи романистер мектебін қалдырды. Ендеше, Ілекең жай жазушы емес, батыр, жүрек жұтқан жалынды жазушы, халқын сүйген патриот қаламгер, қаһарман күрескер, жазушы әлеміндегі хан Кененің өзі, оның өзі болмаса жүрегі мен көзі екендігіне дау болмаса керек-ті.
Ілекең - қарышты қаламгер. Ол тапжылмай ізденді, жалықпай еңбек етті. Міне, сондықтан да алаулап жүрегінен қан тамызып, маңдай терін ағызып, халқын қуантарлық, оның қасиетті атын «Хан-Тәңіріне» көтерер туындылар жазды. Ол өмірден ерте өтті, өлмеді, жалындап жанып кетті. Өзі есімін халқымыздың мәңгілік өлместер кітабына хаттатты, аты мен затын болашақ ұрпақтарға жаттатты, сөйтіп ол біздің зиялылар әулетінің әулиесіне айналды. Әулие Ілияс аға! Аруағың иемен (егемен емес) ел болған халқыңды жебеп, сүйеп жүрсің, мәңгілік дүниесінде тіреніш болсын! Ал елің болса өзіңдей әулиелер әулетінің Ілиясын, өзінің қадір-қасиеті пайғамбардай Ілиясын өзі қанша өмір сүрсе, соншалықты ұмытпайды. Әумин!
Манаш Қозыбаев Жазушылар әулетінің әулие
Хан Кенесі
Ілияс Есенберлин....