Кейбір тарихшыларының есебі бойынша, Жоңғар әскері атының тұяғы жеткен жеріне дейін, сол кезде екі миллиондай қазақ халқы тұрған екен. Жоңғар шапқыншылары соның бестен үшін өлтірген, яғни екі миллион адамның бір миллион екі жүз мыңдайын жоқ еткен. Жан түршігерлік апат! Ел қонысынан, мал - мүлкінен айрылды. Ата-ана ұл-қызынан айрылды. Алып қазақ жерінің сонау күншығысы мен оңтүстігінен Сыр бойына қарай жаяу шұбырған жұрт жоңғарды қойып, ит пен құсқа жем болды. Жалғыз әнет Бабаң емес, қазақтың талай аяулы кемпір-шалы көшке ере алмай, төбе-төбенің басында қалды. Нелер ғибратты әйелдер, жас келіншектер нәрестесіне емшектен берер сүті болмай, жау қолына өздері барып түсті. Кешегі ақ майды аяғымен тепкен ел енді құлазыған қу даладан, жаужұмыр, алғыр, қозы-құйрық секілді нәрі бар шөптермен қоректенді. Қайың ағаштың қабығын сыдырып, бетіндегі желімін жеп, «қайың сауған» деген атқа ие болды. Осылай қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» деп аталған халықтың ұлы апаты басталды. Сонда барып шұбырған елдің қанды жасынан туған, қайғысына жер жүзіндегі бірде - бір әуен пар келмес атақты «Елім - ай» әні дүниеге келді.

«Қара таудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді,
Ел - жұртынан айрылған жаман екен,
Екі көзден мөлтілдеп жас келеді.
Мынау заман қай заман - қысқан заман,
Басымыздан бақ құсы ұшқан заман.
Шұбырғанда ізіңнен қар борайды,
Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман.»
«Көшпенділер»: 2-бөлім «Жанталас» романынан үзінді
Әбілхайыр ордасында өткен Асан қайғының айтыстағы төрешілігі
Түйе жарыс, қатын күрес - бәрі аяқталып, бүгін астың ең қызығы, талай жан өкінер, талай бидің намысқа шауып қабырғасы сөгілер жыраулар айтысы басталған. Айтыс төрешісі жүзден асқан ұлы жырау Асан Қайғы. Ол бұл жолы желмаясымен Көкше теңіз тұсын шолып келген-ді. - Асан ата, Көкше теңіз маңы қандай жер екен? Сайын ордасын көшіруге жарар ма? - деген Әбілқайыр ханның сөзіне Асан Қайғы:
- Қақ үстін жайлау етем десе ханның еркі ғой. Ал мен көрген Көкше теңіз маңы:
«Тас табаны төрт елі
Атан жүрер жер екен,
Төсегінен түңілген
Адам жүрер жер екен», деп жауап берген.
Осы Асан Қайғы айтыс төрешісі. Төреші боларында ол Әбілқайыр ханға: - Атамыз Майқы биден бері бәйге хан ордасын кім асыра мақтай алса соған беріліп келетін-ді. Бұл жолы ата жолын бұзбақпын. Егер соған көнсең төреші боламын, - деген. Бүкіл ел - жұртты ардақтаған Асан өтінішіне хан да қарсы келе алмаған.
- Құп, айтқаныңыз болсын, - деген Әбілқайыр. Асан айтыс тәртібін өзінше құрған. Бас бәйге кім де кім жауға қарсы елдің ерлігін дұрыс айтып бере алса, соған беріледі. Орта бәйге өз руының жер - суын қорғаудағы істерін дұрыс суреттеп берген адамға тапсырылады. Ал аяқ бәйгеге Дәшті Қыпшақ елінің болашағын кім дұрыс болжай алса, сол ие. Және жеңіс тәртібі де өзгеше. Бір жырау өз руының ерлігін паш етсе, қарсы жырау сол рудың айтылған ерлігінің кемшілігін, қатесін дат етеді. Қайсысының жыры жұрт көкейіне қонар болса, сол жеңді деп саналмақ. Шыңғыс ұрпақтарын мадақтайтын айтысқа да осы шарт. Бұл шарт үшінші айтыста да қолданылмақ: бір жыраудың болжауын екінші жырау сынауы керек. Егер сынай алмаса жеңілген болып саналады. Хан ордасының алдына кілең би, батырлар алқа-қотан отырғаннан кейін Асан Қайғы айтысты бастады. Ол алдымен өзі іштегі күйігін сыртқа шығара ел - жұртының қамын сөз етіп біраз толғау айтты. Халыққа тарап кеткен:

«Таза мінсіз асыл тас
Су түбінде жатады.
Таза мінсіз асыл сөз
Ой түбінде жатады.
Су түбінде жатқан тас
Жел толқытса шығады.
Ой түбінде жатқан сөз
Шер толқытса шығады»
деп басталатын ұлы толғауын да осы жолы айтқан-ды.
«Көшпенділер»: 1-бөлім «Алмас қылыш» романынан үзінді

Бұқар жыраудың Абылай хан түсін жорып беруі
- Бұқар жырау келді!
- Ұлы жырау аттан түсіп жатыр!
- Арқаның ардагерін қарсы алайық!
- Қош келіпсіз, Арғынның майталманы!
Сөйткенше болған жоқ, бір топ адаммен ордаға Бұқар жыраудың өзі де кіріп келді. Бұл ұзын бойлы, қапсағай денелі, ат жақты, шоқша сақалды, қошқар тұмсық, еңселі кісі еді. Руы Баянауыл төңірегін жайлаған Алтынторы - Қаржас. Әкесі Қалқаман батыр шешен кісі болған. Алпыс жасында халқының тәуелсіздігін қорғаған Бөгенбай, Қабанбай секілді батырлардың ерлігін көп жырлаған әйгілі жырау. Бұл кезде халық «көмекей әулие» деп атап кеткен. Мәжілісте келелі мәселе сөз болғалы тұрған соң, Бұқар жырауды Абылай әдейі шақырған. Бұқар кіріп келгенде, Абылай өзі түрегеліп, оң жағынан орын берді. Жырау бір қарағаннан-ақ үйде көптен бері бастары қосылмай жүрген адамдардың жиналғанын байқап, жүзі жадырап сала берді.
- Арсыңдар ма, жарқындарым?
- Барсың ба, Арғынның ақиығы!
- Бармын, арысым... Сен той жасағалы жатыр деген соң, ой салғалы шығып едім. Бұрын Баян мен Көкшенің  арасы жақын-ақ еді...
- Енді алыстап кетіп пе, Бұқар аға?
- Жоқ, жақын. Бірақ жақын болса да алыс. Ортаңа салған орыс бекіністерін орағыта жүремін деп кешеуілдеп қалдым. Ат-тон айыбым бар. Жырымды аласың ба, әлде шерімді аласың ба? Абылай езу тартты. Адуын жыраудың «ортаңдағы орыс бекіністерін орағытып» деген сөзінен-ақ сезіктеніп, әңгімені бөтен жаққа бұрғысы келді.  «Жырыңыз» бен «шеріңізді» естіп, ат-тон айыпты біз төлеп жүрмесек нетсін, - деді күліп, сол ат-тон айыбымды берместен бұрын, басқа бір өтінішім бар.
- Төренің қарадан өтініші болмас, өкініші болар. Шамам келсе өкіндірмейін, арысым айта ғой.
- Түнде түс көрдім. Табытта жатыр екенмін. Басыма ілінген Үш жүздің жалауын үш тобыр жұрт жұлып әкеткелі тұр. Табытымның бір бүйірінде арыстан, екінші бүйірінде айдаһар отыр. Аяқ жағымда бір топ үрім - бұтағым. Уәлиден тараған бір ұрпағым маған құран оқып жатыр. Қасымымнан өрбіген бір тентегім қолына қанжарын ұстап мені қорғап тұр. Ал мен өліп жатсам да, екі бүйірімде отырған арыстан мен айдаһарға кезек қарап, мыналардан қалай құтылам деп жанталасудамын. Осы түсімді жорып берші, Бұқар аға?
Бұқар тұнжырап біраз отырды. Үй іші де тына қалды. Әлден уақытта барып жырау:
- Түс жору түлкі аулаумен тең, кейде ізіне дәл түсесің, кейде шет кетесің, сөйтсе де жорып көрейін...
- Сөйлеңіз, көмекей әулие...
- Қырыққа келмей табытта жатсаң - өмірің ұзақ болады екен. Басыңа жалау тігіліп, оған үш бірдей топ таласып жатса, үш жүзге хан болады екенсің. Бірақ хан атына ие болсаң да, халқыңа ие бола алмайды екенсің. Сен өлген күні үшеуі үш жаққа ыдырап кетеді екен. Табытта жатып, екі бүйіріңдегі арыстан мен айдаһардан қалай қашып құтылам деп қорықсаң, өле-өлгенше еліңнің екі бүйірінде тұрған екі мемлекетке жалтақтаумен өтеді екенсің... Ал аяқ жағыңда тұрған үрім-бұтағыңның ішінен бірі құран оқып, бірі қанжар қайраса, Уәлидің ұрпағынан шыққан бір тұқымың атын қағазда, ал Қасымнан туған бір балаң атағын майданда қалдырады екен. Абылай үндемеді.
- Үндемей қалдың ғой, сұлтаным. Шешуім ұнамады ма?
- Бір ұрпағым атын қағазда, екінші ұрпағым атағын майданда қалдырады екен. Сонда мен өзім қайда қаламын?..
- Басыңа үш жалау босқа тігілді ме? Ісіңді ел ұнатса үш жүздің жүрегінде қаласың!  Абылайдың қабағы жадырап сала берді.
«Көшпенділер»: 2-бөлім «Жанталас» романынан үзінді

Мөңке ханды жерлеу жайындағы аңыз
Әбілхайырдың есіне Мөңке ханды жерлеу жайындағы аңыз түсті. Өзге жұртқа қарағанда монғол халқының өздерінің бекзадаларын жерлеуде екі айрықша дәстүрі болған. Бірі - қабірге өлген сұлтанымен бірге бекзаданың құлын салу дәстүрі. Терең зираттың бір бүйірінен қуыс қазады. Оған өлікті түсіреді. Өліктің астына бекзаданың тірі кезінде ең жақсы көрген құлын жатқызады. Құл бірнеше сағат өліктің астында жатып тұншыға бастағанында оны бейіттен алып шығады. Есін жиғаннан кейін, құлды өліктің астына қайта жатқызады. Осылай үш рет істейді. Егер құл тірі қалса, оның сұрағанын беріп, құлдықтан біржолата босатады. Монғолдардың түсінігі бойынша құл бекзадаға шын берілген адам болып шығады. Қожасы өліп, құлы тірі қалғанда ол өмір - бақи қожасының бар күнәсін арқалап
өтеді - міс. Сондықтан оны тірі қалдырады. Астоданға салынған өліктің денесін қуысқа тығады. Зираттың ішіне қазан толы ет, құмыра толы сүт қояды. Садақа етіп көптеген күміс, алтын білезік, сақина, алқа тәрізді қымбат заттар қалдырады. Бұндайда егер бекзада бай адам болса, алтын, гауһарлар зиратқа аянбай салынады. Бекзаданың жанын қинауға келген періштелер алтынды алып, өлікке тимей кетеді деп ойлайды монғолдар. Екіншісі - қойылған бекзаданың зиратын тірі жан білмеуі керек. Бекзада қойылғаннан кейін оның көрін білетін адамдар тегіс өлтіріледі, қабір үстінен үйірлі жылқылар өткізіліп жер бетін теп - тегіс етеді. Мұндағы ойлары - қабірге салынған асыл мүлікке қызығып бекзаданың моласын қазып, өлік сүйегін қорлаудан сақтау ғана емес, монғолдардың басқа да себептері бар. Римнің бір императоры «тарих менен басталады» деп өзінен бұрын өткен, капитолияның астында саркофагта жатқан жиырма тоғыз императордың бальзамдалған денелерін алып өртеп жіберген. Тірі кездерінде өшіккен патшаларының сүйектерін өлгеннен кейін қазып алып қорлау, бөтен елдерде де сан мәртебе кездескен. Мұндай сорақылық өт кен замандарда жиі болып келген. Ескі монғол заңы бұндайға орын бермеген. Тірі - өлі жаннан өшін алуға тиісті емес. Сондықтан оның зиратының қай жерде екенін тірі жауы білмеуі керек. Білетін құл өлтіріледі, зират үстінен жылқы айдалып қабір беті жермен - жексен етіледі.
«Көшпенділер»: 1-бөлім «Алмас қылыш» романынан үзінді.
Қазақ елінің қанды жасынан туған «Елім-ай» әнінің дүниеге келуі.
Back
Next
Роман әлемнің 30-дан астам тіліне аударылған.
Тарих және  халық
Әбілхайыр- хан (1693 - 1748)
Абылай-хан (1711-1781)
Кенесары Қасымов
(1802-1847)
Батырлар
Ойшылдар мен Көсемдер
Әйелдер образы
«Көшпенділер» - ұлт мақтанышы!
Мемлекетіміздің 550-жылдық тарихы - І.Есенберлиннің «Көшпенділер» парағында
 

KZ   RU