Өз үйіміздегі біздің өміріміздің соңғы жазы қатты есімде қалды. Біз кедей тұрдық, аштыққа ұшырадық. Әлбетте, таңертеңгі өте құнарсыз астан соң үйдің батыс жағындағы көлеңкеге жайғасып отыратынбыз. Ілияс бізге ертегі айтып береді. Ол көп ертегі біледі. Кейінірек менің түсінгенім: ол ертегілерді өз жанынан шығарып айтады екен. Болашақ жазушының табиғи дарынының қабілеті сол балалық шақта қалыптаса бастаған ғой деп болжаймын.
Мен бір қысылтаяң жағдайға кездесіп, оқуды тастап кетуге жақын қалдым. Оқиға былай болып еді. Бір жолы мектепке бармадым. Келесі күні, неге екенін білмеймін, мектепке баруға өте қатты қорықтым да, тағы да сабақты жіберіп алдым. Үшінші күні тағы да қайталанды. Одан әрі бойымдағы қорқынышты жеңуге дәрменім жетпей, бұдан былай мектепке бармаймын деген шешімге келдім. Ілияс сабаққа бармай жүргенімді естісе керек, ішқұса болып үйге кіріп келді. Сөйлеген жоқ, жағымнан тартып жіберді де, жетектеп мектепке апарды. Ілияс есікті өзі ашты да, өктем дауыспен маған «класқа кір де, партаңа отыр» деп бұйрық берді. Айтқанын орындадым. Ілиястың ең бірінші және ең соңғы жасаған үлкендігі осы ғана. Сол жағдайдан кейін ол маған өмір бойы бір дөрекі сөз, мінез көрсетіп көрген емес. Бір-бірімізге ешқашан сөз қайтарып, ерегісіп қалған кезіміз болған жоқ.
…Оқу жылы басталды. Біз Ілияс екеуміз бір класта болып шықтық. Күздің қара суығына дейін жалаңаяқ жүрдік. Қыркүйектің аяғы, не қазанның басында, есімде тура сақталмаған, әдеттегідей таңертең мектепке жалаңаяқ келдім. Кешікпей қар қатты жауып кетті.Мен терезеге үреймен қараймын. Сабақ біткен соң оқушылар тарап кетті. Тек Ілияс екеуіміз класта қалдық. Ол аяғына етік киіп келген екен. Екеуіміз не істерімізді білмей, терезенің алдында ұзақ тұрдық.
Ілияс мені арқалап алып, үйге қарай жүгірді. Жолдың үштен бірін тез өттік, ал үйге дейін әлі алыс. Бір шақырым бар. Мен сезіп келем, ағам шаршап қалды. Сонда да мені жерге түсірмеді. Дәтім одан әріге шыдамай, Ілиясқа өзімді жерге түсіруін өтіндім. Қармен бұрын талай рет жалаңаяқ жүгірген болатынбыз…
…Бір күні үш күндік үзілістен соң біз Ілияспен көшеде кездесіп қалдық. Ол тапсырма алып, сот мекемесіне келе жатыр екен. Ілияс маған кешеден бері нәр татпағанын айтты. Өмірдегі ең қымбат адамыма еш көмек көрсете алмағаныма қатты қиналдым. Сот ғимаратына жақындап келгенімізде үй сылап жатқан әйелдерді көрдік. Олардан сәл ары таман көше ортасында үлкен жасыл қарбыз жатыр екен. Мен солай қарай тұра жүгірдім. Жақындағанда оның қарбыз емес, резеңке доп екеніне көзім жетті. Олжа! Бұрын-соңды бізде доп болып көрген емес. Аштықты ұмытып, сол арада доп ойнап кеттік.
Сот ғимаратының қақпасынан еңгезердей адам шықты да, айқай салып бізге қарай жүгірді. Мен қорыққанымнан допты тастай сала, Ілияспен бірге зыттым. Ол бізді өкшелеп келеді. Қаладан ұзап шыққанда шаршап тоқтадық. Әлгі адам бізді қуып жетіп, желкемізден басты. Шаршағаннан құр сүлдеріміз қалған және қатты қорқып кеткен бізді қалаға дедектетіп алып келді. Содан кейін ол бізді ұрған жоқ, бірақ «доп ұрлағандарың үшін түрмеге отырғызамын» деп қорқытты. Менің допты ұрламағанымды, оны тауып алғанымды және сол жерге тастап кеткенімді есепке алмады. Түрмеге отырғызамын деген сөзіне шынымен сеніп қалдық. Ақыры, ол бізді сот үйіне алып кірді. Сол жердегі әйелдер допты тауып әкеліп, бізге араша түсіп, аман алып қалды. Әлгі дәу неме бізге «бұрама кәмпит» беріп босатты.
Дерек көзі: http://qasym.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=2995:2015-02-04-03-32-55&catid=8:sarli-saz&Itemid=9
Раунақ Есенберлин: Қар кешіп, сабаққа жалаңаяқ баратынбыз.