Асан қайғы (Хасан) Сәбитұлы (14 ғасырдың ақыры - 15 ғасырдың басы) - мемлекет қайраткері, ақын, жырау, би, философ. Әз Жәнібек ханның ақылшысы болған. Әкесі Сәбит Арал өңірінің Сырдария жағасын мекен еткен. Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, «Жеті әулие» қорымындағы Асан ата кесенесі - Асан Қайғы мазары делінеді.
Асан Қайғы Сәбитұлы XIV ғасырда ғұмыр кешкен, Алтын Орда, қазақтың данышпан ақылгөй жырауы, өз дәуірінің абызы, бас биі, Шоқан Уәлихановтың айтуы бойынша, қазақ халқының қамын, болашағын ойлаған "дала философы", осындай ойшыл, ел қамын жеп, қайғы-қасірет кешкен Асан атына кейін "қайғы" сөзі қосылып аңыздалып кеткен. Шежіре-аңыздардың айтуынша Асанның әкесі Сәбит ұзақ жасаған, он сегіз мың ғаламның, құстың, жан-жануардың тілін білетін, өзі көріпкел әулие, атақты саятшы болса керек. Ол баласы Асанды ес білгеннен осындай қасиеттерге баулып өсіреді. Сондай өнегелі, ұлағатты тәрбие көрген Асан жас кезінен-ақ туған халқынын қамын, оның келешекте ірі де, іргелі ел болу жағын ойластыра бастайды. Сондықтан да ол жас болса да хан, сұлтан, би, бектермен бірге жүріп, оларға ақыл қосысады, ой-пікір жарыстырып, тайталасып ержетеді. Бозбала кезінен-ақ ол ақындық-жыраулық, шешендік, тапқырлық өнерді жете меңгереді. Ел дауын, жер дауын, әдет-ғұрып мәселесін шешерде оның ақылдылығы, алғырлығы, кесімді, шешімді билік сөздері өзге би, шешендерден үстем боп шыға береді. Әз Жәнібек (туған жылы 1342) Бүкіл Алаш жұртын билеген, Алтын Орда ханы Асан жырау сол Әз Жәнібекпен бірге талай-талай мәселелерді баскаруға, шешуге араласады. Әз Жәнібек өлген соң Асан би Дешті Қыпшаққа қайта оралады. Алайда ордадан бөлінген рулар Шу, Сарысу бойына орналасқан соң, ел іргесі берік, ағайын арасы тату болуы жолында күреседі. Асанқайғы ең алдымен хандық үкіметті күшейту, елдің қорғаныс қабілетін арттыру қажет деп санайды. "Әз Жәнібек ханды уақытша табысқа мастанып кеттің, қазақ халқының, Алтын Орда болашағын жете ойламайсың деп сөгеді".
Асанқайғы қойға қошқар, жылқыға айғыр салмай, бура шөгермей, сиырды бұқасыз сақтап, малды үш жылға дейін ту қылып ауған екен. Мұнысы көшкен елге төл аяқ байлау болмасын дегені болар. Сол ауып бара жатқан бетінде Алтын Орданың ханы Әз Жәнібекке кез болыпты. Бұрын үш рет той жасап шакырғанда Асанқайғы бармаған екен. Ауып бара жатып кез болған соң, Әз Жәнібек айтыпты:
- Бұрын бір хан болыпты. Ханның қасында бір қараша кедей коңсысы болған екен. Ханның малының сүмесінен қозы қарын май мен бір қап құрт алған екен. Күзді күні күздеуге қонар мезгілде, қараша: "Ханның бәйбішесі ханымды шақырып алып, осы құрт пен майдын алдын таттырып кетейік. Сонда бізге қалғаны жұғым болар. Ханымға таттырмай кеткен соң берекесі болмас" - дейді.
Ханымды үйіне шақырса, қарашаның үйіне кіріп шығуға намыс қылып керіліп, "әне барамын, міне барамын" деп ақыры бармапты. "Құрт, майдың алдын ханымға таттырмай кетпейміз" деп әлгі байқұстар ханымды сарғайып күтіп көп уақыт көшпей отырып калыпты. Күндердің күнінде ханым келе жатса, ханның кісі алатын бурасы оны қуыпты. Ханым сасқанынан, қараша үйге қойып кетіпті. Сонда шал байғұс айткан екен:
Шақырса келмес ханымды,
Бура қуып келтірді.
Қалжы-бұлжы дегізбей,
Тура қуып келтірді.
Бастай көр қатын құртыңды,
Сала көр қатын майыңды, - депті. Сол айтқандай, үш рет тойыма шақырдым, келмедің. Ақыры қадірсіз, аяқсыз келдің-ау Асаным!
- Рас айтасың, Әз Жәнібегім. Ойың ұрғашыға ауған екен, - дейді Асан-қайғы. - Өз бойымдағы ағат ісіңе ие бола алмаған жан едің. Сондықтан айтып отырсың, сен өзің неге той қылдың, білесің бе? Бірінші рет той қылдың, қарақалпақтың қызы Қарашаш сұлуды алдым деп. Екінші рет той қылдың, Жайық судың бойынан дауыл өтпесе, жан өтпейтін үй салдырдым деп. Оған несіне келейін, - деп Асан жырлап кетті:
- Ай, Жәнібек хан!
Айтпасам білмейсің.
Жайылып жатқан халқың бар,
Аймағын көздеп көрмейсің.
Қымыз ішіп қызарып,
Мастанып қызып терлейсің.
Асанқайғының айтқанына басын шұлғығаннан басқа хан дәнеме демепті. Сол жолы екеуі дос болып, жалғыз жетім Жәнәліні сұрап алып қалыпты. Сол Жәнібек хан тұсында Қаратау атырабымен Түркістан тәңірегіне жан- жақтан анталаған көз тігушілер көбейеді. Шығыстан монғолдар, батыстан Әбілқайыр тұқымдары Түркістандағы өмірін жүргізіп, сауда-саттықты өркендетпек болады.
Бұл кезде Сарайшықта отырған Жәнібек хан Еділ, Жайықты, Жем, Ойылды тастап Түркістанға қарай үдере көшіп, қоныс аударады. Сонда Жәнібектін бұл әрекетін Асан би жақтырмай, оған былай деп сын айтады:
Қырында киік жайлаған,
Суында балық ойнаған,
Оймауыттай тоғай елінің,
Ойына келген асын жейтұғын,
Жемнен де елді көшірдің,
Ойыл деген ойыңды,
Отын тапсаң тойынды,
Ойыл көздің жасы еді,
Ойылда кеңес қылмадың.
Ойылдан елді көшірдің,
Елбең-елбең жүгірген,
Ебелек отқа семірген,
Екі семіз қолға алып,
Ерлер жортып күн көрген.
Еділ деген қиянға,
Еңкейіп келдің тар жерге.
Мұнда кеңес қылмасаң,
Кеңестің түбі нараду...
Жәнібек ханға тілін алдыра алмаған Асан би Түркістанға қарай қаптап келе жатқан көш алдынан шығып, ондағы игі жақсы жасы үлкен қарияларға, би, байларға бұрылып тағы мынадай ақыл-нақыл айтыпты:
Еділ бол да, Жайық бол,
Ешкімменен ұрыспа.
Жолдасыңа жау тисе,
Жаныңды аяп тұрыспа.
Асан ата мұндай ақыл-нақыл, толғауды Әбілқайыр ханға да талай рет айтыпты. Бір жолы Әбілқайыр хан ұзақ сапар шегіп, жер шолып қайткан Асан абыздан:
- Асан ата, Көкше жағы қандай екен, ордамды сол жаққа көшірсем қалай болады? - деп сұрапты. Сонда Асан би:
- Қайда көшем десе ханның ықтияры ғой, бірақ мен көрген Көкше:
Төс табаны төрт елі,
Атан жүрер жер екен.
Төсегінен түңілген,
Адам сүрер жер екен...
- депті. Бір жазда Әбілқайыр хан өзінің Маңғыт деген әйелінен туған тұңғыш ұлы қайтыс болып, ас береді. Бұл ұлан-асыр ас Ұлытау мен Ақкөл аралығындағы көк орай шалғынды кең далада өтеді. Асқа аяқ жетер атыраптан көп халық жиналады. Ханды құрмет тұтқан жер-жердегі бай, бектер, сұлтан, билер бірінен бірі асыра тарту-таралғысымен артынып-тартанып жетеді. Ас бірнеше күнге созылады. Ат жарыс, бәйге, көкпар, күрес дейсің бе, әйтеуір қазақ дәстүрінде бар барлық салт-сана, ойын-сауықтың бәрі өтеді. Ақындар айтысады, күйшілер күй шертеді, әншілер ән салады. Хан сол бір асты өзінің ақылгөй абызы сарай жырауы Асанқайғыға басқартады.
Осы ас өтерден бірер жыл бұрын Асанқайғы жырау халқынын болашақ қамы үшін қазақтың кең дала, қаласын шарлап, "Жерұйықты" іздеп оралған екен. Оны көптен бері көрмей, аталық ақыл, өсиетін тыңдай алмай, сағынып аңсап жүрген ел-жүрты сөз иіні келген кезде өздерінің сұрақ, өтініштерін тұс-тұсынан жаудырыпты.
Енді бірі "Не жетіспейді, не ғаріп?" деп сұрапты. Сонда қарт абыз:
Бұ заманда не ғаріп?
Ақ қал алы боз ғаріп.
Жақсыларға айтпаған,
Асыл шырын сөз ғаріп.
Замандасы болмаса,
Қария болар шын ғаріп.
Қадірін жеңге білмесе,
Бойға жеткен қыз ғаріп.
Ел жағалай қонбаса;
Бетегелі бел ғаріп.
деп толғаныпты. Асанқайғы жырау осы ойын тағы да әрмен жалғастыра түсіп, айнала тәңіректеп отырған бай, би, төрелерге қарата мына сөзді айтыпты:
Ердің құны сөз емес,
Есебін тапқан сабазға.
Төрден орын тимейді,
Патша болсын малы азға.
Мойнын бұрып сөз айтпас,
Көңілі қалған аразға.
Асан абыз кідіріп, сөл тыныстай бергенде, Әбілкайыр хан сөз бастап кетеді. Ол өзімен тұстас кейбір хандарды, бектерді, би-батырларды мінеп, өзін олардан зор санағандай сынай танытады. Өз қол астындағы бірқатар бай, шонжарларга, ауыл ақсақалдарына риза еместігін білдіреді. Өзіне де, өз қолы жеткен табыстарында місе тұтпағандай пиғыл танытады. Ханның осындай көзқарас, пікір, ойларын манадан бері көзін жұмып, міз бақпай тыңдап отырған Асан ата, енді басын көтеріп, ханға тіке қарайды да былай деп толғай жөнеледі:
Есті көрсең кем деме,
Бәрі тұйғын табылмас.
Қарындасың жамандап,
Өзіңе туған табылмас.
Адам әзіз айтар деп,
Көңілінді салмағын.
Нәпсі алдаушы дұшпаның,
Насихатын алмағын.
Бұл сөз Асанқайғы бидің көптен бері ханға айтуға реті келмей жүрген іш құса ыза толғауы еді. Осы бір ащы, уытты сөз өңменіне қадалған оқтай болған Әбілқайыр хан "намаз уақтысы өтіп бара жатыр екен ғой" деп сылтауратып отырған орнынан тұрып, далаға шығып кетеді. Асан ата да, өзге отырған ел басшы игі жақсылар да ханның "намазды" сылтау қылып, сыртқа шыққанын іштерінен сезеді, сезсе де сыр білдірмегенсиді. "...Халқының болашағын ойлап қамығады. Оның ойынша жер үстінде адамзат тіршілігінде көруі мүмкін ұжмақ бар, оның аты - "Жерұйық". Бұл елді жау алмайтын, малға жұт келмейтін, шөбі шүйгін, суы мол қоныс. Онда жұрттың бәрі тең, бәрі де шат-шадыман тіршілік кешеді, ел ал асы, ру таласы жоқ. Малға жай, елге ырыс осындай мекен барын ғайыптан болжап білген, Асанкайғы енді сол жерді іздеп табу үшін желмаяға мініп, төңіректің төрт бұрышын кезеді. Жолында кездескен тау, өзен, шұрайлы жерлерге, халыққа пайдалы жағын есептеп, тиісті бағасын беріп отырады". Ертісті көргенде: "Мына шіркіннің баласы тойдым деп қарап отырмас, қарным ашты деп жылап отырмас. Сиырдың мүйізі, доңыздың құлағы шығып тұрған жер екен", - депті. Түндікті өзенін көргенде: "Он екі қазылық Ой Түндік, маңырап жатқан қой Түндік. Қойдың құлағы тұтам шығып тұрған жер екен", - деп тастап кетуге қимай, артына үш қараған екен. Сонан "Үш кара" атанған екен таудың аты. Қызылтауға келгенде: "Тау-тасы кеш болганда қой болып ыңыранып жатады екен. Тоқты қысыр қалмайтын жер екен", - депті. Баянауыл тауын көргенде: "Ат ерін алмайтын жер екен. Бауырында тұзы бар, ол тұзы ауыр екен; бір түн түнеп кетемін деген адам, бір жұма тоқтап қалады екен. Тұзы жібермейді екен", - депті. Сарысуды кешіп өтерде: "Мына шіркіннің екі жағы борбас екен. Баланың іші қуырылмайтын, пышағы қыннан суырылмайтын, еркегі ат болатын, ұрғашысы жат болатын жер екен", - депті. Қаратауды көргенде: "Көкектен басқа құсы жоқ, көкпектен басқа шөбі жоқ, жер азғыны мұнда екен", - депті. Ащы бойына келгенде, артына қарап: "А, Баянауыл! Сенің қоныс болып тұрғаның мынау, Ащының арқасы екен. Мал жазғытұрым бір жұма ащылайды екен, күзге таман бір жұма ащылайды екен. Сонысы бір жылға татиды екен", - депті. Шідерті өзенін көргенде: "Мына шіркіннің топырағы асыл екен. Алты ай мініп арықтаған ат, бір айда майға бітетін жер екен. Жылқы шідерлеп койғанда тоқтайтын, жылқынын қонысы екен", - депті. Өлеңті өзенін көргенде: "Тоқтап ешнәрсе айтпай, өлеңдете берген екен. Аз тұрып: "Өлеңтінің суы - май, Шідертінің шөбі - май", - деп жүре беріпті. Сілентіден өтіп Жалаңаштын тұсына барғанда: "Аттың төбеліндей Жалаңаш, сені алдыма өңгерейін бе, артыма бөктерейін бе, қай жарама тартайын? Айналаң аз, онан басқа мінің жоқ, табылмайтын жер екенсің", - депті. Асанқайғы Жиделібайсын жеріне қызығып: "Ай, Жиделібайсын, артыма бөктеріп кетер едім, әттең атым көтере алмайды-ау! Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын тып-тыныш мамыражай ел екенсің", - депті.
- Ерейментауына қарап тұрып "Қыс болса жылқы тұрмас, жылқы тұрса ішінде кұлын тұрмас... панасы жоқ сары дала сықылды тау екен" дейді.
- Қарақойын - Қашырлы деген жерге келгенде "Бауырында бір жұтқын айдаһар бар екен, әйтпесе жылқы үзілмейтін жер екен" деп ескертеді. Бұл жерде бір үлкен көл бар екен, көлге жазда ыстықтап, қыста ықтап келіп түскен жылқы батып кететін түбі батпақ - құян болса керек".
- Батыста Асанқайғы Маңғыстауға үш барып, үш кайтыпты. Екі баласы: "Маңғыстау малға жайлы қоныс бола алар ма?" - деп сұраған екен. Сонда Асан бабамыз: "Түбінде мал баққан шаруаға Маңғыстаудан жақсы жер болмас" - деген екен.
- Шыңғырлауды көргенде: "Ай Шыңғырлау жылқы өзі өскен жоқ Шыңғырлау сен өсірдің" - деп үш айналып, Шыңғырлаудың суына қолын малып отырып: "Шыңғырлау өкпелер, аттың ерін ал, қонайық, ат суарып, аунап қунап кетейік", - депті.
- Жуалының қара топырақты, қыртысы құнарлы жерін көргенде: "жерің семіз, қарың мол, қадіріңді егін салған ел білер" дейді.
Шу өзенін көргенде: "Ей, Шу, атыңды теріс койыпты... мынау ну қамысың еліңді жұтқа бермес" депті. Сыр бойын көргенде: "Басы байтақ, аяғы тайпақ қоныс екен, Қаратауды жайласам, Сырдың бойын қыстасам, қоныс болуға сонда ғана дұрыс екен", - депті. Ақмешіт тұсындағы (Қызылорда) жерді көргенде: "Ей Акмешіт жерің шаң екен, суың жар екен. Елің жұтамас, малыңның көзіне сақ бол" - деп ескертіпті. Осы күнгі Мерке жеріндегі Аспараны көргенде "Ей Аспара көршіңмен тату бол, шөбіңе суың жетер" деп жүріп кетіпті. Түркістанның қасында ескі қорған Сауранды көргенде: "Әттеген-ай, тақырдың бетіне, Шөлістанның өтіне салған екен. Сарқырап аққан суы жок, жайқалып тұрған нуы жоқ - түбі тұрақты қала бола қоймас" - деген екен.
Дерек көзі:
http://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%90%D1%81%D0%B0%D0%BD_%D2%9B%D0%B0%D0%B9%D2%93%D1%8B_%D0%A1%D3%99%D0%B1%D0%B8%D1%82%D2%B1%D0%BB%D1%8B
Ханның айтқаны шындық еді. Шығыс халқының әдеті бойынша «он бесте от
иесі». Әбілқайырдың Маңғыт әйелінен туған тұңғышы Шах-Будақ өткен жыл
дүние салған. Хан осы сүйікті ұлының үш күннен кейін асын бермекші. Ас бер
жерлеу емес, Дәшті Қыпшақ елінің дәстүрі бойынша үлкен той. Асқа Дәшті
Қыпшақ пен Мауреннахрдың игі жақсылары қатысады, сайысқа атақты батырлартүспек! Қыпшақтың от ауызды, орақ тісті, қарға бойлы Қазтуған жырауы мен Арғынның ақсандақ жүйрігі, сексеннен асып кеткен, Ақжол бидің әкесі Қотанжырау айтысады. Төрешіге Үйсін Майқы бидің алтыншы буыны ұлы сыншы, халықардагері, жүзден асып кеткен Асан Қайғының өзі келмекші.
Көшпенділер: 1-бөлім - «Алмас қылыш» романынан үзінді
Айтыс төрешісі жүзден асқан ұлы жырау Асан Қайғы. Ол бұл жолы желмаясымен Көкше теңіз тұсын шолып келген-ді.
- Асан ата, Көкше теңіз маңы қандай жер екен? Сайын ордасын көшіруге жарар ма? - деген Әбілқайыр ханның сөзіне Асан Қайғы:
- Қақ үстін жайлау етем десе ханның еркі ғой. Ал мен көрген Көкше теңіз маңы:
«Тас табаны төрт елі
Атан жүрер жер екен,
Төсегінен түңілген
Адам жүрер жер екен» - деп жауап берген.
Көшпенділер: 1-бөлім - «Алмас қылыш» романынан үзінді
Төреші Асан ұйықтап кеткен адамдай көзін жұмып ойға шома түскен. Ұлы сыншы ойын ешкім бұзар емес, құлаққа ұрған танадай бәрі бірдей тына қалған. Әлден уақытта Асан Қайғы көзін ашты.
Сұмырай, сұрқия, сұм заман,
Шаққалы тұрған сұр жылан.
Өткені емес халқымның
Болашағы шер-мұңым... деп ел-жұртының келешегін ойлап сәл қайғырып отырды да, қос жырауға бұрылды.
Көшпенділер: 1-бөлім, «Алмас қылыш» бөлімінен үзінді
Қыпшақ ерліктерінің ең қызық жерінде тыңдамай тұрып кеткен Әбілқайыр мінезі ұнамай қалған Асан Қайғы, отырған орнынан қозғалмастан:
«Көлге үйренген қоңыр қаз,
Шөл қадірін білмейді,
Шөлге үйренген дуадақ,
Көлге апарып қамасаң
Шөлін аңсап шөлдейді», - Хан ием, халық өз тарихын көптен бері естімей, сағынып қалған екен, өзің намазыңа асықсаң, өзгемізге айызымызды қандыруға рұқсат ет, -деді.
Көшпенділер: 1-бөлім, «Алмас қылыш» бөлімінен үзінді