Ақбөкен десе ақбөкендей әдемі екен! Ат жақтылау келген ақшыл жүзінде ай сәулесі ойнап, тостағандай мөлдіреген бота көздері түпсіз тұңғиық қара судай тұна қалған. Көтеріңкі қос алмалы кеудесі сұңғақ келген, аппақ жұмыр мойнымен тұтаса көз тартады. Ақ маңдайына үкілі кәмшат бөркі, қыпша беліне мықынын оя тіккен қызыл барқыт оқалы пешпенті жарасып-ақ тұр. Әсіресе көзге түсері, белдігіне байлаған жібек жібі шешіліп кетіп, арқасынан төмен қарай жерге төгілген қою қара шашы.
Мұндай да ұзын шаш болады екен-ау! Тоқпақтай болып өріліп, үзеңгіден төмен ат тірсегіне дейін төңкеріле түсіп тұр. - Қарағым, жол болсын, - деді Жоламан. - Қол бастаған кемеңгер аға, - деді Ақбөкен тағы да басын иіп, - біз бір қара құзғыннан шошып ұясын тастап ұшқан әлсіз көгершін... - Жігіттер, аруды аттан түсіріңдер! - деп Жоламан әмір берді.
Байтабын өзі барып, қазақтың көне салты ғұрпымен Ақбөкенді ат үстінен жас баладай етіп бір қолымен мықынынан ұстап, бір қолымен шалбарлы қара санына тигізер-тигізбес етіп көтеріп лып еткізіп жерге қойды. Ақбөкеннің шашының кереметтігін жұрт енді көрді. Нағыз қара толқын тәрізді төгіліп жерге тиіп жатыр.
Қыз шашын бір қолымен ортан белінен ұстап, аш беліне орай салды. Ол енді әдепті үнмен Жоламанға бастан кешкен хикаясын айта бастады.
Көшпенділер: 3-бөлім «Қаһар» романы
Сол кездегі қазақ қыздарының сұлулығы