Күнімжан биыл жиырма алтыға шыққан. Оймақ ауыз, құмай көз, қара торының сұлуы. Екі бала тапқанына қарамастан, сұңғақ бойына жарасқан тіп-тік қос жұмырықтай қос анары алтын жамбылы алқасын тырсылдата керіп, аш белі үзіліп кетердей талып, мықынынан төменгі бура санды бөксесін мейлінше айқындап тұр. Үстінде шытырма ақ жібек көйлек, көгілдір торқа оқалы қамзол, оның сыртынан шетін құндызбен әдіптеген дүрия қызыл шапан, басында ақ меруерт өрген, алтын теңгелері көзіне түсе салбыраған қызыл барқыт сәукеле. Сыртынан ақ торғын шәліні көмілдіре жамылған. Құлағына таққан үш буынды сырғалары мен арқасына төгіле түскен тоқпақтай қалың шашының ұшындағы төрт қатар шолпысы патшаның кілең бір сомдық алтын ақшасынан қиыстырылған. Батырдың алдында өзін-өзі қымсынбай ұстауы, былқ-сылқ басып қасына бұрала келуі, ерке бәйбіше екенін аңғартады.
Расында да «жазығы қатын демесең, қыздан артық салдығы» деп Жүсіп қожа ақын айтқандай, Күнімжан Кенесарыға ақылымен де, сұлулығымен де әбден ұнаған әйелі. Күнімжан қазақ әйелдерінің салты бойынша Кенесарыны күйеуім, ерім демей тек «төрем» деп қана атайды. Бұнысы бір жағы күйеуінің төре тұқымынан екенін дәріптеу болса, екінші жағынан «төрем» деп өзіне билігінің мол екенін ескертіп еркелетуі еді.
Көшпенділер: 3-бөлім «Қаһар» романы
Кенесарының сүйген жары Күнімжан