Бөгенбай батыр (1690 - I778).
Батырлығы мен қолбасшылық дарыны арқасында Бөгенбай үлкен құрметке бөленіп, ерлігі ел аузында аңызға айналып кетті. XVIII ғасырдың бірінші жартысында қазақ даласын қорғауда Бөгенбай батыр қамал бұзар қайратымен көзге түсті. Олжабай, Қабанбай, Малайсары секілді дарабоздармен қоян-қолтық Көксерке атын борбайлап, қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы талай қанды айқастарға қатысты. Бөгенбайдың қалмақтармен және қытай әскерлерімен болған қиян-кескі шайқастарда көрсеткен қайраты сол кезеңдегі жорық жырауларының толғауларында мәңгі өшпес өлең тілімен өрнектеліп қалды. 1725-1727 жылдары Бөгенбай батыр Абылай ханмен бірге қазақ қолын басқарып, осы ұрыс нәтижесінде ойсырай жеңілген онсон қалмақ әскері Түркістан мен Саураннан Жоңғар Алатауының арғы жағына қуылған болатын.

1756-1758 жылдары Бөгенбай батыр Талқы түбінде Шығыс Түркістанға алғаш рет аяқ басқан қытай әскерімен қиян-кескі шайқасқа қатысты. Бұл ұрыста ол қытайларды қыра талқандап, Үрімшіге дейін қуып барды. XVIII ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдары Бөгенбай батыр, көрші елдермен келіссөздер жүргізу мәселесіне етене араласқан. Оның Кіші жүз елімен жиірек қатысуында да бір мән бар. Біріншіден, орыс әкімшілігі арқылы қалмақ-башқұрт елдерінде тұтқында жүрген сарбаздарын қайтарып алу мәселесі болса, екіншіден, Ресей патшасымен одақ құрудың келешегі қалай болар екенін бағдарлау. Бұл тұста қазақ елінде іргелі хан ретінде Әбілқайыр ғана белгілі еді. Оның орыс әкімшілігімен жүргізіп жүрген келіссөздері бірде нәтижелі, бірде аяқсыз қалып келе жатқанын Бөгенбай батыр секілді қолбасшылар бақылап отырды. Бұл кездің тағы бір ерекшелігі - ел ішінен жиналған саңлақ сарбаздарды халық арасында абырой-беделі бар батырлар басқарды. Қолбасы батырлар халықтың ұлы жиын, үлкен кеңесінде жалпы бұқараның ұсынысымен тағайындалды, осындай кеңесте 1710 жылғы Қарақұмда Бөгенбай батырды бүкіл халықтың қалауымен қазақ жасақтарының қолбасы етіп сайлайды. Осы жасақтар әзірлігінің арқасында, қару-жарағы мол жоңғар әскерлеріне тез арада ойсырата соққы беріп жүрді. Бөгенбайдың нағыз толысқан шағы - батырлығына қоса от ауыз, орақ тілді шешен кезі еді. Осы уақыттарда сыртқы жаумен жекелеген ұрыс-шайқастарда бірқатар жеңістерге жетіп, бүкіл алашқа аты шығып, даңқы артқан болатын. Бөгенбай батыр ұрыстарда ұдайы жүрмеген адам, елінің алды-артын болжаған, халқының келешегін көп ойлаған абзал жан. Жас кезінде шайқастарда батырлығымен көзге түссе, өз елінде қолбасшылығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен сыйлы болған. Бөгенбай жорықтарын, қоғамдық істерін, негізінен, бес кезеңге бөлуге болады:
1. 1696-1697 жылдары жоңғар қалмақтарымен шайқастары,
2. 1710 жылғы Қарақұмда бүкіл қазақ елі жасағының қолбасы болуы,
3. 1723-29 жылдардағы қазақ елінің жоңғарлардан жаппай жеңілісі мен онан кейінгі халқымыздың сыртқы жауға берген тойтарыстарын ұйымдастыру,
4. 1731-1735 жылдардағы орта жүз бен Ресей қарым-қатынасын ыңғайластыру шараларын жүзеге асыру,
5. 1750-1760 жылдардағы Алтай-Тарбағатай, Жетісу жорықтарын ұйымдастыру. Бөгенбайдың батырлығынан басқа ақылгөй-көрегендігін, мейірбан-адамгершілігі жоғары, бейбіт жан болғандығын байқауға болады. Бұл жағынан ол Төле бимен дәмдес қана болмаған, пікірлес дос болған. «Жігіттік, ерлікті айтсаң Бөгенбайды айт!» деп Тәттіқара жырау жырлағандай, қазақ халқы өзінің даңқты ұлының тұлғасын мәңгі жүрегінде сақтап, ауыздан-ауызға таратуда. Бөгенбай батыр 1761 жылы Абылай ханның ұлы Әділ жүргізген Қытай империясы мен Қазақ хандығы арасындағы келісімге де барған. Қазақ халқының бостандығы мен тәуелсіздігі үшін жоңғар шапқыншыларына қарсы шайқастардағы Бөгенбай батырдың жетістіктері Ресеймен достығымызды нығайтып, біріккен одақ құруға септігін тигізді. Бұл қазақ пен орыс халықтарының арасындағы достық пен бірліктің бастамасы болып табылады

Дерек көзі:
http://bilimkozy.idhost.kz/173-bgenbay-batyr-1690-i778.html

Бөгенбай ат арқасына ерте қонған батыр еді. Осыдан он бес жыл бұрын өзі Үргеніш жақта жорықта жүргенде, жоңғардың бір аламан жасағы аулын шауып, қатын-баласын найзалап өлтіріп кеткен. Содан бері Бөгенбай ер үстінен түскен емес. Елінің жат жауларыменен сан айқасты. Және үнемі жеңіп жүрді. Бұл күнде атағы алты алашқа аян болып, даңқының көтерілгені соншалық, тіпті бұл істемеген ерлікті де қазақ бұған таңды. Бөгенбай аңызға айналды. Халқының осыншама құрметі мен өзінің жеке басының батырлығы арқасында, ол жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақ елінің жауына қарсы жалау етіп көтерген көсемдерінің бірі болды. Қандай хан болсын, сұлтан болсын, Бөгенбаймен ақылдаспай майданға шықпайтын күйге жеткен.
Көшпенділер: 1-бөлім, «Алмас қылыш» романынан үзінді

Бөгенбай батыр қатты толқу үстінде еді. Ол ауыл сыртына шығып, көп жүрді. Қазір, міне, төбе басында отыр. Ой-қиялы сан саққа жүгіріп, көз алдынан Жоңғар шабуылы басталғаннан бергі талай шайқастар елестеп өтті, әсіресе Шұно-Дабоноянмен екеуінің арасындағы айқас есінен кетпеді.
... Құз басына біткен шынардай, мызғымас берік Бөгенбай атының басын кейінбұрып алды. Астындағы омырауы есіктей биік күрең айғыр, орағыта бұрылды датұяғының астындағы құмды ошақтай ойып, қайтадан шапты. Нардай ақ боз текежаумыт мінген Шұно-Дабо ноян да атының басын бұрып үлгірген екен. О да азынатып келе жатыр... Бөгенбай мен Шұно-Дабо аттары үзеңгілесе тақалып кеп қалғанда, қолдарындағы бұзаубас қара шоқпарларын біріне-бірі тағы сілтеді. Бұ жолы шоқпарлардың шойын бастары біріне бірі дәл тиді, аямай ұрған қос батырдың алып күшіне шыдай алмай қыл мойындарынан шорт сынып, екі жаққа ұшып түсті. Аттарының басын қайта бұрып, екі батыр бір-біріне қарсы ұмтылғанда, бұлардың қолдарында енді сала құлаш көк құрыш алдаспандары жарқ-жұрқ ойнады.
Көшпенділер: 1-бөлім, «Жанталас» бөлімінен үзінді

Төбе басында отырған Бөгенбайдың есіне енді Бұқар жырау айтқан бір әңгіме оралды. «Осы біздің Бұқар шынында әулие ғой!» деп ойлады ішінен. Ол сонау «Ақтабан шұбырынды» кезінің өзінде-ақ: «Біз жоңғарларды түбінде жеңеміз» деп еді. Сол айтқаны дәл келді.  Ұрыс біткеннен кейін, Бөгенбай жігіттерімен Кіші жүз еліне қонаққа барған, Бөгенбайдың батырлығына риза болған Әбілқайыр және бұл секілді батырды өзжағында ұстауды жөн көріп, Сақыпжамалды Бөгенбайға қосты. Бөгенбай сол бетімен осы жақта қалып қойған. Содан бері ол Ұлы жүз бен Кіші жүздің түйіскен жерінен қоныс алып, осы арада бес жылдай отырды. Әбілмәмбетке өкпелі Бөгенбай әлі де осы жақта қала берер ме еді қайтер еді,жақында Абылай сұлтаннан кісі келген. «Қазақ елінің алдында әлі талай асу бар,батыр елге қайтса жөн болар еді» депті Абылай. Оған Бұқар жырау да өтінішін қоса жолдапты. Бұл арада да Бөгенбай абыройсыз болған жоқ. Сан ұрысқа қатынасты. Халқының алғысын алды. Әйтсе де, кіндік кесіп, кір жуған жерін өзі де сағынып жүр еді.
Көшпенділер: 1-бөлім, «Жанталас» бөлімінен үзінді
Батырлар

Наурызбай   Қобыланды   Бөгенбай
Back
Next
Роман әлемнің 30-дан астам тіліне аударылған.
Тарих және  халық
Әбілхайыр- хан (1693 - 1748)
Абылай-хан (1711-1781)
Кенесары Қасымов
(1802-1847)
Батырлар
Ойшылдар мен Көсемдер
Әйелдер образы
«Көшпенділер» - ұлт мақтанышы!
Мемлекетіміздің 550-жылдық тарихы - І.Есенберлиннің «Көшпенділер» парағында
 

KZ   RU