Қобыланды батыр, Қарақыпшақ Қобыланды - аты аңызға айналған халық батыры, қолбасшы.
Шамамен XV ғасырда өмір сүрген. Қыпшақ тайпасының қарақыпшақ тармағынан шыққан. Халық жадында сақталған әңгімелерде оны көбіне «Қарақыпшақ Қобыланды» деп атайды. Сондай-ақ, Қобыландының ірі қолбасшысы болып, талай шайқастарға қол бастап барғаны жөнінде де баяндалады. Қобыланды батыр туралы дереккөзі қазақ халқының қаһармандық жырларының бірі - «Қобыланды батыр». «Қобыланды батыр» жырының 29 нұсқасының ең көлемдісі - Марабай нұсқасы. Бұл қаһармандық жыр көркем шығарма болғанымен, онда тарихи негіз бар. Ондағы жер-су және кісі аттары осыны айғақтайды. Ерлік жыры, тарихи деректер, шежіре көздері Қобыланды батырдың хас батыр болғанын дәлелдейді. Ол жас кезінде Көшпелі өзбектер мемлекетінің билеушісі Әбілхайыр ханның жанында жүреді. Ханның арандатуымен Қодан тайшының ұлы Дайырқожаны (Ақжол биді) өлтіреді. Бұл оқиға Керей мен Жәнібек сұлтандардың Әбілхайырдан бөлініп 200 мың адаммен бірге Шу өзені бойына көшуіне, сөйтіп, жаңа мемлекет - Қазақ Хандығының пайда болуына алып келеді. Қобыланды батыр Маңғыт (Ноғай) Ордасындағы саяси оқиғаларға да белсене араласқан. Қазан қаласына жасалған жорыққа қатысқан. Едіге бидің төртінші ұрпағы Әлшағырмен соғысқан. Өзі де Әлшағырдың ұлы Орақ батырдың қолынан қаза табады. Бейті қазіргі Ақтөбе облысы аумағында. "Қобыланды батыр" жыры - қазақ халқының қаһармандық жыры. Негізгі мазмұны - шетел басқыншыларынан елді қорғау, осы жолда асқан ерлік көрсеткен ер азаматтардың батырлық істерін көрсету. Көркемдік биік қасиеттері жағынан дүниежүзі халықтарының белгілі батырлық эпостарының қатарында тұрған классикалық шығарма. Жырдың ең көне түрі бізге жетпеген. «Қобыланды батыр» жырын жырлаған ақын, жырау-жыршылар өзі өмір сүрген дәуір тұрғысынан толықтырып, өңдеп, әрлеп отырған. Сондықтан да, «Қобыланды батыр» жыры көп нұсқалы жыр. Бізге талай ғасыр талқысына түсіп, талай ақын-жыраулардың өңдеуінен өткен кейінгі нұсқасы ғана белгілі. «Қобыланды батыр» жырын жинау, хатқа түсіру жайы тек ХІХ ғасырда  ғана қолға алынды. «Қобыланды батыр» жырының бізге 29 нұсқасы жеткен. Оның 26 нұсқасы - Қобыланды батырдың ерлігі жайында, ал 3 нұсқасы Қобыландының балалары Бөкенбай мен Киікбай батырларға арналған. «Қобыланды батыр» жырының заңды жалғасы болып есептелінетін Қарлыға қыздың достығы, махаббаты, ерлік істері жайында тағы бір жыр бар. Бұл нұсқалардың көбісі кейінгі кезде жинақталған. Қай нұсқа болмасын алғаш хатқа түсіріп, оны жырлаған ақын-жыраулардың аттарымен (Мысалы: Марабай, Мергенбай, Біржан, Нұрпейіс, Қабыл, Сүйінішәлі, Дәулетше т.б.) аталған. Бұл нұсқалардың көпшілігі бұрыннан белгілі, халық арасына кең тараған, ғалымдар азды-көпті зерттеген жырлар. Кейінгі кезге дейін белгісіз болып келген - Дәулетше нұсқасы. Бұл - мазмұны жағынан, көркемдік сапасы жөнінен болсын биік, оқшау тұрған жыр. Жыр Марабай нұсқасына ұқсас. Бұл жырдың 1884 жылы араб әрпімен жазылған нұсқасы Қазан мемлекеттік университетінің кітапханасында сақтаулы. М.Әуезов, С.Мұқанов, Ә.Марғұлан, М.Ғабдуллин, О.Нұрмағанбетова т.б. ғалымдардың зерттеу еңбектерінде «Қобыланды батыр» жырының мазмұндық, көркемдік қасиеті жан-жақты қарастырылған. Жеті буынды өлшемнен жырланған эпостың тілі айрықша көркем, эпитет, теңеу, салыстыру, бейнелеу, әсірелеу молынан кездеседі. Жырдың этникалық сипаты да біршама арнайы зерттелген. Ел арасына Қарақыпшақ Қобыланды деген атаумен мәлім жырдың қыпшақ этносының ортасында қалыптасқаны анық (В.Боровков т.б.). М.Тынышбаевтың көрсетуінше, Қобыланды - Әбілхайыр заманында өмір сүрген тарихи тұлға (XV ғ.). Ел аузындағы деректерге қарағанда оның бейіті Қобда өзені бойында. С.П.Толстов болса Қобыландының қарақалпақ жеріндегі Қорғанша деген қамалда тұрғанын айтады. «Қобыланды батыр» жырының күрделілігі жер-су атауларынан байқалады. Жырдағы Көктем, Аймақ, Қызыл ер, Нарқызыл секілді көптеген антропонимдік атаулардың арқауында этнонимдік ұғымдар жатыр. Олардың бірі түркімен, бірі қыпшақ тайпаларына қатысты ұғымдар. Қазір бұл жырлар Мәскеу, Алматы, Орынбор, Қазан, Ташкент, Нөкіс т.б. қалалар мұрағаттарында, Орталық ғылыми кітапхана қоры мен Әдебиет және өнер институтының қолжазба және мәтінтану бөлімінде сақтаулы.

Дерек көзі:
http://ardaktylar.kz/persons/obylandy-batyr/

Қобыланды батыр Саянның топ аламанын ертіп Хан Ордасына қайта келгеннен кейін Жәнібек ханның жарлығы бойынша, хан кеңесінің аз күнге мәжілісі тоқталып, жігіттердің жау қашырған құрметіне үш күн, үш түн той істеді. Дәл осы кезде Қырымды аралап Асан Қайғы жырау оралды. Бастығы Жәнібек боп бүкіл қазақтың ардақты батыр, биі қарт ақынды кілемге көтеріп қарсы алды. Өзіне арналып ақ орда тігіп, ту бие сойылды. Той үстіне той болды. Қыпшақ жағының адамдары Қазтуғанның жырынан делебелері қозып, нақ өздері жүз елу жыл ерлік еткендей у-шу жырауға қошемет көрсетті. Асан Қайғы Қотан қартқа бетін бұрды. - Сөйле, жырау, - деді. Қалың ойға шомып кетіп басын төмен салып үн-түнсіз отырған қарт жырау, шапқан дүбірді естіп, тыпырши қалған кәрі тарландай, кенет басын көтеріп алды. Сол сәтте-ақ қыл қобыздан күй аңырап қоя берді. Ақтарыла сарнаған қобыз үнімен бірге, бір кезде құлаққа жағымды қоңырқай, қазір кәріліктен өңі бұзылған Қотан қарттың қарлыққан даусы да шықты. Ол: - Өлімнен қорықпау ерлік емес, ерлік өмірді қорғау, - деді. Жырау шын батырлық біреудің жерін шауып, елін тонауда емес, өз жеріңді, өз еліңді жаудан қорғаудан туады дей келіп, аз бола тұрып көпке шапқан, Қазтуған мақтаған Қыпшақтың көп бола тұрып аздан қашқан кездерінің болғанын айтты. Жырау таққан кінәні естігенде бастығы Қобыланды батыр болып елеуреп қопаңдай қалды.
Көшпенділер: 1-бөлім, «Алмас қылыш» бөлімінен үзінді

Қобыланды батыр бір мезет атының басын кейін бұрып, Қоршауды бұзып шығып, қашып құтылмақ болды. Көксеңгірдің ұрпағы Киіккетпес тұлпарын тебініп қап, жау
шебін үзбек боп кейін шапты. Қобыландының айбарынан сескенген жігіттер қақ айырылды. Қобыланды орталарынан зырғытып өте берді. Бірақ өте алмады, екі жағынан лақтырған арқан мойнынан бірдей түсті. Ырғи жөнелген Киіккетпестің үстінен сыпырып жерге дүңк еткізді. Аспан - көк шыр айналып кетті. Құлап бара жат -қанында құлағына жеткені ат дүбірлері мен «Ақжол! Ақжол!» деген айқай ғана еді. Ар жағында не болғанын өзі де білмеді. Тек көзін ашып, есін жиып, орнынан ақырын түрегелгенінде, алдында күлімсіреп қарап тұрған жас жігіт пен алтын зерлі жұмсақ сауыт киген, құралай көз сұлу келіншекті көрді. Арада сегіз жыл өтсе де, бұл екеуін Қобыланды бірден таныды. Шатыраштанып жасыл төккен мырза қарағай тәрізді сұңғақ бойлы сымбатты жігіт батыр Саян болатын. Ал қасындағы келіншек, оның жұбайы Әбілқайырдың туған қызы Гүлбаһрам - Сұлтан - Бегім еді.
Көшпенділер: 1-бөлім, «Алмас қылыш» бөлімінен үзінді

Гүлбаһрамды көріп кәрі жүрек тағы толқып кетсе де, Қобыланды батыр өзін - өзі ақылмен тоқтатты. Бір кезде Өзі өлімге қиған батыры, енді бұны ажалдан алып қалғанын түсініп, күрт өзгерді. «Қоянды - қамыс, ерді намыс өлтірер» болса, да батырдың аңғал бір ұрт мінезіне салып Қобыланды намысын жеңді.
- Қарағым, батыр Саян, ер шекіспей бекіспейді.
- Сен екеуміз шекістік. Айып менен, - деді.
- Егер сен кешірсең, арамызда болған оқиғаны мен кешірдім.
- Мен де кешірдім, - деді батыр Саян күлімсіреп бірінші боп қол беріп. Қобыланды батыр Саянның топ аламанын ертіп Хан Ордасына қайта келгеннен кейін Жәнібек ханның жарлығы бойынша, хан кеңесінің аз күнге мәжілісі тоқталып, жігіттердің жау қашырған құрметіне үш күн, үш түн той істеді.
Көшпенділер: 1-бөлім, «Алмас қылыш» бөлімінен үзінді
Батырлар

Наурызбай   Қобыланды   Бөгенбай
Back
Next
Роман әлемнің 30-дан астам тіліне аударылған.
Тарих және  халық
Әбілхайыр- хан (1693 - 1748)
Абылай-хан (1711-1781)
Кенесары Қасымов
(1802-1847)
Батырлар
Ойшылдар мен Көсемдер
Әйелдер образы
«Көшпенділер» - ұлт мақтанышы!
Мемлекетіміздің 550-жылдық тарихы - І.Есенберлиннің «Көшпенділер» парағында
 

KZ   RU