«Жүсіпбек аға» (естелік әңгіме)
Түс ауа мектептен қайттым. Жатқан үйім - Қасым қасапшының үйі. Өткен жылы біздің үш сиырымыздың бірі - қысыр қалған қызыл сиырымызды осы Қасым қасапшы сатып алған. Сонда жарты құнын кейінірек бермек болған екен. Сол асылымыз үшін әкем мені осы үйде, яғни Баян қаласында төрт ай жатып оқуға келісті. Енді осы «Шаруa жастары» мектебінің үшінші класында оқимын. Үйге сергек келдім. Мені туған інісіндей жан тартатын, сабырлы да кербез сөйлейтін Үмігүлсім жеңгей:
- Жақсы келдің, айналайын. Тымағыңды анда іл. Жақсы азамат кеп отыр. Гүбірнадан. Семейден. Төргі үйде. Шәй құйысып, шынаяқ әперісіп маған көмектесіп отыр. Әңгімелерін тыңда... Жақсы болады... Ержеткенде есіңде қалады...
- Кім деген кісі екен, Үмігүлсім жеңгей?
- Мағаз ағай да, Бохытай ағай да, біздің үйдегі ағаң да айтып отыратын еді ғой. Анада Сәбит пен Қаныш сот екеуі де сол кісінің шығарғандарын айтпап па еді. ...«Қанафия Шарбану» деп, «Жебір болыс» деп...
- Жүсіпбек Аймауытов шығар онда!
- Ия! Тап соның өзі. Өзіміздің осы Баянауылдыкі екен...
Төргі бөлменің нақ ортасында қойылған дөңгелек үстелдің төрінде, аласа табуреткеде жарқын жүзді, маңдайлы, ағылшын мұртты, қоңыр-қызғылт өңді кісіге, яғни Жүсіпбек ағаға (есіктен әуелі сығалап көріп алғам) қалай жетіп барғанымды білмей де қалдым-ау деймін, үн-түнсіз қолымды көсеудей сұқитып ұстата бердім де, ол кісі баққанша шегініп кете беріп едім:
- Тоқта! Кетпе, Дихан, - деді Жүсіпбек ағаның сол жағында көрпе үстінде отырған Мағаз ағай. Тоқтай қалдым.
- Бұл Дихан інішек, 3-класта оқиды, - деді Мағаз аға.
- Иә, үшінші класта оқимын, аға! - деп өзім айтып жібердім де, қызараңдап қалдым.
Мағаз аға - осында мен келіп, оқу оқып жатқалы маған сонша ықыласы түскен кісі. Дастарқан басында да менің жайыма назар аударып отырады. Оқуымды сұайды. Күн сайын сабақтан алған бағамды көреді. Тұрмысымызға да қанық. Мағаз аға осыларды Жүсіпбек ағаға тәптіштеп айтып шықты.
Жүсіпбек аға кеудесін тік ұстап, әуелі менің жүзіме қарап алды да:
- Мағаз аға! - деді майда қоңыр үнімен, - Дихан інішектің халындай хал менің де өз басымнан өткен. Бірақ ол бұрынғы ғой. Ал бүгінгі жаңа заман, жаңа өкімет талапты жастардың тауын шағылдырмайды, талабын жаңылдырмайды. Жалпы нашарлардың балаларына интернатты коммуналдық мектеп ашылмақ Семейде. Бұл Дихан інішек сонда оқыса…
- Олай болса, соқырдың тілегені екі көзі ғой, - деп қалды Мағаз аға.
- Келсін! Жәрдемдесем. Келесің бе?
Мен әуелі басымды изедім де:
- Барам, Жүсіпбек аға, - дедім.
- Уәдеңе берік бол. Кел. Ал келсең, «Қазақ тілі» редакциясынан табасың мені.
Мағаз ағамен бірге осы үйде пәтерде жататын қою қарасақалды, қошқар тұмсықтау, зиялы Бохытай Жуанышбаев бөлмеге кірген бетінде:
- С приездом, Жүсіпбек! - деді.
- Амандығымыз ата-анамыздың тілімен басталмаушы ма еді, Бақа? Сіз бен біздің оқыған екенімізді орысшаламасақ та білетін шығар бұл жұрт, - деген Жүсіпбек аға. Біраз отырғаннан кейін Бохытай:
- Жол болсын? – деді.
- Осы ақ қар, сары аязда Семейден Баянауылға жәй жүру деген қайда? Баянауыл ауданын Қарқаралы уезіне қаратуға қаулы алынды. Соған байланысты ревком мүшелерін толықтыру шешілді. Жаңадан екі адам сайламақпыз.
- Е... сайлаушымын де, учителім! - деп Бохытай мырс етті.
- Кімдерді сайламақпыз? - деді Мағаз аға елең етіп.
- Бірі - Қаныш Сәтпаев, екіншісі - Бақия Алпысбаев, - деді Жүсіпбек аға.
Дастарқан жиналып бола берген кезде үйге дөңгелек бет, күрең жүз, күрең көз Сәбит аға келіп кіре берді. Орнымнан атып тұрып, жұрттан бұрын қол бердім.
Амандық-саулық сұрасып, біраз әңгіме-дүкен құрғаннан кейін Сәбит Жүсекеңе бұрылып:
- Не жазғалы жүрсің? Нені өрнектеп жатырсың? - деп сұрады.
Жүсіпбек: - Екі романға ойым бар, Сәбит! Бірінің аты - «Қартқожа», екіншісінің аты «Ақбілек» болмақ керек. Мұнымның өзі күлкі-ау деймін. Құрсақта, әлі қимылдай да қоймаған балаға ат қойған әке тәрізді боп отырмын-ау өзі...
Сәбит: - Ондай перзентке бүкіл ел боп зәруміз ғой. Перзентіңнің екеуінің аты да періштенің құлағына шалынсын!
Мағаз аға: - Әлгі... ертедегі «Қарт қожақ» батыр ма оның?
Жүсіпбек: - Ертедегі Қарт қожақ емес, Маға. Бүгінгі Жұман ақсақалдың баласы - Қартқожа. Білесіз. Өзіңіздің Қартқожаңыз.
Мағаз: - Соны роман етпексің, бе?
Жүсіпбек: - Ия, Маға! Гәп, міне, сіздің осы таңдануыңызда. Тасқа ылғи қына шығара бермей, шынар шығаруымыз да керек. Кешегі өмір шиырынан бүгінгі өмір туады. «Қартқожа» туады... 1916 жылғы көтеріліс есіңізде ме? Алабас тауындағы көтеріліс... Сонда көтерілісшілер ішінде, көтерілістің мәнін әлі түсініп те болмаған, босаң, момын, уыз жігіт Қартқожа, көтерілісшілер тарай бастағанда салы суға кетіп, арық торы байталына солбырайып мініп, солғын тебініп үйіне қайтып бара жатқан Қартқожа 1920 жылы апрель айында Сұлтанмахмұттың көңілін сұрай барады. Сонда орысша оқуға Сұлтанмахмұтқа уәде береді. Артынан Қартқожа Омбыға оқуға кетіпті. Рабфакқа түсіпті. Енді соның былайғы жәйін сөз етпекпін... Жаза бастасам да жазым баспay үшін аяқтауын асықпаймын.
Сәбит аға: - Ал енді «Ақбілегіңді» айтшы бізге, мына Мағаң бар, Бахаң бар, Қасекең бар, әнші жеңгейіміз Үмігүлсім бар, бәріміз тыңдайық! - деді.
Жүсіпбек аз-кем күйіне сөйлеп кетті:
- Алтай қалың найман қонысы. Сол Алтайдың аясында айна сұлу Марқакөл бар. Марқакөлді арқалаған Алтай елі бар. Сұмдық осы елде болған. Былтыр ғана... . Марқакөлдің Күршімге жапсарлас тау қолтығында отырған Мамырбай байдың ауылын шапқан ақ бандылардың офицері Мамырбайдың бойжеткен қызы Ақбілекті тау ішіне алып кетеді. Хайуандық істейді, зорлайды. Бірер күннен соң Ақбілекке екінші офицер қызығып, екеуі дуэлге шығып, алғашқы сарымұрт офицерді екінші қарамұрт офицер атып өлтіреді де, Ақбілекті енді бұнысы «иемденеді». Қызыл әскерлерден ығысып Қытайға өтерінде Ақбілекті атып өлтіріп кетпек болып оқталса да, ақыры атпай тастап кетеді. Ақбілек сорлы ессіз тау ішінде қаңғырып қалғанда Іскендір деген жалаңаяқ қаңғыбас дуана душар болып... жетелеп, кейде арқалап, көтеріп, ел қарасын көрсетеді. Барған ауылының адамдарының бірі Мамырбайға хабар етеді. Мамырбай туыстарын жіберіп қызын алдырады. Осы бір тұсын қағазға түсіріп едім. Оқып берейін...
Жүсекең костюмының қалтасынан қызыл қойындәптерін алып, оқи бастады:
- Ақбілек... өз ауылына жақындаған сайын таза жерді басуға ұялып, ит жалап кеткен ыдыстай өзінің денесін де, демін де арам деп білді... Осы арам денеммен әкемнің иманды жүзіне қалай жақындармын? Құдайдан қорықпай оның құтты қадам үйіне қалай кірермін? Қара мұрт құшақтаған арам қолымды қайтып әкемнің адал дастарқанына апарып, қайтып бір табақтан ас ішермін? Мені арамдалмай келді деп кім ойлайды дейсің. Жұрт бетіне қалай қарай алам?
Сорлы Ақбілек, ар-ұятың төгілді. Адамшылығың жойылды. Жас нәуетек жүрегің соқпай жатып өрт болды. Есіл ерке балалық аяққа құйған астайын шолтаң етті. Тоқталды. Жыла, жасыңды бұла! Жасыңмен теңіз жиылсын. Теңізді дауыл толқытсын. Құтырсын толқын, туласын! Зарлатқан сені мұндарлар тұншықсын...
Отырғандар түршіге тыңдап, түстері бұзыла бастады.
- Обал-ай...
- Қандай ауыр қасірет...
- Ұл өсіріп, қыз өсіріп отырған жандардың жанын өртейтін сұмдық екен!
Осы үзіндіні оқып шыққан Жүсіпбек аға:
- Енді Ақбілекті «тірілтсем» деймін. Тірілтуім керек...
- Сүйтші, айналайын, - деп қалды Үмігүлсім жеңгей орамалмен көзінің жасын сүртіп.
- Сүйтем, жеңгесі, сүйтем, - деді Жүсіпбек Үмігүлсім жеңгейге қарап, - Бірақ, тез арада жаза алмаспын. Екінші жартысын жазуым үшін Ақбілектің өзін табуым, жаңағы ауыр қасіретінен кейінгі қадамдарын өмір жолдарын білуім, ыждаћаттауым керек.
- «Қартқожаның» да, «Ақбілектің» қадаларын қағып, өрмегін де жақсы құрыпсың, - деді Сәбит aға.
Жүсіпбек қойындәптерін былай қоя беріп, романның алдағы жазылар сұлбасын тағы тақпақтап кетті: - Ақбілек ойымнан да, көз алдымнан да кетпей отыр.
Бой толғағынан ой толғағы қиын.
Тыңдаңыздар! Тыңдайсыңдар ма?... Ендеше ол былай… Бандылар бастарымен әлек. Қытайға ығыса жөнелгенде тау үңгірінде, қара түнде жалғыз қалған Ақбілекті аш қасқырлар қамайды.
Есінен танардай халде дірілдеп, қалшылдап, жер сипалап отырған Ақбілектің қолына оттық ілігеді. Шөп-шалам, оны-мұны жиып, от тұтатады. От сөнсе, Ақбілектің өмірі де сөнетін еді. От тапқан адамның атасынан айналсаң болмас па?!
- Рас-ау, от болмаса қайтер ек, - қостап қойды Бохытай…
Жүсіпбек Ақбілектің жан күйіне еніп тебірене сөйлеп отыр:
- Заула отым, заула! Мазда отым, мазда! Қорқақ аңдар, тілсіз жаулар қаш маңыма жолама! Күйдіремін, өртеймін!.. Ақбілек от тәңірге сыйынды. Таң атқанша от маздатып, жаны аман қалды… Үлкендердің аузынан талай ертегі, әңгімелерді тыңдағанымыз есімде. Бірақ солардың ең ертекшісі Уайыстың ертегілерінде де мұндай сипаттауларды естіген емеспін. Демімді жұтып, Жүсекеңнің әңгімесіне ұйып отырмын. Жүсіпбек аға әлі сөйлеп отыр: - Аспанның күн жақ туырлығы ақшыл тартып, тау бастары алтын жалатқандай күлімдеп келеді. Таң ата жел де тынды. Бұлттар да ыдырады. Өлкеден ұшқан бозторғай таудың деңгейіне қанаттарын қалшитып, тау-тастан көрімдік сұрады. Бозторғай-ау, көрімдікті Ақбілектен сұрасаңшы! Ақбілек алтын сырғасын атып тастағалы келеді ғой. Оның жүзінде нұр бар ғой. Ол көретін жарық күн бар ғой. Ұзақ түнгі топты қасқырмен алысқанын замат ұмытып, шоңқайма кебісінің жез нәлі тастан-тасқа шықылдап, қашқан киіктей қаздаңдап барады ғой…
- Алда жазған-ай, - деді тағы да аналық сезімін бүгерге ырқы жоқ Үмігүлсім жеңгей.
- Жарайды, осымен тоқтатайын. Амандық болса, «Ақбілек» бірдеме болар…
- «Бірдеме боларың» не? - деді Сәбит аға, - Қазақ прозасының таң жұлдызы боп жарқырайды амандық болса.
- Кейбір тұстарын ауыз екі айтып, жаттанды да етіп қойдым. Кім біледі қағазға түскенде қандай боларын? Кесіп айта алмаймын… Әйтеуір Ақбілек бейнесін жасау жүгін жүрегіме түйдім… Өзі, осы мен көп сөйлеп кеттім-ау деймін.
Енді сергиік те бір…
- Иә, о да жөн…
- Олай болса, әнге қонақ берейік.
- Ия, о да жөн.
- Олай болса, әнге қонақ берейік.
Үмігүлсім жеңгей маған иек қақты. Түсіне қойдым. «Угай-айды» бастай жөнелдім.
Бір күн көшіп дүние... ай.., - дегенім сол, Сәбит аға қоңыр даусымен қосылды:
Қимылдаған пенденің бәрі өледі... Угай-ай, ән салшы-ай, бір бала-ай!
Жүсіпбек аға да, Үмігүлсім жеңгей де бәрі қосылды.
Бастап берген - мен. Ендеше мен неге тартынам. Ал кеп сілте!
Ән біткеннен кейін Жүсіпбек аға: «Жеңешеміз отырғанда «Жеңешені» айтпасқа болмас. «Жеңешені» айтайық! - деді.
Айдап салдым жылқымды тепсең жерге, Жеңеше-ай,
Сіздей адам табылмас ексем жерге,
Жеңеше ай,
Ай жеңеше-ай,
Мінезің сенің өзгеше-ай.
Жүсіпбек ағаның дауысы жібектей екен.
- Ай, жеңеше-ай,
Мінезің сенің өзгеше-ай,
- деген жерін Жүсіпбек аға да, Бохытай, Сәбит аға да Үмігүлсім жеңгейге арнаған өз сөздері, өз бағалары, өз әндері тәрізді eтіп айтты. Ал Үмігүлсім жеңгей сыр-сипатын титтей де өзгертпестен, іштей pизалығымен «Жеңеше-айды» көпке қосылып, еркін, еркелей әндетті.
Ертеңіне Жүсіпбек аға Сұлтанмахмұттың қолжазбаларын алуға қасына Шәйбайды ертіп, Торайғырға жүріп кетті.
Үш-төрт күн сонда болып, Махмұт ағаның шығармаларын алып қайтты. Бұдан келген соң, бір күн Баянда болып, дәл аттанарында Қасымдыкіне кеп Мағаз ағамен, Үмігүлсім жеңгеймен қоштасты.
Оқудан қайтып келе жатсам, қақпа алдында бір топ адам тұр. Жүсіпбек ағаны шығарып салғалы тұрғандар екен. Солардың ішінде басына жамылған ақ түбіт шәлісі омырауына төгілген Үмігүлсім жеңгей айдын көлде тербеліп тұрған аққу дерлік. Қашан Жүсіпбек ағаның шанасы көшенің анау басына жеткенше:
- Сау бол! Жаныңа жамандық бермесін, тәңірім. «Ақбілегіңді» ұмытпа, жаз! Жаз, қайным, - дей берді қайталай...
Айтпақшы, өзімді ұмытып барады екем. Бәріміз қоштасқаннан кейін Жүсіпбек аға маған қарап:
- Дихан! Уәде, уәде,! Кел! Жәрдемдесем! «Коммунна мектебінде» оқитын боласың! - дегені әлі құлағымда.
Қазір де, осы естелікті жазып отырғанымда да, арада жетпіс жылға жуық уақыт өтсе де, Жүсекеңнің дауысы сол күйінде, сол үнімен естіліп тұр.
Дихан Әбілев ақын, Қазақстанның халық жазушысы.
Д.Әбілев «Жүсіпбек аға» (естелік) / Қазақ әдебиеті, 1989 . 13 қазан
|