Ақбілек романының жазылған жері туралы
Қазақ әдебиетінің ірі зерттеушілері Жүсіпбек Аймауытовты ақын, прозашы, драмашы, сыншы, публицист, аудармашы ретінде, ал "Ақбілек" романын бір қазақ қызының тағдыры негізінде әлеуметтік революциялар дәуіріндегі қазақ ауылының жаңаруын суреттейтін алғашқы қазақ романының бірі деп қарастырады. Ең алғаш "Әйел теңдігі" журналының 1927, 1928 жылдардағы бірнеше санында жарияланған туынды тек кейіннен, 1980-ші жылдар аяғында ғана бірінші рет кітап болып ұсынылған.
"Ақбілек" - Жүсіпбектің 1921-1923 жылдар аралығында Алтайға барған сапарында туған. Төменде жарияланып отырған Ақаш Жүнісұлы мен Әлтай Есқалиұлының естеліктері қазақ романистикасының бастауында тұрған туындының кейіпкерлері болуы мүмкін адамдар туралы деректерді ұсынады.
АЙМАУЫТОВТЫҢ АЛТАЙ ЖЕРІНДЕГІ КҮНДЕРІ
Әйгілі "Ақбілек" романы Жүсіпбек Аймауытовтың Алтай аймағына, дәлірек айтқаңда Күршім мен Марқакөл аудандарын жалғастырған Қалғұты бойына сапарға шыққанында жазылғанын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін.
Романның басында: "Өскеменнің ар жағында, Бұқтырманың оң жағында әлемге аян Алтай бар. Сол Алтайдың күнгейінен құбыла жаққа құлай аққан, құлай ағып Ертіс түскен, күз күзеткен Күршім бар..." - деген жолдар сол сапар әсерінен туған.
Жүсіпбектің Алтай сапары Алаш қайраткерлерінің саяси және ағартушылық істерімен байланысты. Ж.Аймауытовтың 1914-1919 жж. Семейдегі мұғалімдер дайындайтын семинарияда оқығаны белгілі. Сол жылдары бұл оқу орнын Қалғұты бойындағы Терісайрықта тұратын Үкіртайдың Зәйнолласы да аяқтайды. Оқуын бітірген Зәйноллаға Алашорда басшылары қаражат бөліп, арнайы нұсқау-тапсырма береді. Алаштың өз алдына автономиялы ел болуына орай жастар арасында оқу және өнер үйірмелерін ашу мақсатында жұмыстар жүргізуін тапсырады.
Осы тапсырмаға сәйкес Зейнолла мен Семейде мал дәрігерін даярлайтын оқуда жүрген інісі Құнапия елді бірлескен тіршілікке, тоған алып, егін салуға үгіттейді. Зәйнолла алғаш Семейден келген тұста жұрт әлі тыныш
еді. Ол Алашорда үкіметінің сенімін ақтауға құлшыныс жасайды. Елдің игі жақсыларымен келісіп, Егіндібұлақ бойының балуаны Дүйсенбіні милиция қызметіне тағайындатады. Алашшылар тапсырмасымен еріктілерден отыз бес адамды қаруландырып, әзірлейді. Бірақ, көп ұзамай ақ пен қызылдың аласапыраны басталып кетеді.
Алаш қайраткерлерінің ұстанған бағыттарын кеңестік автономия құрылған жылдарда ұлттық зиялы қауымның жаңа бір легі өз мүмкіндігінше жалғастырып бақты. 1921 жылы Қазақ Орталық атқару комитетінің төрағасы Сейітқали Мендешев жаңадан құрылған губерниялық құрылымдардың жұмыстарымен танысу және күн тәртібіндегі істерді жүзеге асыру мақсатында Семейге көрнекті тарихи тұлға Смағұл Сәдуақасовты жібереді. С.Сәдуақасов Семейге келісімен ұлттық кадрларды даярлап, оқытып, іске араластыру мәселелеріне зор көңіл бөледі. Жүсіпбек Аймауытов Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады. Ендігі кезекте Смағұлдың жеке тапсырмасымен Күнгей Алтайдағы жағдай қандай және бір кезде Үкіртайұлы Зейноллаға берілген тапсырма қалай орындалып жатыр, ол не бітірді, не тындырды деген сұрақтарға жауап беру үшін Жүсіпбек 1921-1923 жылдар аралығында Алтайға барған.
Жүсіпбек бұл аймаққа келместен бұрын ағайынды Зәйнолла мен Құнапия Қалғұты мен Бөкенбай жерінде мәдениет үйін ашуды қолға алған еді. Екеуінің де Алаш қайраткерлерінен үйренгені бар, әр ауыл, әр рудың ақсақал, қарияларымен тіл табысып, қауырт жұмысқа кіріседі. Қазіргі Қаратоғай мен Егіндібұлақ жерінде мектеп үйін салу жұмысын қолға алады. Жүсіпбек бұл өлкедегі істерді шолып, жергілікті азаматтарға көмек көрсетуді ғана ойлаған жоқ. Алтайдағы өмір өзгерістері жазушының сүбелі «Ақбілек» романының жазылып шығуына да түрткі болған.
Жүсіпбек Аймауытов Терісайрық бойындағы Үкіртай отбасына келіп, Зәйнолла мен Құнапияның сый-құрметіне бөленеді. Егіндібұлақ пен Қаратоғайдағы салынып бітуге таяған мәдени орындарды көреді. Құнапиямен бірге Қаратоғай ауылына еңкейіп төніп тұрған Қарасеңгір тауындағы жартасты Қараекем шатымен (қазіргі Торғай сайы) биікке көтеріліп, таудың күнбатыс етегіндегі Құнапияның қайын атасы болыс Керей Ысқақпен жүздесіп, сейіл құрады. Елдегі ақ пен қызылдың лаңы жайлы сыр шертеді.
Ж.Аймауытов Қалғұты мен Бөкенбай бойындағы елдің тыныс-тіршілігімен танысады. Тайлы-тұяғы қалмай жайлауға көшкен елге қосылады. Төбесіне ақ кепеш киген, қар басқан Сарытау биігі, Әкімбай кезеңі, Ереймен, Салқыншоқы, Итқырылған биігін ауылда жүріп көрсе, енді табанымен жерін басып, жемісінің дәмін татып, таза ауа, жасыл орманда атқа мініп, сейіл-серуен құратын болды.
Европа мен Ресей саяхатшыларын таңғажайыбымен тамсандырған ер Алтай, асқар Алтай, алтынды Алтай Жүсіпбек Аймауытовты да құшағын жайып қарсы алады. Саяхатшы Г.Н. Потанин Сарытаудың төбесіне үш қайтара шыққанын құштарлана, құмарлана жазған болса, Жүсіпбек те Сарытау мен Марқаның көлін тамашалап, "Ақбілек" романында: "Қарт Алтайдың қақ басында, алақанның аясында бал татыған айна сулы түрі де аспан, сыры да аспан, шарап сулы Марқакөлі..." - деп тамаша көрініске тебірене қалам тартады.
Жүсіпбек Аймауытов "Ақбілектегі" жер, кісі аттарымен негізгі әңгіме желісі қазіргі Күршім ауданына қарасты Қалғұты жерінде болғанын аңғартады. Жазушы романының уақиға шиеленісінің басталуында: "Сол Алтайдың бөктерінде жам жолменен жандамайлап ала ат мінген жалғыз адам келе жатыр, бейсауат. Көтегейі - Күршім жақ, бет алысы - Қараекем шаты. Қараекем шаты - жартас, дәл аясы - шұңқыр, көгал".
Мұндағы Қараекем шаты - Қарасеңгір тауындағы қазіргі аталып жүрген Торғай сайы. "Дәл аясы - шұңқыр, көгал" дегені, осы сайдан шыға келгендегі қазіргі Қаратоғай ауылы тұрған жер, Қалғұты өзені бойындағы көгалды жазықтық. Уақиғаға байланысты романдағы жер аттары Бөкенбай тауының теріскей беті, Терісайрық бойындағы Маубас пен Қарасеңгір бауырындағы Қаратоғай ауылы аралығында. Алтай күнгейінде Жүсіпбектің араласуымен ауылды кеңестендіру жұмыстары жүргізіледі. Кейін Семейде болыстық қызметкерлер даярлайтын курс ашылады. Қазіргі Марқакөл ауданына қарасты жерлерден, яғни Боран, Қалжыр, Терісайрық, Қалғұтыдан Изеттің Ысқағы, Керей Ахмет дейтін, Мысбайдың Мейрашы, Дүсіпұлы Әділхан, Дәриға, Секіман, Дүйсенбі, Тойша, Тілеміс, тағы басқалары Семейде оқып, арнаулы дайындықтан өтеді.
Мұндағы Дәриға деп отырғанымыз - Жүсіпбек Аймауытовтың романындағы Ақбілек деген қыз.
Дәриғамен аралас-құралас болған, 1970-жылы 85 жастағы Сұраубай келіні Дина әженің айтуынша, Дәриға - Зайсан және Семей қалаларында оқып білім алған. Қалжыр бойындағы Қазақстан (Шегір) ауылында болыс болады. Әуелгі күйеуі жастай қайтыс болыпты. Одан қалған жалғыз қызы шетінеген екен. Өзі іс тігетін ісмер адам болыпты. Жүсіпбек бұл өңірге келгенде Терісайрық бойындағы Көккөз атанатын рудың азаматы Өтеулі молдаға тиген кезі екен. Дәриға болыс болып, Зәйнолла мен Құнапияға қамқорлық жасап, Қаратоғай мен Егіндібұлақта мектеп салуына, жолдасы Өтеулінің мешіт ашуына күш-көмегін көрсетеді. Ел ішінде тігіншілігімен де аты шығып, өнер мектебіне айналады. Оны іздеп шыққан үлкен-кіші Дәриға демей, "Ақбілекке бара жатырмыз" деп жүріп, Көккөз атасына мекен болған Терісайрық жағасындағы ұзын қырқа Ақбілек атанып кетеді. Күні бүгінге дейін солай.
Өзеннің арғы қабағында тұрған Үкіртайдың Зейнолласы мен Құнапиясы Жүсіпбек Аймауытовтың сырласы да, мұңдасы да болған адамдар.
Көңіл бөлетін тағы бір жай. Жүсіпбек Аймауытов Алтай сапарына Семейден жалғыз емес, ақын Иса Байзақов екеуі бірге шыққан. "Ақбілек" романы мен Исаның "Алтай аясында", "Құралай сұлу", "Қырмызы-Жанай" поэмаларындағы жер, ел, су аттары бір-бірін толықтырып, Алтайдың күнгей өңірін сипаттайды. Екі автор да көздің тұңғиықтан көрінген жанарындай биік тау үстіндегі әсем Марқакөлін көріп, үлкен тебіреніске түседі. Зайсан бойы мен Күршім өңірінен жайлау үстінде тоғысқан Дөртуыл, Қожамбет, Ақнайман елдерін аралап, көп әңгіме естіп, көңілдері көтеріліп, мерейі үстем болады. Екеуі де Семейден "Моңғол", кейін "Алтай" атанған бу кемесімен шығып, Күршім өзенінің Ертіске құяр сағасындағы кеме аялдайтын Құйған ауылына келгенде, Жүсіпбек сол арадан Қалғұты жеріне қарай сапарын жалғастырған. Ал, Иса Байзақов сол кемемен одан әрі Жайсаң көлінен өтіп, Тұғыл (Тополев мыс) тұрағына жетіп, сол өңірдегі елді, жерді аралайды. Ел жайлауға шыққанда, тағы кезіккендей.
Иса Марқаның көлі туралы:
Қайнаған етегінде қарт Марқакөл,
Биіктен бетін сүйіп құлайды жел.
Құбылтып судың бетін, толқындырып,
Жарқырап жайқын Марқа тулайды сол, -
десе, Жүсіпбек:
«Марқакөлді алқалаған - ақ ауылды Алтай елі. Алтай елі, Алтай жазы тау еркесі киік болып, өзге елдерден биік болып, Марқа көлдің самалында сайран етіп жатқаны» - деп әсем көрініске бас иеді. Екеуінің барып қайран жерлеріне қарасақ, Жүсіпбектікі: Күршім, Қалғұты, Бөкенбай, Сарытау, Марқа көлі. Исанікі: Зайсан көлі. Кендірлік, Қара Ертіс, Ақжайлау, Марқа көлі, Сарытау.
Иса поэмаларында ұшырасатын жер, су аттары - Бүйрек, Тақыр, Қалжыр, Байшуақ, Қиынкеріш, т.б. Жүсіпбек келген Терісайрық жерімен іргелес жатса, Сарытау, Балажал, Бұқат дегендері Терісайрық, Бөгенбай бойындағы Қожамбет пен Ақнайман елдерінің жазғы жайлауы болып келеді. Жүсіпбек пен Иса жайлау үстінде кеңесіп, өздерінің болашақ шығармаларын да ойластырса керек.
"Ақбілек" романында аласапыран жылдардағы ауыл өмірінің шындығы, адамдар тағдырындағы өзгерістер дәлме-дәл бейнеленген. Роман кейіпкерлері заманмен, дәуірмен өзгеріске түсіп, қоғамнан өзіне лайық орын іздейді. Бұл кез - Алаштың көзі ашық азаматтары қатер үстінде жүрсе де, қазақтың өз алдына автономия алуына күш-жігерін жұмсаған тұсы еді. 20-жылдардың соңына қарай елдегі жағдай өзгеріп, өктем билік алашшыларды қудалауды ұйымдастырады.
Жүсіпбектің Күршімдегі достары Зейнолла мен Құнапияны жаппай ұжымдастыру науқаны алдындағы қудалаулар аяқ бастырмайды. Зейнолла 1928 жылы қайтыс болған. Ал, Ақбілектің прототипі Дәриға ашаршылық жылдарында Қытайға ауған қалың халықтың ішінде кетеді. Бұлармен тағдырлас болған заңғар жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың да өмірі 1931 жылы аяусыздықпен қиылады.
Ақаш Жүнісұлы,
Күршім ауданы
АҚБІЛЕК ТУРАЛЫ БІЗДЕГІ ДЕРЕК
Дархан жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың 1925 жылы Күршімге баруы туралы әңгімелер - әлі күнге дейін ел аузында. 1961 жылы Аймұхамбет деген ақсақал айтып еді: Жүсіпбек Әділхан, Мысбаев Мейраш, Дариға болыстардан қаржы жинап, темір шатырлы мәдениет үйін салдырады. Ақнайман байы Темірхан да көп көмек беріпті. 1945 жылы өртеніп кеткен бұл үйді көргендер бір жағында мешіт, бір жағында дәрігер бөлмесі бар еді, кейін ауылдық кеңестің конторына айналды дейтін. Тойша, Мәли, Түсіпжан дейтін ақсақалдар қолдан құйған кірпіштен салынған мектеп туралы да айтатын.
Мен 1955 жылы өз ауылым Қозыбайдан Көкжырадағы Жаңауыл орта мектебіне сегізінші сыныпқа оқуға бардым. Қысқы каникулға қайтарда қазақ тілі мен әдебиет сабағынан беретін Әнікей Чатаева мұғалім төрт баланы шақырып алып тапсырма берді, ауылға қайтқанда ақсақалдардан, өздерің жақтағы мұғалімдерден жазып алыңдар деп:
1. Оқыған мектептеріңді қай жылы, кім салдырыпты.
2. Жүсіпбек Аймауытов деген кісіні білсе қорықпай, толығырақ айтсыншы (түрі, келбеті, киімі, сөзі).
3. Сол жақта Ақбілек деген қыз болыпты. Қай жердікі екен, толығырақ жазғызын.
4. Сырымбет руынан кімдер бар?
Мен туралы айтыңдар деп, жазғанын маған берді. "Өз руым - Аякөздегі Тобықты (Айдос). Жолдасым - Өтеулин Шәукен (руы Сырымбет, оның ішінде Көккөз). Шешесі - Дәриға (болыс болған). Өтеулінің Қайынды, Қадыр, Жиренше дейтін інілері болған. Білетіндер бар ма екен?", - деп жазып қойыпты.
Үйге келген соң, қаңтардың 7-8-дерінде Қаратоғайға барып, мектептегі қазақ тілі мен әдебиеттен сабақ беретін Дүсіпова Тінімхан апайға әлгі қағазды көрсеттім. Апай ойланып барып жауап берді: "Семейден келген өкіл Жүсіпбек Аймауытов Үкіртаев Зейнолла, менің әкем Дүсіпов Әділхан, болыс болған Дәриға қаржы жиып, темір шатырлы контор мен клуб мектеп салғызды. 1926 жылы іске қосылды дейтін әкем. Ж.Аймауытовты әкем әркімге айтып отыратын, жазушы дейтін, өзім ештеңесін оқығаным жоқ. Ақбілек туралы естімедім. Ж.Аймауытов болыс Дәриғаны мақтап жазып, сотталыпты, халық жауы болып кетіпті дегенді естігенмін.
Кезінде кім мән берген? Бертін келе сұрастыра Ақбілек туралы әңгімелерге де қанықтым. Мамыш деген кісі Жүсіпбек деген кісінің Зайсаннан келіп, Егіндібұлақта мектеп салғызған, оған Имамсейіттің екі ағасы мен Дәриға болыс көп пайдасын тигізіпті деп айтып отыратын. Жүсіпбек Ақбілекке арнап өлең жазыпты:
Айналып Терісайрықты келе алмадым,
Шіркін-ай, Ақбілекті көре алмадым.
Айналам көре алмас қыруар жау,
Оларды жалғыз өзім жеңе алмадым.
Бұл өлеңді мен Омарханов Жампейістен ұққам. Зерттеушілер фольклорлық шығарма десе өз еркі.
Ел шежіресінде Ақбілек аты бар. Найман ішінде Қожамбет. Сырымбеттің кенжесі Жұмағұлдан Жирен, одан Ерасыл, одан Бұтабай, Ғаббас, Шолақайдар. Шолақайдардан Маубас, одан Ақбілек қыз.
Ел әңгімелерінен түйгенім: Дәриға бұрыннан болыс болған. Екі кісіге тұрмысқа шыққан, біріншісінен қызы болған. Жасы Жүсіпбектен көп үлкен. Отағасы Өтеулі молла, мектептерге малдай, ақшалай көмек беріп тұрған. Жүсіпбекті Дәриғаға қосу - қисынға келмейді. Солдаттар Ақбілекті алып кетті деп Дәриғаны мегзеу де қисынсыз. Сондықтан мен Дәриға болыс пен Ақбілек қыз екі бөлек кісі, бірі егде, бірі жас деймін. Жүсіпбек жазған көркем шығармада жиынтық бейне сомдалған. Әнікей апай да бекер іздестірмесе керек. Сол кездерде керек екенін білдік пе? Анығын айтып беретін қарттар бар еді ғой!
Әлтай Есқалиұлы,
зейнеткер
Аймауытовтың Алтай жеріндегі күндері / А. Жүнісұлы // Абай. - 2009. - N2.- Б.101-105. |