Ақбілек   









«Ақбілек» Жүсіпбек Аймауытовтың Алтай аймағына, дәлірек айтқанда Күршім мен Марқакөл аудандарын жалғастырған Қалғұты бойына сапарға шыққанында жазылған. Шығарманың басында: «Өскеменнің ар жағында, Бұқтырманың оң жағында әлемге аян Алтай бар. Сол Алтайдың күнгейінен құбыла жаққа құлай аққан, құлай ағып Ертіс түскен, күз күзеткен Күршім бар...» - деген жолдар сол сапар әсерінен туған. Шығарма басында елімізде азамат соғысының аяқталар тұсында қызылдардан жеңіліп оңтүстік шекараға қарай шұбырған ақ әскерлерінің жолдағы қазақ ауылдарына жасаған зорлығы, елді тонауы, қыз-келіншектерін жәбірлеуі сияқты фактілерден басталады. Олар қыздың көз алдында анасын оққа ұшыратады.

- Алла! - деп ана құлады. Үш орыс қызды көтеріп, ойбайлатып алды да жөнелді. «Апатайлаған» айғайы жерді-көкті жұлып, Ақбілек зарлап, аттардың дүрсілі тауды дүрсілдетіп, абалап иттер қуып бара жатқанда:
- Қайдашы, қайдалап? - төтеден бір топ кісі қуып ала жөнелді.
- Аттаншы! Аттан!

Жер де айғай, көк те айғай. Тау күңгірлеп, тас шықырлайды.

Шұңқырға тығылған Ақбілекті ақтарға тауып берген кім? Оқырман бұл жайында алдағы уақытта хабардар болады.

Ал осы Ақбілекті сатқан жағымсыз кейіпкер өзі жайында былай дейді: «Мен таңқы мұрын, бадырақ көз, шұнақ құлақтау, жарбақтау, кірпі шаш, қырыс маңдай, қара сұр жігітпін. Жасым 35-те. Әкем Тойбазар, өзім Мұқаш болғалы аузым асқа, ауым атқа жарыған емес. Ес біле есікте жүрдім». Онан соң Төлеубайдың қозысын, Шаманбайдың қойын баққанын, балалық базары жат босағада, кісі қабағын бағумен өткенін еске алады. «Қалай Бадығұлдың жылқысын бақтым, солай көзім ашыла бастады, - дейді ол. - Қашағанды жалғыз ұстаймын. Асауды жалғыз үйретемін. Күзетке жалғыз барамын. Боранда жылқы бағамын. Аязбен, асаумен, қараңғы ұзақ түнмен, ұрымен, қасқырмен қауіп-қатермен алыспай, адам адам болмайды екен... Жылқы бақтым кісі болдым». Мұқаш аузынан кейінгі жерде ел қатарына қосылғанын, отбасы болғаны, қызметке кірісе бастағанын, болыс болу ниеті барын да естиміз. Бірақ, ел үстінен күн көрген жоғарыдағы «қызметтерінің» әсерінен болыстыққа сайланбайды.
Мамырбайдың баласы іс-қағаздарды кеңсеге тапсырыпты дегенді естиді. Тілін шайнап, тісін қайрайды. Кек қайыруды ойлайды. Ақтармен астыртын байланысып, Мамырбайдың Ақбілегін оларға шығарып береді, ағасынан кегін қайырады. Мұның соңы белгілі - Ақбілек бір топ еркектердің ортасына түсіп, қарамұртқа ермек болады...

Сұмдық сойқан, жан түршігерлік жәбірлеу, азап-қорлыққа толы өмір енді басталды. «Бұрын еркек атаулыға қарсы келмек тұрмақ, тіктей қарамаған, он екіде бір гүлі ашылмаған Ақбілек енді содырлы топтың ортасына түсті. «Ашу - дұшпан, ақыл - досты" да, айла-амалды да жүзеге асыру қиын-ақ. Жан сауғалап «одан қашқан, бұдан қашқан жетпіс шақты офицер, флоттар» Ақбілектің еркінен тыс әрекеттер жасады, асыл қазынасы - абыройынан айырды, Қарамұртқа ермек болды...» - деп зерттеуші Р.Нұрғали өзінің «Қазақ әдебиеті: концепциялар мен жанрлар» еңбегінде көрсеткен.

Бірақ, өмір өткінші. Ақтар шегінуге мәжбүр болды. Бұл орайда жазушы Қара мұрттың ішкі сезімін де сомдады. Қара мұрт қолын салмақпен көтеріп, керенау құшақтап, арқаға қақты, аяғандай болды. Бетіне біраз қарап тұрды да, мылтығын қабына салып, Ақбілекті қайта қосқа алып жүрді. Қосқа келген соң тілмашын шақырып алып айтқаны: Мен сені сүйдім, сен үшін жанымды қидым, өзімнен кейін өзгенің сүйгенін қаламаймын, - деді. Ақбілектің іші мұздай болып кетті. «Ой, жасаған! Орысқа сенім жоқ екен ғой! Әнеугіден бері ерлі-байлы кісідей жолдас боп жүріп, кетер күні өлтіріп кетем дегені неткен өзімшілдік, неткен тас бауырлық, неткен қанішерлік! Орыс шіркін өзім ғана өмір сүрсем екен дейді екен-ау! Өзгені жан екен десейші! Аяу деген болсайшы...» - деген ойлар дереу сап ете түсті де, дереу айла тапқысы келді.

- Мені өлтірме! Қасықтай қанымды қи! Мен саған тағы керек болмасымды қайдан білесің? Мен түсімде саған еріп, қалаға барып жүр едім. Сен бұл жолдан аман есен қайтарсың, еліңе аман барарсың...- деді.

Аймауытов сөздік қоры орасан бай, ағыл-тегіл молдықтың арқасында жазушы қаламынан туған, дүниенің тынысы кең, емін-еркін көсіліп жазып, нақышына келтіріп суреттер жасайды: «Ақбілектің жанын жынның ойнағындай ойрандап кеткен озбыр омырау, өксікті күндер орыс мінген аттардың аяғымен бірге алыстап бара жатты. Тықыр ұзаған сайын «алла, алла...» деген лебіз кеудені керіп ауыздан еріксіз ағытылуда еді. Көшкен орыстың жұртында бұралқы күшіктей Ақбілек жалғыз қалса да, жалғыздығына өкінген жоқ. Орыстың оғынан өлгеннен де құлазыған иесіз тауда тентіреп өлгенін артық көрді. Орыстардың дыбысы өшкенше: «Құтқарғаның шын ба, жасаған?» дегендей, арттарынан топырақ шашып, қарасы өшкен соң: «Уһ!» деп демін бір алып, төңірегіне көз салды...»

Сабалақ қара бұлттар-ау! Ақбілектің жанын тұншықтырған қара тұман аз болды дедіңдер ме, үстіне мұнша төнгенше, анау асқар таулардың басына түнесеңдерші! Біз Ақбілекті қосын қоршаған аш қасқырлардың қамауында қалғанын көреміз. Ақбілек от басындағы тезекті, қураған шөпшекті дереу тұтатып үрлеп жіберді. «Заула, отым, заула! Мазда, отым, мазда! Қорқақ аңдар, тілсіз жаулар! Қаш, маңыма жолама! Күйдіремін, өртеймін!» - дегендей Ақбілек от тәңірге сыйынып, таң атқанша маздатып, жаны аман қалады.

Тағы бір маңызды оқиғаның бірі - Ақбілектің қасиетті дуана Ескендірмен кездесуі еді. Ескендір дуана - жақсылық, жанашыр жанның бейнесі ретінде көрінген. Ол істеген ісін, жасаған жақсылықтарын саудаға салмайды. Онда жасырын сыр, ішкі есеп жоқ ....өтірік айтуды, кісі алдауды білмейді, адам баласына жамандық ойламайды. Үлкенді "әке", "аға", деп тұрады. Еркек, әйел деп айырмайды, бала біткенді «балақайым» дейді, кісіге өмірі қатты сөз айтпайды. Міне, осындай кісіге пайдасы болмаса зияны тимейтін жан Ақбілекке кезіккен болатын. Ақбілек адасқанын айтқанда: - "Алып барайын, жолға салайын", - деп нақты көмек еткен. Басты кейіпкер туған ауылына жетіп, әкесімен қауышуды ғана ойлады. Бірақ бұрын «шыбын жаны құрғырды» ғана ойлаған Ақбілекке ойлана келсе, елге бару оңай емес екен, оны ол жолда жүре алмай қалған кезде, Ескендір диуана арқалауға ұсыныс жасағанда ғана есіне алады. «Дінсіз орыс еркелеткен арам денесін қасиетті диуананың арқасына артуды обал көрді». Ал ауылға таяған кезде, бұл - аттап өтуге келмейтін ауыр бір кесел тәрізді оның алдына көлденеңдеп тұра қалғанын көреміз. Өткенін ойға алған Ақбілек «енді мынау ағаларының ортасында ауылына келе жатқанына таң қалды, таң қалып қана қойған жоқ, өзін бейне бір арам сирақ ұрлық малындай әкесіне арам жегізетіндей көрінді. Енді бұрынғы нәрестедей уыз денесі былғанып, арамданып қалған тәрізді, бұрынғы кіршіксіз аппақ кеудесіне енді қара құзғын ұя салып кеткен тәрізді. Күнә-сұмдықты білмейтін ақ жүрегі арамдықтың неше атасын біліп, бұрынғы қыз басы енді қатын болып қалған тәрізді... Оған қоса ауылда оның ауыр халін түсінетін жан болмады. Қасынан табылар анасы да жоқ. Бірақ анасынан соңғы жанашыры да, сырлас, мұңдасы да - сүйікті жеңгесі Ұрқия болды. Ұрқия жаңалық, жақсылықты өзгенің басына тілеуді, өзі соның жылу, шапағатымен өмір сүргенді қалайтын ұнамды тұлға.

Қолданылған әдебиет:

1. Аймауытов Ж. Ақбілек: роман / - Алматы: Раритет, 2003. - 240 бет.
2. Сағынбекұлы Р. «Жүсіпбек»: Жүсіпбек Аймауытұлының өмірі мен қаламгерлік қызметі / Сағынбекұлы Р. - Алматы: Санат, 1997. - 224 б.
3. Қирабаев С. Көп томдық шығармалар жинағы.- Алматы: «Қазығұрт» баспасы,- 2007. Т4.- 424 бет.
4. Дала даналары [Мәтін]. - Алматы: Қазақстанның даму институты, 2001. - 640 б.
5. Аймауытовтың Алтай жеріндегі күндері / А. Жүнісұлы // Абай. - 2009. - N2.- Б.101-104.