Жүсіпбек және Алаш   









Кеңес үкіметі орнағаннан кейін қазақ ұлты тұтасымен Ресейге тәуелді болып қалды. Ғылым мен мәдениеттің дамуы да Коммунистік партияның бақылауымен жүзеге асырылып отырды. Алайда, ағарту саласында партия ықпалын жүргізу оңай болмады. Сондықтан, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық санаға кеңестік идеологияны сіңістіру зорлықпен жүргізілді. Отаршылдықтың осы түріне қарсы тұрған алаш қайраткерлері "буржуазия өкілдері", "халық жауы" деп аталып қуғындалғаны белгілі. Себебі, "ел сеніміне енген даралардың" көзін жою арқылы ұлттық сананы жою - империялық саясаттың патша заманынан келе жатқан сенімді тәсілі еді. Сонымен, қазақ ұлттық-демократиялық зиялылар өкілдері Орталықтан жүргізілген большевиктер саясатының түпкі мәнін түсіне біліп, жаңа жағдайда (Кеңес үкіметі орнаған уақытта) билеуші режимге қарсы күрес тактикасын қарулы күрестен, рухани күреске ауысуды жөн деп тапты. Сөйтіп, Алаш қозғалысының бұрынғы белсенділері өз өкілдерін мемлекеттік басқару жүйесіне енгізу және сол арқылы халыққа идеялық ықпал жасау құралы ретінде оқу ағарту саласын пайдалануды мақсат етті.

Алпыс жыл бойы Бұқаралық Ақпараттар құралдарында Алаш идеологиясының мирасқоры - Жүсіпбек Аймауытұлы жөнінде тіс жармай келді. Коммунистік ресми басылым ықпалынан Аймауытұлының есімі мен шығармаларының ұзақ уақыт бойы ұмыт қалуы тек емес. Неге десеңіз, оның идеялары, істері, жоспарлары мен мұраттары Сталиннің ресми идеологиясына сәйкес келмеді. Ал оның себебі: Ж. Аймауытұлы сынды интеллектуалдар - қызметімен немесе шығармашылығымен танымның, практиканың, прогрестің жаңа бір қырын ашқан, келесі баспалдағына аттауға негіз қалаған ой еңбегі адамдары... Интеллектуалдар бірін-бірі қайталамайды, қалдырған мұраларын шатастырып алу да мүмкін емес.

Ж. Аймауытұлы - жазушы, аудармашы, ақын, журналист, қоғам қайраткері ғана емес, және де хас талантты ағартушы - ғалым.

Ақпан төңкерісінен кейін, 1917 жылдың 7-наурызында құрылған Семей облыстық Қазақ Комитеті ендігі уақытта, қазақ балаларын оқыту мәселесін ұлт мүддесі тұрғысынан шешуді алдына мақсат етіп қойды. Сондықтан кезінде дін аздырушы Ильминскийдің жолымен қазақты шоқындыру үшін ашылған мектептердің орнына ұлт мектептерін ашу мәселесі күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі болды. Осындай мақсатпен 1917 жылы 5-қазанда Алаш қаласында (қазіргі Жаңа Семей қаласы) облыстық Қазақ Комитеті тарапынан қазақтың бастауыш мектептеріне оқытушы даярлау курсы ашылады. Курстың бірінші бөліміне 15, екінші бөліміне де осынша, үлгі мектебіне 50 шамасында шәкірттер қабылданады. Сөйтіп, сәті түсіп, қазақтың қазақтығын, жұрттығын сақтайтын іс басталады.

1919 жылы Семей мұғалімдер семинариясын тәмәмдаған Ж. Аймауытұлы мамыр айында Семей уездік земство басқармасына қоғамдық қызметке түсу мақсатымен өтініш жазады. 2-маусымда земство баскармасының қырғыз (қазақ) мектептері бойынша оқу ағарту бөлімінің меңгерушісінің орынбасары қызметіне алынады.

Жоғарыда аты аталған оқытушылар даярлайтын курста қайраткер екі бөлімнің оқушыларына орыс тілі пәнінен барлығы 159 сағат, қайталама бөлімінде әдебиет пәнінен 24 сағат, сол сияқты осы курста саяси және экономикалық жағрапия пәнінен 42 сағат дәріс берсе, сондай-ақ І-II бөлімдерде барлығы 10 сағат ән сабағын жүргізеді.

1920 жылы 26-тамызда Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті мен РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесінің "Қазақ Социалистік Республикасы Автономиясын құру туралы" декреті жарияланса, 1920 жылы қазан айында Қазақстан Кеңесі Құрылтай съезінде РСФСР құрамында Қазақтың Автономиялық Кеңестік Социалистік республикасы құрылады.

Халық Ағарту Комиссариаты сол кезеңде көптеген проблемалармен айналысады: оның қармағында білім берудің барлық түрлері, сауатсыздықты жою мәселелері, жоғары мектеп пен ғылыми мекемелер жұмысы, мәдени ағарту жұмысы, өнер, баспа қызметі болды. Республика Халық Ағарту Комиссариатының алғашқы ұйымдасқан кезінде оның алқасына мүшелікке алынып, Халық Ағарту комиссарының орынбасары болған Ж. Аймауытұлы оның жұмысына белсене араласады.

1921 жылы мамыр мен маусым айларында өткен I Жалпықазақтық партия Конференциясының 4 - мәжілісінде алаш қайраткерлерін мемлекеттік басқару қызметтеріне тартуға қарсы болып сөйлегендердің бірі Оренбург обкомынан келген өкіл - Пирожков жолдастың: "Қырғыз Орталық Атқару Комитетінде отырған қызметкерлер бұрынғы Алашордашылар, олар Комитеттің құрамын тұтастай басқара отырып, өз саясаттарын жүргізуде" - деген пікірі, бұрынғы алаш қайраткерлеріне кешірім жасалғанымен партия әлі де оларға сенімсіздікпен қарайтынын білдірсе, осындай пікір Ж. Аймауытұлының Оқу-Ағарту комиссариатындағы қызметінен тез арада ығысуына түрткі болды. Ал, осы партия конференциясына қатысушы, обком басшыларының бірі - Авдеевтің алаш қозғалысына қатысқан қазақ зиялыларын қызмкетке тартуға қарсы болғандарға: "Қырғыз интеллигенциясының сегізінің жетісі алашордалықтар. Осыған орай обком алдында бұл интеллигенцияны ығыстырып тастап, іске қырғыз кедейлерін тарту мәселесі тұрды…

Қырғызстанда сауатсыздық 97%, ал егер алашордалықтарды есептен шығарсақ, онда сауаттылардың үлесі 1/2 % кеми түседі. Қажеттілікке байланысты, бұрынғы партиялылығы мен белсендігін есепке ала отырып, көптеген оқығандарды жұмысқа тартуға тура келді" - деп жауап береді. Сондықтан, 1921 жылдың 31-қаңтарында өткізілген Қырғыз (Қазақ) республикасының халық ағарту комиссарлығы алқасының мәжілісінде Ж. Аймауытұлының мәселесі қайта қаралып, оқу-ағарту комиссарының орынбасары қызметіне қайта алынуына осы "аса қажеттілік" себеп болса керек.

Тұңғыш Қазақ республикасының Халық Ағарту Комиссары болған Ахмет Байтұрсынов Оқу-Ағарту комиссариаты мен Академиялық Орталықтың жұмысын ұйымдастыруды және оның төңірегінде талантты қазақтың зиялы қауымын топтастыруда біршама жұмыстар жүргізеді.

Академиялық Орталық негізінен Халық Ағарту Комиссариатының ғылыми, оқу-әдістемелік, ағартушылық, көркемдік қызметке жалпы теориялық және бағдарламалық басшылық жасады. Ж. Аймауытұлы Академиялық Орталықтың көркемдік бөлімін басқарады.

1921 жылдың тамыз айында Халық Ағарту комиссариатының жолдауымен қайраткер Семей қаласына қызметке жіберіледі. Онда Семей губерниялық атқару комитетінің Халық Ағарту бөлімінің меңгерушісі, әрі "Қазақ тілі" газетінің редакторлығы қызметтерін атқарады.

1920 жылы мұғалімдер семинариясының негізінде ұйымдасқан Семей Халық Ағарту институтында оқытушы болып жұмыс істегендердің ішінде алдыңғы қатарлы қазақ зиялыларының өкілдері аз болған жоқ. Олардың қатарында Ж. Аймауытұлы да болған еді. Семей Халық Ағарту институты жоғары педагогикалық оқу орны ретінде өз алдына I және II сатылы мектептерге ағарту қызметкерлеріне, мектепке дейінгі және мектептен тыс мекемелер үшін тәрбиешілер даярлау мақсатын көздеді.

Атқарған қызметтерінің бәрінде де Ж. Аймауытұлы өзін шынайы перспективті іскер адам ретінде танытады.

Сонымен, 1920-1921 жылдары Қазақ АССР-нің Халық Ағарту Комиссариатында және Семей губерниялық атқару комитетінде басшылық қызметтер атқарған қайраткер 1922 жылдың қазан айынан 1923 жылдың маусым айына дейін Семей губерниясына қарасты Қарқаралы уезіндегі N2 I баспалы Кеңестік мектептің меңгеруші қызметін атқарады. Бұл таңқаларлық жағдай.

Қазақ бұқарасының өміріне Кеңес үкіметі іс жүзінде не әкелді? Міне осы сұраққа Ж. Аймауытұлы былай деп жауап береді: "Төңкерістен бері қазақ елінің басынан қандай күндер өтпеді? Қазақ даласын көмірдей басып ақтар өтті. Оның артынан қызылдар келді. Қазақ даласында соғыс майданы ашылды. Мұның бәрі қандай із қалдырды? Кеңес үкіметі орнады. Разберске, продналок, көлік, адам салығы түсті. Елді мелитсе, агент, инспектор, әтрәд қаптады. Ел не күйге түсті?

Әуелі кезде партияға тонын айналдырып талайлар кірді. Олар түрлі қызметпен, сайлау жұмысымен ел аралады. Сауатсыздықты жоятын дүмше мұғалімдер тарады. Олар елге не пайда, не зиян келтірді?

Қазақ жұтқа, ашаршылыққа ұшырады. Оның ауыртпалығы, өлімі, шығыны, қайғысы, зардабы қандай болды? Жылу кемесиелері құрылды. Олар не істеді? Төңкерістің жақсы жақтары: еңбекшілер қожалығы, сот, оқу, мектеп, әйел теңдігі, жер алу, қала салу, кедей баласы оқуға ұмтылу, жұмысшылар, жастар ұйымдары, жетімханалар ашылуы" - десе, Мұстафа Шоқай қазақ халқы Қазан төңкерісін қалай қабылдады? деген сұраққа, Ж. Аймауытұлының "Жан жүйесі және өнер таңдау" еңбегінен: "...соғыс, төңкеріс, алым-салық, ұлт теңдігі, автономия... қазақ-қырғыздың түсіне кірмеген нәрселер, (қазақ-қырғыз халқын) шексіз мұқтаждық пен қайыршылықтың құшағына тастады...." - деген үзінді келтіре отырып, қайраткердің екі ұштылықтан ада, батыл пікірін жоғары бағалайды.

Әрине, бұл ашық айтылған пікір партия комитетіне ұнамағаны айдан анық. Алайда, Жүсіпбек Аймауытұлы ешқашан өзі ұстанған позициядан тайған емес.

Ж. Аймауытұлының түсінігі бойынша, жаңа мемлекеттің міндеті - халықты рухани құлдықтан құтқару, еңбекші бұқараның ұлттық мүддесін қорғайтынын сөз жүзінде емес, іс жүзінде дәлелдеуі керек.

1917 жылдан жұмыс істеген Қазақ педагогикалық училищесінің негізінде 1920 жылы 1-қазанда Ташкент қаласында Қазақтың тұңғыш жоғарғы оқу орны - Қазақ Халық Ағарту институты ашылады.

Қазақ Халық Ағарту институтының ашылу мақсаты - қазақ халқының мәдени - ағарту мұқтаждығына қызмет ету, мектепке дейінгі тәрбие қызметкерлерін даярлау, мектеп және мектептен тыс білім беру, институтпен тығыз байланыса отырып, жергілікті орындарда мәдени шараларды ұйымдастыру.

Институт ағарту қызметкерлерін даярлау үшін алдымен:
1. бір жылдық мектепке дейінгі тәрбие курсын;
2. бір жылдық емле курсын;
3. семинария бітірген мұғалімдерге арналған нұсқаушылар курсын;
4. мектептен тыс білім беру курсын;
5. I баспалы мектептер үшін мұғалімдер даярлайтын курстерін ашады.

Қазақ Халық Ағарту институты қазақ халқының бас көтерер азаматтары тоғысқан білім ордасына айналады.

Біраз уақыт Орталықтан тысқары ауданда қызмет етсе де, рухы мұқалмаған, биік мақсатты Ж. Аймауытұлына Қазақ Ағарту институты арнайы жедел хат жолдап, 1924 жылдың Қазан айында Ташкентке алғызады.

Сонымен, Ж. Аймауытұлының мұнда Х. Досмұхамедов, С. Қожанов, М. Жұмабаев, М. Тынышпаев сияқты қазақ зиялыларымен бірге қызметтес болып, қазақ халқының ағарту саласын өркендету ісіне белсене араласуы осы кез. Сонымен бірге, "Ақ жол" газетінің әдеби бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады.

1925 жылдың қыркүйек айынан келесі жылдың маусым айына дейін Оренбург қаласындағы Біріккен Қазақ әскери мектебінде ұстаздық етеді.

1920 жылдың мамыр айының 5-нен 20-на дейін Шымкент қаласында қазақ, өлкелік педагогикалық курстары жүргізіледі. Соның нәтижесінде кеңестендірілген мектептерде ғана емес, жалпы барлық мектептерде қызмет ететін қазақ оқытушыларының жұмыс істеуге қабілетсіздіктері анықталып, осы мәселені шешуде жергілікті қазақ тұрғындары үшін арнайы педагогикалық оқу орнын ашу туралы мәселе көтеріледі. Сөйтіп, 1920 жылы қыркүйекте екі дайындық және бес басты топтарымен Сыр-Дария қазақ педагогикалық техникумы ашылады. Алғашында техникумға түсуші талапкерлер аз болғандықтан 2 дайындық курсы ғана ашылады.

Педтехникум 3-4 жылдық I баспалы ауыл-қышлақ мектептері үшін мұғалімдер даярлайды. Ж. Аймауытұлы 1926 жылы Оқу-ағарту комиссариатының ұйғарымымен Шымкент қаласына осы педтехникумның директорлық қызметіне жіберіледі. Осы жылдың 2 -маусымынан бастап аталған оқу орнында ана тілінен және қазақ әдебиетінен дәріс береді.

Осы жерде айта кететін бір жәйт, ол Ж. Аймауытұлының Шымкенттегі қызметі 1926-1929 жылдар аралығы деп көрсету жаңсақ пікір. Себебі, қайраткерді 1928 жылдың 31 қазанында Сыр-Дария қазақ педтехникумынан Қызылорда қаласына жіберілгені туралы архив құжаты сақталған. Және де Ж. Аймауытұлы 1929 жылы 14 мамырда Қызылорда қаласында тұтқындалғаны туралы бізге архивтік деректен мәлім.

Алаштық атанған қазақ зиялыларының жарқын өкілдерінің бірі Жүсіпбек Аймауытұлының оқу-ағарту саласында не бары 5-6 жылдың ішінде сындарлы, терең мағыналы бірнеше кітап жазуы - оның талантты ағартушы - ғалым болғанының дәлелі.

Атап айтсақ, 1924 жылы "Тәрбиеге жетекші", 1926 жылы екі кітап, бірі "Психология", екіншісі - "Жан жүйесі және өнер таңдау", 1929 жылы "Комплекспен оқыту жолдары", осы жылы шыққан "Жаңа ауыл" атты кітаптары.

Жаратылысында күрескер Жүсіпбек Аймауытұлының ағартушылық қызметіне үңілгенде, қайраткер халықтың асыл арманын, тілек-мұратын білдіруші де, оларды жүзеге асыру үшін күресуші болғанын көреміз.

1. Әбжанов X., Әлпейсов Ә. Қазақ интеллигенциясы мен мәдениеті туралы. Алматы. 1992 ж.
2. ҚР Орталық Мемлекеттік архиві 15-қ. 2-т. (алда-ҚР ОМА) 423-іс. 19-б.
3. Қаленова Ж. Аймауытұлы - ағартушы / Қаленова Т. // ҚазМУ хабаршысы. Тарих сериясы-2000. - №2. - Б. 104-108.