Су   









«Су жақсыға да, жаманға да сусын болады»
/ Ж. Аймауытов /

Басты кейіпкеріміз өлім аузынан аман қалды. Қызыл көз қасқыр жүз, қабылан азу, қара түнді Алтай аңғарынан үркіткелі, қорғасын аспанға алтын айдай Күнікей сұлуды өрмелеткелі, күншығыс ұжымағы қызыл қақпасын ашқанда, Ақбілек артына алақ-алақ етіп жолға шықты. Белінде - түндіктің бауы, етегі - ышқырында, қолында - түндегі сойылша. Кімді ұрып жығатынын кім білсін, әйтеуір ала шықты.

Қасиетті табиғат та оған қол ұшын беріп, серік болды: «Аспанның күн жақ туырлығы ақшыл тартып, тау бастары алтын жалатқандай күлімдеп келеді. Таң ата жел де тынды, бұлттар да ыдырады. Өлкеден ұшқан бозторғай тау ығының деңгейінде қанаттарын қалшитып, Күнікей сұлуды мадақтап, тау-тастан беташар сұрады. Бозторғай-ау, көрімдікті Ақбілектен сұрасайшы. Ақбілек алтын сақинасын атып тастағалы келеді ғой. Оның жүзінде нұр бар ғой. Ол көретін жарық күн бар ғой! Ұзақ түнгі топты қасқырмен арпалысқанын заматта ұмытып, шоңқайма кебісінің жез нәлі тастан тасқа шықылдап, қашқан киіктей қаздаңдап барады ғой!

Ақбілек ә дегеннен асуға тартты. Асумен асып елге бара жатқан, елден мал, азық-түлік алып келе жатқан орыстарды талай көрген. Осы тар асудан басқа бұл жақтан шығатын жолдың жоғын білген. Арты - елсіз тау, тау толған жау: аю, қасқыр, қабан. Алды - тар асу, асу асты тағы жау: кешегілер алдынан қарсы шығып қалмасына кім кепіл. Енді Ақбілек қаздаңдамай кім қаздаңдасын. «Енді есен-аманында ел шетін көрсем-ау» деп ұйқы, тамақты, шаршағанды ойына алмай, көңілі алып ұшып, ентелей басып ентігіп келеді. Күн таудан найза бойы көтерілгенде Ақбілек алқынып бір кезеңге шығып еді. Алды бұлдырмақ дала екен. Аулына келгендей қуанып кетті. Қанаты болса ұшып кетер еді, әттең шіркін!»

Шығармада автор суды да өте шебер сомдаған: «Бір қырдан асқанда көлденең созылған сай килікті... Құдай жарылқады! Өзен, өзен! Арғы қабақта жол жатыр. Ел жақын ғой! Ақбілек ақтық күшін салып, аяғын тезірек басты. Ағыны тас домалатқан тасты сайдың тар өзені екен. Жадағайлау бір жеріне келіп, шапанын, камзолын шешіп, көйлекшеңденіп, білегін түрініп, жуынды, су ішті. Су жиегінде бірталай отырды. «Су ағады да жатады, ағады да жатады, бір таусылуы жоқ, қатерді өлімді білмейді. Еш нәрсені сезбейді. Мен ішсем де бұған бәрібір – жақсыға да, жаманға да сусын болады. Құдайдың бұл да бір құдіреті-ау! Мейірімі-ау! Оны біз білмейміз-ау!» деген ойларға келді...»

Сол жағында бір жарлауыт көрінді. Ақбілек көп ойланбай-ақ камзолын киіп, шапанын жамылып, түндіктің бауы мен сойылшасын сүйретіп, солай қарай жүрді. Ол белеске шығып еді, ар жағы одан да биіктеу адырсымақ екен. Ақбілек жан-жағын барлап, жер болжады. Алды, беті – ашық, арты – кенере тау. Ақбілектің ауылы осынау кенере таудың түбінде. Шығыста емес, құбыла жақта, өйткені артындағы таулар өз тауларына ұқсамайды, сонау бір көлденең таулар мен тұтасып кетіпті. Ендеше, таудан онша алыстамай құбыла жаққа қарай таумен жарыса жүру керек. Ақбілек соны ойлады да, белестен асып, жадағайлау ылдимен аяңдай берді.

Жүсіпбек Аймауытов тылсым даланы да керемет бейнелеген: «Адыр-адыр елсіз дала. Бозғыл көде, кербетеге, тобылғы беткей, тобөшік, обашық, қызыл құмайт, шөптесін шүмейт. Қоғыр тышқан, ала сауысқан, ор қоян, бозторғай – осыдан басқа көзге түсер қара-құра жоқ. Даланың көркі ел екен-ау! Елсіз дала емсіз жарадай көрінеді. Малшы байғұстар неғып іші пыспай жүреді екен?.. Ай, қу дала! Қу далаларда жалғыз жаяу бір мұңдық».

«Сар далада сары уайым жабылып, Ақбілек келеді толарсағы бұлтылдап. Тышқан аулап күйкентай жүр қыранымсып шыңқылдап. Әне алыста безек қағып, бір бозторғай тұр шырылдап, бейне әуеге шегелеулі тұрғандай, бір орыннан тапжылмайды қанаттары дірілдеп. Сол торғайдың шырылдағаны ащы тиді құлаққа, өзгелерден үні өзгеше, не болды екен бейбаққа? Сол торғайдың маңайында жаны ашыған арашашы жандарша, төрт-бес торғай айнала ұшып, таяу-таяу бара түсіп, ап кетуге тас қорғанды бұза алмаған ерлерше тиіп-қашып өтіп жатыр о жаққа бір, бұл жаққа».

Ақбілектің бозторғайды жыланнан құтқаруы оның батылдығын аңғартады. Оны автор былай деп бейнелейді: «Бір мезгілде әлгі торғай жансыз тастай ағып түсті топ етіп. Ол торғайдың түскен жері қалың шөп. Көз айырмай қарап келеді Ақбілек. Әлгі торғай қалың шөпке түсті де, қалбалаңдап, далбалаңдап, шыр-шыр етіп, олай-былай шоршиды. Бұл байғұсқа не болды? – деп жетіп келсе қасына – қалың шөпте жатыр екен білектей бір сұр жылан. Сұр жыланның найза басы қақшиған, бейне ажал, алмас көзі бозторғайға шұқшиған, айыр тілін жалаң-жалаң еткізіп, торғай сорды топылдатып, қылқ еткелі тұр екен. Сұр жыланның атып шыққан оқ көзінен көз айырар бозторғайда дәрмен жоқ, қарбалаңдап, ыршып түсіп тұмсығына тиер тимес елбелектеп жүр екен. Бір «ап!» десе біткені ғой жұмысы. Торғай қашан аузына кеп түскенше, оқты көзін қадап қойып, айыр тілін жалақтатып жатады екен сұм жылан. Бозторғайды аяп кетті Ақбілек. Сұр жыланды сойылшамен салды келіп қақ бастан. Жауыз басы астына кеп, солаң ете дүрс етті. Торғай сорлы есеңгіреп қалған екен: жылжып тұрып жер бауырлап, аспанға бірақ ұшты. Тулап жатқан жыланды Ақбілек табандап тағы екі ұрды да, жөніне жүре берді. Соны ойлағанда Ақбілек: «Менің кімге жазығым бар еді» деп тағы да ойлады. Өзін торғайға, өзіне қастық қылғандарды жыланға теңеді. Торғайдың жауын мен өлтірдім, менің жауымды да біреу өлтіреді екен деп, бұл оқиғаны өзінше жақсылыққа жорыды».

Терең ойға шомып келе жатқанда тағы бір жаңа кездесуге тап болды...

 

Қолданылған әдебиет:

1. Аймауытов Ж. Ақбілек: роман / - Алматы: Раритет, 2003. - 240 бет.
2. Умарова Г.С. Қазақ әдебиетінің тарихы: оқулық / Умарова Г.С. - Астана : Фолиант, 2007. - 244 б.
3. Қирабаев С. Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері / Қирабаев С. - Алматы : Білім, 1995. - 288 б.
4. Сағынбекұлы Р. «Жүсіпбек»: Жүсіпбек Аймауытұлының өмірі мен қаламгерлік қызметі / Сағынбекұлы Р. - Алматы: Санат, 1997. - 224 б.
5. Аймауытовтың Алтай жеріндегі күндері / А. Жүнісұлы // Абай. - 2009. - N2.- Б.101-104.