Іргелі қаламгердің "Ақбілек" романы да шабытты шақ пен талантты қолтаңба жемісі әрі халық өмірі мен тұрмысынан алынғаны шындық. Көрнекті сөз зергері Ғ. Мүсреповтың "Чудесный нәрсе" деп романға қатысты қысқа да ұтымды берілген бағасы. М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының фоножазбасындағы нөмірі 107 таспада сақтаулы. Белгілі қаламгердің "Менің ұстазым - Аймауытов!" деуі де оның таланты мен шығармашылығын танып, соған байланысты білдірілген әділ көзқарасын аңғартары анық. Пікір орайында, жазушы - аудармашы Б. Майлин атындағы сыйлықтың лауреаты Насыр Фазыловтың осы жолдар авторымен кездесуінде айтқан: "Ақбілектегі" ақ өлең үлгісіндегі жолдарды реттік жүйеге түсірсек - кәдімгі өлең оқимыз. Осындай ұқсастық Ғ. Мүсреповтың "Қазақ солдаты" романынан да ұшырасады. Демек, прозамен де өлең жазып, ақын атануға болады екен. Менімше, "Ақбілек" авторы кемел прозашы ғана емес, айтулы ақын да болған" деген сөздерінде шындық бар.
Күрделі жанрдағы шығарма "Әйел теңдігі" журналының 1927-28 жылдарғы бірнеше сандарында жарияланды. Бірақ кітап болып басылған жоқ. Демократия тағылымы нәтижесінде бірнеше қаламгерлермен (А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, М. Жұмабайұлы т.б.) бірге ақталған Ж. Аймауытұлының аталмыш романы белгілі аудармашы X. Өзденбаевтан алынған нұсқасы бойынша "Жазушы" баспасынан (құрастырғандар: М. Атымов, Қ. Керейқұлов) жарық көрді.
Романның ішкі әлем-иіріміне енбес бұрын бірер жайтқа назар аударған жөн. Алдымен ойға оралатыны - жазушы мұрасын қазіргі әріпке түсіріп, қайта жаңғыртып, жариялау ісіне бұрынғы архив қызметкері Б. Байғалиев елеулі еңбек етті. Бұған "Ақбілек" романының қолжазбасын қайта қарап, бір ізге түсіруін еске алсақ та жеткілікті.
Романға қатысты және бір жайт - Мәшһүр Жүсіп Көпеев пен Ж. Аймауытұлының өзара жазысқан хаттарына көрінер еді. «Хатты» байырғы баспасөз - "Социалистік Қазақстан" газеті арқылы қалың көпке таныстырған филология ғылымының кандидаты С. Дәуітов. "Хатқа" маңыз беруіміздің себеп-сыры - "Ақбілек" романының шығармашылық тарихына қатысты ұнамды, ұтымды пікірлердің білдірілуінде деп білеміз. Мәселен, романға қатысты ойын автор былай білдірген: "Екі жарым ай болды, үйден түзге шықпағаныма. Не істеді десеңіз, "Қылуатта" жатып бір роман жазып бітірдім, өзіңіз көрген "Қартқожадан" үлкендігі екі есе болады. Бар ойым, ынтам, рухым сол романға кетіп, тап жынды болыппын, досты, жолдасты, құрметті қымбат ағаны ұмытып кете жаздаппын. Мен күнді қалай өткізеді десеңіз, міне былай: таңертең сағат сегізде тұрамын да, шай ішіп, қызметке - бала оқытуға кетемін. Күніне алты сағат бала оқытамын. Сағат үште үйге келемін, тамақ ішемін. Одан кейін ұйықтаймын. Сағат алты-жетілерде оянамын. Сүйтем де жазуға отырамын. Сол отырғаннан түнгі сағат екі-үшке дейін отырып қалам. Әбден талғанда барып ұйықтаймын. Міне, екі жарым айдай көрген өмірім осы". Бұдан кейін автор сөз еткен романының соңғы нүктесін қойып, "баспаға жіберіп отырмын" дейді. Жазушы өмірі мен шығармашылығын зерттеушілер үшін бұл келтірілген үзіндінің маңызы жоғары екені арнайы дәлел, дәйектемені қажет етпесе керек.
Жалпы жоғарыда еске алған "Хат" автордың М.Ж. Көпеевпен байланыста болғанын ғана көрсетпейді, сонымен бірге әдеби мұраны жинау, бастыру, көпке ұсыну мәселесін де көтереді. Айталық, 1927 жылдың 20 мамырында Шымкент шаһарынан жазылған хатта М. Ж. Көпеевтің өткен өмірін, көп жасағанын еске ала отырып автор: "...қалған өмірде қаламға сырласып, өткен дұрыс" дейді. Оған тоқсан үш жастағы түрікпен ақынының сөзін, Майлы (Майлықожа) мен Шәңгерей өлеңдерінен ұтымды мысалдар келтіріледі. Сөйтіп: қазіргі және бүгінгі өлеңдерін, қазақ шежіресі мен ақындар айтысы, би-шешендердің өнегелі сөздерін еске түсіріп, жинап, жолдауын өтінеді. "...өз атыңызбен басылады" деуді де ұмытпайды. Бұл - Ж. Аймауытұлының ұстаздық, шығармашылық жұмыстарынан тыс әдеби мұраға, ұлттық қазынаға деген көзқарасын айқын аңғартады.
Ендігі бір түйінді мәселе - "Ақбілек" романының қайда жазылғандығы хақында. Біздіңше, мұның жауабы қысқа: алғашқы көлемді де көркем, "ұзақ әңгімесі" (автор осылай көрсеткен - Р.С.) "Қартқожа" 1926 жылы Қызылордада жарық көрсе, көп ұзамай Шымкент шаһарында алдымен ұстаз, сосын директорлық қызмет атқарған (педтехникумда - Р.С). Ж. Аймауытұлының келесі көркем әрі шабытты жазылған, талант қарымын мол жұмсаған "Ақбілек" романын қысқа мерзімде аяқтады. Оған жоғарыда еске алған «Хат» және филология ғылымының кандидаты Ә. Оспанұлының "Ақбілек" - Шымкентте жазылған" атты мақаласындағы: "...ең әуелі жазыла бастауы да, аяқталуы да біздің облыс орталығында жүзеге асқан" деген жолдар нақтылай түседі.
"Ақбілекті" оқып-танумен бірге, әдеби-ғылыми тұрғыдан да зерттеп, бағалаудың мәні зор.
Алдымен еске аларымыз: жазушы таланты, шығармадағы өмір оқиғалары мен әлеуметтік мәселелер, жеке адамдар тағдыры кім-кімді болса да бей-жай қалдырмайды. Романның композициялық, образдар жүйесіндегі айқындық, тіл бедері, оқиға мен айнала-әлемнің көрініс, суреттері т. б. қуатты қалам қайратын, қалыптасқан қолтаңба мәнерін көрсетері хақ. Аталмыш шығармаға дейін көптеген өлең мен әңгіме, сонымен бірге роман жанрында да автор қаламы өткір ұшталған, қара сөздің хас шеберіне айналған. Автор алғашқы тұстан-ақ оқиға өтетін орта, айнала-әлемді нанымды суреттейді. Ой мен сөз тұтастығы, тіл бедері бірден, еріксіз баурап алады: "Күн жылт етсе, төрт түлік мал қарағайлы қарт Алтайдың, Алтай сынды анасының көкірегін аймаласып, тыраңдасып, мәйек басып, мамырласып жатқаны. Қарт Алтайдың қақ басында, алақанның аясында, бал татыған айна сулы, түрі де аспан, сыры да аспан, шарап сулы Марқакөлі. Марқакөлді алқалаған ақ ауылды Алтай елі. Алтай елі - Алтай жазы тау еркесі - киік болып, өзге елдерден биік болып, Марқакөлдің самалында сайран етіп жатқаны.
Марқакөлдің суы балдай. Марқакөлдің суын ішіп, отын жеген сары қарын, тұтам емшек жануардың бауырынан сүт сорғалап, сүті емес-ау, құт сорғалап, көнек-көнек лақылдайды; қара саба емізіктеп, қою салқын, сары қымыз быжылдаған дәрі қымыз шара-шара шылпылдайды. Бір шарасын ішкен адам дәл қор қызын құшқандай боп, беті шиқан дуылдайды, аузы қобыз гуілдейді, мас болады, жас болады...
Әлгі Алтайдың аруларын айтуға тіл жетпейді. Жүзі айтарлық айнадай боп, көзі құралайындай боп, күлкісі атқан таңындай боп, бойы құба талындай боп, былқ-сылқ етіп бұраңдасып, күбірлесіп, көлеңдесіп, езу тартса - есің кетіп, сұңқыл қақса - шым-шым етіп, бойың босап, қиялын қия кезеді".
Мұндай бедерлі сурет, табиғат көрінісі мен өмір өрнектері шығарманың өн бойынан жылы лептей есіп, көңілге кедергісіз ұялайды. Мұндай сәттерде кейіпкерлермен бірге өмірге енесің, кейде қуанып, күйінесің... Көркем шығарманың рухани олжасы да осында емес пе?
Назар аударлық бір жайт - автор роман оқиғасын түйінді, шешуші сәттен бастайды да келесі кезекте соның себеп, сырын тарата, көркем де келісті баяндайды. Бұл ретте автор болған оқиғаның мәніс-мәнін қызықты, серпінді баяндаса, енді бірде соған қатысты кейіпкерлердің басты-бастыларын (Ақбілек, Бекболат, Мұқаш, офицер т.б.) жеке, өзіндік ерекшеліктеріне сай сөз етіп, олардың жансарайларына, мінез қырларына үңіледі. Сол арқылы кезең кестелерін, адамдар қарым-қатынастарын, өлім мен өмірдің, ар мен айуандықтың сынға түскен мезеттерін нанымды көрсетеді. Роман оқиғасының бұлайша өріс-арна алуы кейінгі жерде баяндалар оқиғалардың кілті іспеттес. Тегінде, бұл ерекшелік роман авторының болашақ шығармасын ой "қазанында" қорытып, содан кейінгі жерде ұтымды, шешуші тұстан бастағанды қолайлы көретінінде болса керек. Біз үшін маңыздысы - реалистік шындықтың көркемдік шешімге табиғи ұласуында дер едік. Бұл міндет - өз биігінде, деңгейінде көрінген.
Романның жазылу әдіс-мәнерінде аса бір қалыптасқан жүйелілік жоқ. Автор өмір арнасы мен оқиға өріміне сай алдымен Алтай өңірін, Күршім мен Марқакөл маңайын, табиғат тамашаларын әсерлі, шабытты сөз етсе, енді бірде ала ат мінген жалғыз адам туралы, оның өзі бірнешеу болып бейбіт елге зәбір көрсетуі, сосын жекелеген бейнелердің (Ақбілек, Бекболат, офицер, Мұқаш) өзін сөйлетеді. Адамдық мұрат пен міндет төңірегінде кейіпкер монологтары да қолданылады. Романның соңғы бөлімінде әуелдегі бейнелердің бірсыпырасымен есейген, көзқарастары өзгерген қалпында қайта кездесеміз. Әсіресе, Акбілек пен Кәмилә әңгімесі, Ақбала - Ақбілек - Балташ линиялары, күнделік жазбалар т. т. жаңа өмір белгілері ретінде сыр толғайды. Бұл айтылған жайлар роман композициясына көркемдік нұқсан келтіріп тұрған жоқ. Керісінше, шындық өмірдің бейнесі ретінде оңды, сенімді әсер қалдырады. Мұның мысалын жекелеген кейіпкер мен өмір оқиғаларынан көптеп кездестіреміз. Оған ретті тұста арнайы тоқталып отырамыз.
Ендігі кезек роман кейіпкерлері туралы.
Шығарма атын иемденген басты тұлға - Ақбілекпен оқырман әке мен шеше ортасында еркін өскен сәтінде кездеседі. Құрбыларымен де әзілі жарасып, ақылына көркі мен көңілі сән беріп еді. Бірақ бұл жарастық, жастық салтанатын түстері суық, ойлары теріс, жүрістері суыт "қалпағы бар, мылтығы бар, қылышы бар, көк шекпенді, қақаңдаған қоқиланған" төрт атты бұзғанды. Олар бейбіт ауыл мен елдің апшысын қуырды... Түнерген түнде абайсыз ауып абалаған ит даусына айналды. Ауылдан бажылдаған, балдырлаған жат үн шықты. Бір тайпа ауыл - үш мылтықтың албастысы басып, тұншықты. Үлкен үй - дәулетті Мамырбайдың шаңырағын ортасына түсірді, орны толмас өкінішке қалдырды. Оның бәйбішесін атып "жас түлегі", жалғыз қызы - Ақбілегін "ойбайлатып алды да жөнелді". Бұдан кейінгі жердегі Ақбілектің өмірін, көрген зорлығы мен тартқан тауқыметін ешкім де дұшпанына тілемес. Ес білгелі әке-шешесінің көз алдында болып, ерке өскен, қиындық пен қорлыққа кезікпеген Ақбілек өмірі сын тезіне түскенде, өң мен түстің аралығында, үмітінен үрейі басым қауіпті, қатерлі кезеңге тап болып еді. "...есі кіріп, көзін ашса, алты сырықтың басын түріп киіз жапқан кішкене қоста өңшең серейген, бырқыраған, жат киімді, жат түрлі орыстардың ішіңде жатыр. Оң қолын Ақбілектің үстіне артып, нақ қасында бетінен түгі шыққан, шашы дудыраған, істік мұрын жирен орыс жатыр. Оның бейнеусіз аңқиған, жарық ерінді, дүрдек аузынан шыққан демі Ақбілектің бетіне тамұқ лебіндей тиіп, денесін тітіркендірді. Өңі-түсі екенін біле алмай, көзі алас ұрып, қостың ішін сипай сүзіп шықты да, түндегі оқиға есіне түскенде, қайнап шыққан бұлақтың көзіндей жасы мөлтілдеп, жылап ағып қоя берді". Бұл бай қызының ес білгелі кезікпеген кедергісі, жат адамдардың түсі суық, жүрістері суыт әрекеттерімен де алғаш кезігуі еді. Үмітін үрей басып, көлеңкесінің өзі қорқыныш әкелгендей болды. Ең болмаса, ол ортада Ақбілектің көңіл-күйімен, жағдайымен санасқан ешкім болмады. Қосты айналып, қашуға әрекет жасамақшы да еді, бірақ қырағы көз қалт жібермеді. Сұмдық сойқан, жан түршігерлік жәбірлеу, азап-қорлыққа толы өмір енді басталды. Бұрын еркек атаулыға қарсы келмек тұрмақ, тіктей қарамаған, он екіде бір гүлі ашылмаған Ақбілек енді содырлы топтың ортасына түсті. «Ашу - дұшпан, ақыл - досты" да, айла-амалды да жүзеге асыру қиын-ақ. Жан сауғалап «одан қашқан, бұдан қашқан жетпіс шақты офицер, флоттар» Ақбілектің еркінен тыс әрекеттер жасады, асыл қазынасы - абыройынан айырды, Қарамұртқа ермек болды...
Феодалдық - патриархалдық сана мықтап қалыптасқан кезеңде Ақбілек басынан өткерген ауыр хал, жан азаптары өмірлік таңба болып басылды. Жан сауғалап қашқан ақтардың артында "бұралқы күшіктей қаңғырып Ақбілек" жалғыз қалды. Ақтардан тартқан жан азабынан соң да Ақбілектің көрген қорлығы, күйзелістері көп болды. Ендігі жерде ол жан жарасын, көңіл толқынын ''саялдық қара бұлттарға", "күздің сарғыш жапырақтарына" айтты: "саялдық қара бұлттар-ау! Ақбілектің жанын түншықтырған қара тұман аз болды дедіңдер ме, үстіне мұнша төнгенше, анау асқар таулардың басына төнсеңдерші!
Күздің сарғыш жапырақтары-ау! Кімді әлдилеп, сыбырлап тұрсыңдар! Қалың бұтаның, қайғысыз, қамсыз бөденелері-ау! Несіне қара түнді жаңғырықтырып тұрсыңдар? Сұлудың жүрегін жанышқан ауыр шерді сендер сейілтем дейсіңдер ме? Қанатын қаршыға күйретіп, қиқайған қостың алдында бір қолымен жер таянып, аспанға қарап отырған сұқсырдың налыған зарын тәңірісіне жеткізем дейсіңдер ме?!
Бұлттар-ау, серпілмейсіңдер ме?!
Жапырақтар-ау, сытырлап жерге төгілгенше, шерлі сұлуға сая болсаңдаршы!»
Ақбілектің жан дауысы, шерлі мұңы, кеудесінде жаны, сезімі барға жеткеңдей-ақ. Бірақ оған тіл қатып, үн қосқан ешкім болмады. Ең негізгісі, ол ертеңгі күнге сенімін жоғалтпады, жақсы, қайырымды жандарға жолығармын деген үмітін де үзбеді. Содан болса керек:
...Таза мінсіз асыл тас,
Су түбінде жатады.
Таза мінсіз асыл сөз,
Ой түбінде жатады.
Су түбінде жатқан тас,
Жел толқытса шығады.
Ой түбінде жатқан сөз,
Шер толқытса шығады -
дегендей, көк пен жерге де, тау мен өзенге де сыр ашты, басынан өткерген жайларды бөлісті. Іскендір дуанамен кездескеннен кейін жанын жегідей жеген азап пен корлықтың салмағы бір мезет жеңілдеп, ұмытылғандай болып еді. Бірақ нағыз азап, күйзелістер алдынан тағы шықты. Ел ішіндегі өсек-аяң, бұрынғы ғашығы Бекболаттың тояттаған соң сырт айналуы т.т. Ақбілектің жан жарасын одан сайын қоздырады. Бұған «көзі тікшиген, тымырайған» қатыгез мінезді өгей шешесі - Өріктің де кері әсері мол болды. Мұның өзі жазушы С. Мұратбековтің "Ақбілек" романы жайында жасаған баяндамасында атап көрсетілгендей: "Ақбілек басынан кешкен қауіп-қатер, Ақбілек басынан кешкен қорлау мен зорлау, Ақбілек басынан кешкен азапты жол сол кезеңдегі жалпы қазақ халқының басына түскен зобалаң еді».
Ес біліп, бой түзей бастағаннан тағдыр тауқыметін мол тартқан Ақбілекті араға бес жыл өткен соң көргендегі әсері өзгеше. Ағасы Төлегеннің артынан іздеп барып, оқуға түседі, нағашысы Кәмиләмен кездесіп, өз өмірлері туралы сыр-сұхбаттары, Ақбала, Балташ т.т. қатынастар мезгіл әуенін аңғартумен қоса басты тұлғаның дүниетаным эволюциясын да танытады. Жас өмірін өксікпен өткізген Ақбілектің Балташ сынды азаматпен көңіл қосып, Ескендірмен қайта табысуы жан жарасын жазып, нұрлы өмірге батыл, сеніммен қадам жасатады. Роман тілімен айтсақ, Ақбілектің жүрегін жуып тазартқан алтын леген аяулы жаны, қаралы таудай қайратты, ай мен күндей ғылым еді. Қысқасы, дүбірлі дәуірдегі қазақ қызының өмір, тағдыр жолы шындыққа сыйымды, келісті көрініс тапқан. Романда жекелеген бейнелердің монологтары, өмірдегі мұраты мен міндеттері айқын бедерленгенін айттық. Мұның өзі әдебиет зерттеушісі Р. Нұрғалиевтің атап көрсеткеніндей: "Романда кейіпкер, оқиға көп емес, ықшамдылық, жинақылық, әсіресе драматизм принциптері ерекше ескерілген. Бір қаракетке қатысып, үзіліп қалатын кейіпкерлердің өзін жазушы даралап, есте қалатындай етіп, сомдап соғып береді. Кескін, сөз мақамы, қимыл-қозғалыс - бәрі образ жасауға аса қажет көркемдік құралдар, персонаждардың өзін-өзі сипаттауы - Жүсіпбек Аймауытов жиі қолданатын әдеби тәсілдердің бірі".
Мәселен, Бекболат өзі жайында төмендегіше сыр толғайды: "Қара торы, орта бойлы, қошқар тұмсық, түлкі мұрт, шүңірек көз жігітпін. Жасым жиырманың жетеуіне шығып тұр. Атым - Бекболат. Басымда барқытпен тыстаған қара елтірі жекей тымақ, үстімде орысшалау пенжек, шалбар. Сұр шапан, сар сафиянға қара ала жапқан күміс белбеу, аяғымда көнелеу қисық табаным бар. Белбеуімдегі жарғақ далбағайым, шашақты сары қынды мүйіз сапты өткір кездігім, алдыңғы қапталдағы дабыл байлайтын ұзын қайыс шеттегім - менің өнерсіз жігіт еместігіме айғақ болар".
Одан әрі Бекболат «бұрын байдың», қазір «орта шарқы үйдің ортаншы баласымын» дейді. Үй-ішілік, тұрмыстық жағдайларын да еске алып өтеді. Балалық, жастық шағының да босқа өтпегенін айтады. «Жаманбаланың шотпақ қара қызын менсінбей, Мамырбайдың Ақбілегін елден таңдап айттырғанын», соған жолыққалы шыққанда, ақтарға кезігіп, оң иығынан жарақат алғанын қысқа, шешен баяндайды. Бұдан кейін Бекболат Мамырбайдың Төлегені арқылы ауруханаға жатады. Ақбілектің кейінгі өмір, тағдыры жайында естіп, білгісі келеді. Ол туралы романда төмендегідей жолдар бар: "Оны қандай жаман адамдарға араластырып, одан қандай жиренейін, жек көрейін, безейін десе де, оны алғаш көргені есіне түскенде, ол ойының бәрі жел қуған тұмандай серпіліп, баяғы періштесіндей, Ақбілек көзіне елестейді де тұрады. Оны осылайша ойлаймын деп, үйдегі атын, құсын, мылтығын, аң аулағанын есіне түсірейін дей ме, болмайды. Ат, құс, аң, сейіл-сеурен, қызық-думан - бәрі де соның айналасында жүргендей көрінеді де тұрады. Бәрін Ақбілек аударып әкеткен тәрізді. Бұл Бекболаттың Ақбілекке шексіз сенген, таза көңілмен берілген сәті еді. Ақбілектің айналасындағы сан қилы тақырыптағы сөздерді де тура мағынасында қабылдамай, өзін көріп, тілдескенше жаны байыз таппайды. Тіпті Жылтырдың «жылы» сөзі де «жанын» семіртеді. Ақбілектің Ұрқия жеңгесі арқылы Бекболат көңілі қалаған жанмен кездеседі. Жаны «тоят» тапқан соң, көңілі семді, «...ел тұрмай атқа қоңды». Орыс офицерінен аяғы ауыр екенін білген соң біржола үмітін үзді.
Жалпы Бекболат бейнесі адамдық қасиеттері тұрғысынан, айнала-әлемге көзқарасы жағынан көңілге ұялағанымен, махаббат мәселесінде, әсіресе «елден таңдап, айттырған Ақбілегін» аялап өтуде жігерлілік жетіспейді. Бұл ретте қаламгер де Бекболат линиясын аса көп дамытпайды. Өйткені, басты тұлғаның бұдан кейінгі тағдырының да ызғары мол, көлеңкесі көп еді. Автор Ақбілектің өмір тағдырының кейбір сәттерін суреттеген тұстарында Бекболат бейнесі сүйгеніне шын ғашық, берілген жан ретінде көрінеді. Бұл реттен алғанда, Бекболаттың адами-имандық қырлары келісті. Бұл бейне осынысымен де мәнді.
Офицер - романның басты тұлғасын жәбірлеп, арын аяққа таптаған жиіркенішті жан ғана емес, империялық саясаттың ғасырлар бойы халқымызды билеп, басып-жаншып келген көрінісі ретінде де есте қалады. Автор роман өзегін Ақбілек пен офицер арасындағы қатынасқа құрғанда да «махаббат символының» үздік үлгісі ретінде емес қазақ-орыс арасындағы «туыстық» байланысты терең ашады. Бұған өз жайынан бірер мағлұмат берген офицердің төмендегідей ойлары айқын дәлел: "Орыс сияқты жері мол, қолтығы кең жұрттың қол астына қарағанына қазақ тәубә қылу керек қой. Анығында, қазақ мемлекетке не пайда келтіріп отыр?... Тек қымызын ішіп, қарнын сипап, қатынына қарап, борбайын тыр-тыр қасығанды біледі... Тегінде қазақтың солдат болудан қорыққаны бізге теріс те емес. Кім біледі, қолына қару берсе, орыс жұртына жау болып кетпесіне кімнің көзі жетеді?... Әйтеуір, қазақ өз алдына ел болып жатқан жоқ. Ендеше, орысқа бағынуы керек». Бұдан кейін офицер қазақ жеріне, малына көз тігеді. Ресей тағдырын ойлап қамығады. "Әйтсе де біз қазақтан кек алғалы жүргеміз жоқ. Қазақ жеріне келейік деп келгеніміз жоқ, - дейді ақ офицері қазіргі қауіпті, үрейлі жүрістері жайында. - Ресейде төңкеріс болып, патшаны түсірген соң, өзара екі жарылып, ел билегенге таласқан соң, үкіметті қара жұмысшы мен қара солдатты жоқтаған большевиктер алып кеткен соң біздер орыстың шын ұлдары құл-құтанға бағынбаймыз деп, соғысып, жеңіліп, қашып келіп отырмыз... Тауда жатып біз қарап өлейік пе? Қара таласқан соң маңайдағы қазаққа шабуылдап, азыққа мол, баспанаға киіз төсеніш, ыдыс-сайман алып тіршілік қып жатырмыз». Ақ офицері үміттерін үрей басып, қыл үстіндегі қалдерін еске алумен бірге қазақ әйелі, адамның өміріндегі орны туралы да толғанады. Ол әйелді ермек көрсе, өмір мәнін, «қабақтың қаққаны» деп біледі. Автор ақ офицерінің осындай тайыз саналы тоғышар көзқарасын Ақбілекпен арадағы қатынаста да, жан сауғалап ілгері қашқанда да нақты көрсетеді. Бұдан шығатын түйін: қызылдардың бой тасалап, жол-жөнекей ауыл-аймақтың дүние-мүлкін, жылы-жұмсағын қысқа уақытқа болса да пайдаланып, ар-намысты аяққа таптаған «одан қашқан, бұдан қашқан жетпіс шақты офицер» - тұтас ауылға, елге дүрбелең әкелді, сүйекке таңба, жүрекке жара салды. Ендеше, романдағы ақ офицерінің елді тонап, мал-мүлкін ұрлап «қазақтың қара көздерінің сиқырлы күші Европа әйелінен кем емес» деп сұқтана қараумен бірге айуандықпен қорлауына оқырманның жиіркенішпен қабылдауын құптау керек. Өйткені сүйіспеншілікке білек күші, қара ниет, теріс ой төрелік айтпауға тиіс. Таза махаббаттың шындығы осы.
Осы орайда, офицер бейнесі, іс-әрекеттері арқылы ұлы "халықтың" державалық саясатын, қазақ халқын ұлтсыздандыру мен әуел бастағы мәдени құнарынан қол үздіру секілді тағылық «мінезін» танимыз, билік пен білек күшін де, озбырлығын да көреміз. Ендеше өткеннің өкініші келешекте қайталанбайтындай сабақ болуға тиіс.
Ал Мұқаш өз жайында былай дейді: «Мен таңқы мұрын, бадырақ көз, шұнақ құлақтау, жарбақтау, кірпі шаш, қырыс маңдай, қара сұр жігітпін. Жасым 35-те. Әкем Тойбазар, өзім Мұқаш болғалы аузым асқа, ауым атқа жарыған емес. Ес біле есікте жүрдім». Онан соң Төлеубайдың қозысын, Шаманбайдың қойын баққанын, балалық базары жат босағада, кісі қабағын бағумен өткенін еске алады. «Қалай Бадығұлдың жылқысын бақтым, солай көзім ашыла бастады, - дейді ол. - Қашағанды жалғыз ұстаймын. Асауды жалғыз үйретемін. Күзетке жалғыз барамын. Боранда жылқы бағамын. Аязбен, асаумен, қараңғы ұзақ түнмен, ұрымен, қасқырмен қауіп-қатермен алыспай, адам адам болмайды екен... Жылқы бақтым кісі болдым». Мұқаш аузынан кейінгі жерде ел қатарына қосылғанын, отбасы болғаны, қызметке кірісе бастағанын, болыс болу ниеті барын да естиміз. Бірақ, ел үстінен күн көрген жоғарыдағы «қызметтерінің» әсерінен болыстыққа сайланбайды. Мамырбайдың баласы іс-қағаздарды кеңсеге тапсырыпты дегенді естиді. Тілін шайнап, тісін қайрайды. Кек қайыруды ойлайды. Ақтармен астыртын байланысып, Мамырбайдың Ақбілегін оларға шығарып береді, ағасынан кегін қайырады. Мұның соңы белгілі - Ақбілек бір топ еркектердің ортасына түсіп, қарамұртқа ермек болады...
Бұл ретте Мұқаш - өз мүддесі үшін жан алып, жан беретін, бір есебі ішінде, түпкі ойында соны жүзеге асыруды ғана діттейтін тұлға. Әйтсе де, «ішкі есебі» уақыт өте келе жария болатын, соның азап-күйігін молынан да тартып жүреді. Жанама кейіпкер ретінде Мұқаш өз міндетін атқарғанымен Ақбілектің азапты, күйінішті өміріне себепкер болды. Сол үшін де Мамырбай ауылының алғысын емес, қарғысын алды, оқырман жұртшылықтың да кері әсерін туғызды. Ендеше, біздің қоғамымызда теріс ой, екі жүзділік мінез жат. Мұқаш шындығы осы.
Жазушы жаңа өмірдің тыныс-тірлігін әр тип, түрлі деңгейдегі адамдар арқылы да көрсетеді. Айталық, Ықан (Ыстықбай), Тыпаң (Тышқанбай) кезінде беделі де, достары да көп болғанымен «дәулет құсы бастарынан ұшқан адамдар». Әйтсе де ағалық, үлкендік жолдарын, ескі беделдерін көңілге медеу етеді. Төлегеннің үйіндегі бас қосуда Ықаң мен Тыпаңның мұндай «қасиеттері» танылады. Олардан басқа да онда төрт жігіт болып еді.
Оның бірі "қошқар туған қозыдай келбетті, бітімді, Ақбала еді, енді бірі келбеті де, киімі де қоңырлау, жүріс-тұрысы да солапаттау Балташ деген жігіт еді. Төртіншісі - Доғаның жанында ершіктей, Балтаның жанында шапашоттай жымырайған Жорғабек деген кісі еді». Алғашқы кезден-ақ бұлар әңгімеге именбей араласты, өзіндік ой-пікірлерімен де жылы әсер қалдырғаны анық. Әйтсе де Жорғабек жеңіл, жылпостау көрінсе, Доға беделге де, ішімдікке де жақын болып шықты. Ақбала сөзге жақын болса, Балташ тәп-тәуір қызметкер, махаббат мәселесінде де баянды ғұмыр кешеді. Оның өз тұстары туралы да көзқарасы айқын. Мысалы, Ақбала туралы: «...өзі қиялшыл жігіт қой. Болмайтын істі болдырам деп, кейде ұзын шабатыны бар. Сөзді тәуір көреді» десе, өзгелер жайында, атап айтқанда: «Жорғабекте тұтынған жол жоқ. Одан да мен Төрекелдіні құрмет етем... Ол өзі ісшіл жігіт қой, азырақ мақтаншақтығы болмаса». Қысқасы, бұлардың іс пен сөздегі әрекеттерінен, өмірге көзқарастарынан кезең шындығы, уақыт талаптары айқын аңғарылады. Бүгін айтып, жаза бастаған тәуелсіздік талаптары романдағы өзекті ойлардың арнасын құрайды.
Сондай-ақ ісіңде бірлік, сөзіңде береке жоқ кейіпкердің бірі - Жылтыр. «Оның қылмаған бұзақылығы жоқ. Од әуелде Матайдың Әбенінен тілмаш болған. Әбенмен бірігіп елді қанаған. Әбенге шәкірт болған. Ол қазынаның ақшасын да жеген... абақтыға жүз түсіп, жүз шыққан... Оның өтірігіне найза бойламайды... Қашан көрсең де көзі ойнақтап, пұшықтау мұрынының жұқа танауы делдиіп, дөңес маңдайы жылтырап, құнақ құланша атырылып тұрғаны. Өзі де орта бойлы, арам еті жоқ, қағілез, сайтан секілді ұшып тұр. Жүріс-тұрысына, бет құбылысына, қол сермесіне көз ілеспейді, бір минутта жүз құбылады». Жылтырдың мұндай «ерекше белгілеріне» Бекболат ауруханада жатқанда әлденеше рет көз жеткізеді. Бұл реттен алғанда Жылтыр ойымен де, ісімен де Әбен, Мұқаштар қатарында. Романдағы оқиғалардың даму, эпизодтардың өзара байланыстары тұсында бұған әбден көз жеткізуге болады. Осы орайда, жазушы бедерлеген бейнелердің әрбірі өз орындарыңда әрі іс-әрекеттерімен нанымды сөз болатындығын байқаймыз. Демек қаламгер кейіпкер жансарайын ашуда да едәуір жетістіктерге жеткен, оларды даралауда дәлдік, нақтылық секілді сипаттарымен де ерекшеленеді.
Күрделі жанрдағы туындының төртінші бөлімі алғашқыларына қарағанда публицистикалық сарында өріс алады. Ақбілек пен Кәмиләнің кездесуі, өткен өмірлері туралы сұхбаттары, күнделік шерткен сырлар тұтастай қазақ әйелінің тұрмысынан, іс-әрекеттерінен мол деректер береді.
Романдағы әйелдер бейнесін еске алғанда Ақбілектің жақын, жақсы көретін жеңгесі Ұрқия мен өгей шешесі Өрікке тоқталған жөн. Ұрқия жақсылыққа жаны құмар, мейірімді жан. «Бар айыбы - пұшпағы қанаған жоқ, әйтпесе жібі түзу әйел». Мамырбайдың бәйбішесі дүниеден қайтқанда да, Ақбілектің ақ солдаттарының жұртында қалып, Ескендір дуана арқылы еліне келген соң жанашыры да, сырлас, мұңдасы да Ұрқия болды. Қайын сіңлісінің бақытты болғанын қалаған Ұрқия оны Бекболатпен де кездестіреді, баласын бауырына басып, тәрбие де береді. Бұл реттен алғанда Ұрқия жаңалық, жақсылықты өзгенің басына тілеуді, өзі соның жылу, шапағатымен өмір сүргенді қалайтын ұнамды тұлға. Ал Өрік болса «үйге жылан кіріп келгендей» сүйкімсіз, «қара сұр адам еді». Ақбілектің бауырларына да, көрші-қолаңға да жағымсыз, жайсыз жан. Автор бұл бейнелерді - аналарды сомдағанда шындық өмір фонында, ер-азаматтардың жары, отбасының береке, ұйтқысы ретінде қарайды. «Дүниеде бойың өспей, бұғанаң қатпай тұрып, туған анаң өлмесін! - дейді автор. - Жас жүрегіңді қанды жас пен шер қыласың!.. Көкірегіңдегі жылы жүректі, бауырмалдықты кім берді саған? Әлдилеп, аялаған, аяған, бәйек болып, бағып-қаққан кім сені? Ана... Ана... Мейірімді ана. Адамды сүйгіш, ар-ұятты, көргенді бала болсақ, әкемізге бір есе, анамызға он есе борыштымыз. Тәжім еттік бізді тәрбиелеген аналарға!..»
Бұл романдағы әйел - ана, арудың орнын, оған деген құрметтің шынайы көрінісі. Автор әйел - ана орнын айқындау арқылы әрбір адам анасымен бақытты екенін, сонысымен де асқақ, биіктігін көрсетеді. Бұл бүгінде, болашақта да солай екені анық.
Өмірде өз ісі мен орнын білетін адамдар аз емес. Романда да ондай тұлғалар бар, бірақ көп те емес, Айталық, Алтынайдың (Мұқаштың келіншегі) күйеуі кекшіл, даңқ пен дақпыртқа жақын болғанымен, өзі «үй міндеті - әйелде» екенін жақсы түсінген. Ал Ескендір дуана - жақсылық, жанашыр жанның бейнесі ретінде көрінген. «Ескендірде үй жоқ, - дейді автор. - Кез келген үй - оған үй. Тау-тас, сай-сала, ескі мола - бәрі де оған үй. Онда ел де жоқ. Оның елі - дүйім қазақ. Онда мал да жоқ. Ол дүние жинамайды. Ақша берсең, кез келген ауылдың балаларын жарыстырады да, бәйге үлестіреді. Ескендір дорба салмайды, ірімшік, құртыңды алмайды, оған қолма-қол тамақ берсең болғаны. Ол істеген ісін, жасаған жақсылықтарын саудаға салмайды. Онда жасырын сыр, ішкі есеп жоқ ....өтірік айтуды, кісі алдауды білмейді, адам баласына жамандық ойламайды. Үлкеңді "әке", "аға", деп тұрады. Мейлі жаңа түскен келіншек, қатын біткенді «шеше» дейді. Еркек, әйел деп айырмайды, бала біткенді «балақайым» дейді, кісіге өмірі қатты сөз айтпайды. Өзін ренжіткен адамға да түк демейді, тек басын шайқайды». Міне, осындай кісіге пайдасы болмаса зияны тимейтін жан Ақбілекке кезіккен болатын. Ақбілек адасқанын айтқанда: - "Алып барайын, жолға салайын", - деп нақты көмек еткен. Жасын да, еңбегін де есепке алмаған Ескендірдің бұл жақсылығы Ақбілекке ғана емес, оқырманға да жылы, тағылымды әсер қалдырады. Роман авторы адам - пенденің өмірдегі орнын жақсылық жасаумен, ізгілік, өнеге көрсетумен баянды, мағыналы екенін Іскендір дуана арқылы нанымды көрсеткен. Ақбілек романын оқып, танысып, талдау үстінде кемел ой мен көркем, нақышты тілге, келісті суреттеулерге кез боларымыз хақ. Оны романның кез келген тұстарынан, атап айтқанда, ауыл көрінісі мен табиғат тамашаларынан, адам портреттерінен, этнографиялық деректерден де кездестіреміз. Айталық, Ақбілектің ауылы: "Марқакөлдің шыныдай тұнық суы да, көл жиегіндегі иірім-иірім ауыл да, пырылдап, кісінеп, ақырындап, өріске тартып бара жатқан жылқы да, жылқышының қызыл ала тысты тымағы да, анау қозы алып жүрген қайқы төс келіншектің жасыл көйлегі де, аттың жалы да, жеңгесінің басындағы күлді-бадам орамалы да батар күннің сарғылтым сәулесіне шомылып, жер-дүние сары көзілдірікпен қарағандай» көрінсе, қара түнді Алтай көрінісі: «Қызыл көз, қасқыр жүз, қабылан азу» деп қысқа, нұсқалы үлгіде жеткізіледі. Ал Ескендір дуананың сыртқы келбеті: «етегін кірмен зерлеген, төбесін үкі сәндеген басында найза ақ тақия, қолында шәңгішт асасы, асасының өн бойы шығыршық, көпшік, сылдырмақ, ұшы қозы жауырын, мойнында хұсыр тасбысы, танауы таңқиған, омырауы аңқиған, кеңірдегі сорайған, жіліншігі сыйдиған, саусақтары сымпиған, үркек малша оқшиған, бес тал сақалы шоқшиған, шынжау етті, шың бетті, жағына пышақ жанитын, бір көргеннен танитын» болса, ақтардың арасындағы қазақша білетін тілмәш: «сеңсең бас, теке көз, бұжыр сары» кейпінде берілген.
Сайып келгенде Ж. Аймауытұлының қазақ қызының өмір, тағдыр жолын баяндағанда да ескі ауыл мен этнографиялық суреттерді, адамдар қарым-қатынасын көрсеткенде де ой мен сөздің табиғи оралымдарына, тіл байлығына, шеберлік иірімдеріне көз жеткіземіз. Сондай-ақ романдағы әлеуметтік-психологиялық иірімдер, жекелеген кейіпкерлерді мүсіндеу мен олардың ішкі монологтары, ең негізгісі - қазақ тұрмысы мен заман көріністері реалист суреткердің қолтаңбасын көрсетеді. Бұл ретте аудармашы әрі жазушы, қазақ тілінің жанашыры Г. Бельгердің төмендегідей пікірлеріне қосылып, қолдауға әбден болады, «Аймауытовты оқығанда еріксіз таң қаласың, әсіресе сөз кестесі, айшықты, әшекей тілі оқушының өзін бірден баурап, үйіріп әкетеді. Шын мағынасында эстетикалық ләззат алып, шынайы сезімге бөленесіз.
Аймауытов сөздік қоры орасан бай, ағыл-тегіл молдықтың арқасында жазушы қаламынан туған, дүниенің тынысы кең, емін-еркін көсіліп жазып, нақышына келтіріп суреттер жасайды... тіл байлығы ағыл-тегіл, төкпе жазушы-суреткер тақ-тұқты місе тұтпайды, еселеп, екпіндетіп, шабыты шалқып, рухтанып кетеді... Аймауытов сынды ұлттық мәдениеттің аса ірі қайраткерін қолына қалам ұстаған кейінгі ұрпақ жан-жақты зерттеп, талдап, терең ұғуымыз керек». Бұл жазушы шығармаларын оқығаннан кейінгі алғашқы әсер, құрғақ тамсану, түйсіну емес. Таза талантты тану, құрметтеу әрі көпке ұнамды, үлгілі қырларын да көрсету. Бұған аталмыш романды оқып, танысқан әрбір адам анық көз жеткізеді. Өйткені таза талант белгісі - бай да кестелі тіл, көркем ойларымен ерекшеленері хақ.
Түйіндей айтқанда, "Ақбілек" романы - қазақ ауылындағы дүрбелең жылдар шындығын, олардың дәстүрі мен тұрмысын, жекелеген адамдардың іс-әрекеттері мен қарым-қатынастарын, әсіресе негізгі тұлға - Ақбілектің қызығынан қиындығы мол өмір жолдары жайында мұң мен шер де, сыр да толғайтын туынды. Сонымен бірге халқымыздың өткен өмір көріністерін, адамдар арасындағы көзқарастар қақтығысын, ел мен жер, келешек күндерге деген наным, сенімдері серпінді, шабытты, көркем кестеленеді. Кейіпкерлер келбеті, іс-қимылдары да нанымды жеткізіледі. Оқырманның - әдемі әлем, әсерлі ой құшағында қалары да анық. Араға ұзақ уақыт салып
жарық көрген қаламгердің бір томдық «Шығармаларына» жазған алғы сөзінде ғалым - әдебиетші С. Қирабаев:
«Ақбілек» бір қыздың тағдыры негізінде әлеуметтік революциялар дәуіріңдегі қазақ ауылының жаңаруын суреттейтін алғашқы қазақ романының бірі десе, профессор Т. Кәкішев: «Жүсіпбек Аймауытовтың әдебиет тарихына оралуы, оның "Қартқожа", "Ақбілек" романдарымен, талай мәнді драматургиялық шығармаларымен әдебиетіміздің қалыптасу дәуірінде де шыншыл, реализм дәстүрінің озық үлгілері өзінің орасан зор ықпалын жасап қана қоймай, жаңа көркемдік әдіске ұласқанына нақты дәлел бола алады» деп, жазушы шығармашылығына, сөз өнеріндегі нақтылы көзқарасын білдіреді. Жазушы Р. Тоқтаров: «Ақбілек» романынан адам мінездерінің энциклопедиясын көруге болады» деп қысқа сөзбен нұсқалы, нақтылы түйін жасайды.
Тұтастай алғанда «Ақбілек» романы қысқа мерзімде жазылғанымен кезең, уақыт шындықтары, кейіпкерлердің орыны мен іс-әрекеттері бейнелі де бедерлі жеткізіледі әрі байыпты ой мен сөз жүйесінен, қалыптасқан қолтаңба мен стиль сұлулығынан табиғи талант белгілері терең танылады. "Ақбілек" романының шыны да, сыры да осы.
Сағынбекұлы Р. Жүсіпбек: Жүсіпбек Аймауытұлының өмірі мен қаламгерлік қызметі: / Сағынбекұлы Р. - Алматы: Санат, 1997.- 224 б.
|