Естеліктер   









«Жүсіпбек аға» (естелік әңгіме)

Түс ауа мектептен қайттым. Жатқан үйім - Қасым қасапшының үйі. Өткен жылы біздің үш сиырымыздың бірі - қысыр қалған қызыл сиырымызды осы Қасым қасапшы сатып алған. Сонда жарты құнын кейінірек бермек болған екен. Сол асылымыз үшін әкем мені осы үйде, яғни Баян қаласында төрт ай жатып оқуға келісті. Енді осы «Шаруa жастары» мектебінің үшінші класында оқимын. Үйге сергек келдім. Мені туған інісіндей жан тартатын, сабырлы да кербез сөйлейтін Үмігүлсім жеңгей:

- Жақсы келдің, айналайын. Тымағыңды анда іл. Жақсы азамат кеп отыр. Гүбірнадан. Семейден. Төргі үйде. Шәй құйысып, шынаяқ әперісіп маған көмектесіп отыр. Әңгімелерін тыңда... Жақсы болады... Ержеткенде есіңде қалады...

- Кім деген кісі екен, Үмігүлсім жеңгей?

- Мағаз ағай да, Бохытай ағай да, біздің үйдегі ағаң да айтып отыратын еді ғой. Анада Сәбит пен Қаныш сот екеуі де сол кісінің шығарғандарын айтпап па еді. ...«Қанафия Шарбану» деп, «Жебір болыс» деп... Толығырақ...


Ақ жүректі адам

«Өлгендер қайтып келмейді» деген ұғым санамызға әбден сіңіп қалғандай еді. Жарты ғасырдай уақыт топырақ астында «сүйектері қурап қалған» Шәкәрім, Мағжан, Ахаң, Жүсіпбек қайта тіріліп, қатарға қосылар деп кім ойлаған. Әйтеуір, 1988 жыл қазақ халқының өмірінде «Өлгені тіріліп, өшкені жанған» ғажайып тамаша құтты жыл болды. Ылайым сондай жылдар көбейе берсін.

Шынымды айтайын, мен құралыптас, жасы сексенді қусырған қарттар, бүгінде ақталған алыптарымызды «жау» дегенге еш уақытта сенгеніміз жоқ, ішімізден «айта берсін!» деп тарта бердік, бірақ сыртқа шығаруға дәрмен қайда, өз басына қатер, әркімге жан керек.

Оған дәлел: солардың кейбір шығармалары әрқайсымыздың үйімізде кілт астында тығулы жатты. Шәкәрімнің «Еңлік-Кебегін», «Қалқаман-Мамырын», Мағжанның «Батыр Баянын», Жүсіпбектің «Қартқожасын» жатқа айтатын қарттар күні бүгінге дейін бар.

Жүсіпбектің «Қартқожасы» менің столымның кілттеулі тартпасында жатқанына алпыс жылдай болды. Ана бір кездерде өртеп те жібергем жоқ, көміп те тастамадым. Аса бір сенген адамым болмаса екінің біріне көрсете де бергем жоқ. Кім біледі, адамға адамның сенімі жоғалған, әркімнің соңында ГПУ-дің бір тыңшысы жүретін заман еді ғой ол. Жүкеңнің шығармаларын жасымда түгелге жуық оқығам. Ол кісі менің ойымнан еш уақытта шыққан емес. Неге екені белгісіз, «әйтеуір, бір тірілер» деген үміт үзілген де жоқ еді. Мүмкін, оған Жүкеңмен біздің туыстық жақындығымыз себеп болған шығар. Ерте заманда Баянауыл дуаны тоғыз болыс ел болған екен, соның бірі Қызылтау болысы, ал мен Далба болысыныкімін. Біз онымен 6-7 атадан қосыламыз. Толығырақ...