Туған жер   









«Барлық әлем - Алтай»
/ Ж. Аймаутов /

Бір дөңестің астынан ағараңдаған бір шошақ нәрсе қылт ете түсті. Ақбілек сасып қалды. Бұғып отыра қойды. Отырып еді, көрінбей кетті. Түрегелуге орыс болар ма деп қорқып, отыруға тағы дәті шыдамай, не екенін білгісі келіп барады. «Орыс болса бәрі-бір құтыла алмайсың, жан-жағым жалтаң, не де болса көрейін» деп, әнтек отырған соң ептеп көтеріліп сығалады. Шошақайдың үкі секілді бірдеңесі былғаңдап, өзі қимыл-қимыл етіп дөң астымен Ақбілекпен жарыса кетіп барады. Орыста мұндай нәрсе жоқ еді ғой деп ойлауы-ақ мұң екен - шошақай жуандады: бас болды, кәдімгі дуананың басы. Әнеки, қолындағы асасы да шошаң етті.

- Әй, дуана! - деген сөз аузынан қалай шығып, қалай қойғанын Ақбілек өзі де білмей қалды. Аман-саулығын сұрасып, біліскен соң жүруге жарамайтынын білдірді.

- Ә, балақайым, көзің мөлдіреп, табаның үлдіреп... шаршап қалдың ба? А, балақайымды арқалап алайын. Кел, міне ғой!-деп, алдына келіп арқасын тосты.

Дәл мінер кезде тайсалғаны болмаса, жүре-жүре Ақбілек бала кездегі апасының мойнына мініп келе жатқандай, астындағы дуана екенін де ұмытып бала күні есіне түсті. Оның көңілі бұзылып, көзіне жас келіп қалды. Енді болмаса жылайтын еді, аяқ астынан бір дір етіп ұшқан бозторғай көңілін бөліп жасын тоқтатуға себеп болды. Ол кезде күн де батып, сам жамырай бастап еді.

Ақбілектің мұрны қоңырсыған сүттің иісін сезгенде диуана тоқтады. Осы төмпейдің астында ауыл бар, - деді. Ақбілек түсті. Дуананың сүйел қолы езіп, құрысып қалған тақылжырын уқалап жазып, шапанын сілкіп жамылып, дуанаға еріп қолтаулап тағы аяңдады. Ауылға жеткен соң Ақбілек туған үйіне Әмір ағасына еріп барды, ал Ескендір дуана өз жолымен кете барды...».

Әмір ағасымен үйіне жақындағандағы ішкі толғанысын мына үзіндіден көреміз: «Ей, Тәңірім-ау! Осы келе жатқанда бір қазаға ұшырап кетсемші! Астымдағы ат омақасып, астында тіл қатпай қатсамшы! Немесе жер ойылып жұтып қойсашы! Болмаса үстімізден қара бұлт төніп, нажағай соқсайшы! Әйтпесе албасты басып тұншықтырсайшы! Әнеугі қаңғып келген орыс енді келіп алып кетсеші! Ең болмаса, есімді біліп тірі барғанша, әкемнің алдына апарғанда, кірпігім қимылдап жатсамшы!..»

Ақбілектен туған баланы асырап алған Ұрқия есімін Ескендір деп атайды...

«Қыстың аяқ кезінде, Өрік ақсақалды әбден өзіме қараттым ғой деп, сенімі күшейген кезде, Ақбілектен ақтық көңілін шығаруға, екі қабат екенін естіртті. Ақсақал аяғының астынан аю шыға келгендей, шошып кетті... Ақсақалдың көзі қанға толып кетті, дауысы қырылдап: - Кетір, кетір... бәлекетті! Жоғалт кәпірдің көзін! Көрсетпе, көрсетпе! - деуге ғана тілі келді. Өзі қиналып, құр жаны отырған Ақбілекке мына сөз қалай тигенін сөзбен жеткізіп болмайды. Ақбілек еңсесін сүйретіп, бүйірін таянып, бір басып, екі басып, әрең дегенде Ұрқиянікіне жетті.»

Тағыда жазушы Ақбілектің ішкі күйінішін табиғатпен үндестіре жырлайды: «Көктемнің алтын күрегі қарды бордай тоздырып, жер көксоқта болып жатқан лайсаң кез еді. Кешкі төлді алып, қой-қозы шулап, ауыл азан-қазан еді. Сол көп шуылдың ішінде Ақбілек те еріген қардай ағыл-тегіл боп, қозы алып жүрген Ұрқияға жолықты...»

«Ақбілек ес біліп, бой түзей бастағанда тағдыр тауқыметін мол тартып, тіпті дұшпанына да тілемес ауыр зорлық көрсе де, өмірден үмітін еш уақытта үзген емес. Ағасы Төлегеннің артынан қалаға іздеп барып, оқуға түсіп білім алады. Балташ сынды азаматпен көңіл қосып бақытты болады. Арада бес жыл уақыт өткен соң ұлы Ескендірмен қайта табысып жан жарасын жазып, нұрлы өмірге батыл, сеніммен қадам жасайды. Роман тілімен айтсақ, Ақбілектің "жүрегін жуып тазартқан алтын леген аяулы жаны, қаралы таудай қайратты, ай мен күндей ғылым еді"».

 

Қолданылған әдебиет:

1. Аймауытов Ж. Ақбілек: роман / - Алматы: Раритет, 2003. - 240 бет.
2. Умарова Г.С. Қазақ әдебиетінің тарихы: оқулық / Умарова Г.С. - Астана : Фолиант, 2007. - 244 б.
3. Қирабаев С. Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері / Қирабаев С. - Алматы : Білім, 1995. - 288 б.
4. Сағынбекұлы Р. «Жүсіпбек»: Жүсіпбек Аймауытұлының өмірі мен қаламгерлік қызметі / Сағынбекұлы Р. - Алматы: Санат, 1997. - 224 б.
5. Аймауытовтың Алтай жеріндегі күндері / А. Жүнісұлы // Абай. - 2009. - N2.- Б.101-104.