ШЫНАЙЫ РЕАЛИСТІК ПРОЗАНЫҢ ТУУЫ
Ж.Аймауытовтың қазақ әдебиетіндегі салмақты орны оның "Қартқожа", "Ақбілек" романдары мен "Күнікейдің жазығы" повесінен айқын байқалады. А.Пушкин, Л.Толстой, Н.Гоголь, М.Горький прозаларын аударып, олардың классикалық үлгісін бойына сіңірген Жүсіпбекке қазақ тұрмыс-тіршілігінде дәл сондай игерілмей, кенжелеп жатқан мәселелерді жазуға үлгі нұсқа болады. Бұрынырақ жарық көрген М.Дулатовтың "Бақытсыз Жамал", С.Көбеевтің "Қалың мал", Т.Жомартбаевтың "Қыз көрелік" романдарының жазылу стилі, тақырыпты игерудегі стандартты күйі, кейіпкерлердің автор қаузауымен қимыл-әрекет жасайтын жасанды-жамаулы жайлары, т.б. Жүсіпбекке жоғары мәдениетті, философиялық астары терең, қоғамдық-әлеуметтік санаға лайық дүниетанымы бар күрескерлер образын жасау қажеттілігі ниетін оятады. Сондай ниеттен туған романы - "Қартқожа". Жүсіпбек Қартқожасын туғанынан қағілез, жүрген жерін күйдіріп, опырып-жапырып, бірден биікке ұмтылған жүйрік, саңлақ жанды кейіпкер етпеген. Ол ешнәрсемен қақ-соғы жоқ, "момақан, аңқау, көзі бажырайып, аузын ашып, мұрнын қоңқитып" жүргені. Жасы 10-11 шамасында. Мұрнын қос-қостан тартып, "екі жеңі де сауыс, бетінің бір жағы да сатпақ, көзінің былшығы да жөнді тазармайтын" кәдімгі тұрмыс тақсіреті ерте жүдеткен тақыр кедейдің баласы. Жазушының кедей баласы сыртынан қарағанда азып-тозып, кір-қожалақ, жасқаншақ, енжар болып көрінгенімен, жан сарайы сәулелі, ояу, жүрегі сергек келетін себептерін осылайша тәптіштеуінде көп сыр жатыр. Бар сенгені қолындағы бірер малы есептелінген қасқа кедейдің ертеңгі бұлыңғыр күнін қаламгер жүрегі сыздай отырып баяндайды. "Жұманның құты көк биесі екен. Ол өлген соң құты кетті, мал құлдырай бастады. Жануардың құлынын бір ауылға апарып, бір байдың құлыны өлген биесіне теліп еді, оны қасқыр жеп кетті. Көк тайдың алқымына шығу шығып, басқұрт па, маңқа ма, мандам ба, бұғыла ма? Әлде кім біледі, содан бері шыр жұқпай, инеліктей қатып ол кетті. Күздігүні шөпке мініп барған жерінен көк құнанды ұры алды. Қызыл шолақ сиырдың қарадан қарап жүріп желіні ісіп, бір жағы қалпетімен беріштеніп, сүтінен айырылып, сыңар емшек болып ол қалды. Күзекте отырғанда қарт інген шығып кетіп, оны қарай қоятын көлік болмай, жеті шоқпарлар бір жұмадай шөп тасуға салып, бота тастатыпты. Содан ыстық-суықты болып, аяғы қысағаға шалдықты". "Лақтырған тас байқұсқа тиеді" демекші, Жұманды қатігез тағдыр шыр айналдырады. Ал бұт артып жүрген жалғыз атын болыс, тілмаш, шабарман мініп, зорықтырып, пышаққа ілігіп, ендігі бар үміті көк биесінің бауыры "астаудай боп ісініп" сенделіп келгенде, Жұман байқұс есінен танады. Барлық күн көрісінен айырылып, жер соғуға шаң қалғанда, бұл оттың басы ұлардай шуламасқа лажы жоқ еді. Кішкентай Қартқожа да әкесі мен әжесінің көзіндегі жасын көріп, үй айнала беріп еңірейді. Сол еңіреумен бірге "қамсыз-мұңсыз" саналған балалық шағы, молданың алдын көріп, білім алсам деген үміт шырағы да біржола сөніп, өзін "сорлы, қор" санап, құлдың қамытын кимеске лажы қалмайды. Қартқожаның жоқ-жітікке болыс, бай, тілмаш қана емес, құдайдың да ниеті алалығына әлеуметтік өмір шындығы көзін жеткізеді.
Босағаға біткен малды құдай мен адам жалмағаны аздай, жоқтың өзін бір-біріне жамап-жасқап ілдалдалап жүрген әкесі Жұманға да суық тиіп, қасіретпен көз жұмды. Өз қолы аузына жетпеген сары үрпек, сары қарындар зарлап қалады. Аш-арықты бір жағы жұт қысқан, бір жағы болыс, би-молда, қожа тұралатқан ауыр күндер Қартқожаны ерте есейтеді. Сөйтіп жүргенде, 19-31 жас аралығындағы ел азаматын шетінен тізіп майданға қара жұмысқа ала бастаған зобалаң, нәубетті 1916 жыл оқиғасы келіп араласады. Бұрын бай балаларынан әлімжеттікті көріп зығырданы қайнағанда: "Әттең, менің кедейілігім-ау! Әйтпесе солардың менен ақылы артың па? Зейіні артық па? Артық болса, малы артық. Дүние шіркін-ай! Кегімді алатын күн болар ме екен!" - деп, миы шағылатын есті бала, шілдедегі патшаның "зілді бұйрығынан" кейін тіптен ширығады. Болыс әлділердің баласын пара алып, жасын кішірейтіп жазады да, кедейлерді керісінше жасын өсіріп, майданға аттандырып жатады. Әділетсіздік, зорлық шегінен шығады. Таптық жік дегеніміз не, таптық күрес қайдан туатынынан бейхабар жігіт көтерілісшілер ішінде жүргенде осы сауалдарға толық жауап алады. Сөйтіп кешкен азап, тартқан у, көрген қорлың оны: "Дүниеде болыстан жауыз жан жоқ... Дәрмен біліп жүр екен. Өлтірер ме еді!" - деген ойға жетелеп әкеледі. Өзі батыр, өзі әнші, өзі жалынды қолбасшы Дәрмен іс-әрекеттері, ерен қимылдары, асқақ ойы, Бәтішпен арасындағы махаббаты Қартқожаға жер басып жүрсең тек сондай, жігіттің туы болуы қажет екен ғой деген асқақ арманға бөлейді. Арнаулы бағдарламасы жоқ, қырық рудан жиылып, қырық жаққа тартқан, "бас-басына би болған өңкей қиқымдар" басқарған жерде береке болған ба, патша өкіметінің жазалаушы отряды көтерілісшілерді қанға бояп, онысымен қоймай, "патшаға қол көтергендердің" отбасын ойрандап, мал-мүлкін жылан жалағандай жалмап кетеді. Шарасы таусылған тірі қалған боздақтар майданнан бірақ шығады. Қартқожа солардың бірі еді. Тыл жұмысында жүріп Андрей деген дос табады. Ол Қартқожаның оңы мен солын танып, көзі ашылып, қиянат жайлаған дүниеде әлеуметтік теңдік алмайынша кедейдің қолы аузына жетпейтінін ұқтырды. Әділет, теңдік, адамшылық, адам мен адам тең болып, қоғамның ұстанған жолы, ел басқару салты, құлқы өзгергенде ғана мүмкіндігін, ел көріп, жер көріп, тамұқты басынан кеше жүріп, оқып адам болуына көмектескен Хасен, жаңа қоғам орнату жолында тағдыр тоғыстырған Андрей, Полидубтар арқылы түсініп, "дүниеге қайтадан туады". Таптық теңсіздік, әлеуметтік үстемдік қай уақытта жойылатынына енді өзі де саналы түрде жауап беруге жарап қалады. "Қазақ та, орыс та Андрейдің, менің көргенімді көрсе, көзі ашылса, менің жүрегімдей бауырмал жүректері болса, зорлық, қиянат, теңсіздік жоғалар еді-ау!" - деп ойға батады. Адамның мінез-құлқын, жүрегін бір қалыпқа салғанда ғана "бірдейлік" орнайтынына ақыл-ойы өсіп жеткен шақта түсініп, күрескерлік тұлғасы осылайша біртіндеп қалыптасады. Патша тақтан құлап, елге оралғанда, ол рухани өсіп, көзі ашылған жігіт еді. Елге оралған соң қайтадан көрбалалықты басынан кешкен ортасына тап болады. Жеңгесіне желкесінен басқандай ғып зорлықпен үйлендіреді, қараңғы ортадан сытылып шығу да оп-оңай шаруа көрінбейді. Жаратылысынан бұйығы, сабырлы, ұстамды, жоқшылың етектен тартып, жасқаншақтық, тәуекелі жоқтың қанына сіңген Қартқожа оқусыз, білімсіз өмір сүрудің енді мәні жоқтығын жіті сезініп, біртін-біртін өз тізгініне ие бола бастайды. Оған уақыттың алақұйын мінезі де себепкер. Патшаның тақтан құлауы, Қос өкімет, Алашорда өкіметі жүргізген саясаттар, ұлы Қазан төңкерісінің дүмпуі саясаттың сарынына құлақ түріп, қоғам, адамдар мінезін жіті барлауға білімнің таяздығы, өмір сүруге тәжірибесінің тапшылығы қолбайлау екендігін мойындатады. Ақыры Баян, Семей, Омбы арасында сабылып, өзін-өзі қаржыландыра жүріп, білім алып, ел қатарына қосылады. Бостандық, тәуелсіздік, азаттың, әділет, халық, ел тағдыры, дос кім, дұшпан қайсы деген жұртты сол кезде сергелдеңге салып, санасын сарсылтқан көп сұраңтарға енді өзі еркін жауап беріп, елді соңынан ертетін серкелікке жарап қалады. Кеше өз қамын жеуге де жарамаған, қара басынан құлдық қамытын сыпырудың жөнін таппай тауы шағылған Қартқожа роман соңында жалпақ жұрттың қамын ойлап, қараңғылық бұлтын сейілтіп, надандықтан айықтырудың амалын судай сапырып, жаңа дүние орнатудың бағдарламасына көпшілікті ұйытып, әлеумет күресіне тартылып, заман күрескері қатарына қосылады. Сонымен, жазушы "Қартқожа" романында ескі қоғамдық құрылыс жағдайында бай есігінде езіліп жүрген жалшының ұлы Қазан төңкерісінен кейін құлдың қамытынан құтылып, азаттық күреске белсене араласып, бақытын тапқанын бейнелеген.
Роман қамтитын оқиға өте мол, қым-қуыт тарихи құбылыстарды тамыр тереңімен қазып, қопара көрсету айтуға ғана жеңіл. Әйтсе де Жүсіпбек романның екі бөлімін шынайы суреткерлікпен талдап-тарата жазғанымен, кейіннен тарихи ұлы құбылыстардың долы да, айбарлы, құпиялы шиырына енгенде солықтаңқырап қалады, публицистика, очерк жанры басымырақ белең береді. Болған жайды, әрнәрсенің басын шалып, жеделдете баяндауынан шығарманың көркемдік тіні босаң тартқан.
Ең бір сүйсінерлік жай - романның поэтикалың қуаты мығым. Жүсіпбек өмір құбылыстарын, табиғат сырын жетік біледі, қазақтың байырғы тілін балын тамыза қолданған. Айталық, жұт болатынын ел ортасында жүрген шаруа адамдары алдын ала болжайды: "Биыл жұт болады деп, күні бұрын есепшілер де айтқан: Шөптің шығымы жаман, серейген-серейген еркек шөп, бидай бас көде қаптап кетті. Тышқанның шөп жинауы бұзық, інінің төңірегін тап-тақыр қып тастапты. Құмырсқаның илеу ортасы шұқырайып кетіпті. Сиыр далаға түнеп, жусамайды, кеш болса ауылға жүгіреді. Жылқы ақырайып тыраңдап жатпайды. Малдың ындыны құрып барады, "атау кересін" жеуге асыққан немеше. Адал құс ерте қайтты". Міне, бұл - қылышын қайрап келе жатқан кәрлі қыстың, жұттың ызғары. Дәлдік, нақтылықтың дүниетанымдық мәні жоғары. Табиғат суреті, тұрмыс-тіршілік, салт-сана, наным-сенімнің ғана емес, Жүсіпбек оқиғалардың да өмірлік шындыққа жанасымдылығына, тарихилығына айрықша сергек қараған. Қартқожа Жұманов - өмірде болған адам. Ұстаздық етіп, қоғамның саяси өміріне белсене араласып жүрген ол 1937 жылдың "қылшылбырынан" аман қалмаған. Би, болыс, қожалар да өз бейнесінде алынған. Арқалы ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров та роман кейіпкерлерінің бірі. Оқиғалар Баян, Семей, Омбыда өтетіндіктен, сол аймақтарға тән тіршілік көріністері қалтқысыз суреттеліп, сол уақытта осы төңіректе күн кешіп, уақыт толқынында құлашын сермеп, басын тауға да, тасқа да ұрып "шындықтың аулын іздеген" жерлесі Сұлтанмахмұттың шығармаға араласуы қисынды.
"Ақбілек" романы - Жүсіпбектің суреткерлік өнері толысқан шағындағы шығармасы. Тақырыбы жағынан бұл туынды да "Қартқожаның " идеясын толықтыра түскен, соның заңды жалғасы іспетті. Қартқожа Кеңес төңкерісіне дейін ауыр да азапты тұрмыс шынжырынан босана алмай құлдықта, кіріптарлықта күн кешсе, төңкерістен кейін теңдік, азаттық, әділеттік тауып, жаңа заман қайраткері дәрежесіне көтеріледі. Ал "Ақбілек" романында Жүсіпбек феодалдық-патриархалдық құрылыстың қатал заңы мен тәртібін бұзып-жарып шығып, бақытын қажыр-қайратымен, білімімен тапқан жаңа заман әйелінің бейнесін жасаған. Ақбілектің жеңісі де еңбекші бұқараның таптық күресте қанын төгіп жеңіп алған жеңісімен орайлас жатыр. Төрт құбыласы сай, атақты байдың қызы болғанымен, ол да пенде, тағдырдың қолжаулығы. Ұзатылғалы отырған бойжеткен, күйеуі Бекболат ұрын келе жатқанда, жуанда кегі бар Мұқаш кедей барар жері қалмай, тынысы тарылған ақ солдаттарын қонақ күтіп, жасанып отырған бай ауылдың үстінен құлатады. Талау-тонау, кісі өлімі, төгілген ар, өртенген ауыл... Күйеуін күткен қалыңдық Ақбілек тыйым көрмеген аш бөрілердің "олжасына" айналады. Қызылдардан таяқ жеп, отбасынан алыстап, байлығын тонатып, тағдыры енді қалай қарай сілкірін білмей, қанына қарайып, жанын шүберекке түйген тілі, діні бөлек орыс, ақ солдаттары Ақбілекті жабылып қорламақ та болады. Әйтсе де, адамдығын, әсемдікке іңкәрлігін жоғалтпаған асыл зат, тектілік жаудың ішінен де біреуден шығуы заңды ғой. Реалист суреткер адам қоғамына тән осы заңдылықты тәрк етпейді. Көпе көрнеу елдің көзінше Ақбілекке қысым көрсете бастаған жирен орыстан қара мұрт офицер құтқарып алады. "Қайда барсаң да Қорқыттың көрі", бір тажалдың алаңанынан сытылып шыққанымен, жолы кесіліп, қалайда абыройы төгілгелі тұрған арлы қыз өзіне араша тұрып, адамшылығын жоғалтпаған қара мұрттың ыңғайына "жығылады". Қыздың пәктігі, жібектей ширатылған мінезі, балдай тілі, ер адамды есінен тандыратын ажары, келісті бітімі ажалына осылайша арашашы болады. Бірақ біраз күннен соң Ақбілек байқұс тәні кірлеп, жаны жүдеп, бұралқы күшіктей орыстардың ойраны шыққан жұртында "ұлып" қалады. Ауылы аяушылық білдіргенімен, әкеден бастап барлығы Ақбілекке салқын, басқаша, мүсіркеген, жымысқы көзқараспен қарайды, сыпсың, сұрқия сөздер көктем гүліндей құлпырған сұлу бойжеткенді аяздай қариды. Өзін ақ солдаттары алып қашарда ара түскен анасы жау қолынан қаза табуы да сорына бастапты. Тек туған жеңгесі Ұрқияның ғана "шырайлы-сына" шығарда жаны бөлек. Қалың малы төленіп, босағасын аттауы қалған күйеуі Бекболат "беті бері қарап", қашықтап кеткен аралары жаңындаса бастағанда, қыз әкесі Мамырбайды Өрікпен септестірген Әбен қуаяқ, ру, ағайын арасындағы кикілжіңді пайдаланып, тізгіні қолындағы байға сөзін өткізіп, Ақбілекті Бекболатқа бермеуге көндіреді. Екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледі. Ақбілектің нағыз қара күндері басталады. Көркембай кемпірдің лашығында дүниеге орыс қара мұрт офицерден сәби келеді. Әйтеуір, тілектес жақсы адамдардың арқасында шаранасын кептірмей жатып жас сәбидің "көзін жоғалтады".
Көзінің жасы көл болып, "табан тірерлік, сүйенерлік аяқ астында жер қалмай" жаны түршігіп, жүрегі аузына тығылып, қиналған шақта бірге туған, оқыған ағасы Төлеген қалаға алып келіп, ел қатарына қосады. Өзі де талапты, от боп жанып тұрған Ақбілек Семей, Орынбор қалаларында оқып тәрбиеленеді, жаңа заманның жақсы¬лығын көреді, білімді, есті, сұлу бойжеткенге қолын созғандар да жеткілікті. Ақбала, Балташ есімді жігіттер бір-бірімен жарыса, бірінен-бірі қызғана қол созады. Қыз сынынан өтіп, шартына тұрған Балташ некесін қидырып, жар құшады. Сөйтіп елең-алаңда басқа түскен қасіретке мойымай, ауылдың етекбастылығынан, өсек-аяңынан құтылып, үлкен шаћарлардан тәлім-тәрбие алып, жаңа заман азаматы болған "Ақбілек бейнеттен, қорлықтан, күнәдан құтылып, сонау жеті қат көктегі ғарышқа апарып, жүрегін алтын легенге салып жуғандай анадан жаңа туғандай тазарады". Оны тазартқан ғылым, күрес деген көркемдік шешімді көлденең тартады автор. Жүсіпбек осы ойын кейіпкерлерінің аузына да салды. "Оқымаған әйел қор ғой. Қапастағы құстай ғой!" - деп ойлайды Ақбілек, өз ортасынан аса алмай қалған Кәмила тартқан тіршілік тауқіметін безбендеп. Тірліктен, өмірден тауы шағылып, бақыттан күдер үзген әйелді осылайша бұрын түсіне де кіруге тиісті емеске қолын жеткізеді. Кешегі жуас, ұялшақ, есеңгіреген Ақбілек, білім жолында өткен бес жылдан кейін өнерлі жастардың сапына тұрып, "ақсақалдың ғана баласы емес, көптің баласы" дәрежесіне жетеді. Заманында би, атақты бай болған, қулық пен сұмдықты судай сапырып, жалғыз қызы тартқан азапты ата болып түсінбеген, тіршілік нәжісін қара қоңыздай домалатып, ұпайын біреудің көз жасы есебінен түгендеп жүрген әкесі әккі Мамырбайға да: "Әке-ау, заман оқығандікі ғой, " - дейді байыппен. Ақбілек еш уақытта өзі шеккен азапты ешкімнен көрмейді. Тағдырдың маңдайына жазған жазуы санайды. Елді қасқыр тигендей бөрліктіріп, қыздардың намысын төгіп, жұрттың қанын мойнына жүктеген Мұқашқа да ол кек сақтамайды, оны аңдыған дұшпаны Матайдың Әбені екі ұрысын жіберіп, ізім-қайым еткенде Ақбілек жаны жаћанамда жатқан адамды ғайбаттамайды. "Елдің қарғысын көп алып еді", - дейді жайбарақат қана. Ізгі ниетті, байыпты, өжет те өр, қайсар Ақбілектің өмірінің бастапқы жағы аязды, бұрқасынды келгенімен, соңы жаймашуақ көктемге ұласады. Өйткені зұлымдық қанша өрекпігенмен, ізгілік неғұрлым табанды¬лықпен күрескен сайын қылышының жүзі майырыла бермек. Ақыры, әсем де аңылды, қайсар Ақбілек көрген қорлығы бір күнгідей болмай, барша мұратына жетеді. Романының финалында: "Марқакөлдің жиегінде Мамырбайдың Ақбілегі, жас Балташтың сүйген жары Ескендірін құшып, сүйіп, бала болып, ана болып, көп әйелден дана болып, кеудесіне бағы сыймай, кемерінен аса шыпылдайды, " - деп, кейіпкермен бірге жаны жай тапқандай, қоңыр әуенді күймен романын аяқтайды автор.
Мұнда әрқилы мінез-әрекеттерімен көрінетін адамдар образы жасалған. Пәленің басы Мұқаш жасы 35-ке келгенше "аузы асқа, ауы атқа жарымаған", ес білгелі есікте жүрген кедей жігіт. Еті тірі, байларда кеткен кегі бар. Абай айтпақшы, "заманға жаман күйлемегі" осы Мұқашқа қаратып айтылғандай. Кеше қозы, қой бағып, жылқы бағып, қарны тойып, иініне бүтін киім тигенін бақыт санаған жалшыға, кедейлерге еркіндік тигенде, ел қатарлы еңбек етіп, тек жүруге көңілі онша көншімей желігіп билікке таласады. Байлыққа құнығып, мансапқа таласқанда адамшылық, имандылық, нысап, тауфих болмасы анық. Олар өлермен, қаніпезер, ожар, омыраулы келмек. Бір ішің жылитыны, Мұқаш өзінің ондай адам екенін ешкімнен жасырмайды. Елдің өзінен асқан жауыз дұшпаны, арам сүт емген арамза ұлы болуы мүмкін еместігін мойындап, үйіне шаршап-шалдығып жеткенде, өлгенде көрген Медеуін сағынып, ындыны құрып тұрғанда да "күнәға батпаған, періштедей сәбиіне жаман қолын, арам демін, арам ернін тигізуге батылы бармайды".
Жүсіпбектің "Ақбілектегі" ең басты табысы сол, ол реализм талабынан шығады. Кейіпкерлерді бірыңғай жағымды, не бірыңғай жағымсыз етіп бейнелейтін дүбәрә тәсілден саналы түрде бой тартқан. Мұқаш образынан бірде жиреніп, бірде көңіліңнің тоңы жіби бастайтыны соның әсерінен. Бізше, Мұқаш - ескі ауылда тәрбие алған, ескі көзқарастың адамы. Алысқанын жер етпейінше көңілі көншімейтін, ол жолда ештеңеден тайынбайтын дүлейлік ортасынан шыққан. Не нәрсеге ұмтылмасын өзін ол басқамен емес, төңірегіндегілермен өлшеп, солар¬дан төменгі орынға шегінгісі келмейді. Заман адамы, заман сырына қанық. Болыстыққа таласуында да сол көне үрдіс ыңғайына жығылады: "Орыспен де, қазақпен де сөйлесе кетем... Адам болған, ел билегендердің менен түк артық жері жоқ. Олар білген өтірік, өсек, ұрлық, қарлық, қулық-сұмдықты мен де білем... Жалғыз кемдігім: қағаз танымайтыным ғой. Мендейлер толып жатыр ғой. Әттең дүние! Қолым хат білсе, Күршім өзенін теріс ағызар ма едім, әлде қайтер ем..." Демек, ол хат танымайтынын мін санамайды. Бар арманы қалтаға мөрін салып, атқа міну ғана. Ел басқаруда білім, тәжірибе, парасат қажеттігін ол мойындағысы келмейді. Ал алған бетінен қайтармақшы болып ақыл қосқан, не қарсы тұрғандарды ол ата жауы санаған. Ақбілекке тырнағы бататыны сол "айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылатынының" кері. Мұқаш трагедиясы дұшпанына қолы батпай, әлсізге әлімжеттік жасауының салдарынан.
Бекболат та өз бақыты үшін күресе алмайтын ынжық, көрбалалау, көне ауылдың перзенті. Сүю мен қалың малын төлеп әйел алудың ара жігін ажырата алмайтын тәуекелі аздау жігіт. Асылды ардақтап, қолдан шығарып алмаудың қамын жеп, қан жұтатын ерлік оған қонбаған. Елдің сөзі, ру арасындағы талас, қыз әкесінің қитұрқы ісі Бекболаттың бойындағы жалынды су сепкендей басып, өзін ұнатқан қызға опасыздық жасайды. Кейіннен білімді жігітке тұрмысқа шығып, қаладан тәрбие алып, аққудың көгілдіріндей құлпырған Ақбілекті көргенде, "бұйығылау, келте мұрын, қара торы келіншегіне" жирене қарап, өкініш оты ішіне түсіп, тілін тістейді. Ақбілекке "ғашығы" Бекболат "сақал-мұрты көбейіп, бет-аузы да әжімденіп бойы да аласарып, қораш боп қалғандай" көрінеді. Бекболат, асылы, ескі ауылдың, көне салт пен сананың, тар түсініктің адамы есепті тілін тістеген бейбақ.
Пайғамбар жасына жеткенімен, бар пәленің көмбесі - Мамырбай бай. Ақбілек - арлы, әдепті, иманына берік қыз. Ойламаған жерден ауылға келген зауалдан елдің ұйпа-тұйпасы шығады. Мамырбай да, төрт көздері түгел отырып, аш қасқырдай жаланған ақтардың қолында кеткен Ақбілекті құтқарып алуға жүректері дауаламай, қанға батқан ауылды арашалауға бас болар бір еркек тәуекелді табылмаған. Баласы үшін отқа түсіп, оққа қарсы ұмтылар әкенің де әуселесі білініп қалады, жапалақтай жабыққа тығылып, қара басын қорғаудың қамынан артылмаған. Балапанын құтқармақ боп, шырылдап аттың шаужайына жармасқан ана байқұс оққа ұшады.
Болары болып, ажалдан аман қалғанын олжаға санап, тұрымтайдың тырнағында ұйпаланған балапан, үйіне құр сүлдері жеткен шақта, қызын әумесер Мамырбай қызойнақтан келгендей, кірпідей жиырылып қарсы алады. Әкенің қалжасы анадай болған соң, мұрнын тескен тайлақтай әңгүдік шалды еркіне бағындырып алған тоқалы Өрік Ақбілекті қырына алады. Ол бейшара отырса опақ, тұрса сопақ. Қорлығы мен қорлауы есеңгіреткен, өткен күннің елесіне таланған бейшараны өгей шешенің өктемдігінен сақтап, перзентінің қас-қабағына қарар, күйзелулі күйден арылтар әкенің ірі мінездері қажетті. Амал не, Мамырбай ондай әке емес, айдаһар, қорқау, мейірімсіз, намыссыз, көркөкірек адамдардың санатынан. Өйткені, құдайдан қорқып, үйіне ұя салған қарлығашқа да бір бұрышынан орын беріп, балапанын ұшырғанша төзетін мырзакөңіл қаймана қазақ құрлы, еркінен тыс тағдыр жазуымен қасіретке ұшыраған қызын паналата алмаған әке, сол көзге сүйел боп шыққан қызы араға бес жыл салып, оқымысты әйел болып, лауазымы үлкен күйеу баласымен үйіне келгенде, қысылып-қымтырылмай, қызының жүзіне тіке қарауға батылы жетеді. Жүсіпбек Мамырбай образы арқылы тоқшылық, мамыражай тірлікте күпсініп, жалын күдірейткенімен, сын сағатта сыр білдіріп алатын жабылардың табиғатына назар аудартады. Ондай әкелер адамдар қоғамның құты емес, аздырып-тоздыратын жұты. Парасат жоқ жерде, парық жоқ жерде қатігездік, азғындық, зұлымдық өсіп-өнбек.
Романда Балташ әділ, сергек, іскер, адамгершілік қасиеті жоғары, жаңа заман адамына лайық мінез-әрекеттерге жақын жүргенімен, Ақбілекті қолға түсірудің амал-әрекетіне келгенде, көңіліңді түсірер келеңсіздігі де ұшырасып қалады. Қызға кім сөз айтпайды? Десе де, Ақбілекке ғашық болған Ақбаланың күнделігін ұрлап алып, оның сыртынан қызға ғайбат сөз айтатын азаматтан, тұрлаулы кісі, опалы жар, үлкен істің ұйытқысы шығады-ау деп үміттену қиын. Жазушы, бізше, Балташ образын жеріне жеткізе иін қандырмағандай көрінеді. Ақбала бейнесі де күңгірт. Кейіпкерлер сөзі арқылы ғана образдық сұлбасы жасалынған.
Романдағы ең илеуі қанған, келісті шыққан бейне Ақбілектің жеңгесі - Ұрқия. Ағайын туғанға үйірсек, үйде маңғаз, қылықты, алды кең, инабатты, қолы ашық, адамның жайын қас-қабағынан аңғаратын сезімтал, сырлы сезімді, сымбатты. "Қытымыр да құнтақты" Өрік ағайынды аздырып, дұшпанын көбейтсе, бұл - шалқайғанды иіп, жатты жақыны ететін жайсаң әйел. Бақытсыздыққа ұшырап, "Қарамұрттан" туған бала жас қызға қол байлау болып, өмірін қорлықпен өксітіп өткіздірмеу үшін пұшпағы қанамаған әйел, құданың құдіретімен аяқ астынан "жүкті болып", айы-күніне жеткенде торсық шеке ұл табады. Әйелден дархан, данышпан, айлалы халық жоқ қой. Ымы-жымы бір, жанындай жақын "шырайлы-сына" да білдірмей дүниеге әкелген сәбиі Ақбілектен туған Ескендір еді. Кейіннен қайын сіңлісі аузына өз қолы еркін жетіп, ешкімге тәуелсіз болған шақта, ана мен баланы жатырқатпай, өзіне қайырады. Жетімге пана, қасіретке шипа, тарыққанға - ырыздық, тосылғанға - даңғыл Ұрқия осындай ана, асыл жан. "Ақбілекте" эпизодтық кейіпкерлер ескі беделін сүйеніш қылып, түймедейді түйедей етіп жүрген Доға, жылпос Жорғабектер жаңа өмір толқынында су бетінде қалқып жүрген жаңқалар тәрізді. Ескі ауылда көненің жақсылығын алмай, жексұрындығын көбірек қамтыған Мамырбайдың тоқалы Өрік пен Мұқаштың әйелі Алтынай пендешіліктің отымен кіріп, күлімен шыққандар. Күні туғанда өнер, білім қуудың орнына бір күнгі қызыққа салынып кеткен Ажар мен Кәмила тағдыры да тағылымды. Романда табиғат суреті, өмірлік детальдар адам характерін ашудың таптырмас құралына айналған. Адам жанының көп қалтарысын жазатын монологтың мүмкіндігін Жүсіпбек "Акбілекте" мол қолданған. Бекболат, ақ офицері, Мұқаштың кім екендігі, олардың мақсаты мен мүддесі, дүниетанымы, адамдарға түрліше қатынасы, айла-амалы түгелдей олардың монологтарынан әйгілі болады.
Ақбілектің жаңа өмірге бейімделіп, махаббатқа биік талаппен, салқын санамен үңілуі, қоғам туралы түсінігі, адам бақыты туралы философиялық көзқарасы Кәмила мен екеуінің диалогы тұрғысында өрілуі, Ақбала-Ақбілек-Балташ арасындағы қатынасты тереңірек зерделеп, танып-білуге жазушының күнделік үлгісін шебер пайдалануы да септігін тигізген. Демек, қазақ прозасының кемелдену сатысы кімнен, қалай басталды деген сауалға ден қойдырады.
Ақ өлең үлгісімен жазылған "Күнікейдің жазығы" повесі - Аймауытовтың төңкеріске дейінгі қазақ өміріндегі әлеуметтік теңсіздікті, таптық көзқарасын айқындайтын туынды.
Характері жан-жақты ашылатын Күнікей Шәмші тәрізді байдың қызы болса, айттырған Тұяқтан безіп, етегінен ұстаған Баймені мұны "бала көтермедің, аурусың" деп қаңғытып тастап кетпес еді. Ескі ата салты қосқанымен, табиғаты қоспайтын Тұяқтан безген мұңлы бойжеткеннің оны даланың шынары санап қол созған іңкәрлігін Баймен сал жеңіл түсініп, жеңіл қарым-қатынаспен жер соқтырады. Қыз жолы қандай жіңішке?... Арманы қиырды шалғанымен, адымы қысқа. Қорқау, жұлмыр, түлкі заманның жігітінің де сырты сыпайы, іші - түтін. Обал, сауап, тазалық, махаббат жөнінде суырыла сөйлей отырып, өзінің бір сәттік "пайдасы" үшін қасиеттіні ластап кетуге шімірікпейді. Күнікей - әрі өзінің таза сезімінің, әрі қаскөй заманның әлеуметтік теңсіздігінің құрбаны болған бақытсыз қыз.
Жазушы Күнікей басынан кешкен жайларды ретроспективті /шегініс/ тәсілмен баяндап, оның жастың шақ, бойжетіп тұрмыс құруы, бақытсыздықтың тұзағына түсуі - бәр-бәрін кейіпкердің аузымен баяндау арқылы заман сырына, мораліне, еңбексіз, харакетсіз күн кешкен азып-тозған қоғамдық салтқа, тұралататын қайыршылық тұрмысқа бойлатады. Кейіннен кедейлердің не себепті өздерін өздері қанап-езіп, қорлап келген байлардан жерініп, олар арқа сүйеген қоғаммен кескілескен күреске шығатынының бұлтартпас себептері пісіп-жетіліп, осы "Күнікейдің жазығында" тұнып тұр. Повестің тілі Жүсіпбек ізденісінің тағы бір қырын көлденең тартады, романда қазақ халқының көне дәстүрі, салт-санасы, әдет-ғүрпына, жастық күйлеріне қатысты этнографиялық, экзотикалық материалдар да өте мол.
Аймауытов бұлардан басқа проза жанрында "Бетім-ау, құдағи ғой", "Елес", "Әнші", "Боранды болжағыш әулие", "Хандылар тарихы" атты ұсақ әңгімелер де жазған, оларда уақыт тынысы, адамдардың алуан түрлі әрекеті, сезім күйлері, күресі мен күрсінісі, тұрмыстық суреттері кең қамтылған.
Ол шығармашылық жолын әу баста ақындықтан бастапты. 13 жасынан өлеңге құмарлығы артқанын өз қолымен жазып қалдырған өмірбаянынан оқимыз. Тіленші шалға есік ашпай қойған сараң кемпірді, көшкенде байталға мінбей, әкесін кейіткен қызды, болыс болмақ ниетпен елге шәйін үлестіріп, жұртқа күлкі болған алаңғасар адамның трагикомедиялық халін, т.б. өлеңге айналдырып, қойын дәптеріне түсіріп отырған. Жүсіпбек өлеңді де өндіре жазыпты. Бірақ өзін ақындықтан гөрі жазушылық өнерде күшін басымырақ сезінгендіктен, көзі тірісінде өлеңдерін жинап, басын біріктіруді ескермеген. Бізге жеткен өлеңдері: "Сарыарқаның сәлемі", "Ах-ха-хау", "Көшу", "Ұршығым", "Жәмила", "Әскер марсельезасы", "Тұңғиық түпсіз астында", "Ленинге" және "Нұр күй" поэмасы. Оның поэтикалың туындыларында ескі қазақ тұрмысындағы қилы-қилы өмір көріністері, ондағы алуан түрлі әлеуметтік топтардың көңіл-ауаны, әрекеттері реалистік бояуымен көрінген. Жоқшылық ызғары сүйек-сүйегін сырқыратқан адамның мұңы, қасіреті /"Ұршық"/, теңіне бармай, қалың малдың құрбандығына "шалынған" /"Жәмила"/ қыз зары, "қазақ байыса қатын аладының" кері, ата сақалы аузына шыққан, шашы мен сақалының ағына қарамай, жас қыздарды малға сатып алып, "жас иіске" аңсары ауған шалдың "құтыруы" /"Ах-ха-хау"/ өлтіре шенеледі. "Ленинге" өлеңі дүние жүзі пролетариатының ұлы көсемі Ленин 1924 жылы қаңтарда қайтыс болған қаралы күні жазылған. Бірақ бұл жалаң үгіт, ұран түрінде жазылмаған, философиялық астары терең туынды. Аймауытовтың дүниетанымы кең, бейнелеу құралы өткір де оралымды ақын екендігін аңғаруға мүмкіндік бар.
"Нұр күй" поэмасының сюжеті өмірлік шындықты арқау еткен. Сәбилі болып, қуанышы қойнына сыймай, көңілі тасыған ана, бүлдіршіннің жанары су қараңғы екенін көргенде, қасіреттің қара тұманына тұншығады. Алайда, бала өнерге аса құштар боп, барлық аспапта ойнайтын асқан өнерпаздығымен елді тамсандырады. Кейін орыс дәрігерлері оның көзін емдеп, жанары нұр шашады. Шексіз қуаныш көкірегін кернеген бала "Нүр күйін" шығарады. Абзалы, поэманың түп қазық идеясы: кемтармын деп жасыма, өнер үйреніп, қайғыңды ұмытуға тырыс, адамның қолынан келмейтін керемет жоқ, күндердің күнінде мақсатқа жетіп, мерейленер шақ тумақ, еңсеңді тік ұста. Поэма жастарды өмірді сүюге, талмай күресуге үндейді.
Жүсіпбек мектеп оқушыларын биік рухқа, адамгершілікке, күрескерлікке үндейтін "Жаман тымақ", "Шал мен кемпір", "Көк өгіз", "Үш қыз" тәрізді ертегі әңгімелерді жазып, суретті кітапшаларын шығарып үлгерген. Сондай-ақ, ол тәржімалаған "Интернационал" әнұраны көркемдігі, дәлдігі жағынан басқа аудармалардан анағұрлым жоғары тұрғаны жұртты мойындатқан шындық.
Күресе білген жұрт қана өмір сүреді (Ж. Аймауытов драматургиясы)
Жүсіпбек Аймауытов мұрасының салмақты саласы - оның драматургиясы. "Ескі тәртіппен бала оқыту" /1917/, "Рабиға" /1917/, "Ел қорғаны" /1925/, "Мансапқорлар"/ 1925/, "Қанапия мен Шәрбану" /1926/, "Шернияз"/ 1926/ атты пьесалары бар. Бұл драмалық шығармаларды ол қазақтың сахна өнерін өркендету мақсатымен жазған. Кәсіби режиссерлер мен актерлер жоқ кезде Жүсіпбек өзі драматург, қоюшы режиссер, басты рөлде ойнайтын актер қызметтерін қатар атқарып, бұл жанрдың беделін көтеруге өлшеусіз үлес қосқан адам. Бұл жанрда ол Көлбай Төгісов, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезовтермен қоян-қолтық, қанаттас жүріп еңбек еткен. Аймауытов пьесалары заман рухымен үндесіп жатты. Көрермендер одан өз арман-мұңын, қасіреті мен қайғысын, махаббаты мен мұратын, күресі мен жеңісін қайтадан басынан кешті, уақытына бойлауға мүмкіндік тапты. Сондықтан оның пьесалары тасқа басылмай тұрып-ақ, қолжазба күйінде сахнада қызу өмірін бастап жатты. Алғашқы драмалары Семей мұғалімдер семинариясының студенті кезінде дүниеге келіп, өнерлі жастың болашағы зорлығына ешкімді шүбәландырмады. "Ескі тәртіппен бала оқыту" пьесасы білімге, өнерге құлшыну, надандықтан арылуда мектепті түбегейлі өзгерту мәселесін батыл қоя білуімен құнды. "Рәбиға" атты бір перделі туындысында жас қыз Рәбиға бата бұзудан, ата-ана қарғысынан қорқып, мал беріп, айттырып қойған Байділдә қойшыға қосақталады. Есіл-дерті малда, тұрмыс есеңгіретіп жіберген қойшы байқұс, жүрегі ыстық, көкірегі сезімтал Рәбиғаны өзінен шапшаң түңілдіріп, жирендіріп алған. Теңдік жоқ жерде, сүйіспеншілік жоқ жерде шаңырақ шайқалмай тұрмайды. Байділдә ісіне тындырымды, момын шаруа саналғанымен, әйеліне де малға сатып алған күңінше қарап, қолына қонған қамар бұлбұлын үркітіп алуымен тынады. Рәбиға күресе жүріп, меңіреу, қапас тірлікті жеңіп, бас бостандығын алады.
"Ел қорғаны" пьесасы - әлеуметтік тереңдігімен, өмірлік тартыстардың шынайы да шымырлығымен тәнті ететін дүние. Азамат соғысы жылдарындағы қамсыз, қарусыз жұртты ақтар қырып-жойып, талап, бүлдіріп, "арамдап, аяққа басып" кетіп жатыр... Аумалы-төкпелі заманның дегеніне көніп, ашынған аңның аузында, шүйілген жыртқыштың тырнағында кете беру керек пе? Ел қорғаны боларлық қауқар қазақтан табыла ма? Аймауытов пьесасында осы жүректі шабақтайтын уытты мәселені батыл қояды. Оқыған, Командир деп шартты түрде аталатын тәуекелі берік, аптал азаматтар қазақ қайратқа мінсе, оңай олжаға айналмайтын жаужүрек халық екендігін істерімен дәлелдеп шығады. Әрине, кейіпкер сөзінде, түсінігінде жазушының ойы, түсінігі, идеясы, көзқарасы жатады. Оқығаны сілтідей тынған жұртқа заман туралы, өкімет саясаты жөнінде шешіле келе: "...біздің көздегеніміз - байлардың автономиясы емес, елді кедейге билететін автономия алмақпыз. "Алашорданың" басындағы бұрын патшаға қызмет қылған төрелер, ақсүйектер, ескі оқығандар болатын. Олар саясат білмеді, төңкерістің бағытын болжай алмады, олар адасты. Адасқандарын кейбіреулері жаңа білді. Енді бізге қосылып жатқандары бар. Ахмет Байтұрсыновты естулеріңіз бар шығар?" - дейді. Алаштың басында тұрғандар патша өкіметі тұсында оқып, өмір сүрсе, күнін көру үшін неге қызмет істемеске? Ескі оқығандардай әлеуметтік топтан шыққанына қарап бағаланбай, халыққа сіңірген еңбегімен бағаланбақ емес пе? Олар саясатты білмедіге санау - ұшқары пікір. Нағыз саясатты солар білсін.... "Балшабизмнің" болашағын да жіті аңғарады. Бірақ күш қосқан, ақыл қосқандарының табансыз, жігерсіздігі, ұшқалақ ойы, өктем әрекеті ойға алған кең масштабты істің ойранын шығарады. Әліби Жанкелдин, Ахмет Байтұрсынов Лениннің қабылдауында болып, алашордалықтарды ақтап алуына осындай көрегендік бары талассыз ғой. Бұл - бүгінгі анықталған ақиқат биігінен айтылып отырған сөз. Ж.Аймауытовтар заман пиғылына қарай кейіпкер аузына әлгіндей сөз салмасқа лажы да жоқты. Шындығында, Ә.Бөкейханов, Жаһанша, Халел Досмұхамедовтер, Мұстафа Шоқай, А.Байтұрсынов, М.Тынышбаев, М.Дулатов, т.б. зиялы азаматтарымыз адасқан жоқ, уақытқа бейімделді, дүниенің бәрін тып-тыйпыл қылып, аузын арандай ашқан айдаћардың жолында көлденең жату - көкбет өлермендік; қарадай құрбан болу - халықтың көксеген арманын жерге қарадай көмумен бір есеп. Оған олардың ары жетпеді.
"Ел қорғаны" пьесасының астарында бүгінгілер де, келешек ұрпақ та ақыл-оймен бойлап, түйіндейтін көк-түйін жұмбақтар жеткілікті.
Шекспир трагедияларындағы адам образын жасау, уақыт шындығын кестелеу, оқиғаларды типтендіру, өлмес идеялардың, тартыстардың ширығар көзін табу, оны көркемдікпен бейнелеу тәсілдерін Жүсіпбек "Мансапқорлар" драмасында еркін пайдаланған. Пьесаның басты кейіпкері 55 жастағы болыс Қасқырбай - нағыз көкжалдың өзі. Мансап биігіне дәулеттің күшімен көтерілген алпауыт. Дүние шіркінді шыр айналдырып, жақсысы мен бар қызығын қамтып қалуға араны ашылған ашқарақ байқұсты тағдыр бір шикі өкпеден қысады. Уылжыған жап-жас әйелі бала көтермейді. Қасқырбай болыстың жыланның аяғын көрген жылпос інісі, тілмаш, жас оқыған Мүсілім ағасын орнынан тайдыру үшін жанынан безгендерден топ құрып, партиягерлік ұйымдастырып, үстінен арызды қардай боратып, ояздың аузын алады. Бірақ сезікті шаруаны бастауға сәті келіңкіремей жүргенде, сақасы алшысынан түседі. Қасқырбайдың шайтаны басылмаған тоқалы Күләнда "ғашықтық отына күйген" қайнысының өтінішімен күйеуінің ақысын аңдып, оңашада у беріп қатырады. Ағасын өлтіртіп, жеңгесін ластап, ояздың аузын ақ маймен тығындап, елді тақырға отырғызып барып Мүсілімнің болыстыққа қолы жетеді. Драматург осы пьеса оқиғалары негізінде досың қулар мен сұмдар болмасын, бауырыңа тартқан жақының жаныңды алар ажалың, қосылған қосағың беті жылтырап, іші қалтырап тұрмасын, аз ғұмырыңды ажалыңнан бұрын жалмап, не азаппен өткіземін демесең, аздыратын әзәзілдеріңді бойыңа дарытпауды мәслихат еткен. "Біреуге ор қазба, қазсаң тереңірек қаз, өзің түскенге жақсы". Қасқырбай трагедиясы соған меңзейді.
Драмалық тартысы өткір, характер жасаудағы драматург ізденістерін байқататын сүбелі шығармасы - "Қанапия мен Шәрбану" пьесасы. Бір-бірін сүйген екі жас Қанапия мен Шәрбану тағдырларын қосуға ескі салттың үрдісі бөгет боп, көлденең тартылады. Оның үстіне 1916 жылғы шілде айындағы қара жұмысқа қазақтан солдат алу жөніндегі патша жарлығы кезінде туған тосын оқиғалар қос асықтың тәтті арманын ащы запыранға айналдырады. Жарлы Исатай жалғыз баласы Ынтықбайды солдаттан аман алып қалу мақсатымен әлпештеп отырған қызы Шәрбануды қолының қысқалығынан Сазанбай байға қосып, соның шарапаты тиюінен дәме қылады. Аздаған мал-мүлкін баласының жолына шашып-төгіп, қызын байға тоқалдыққа бергенімен, әлеуметтік теңсіздік сорлы кедейді құтқара алмайды. Жалғыз баласы қара жұмысқа алынып, Шәрбану Сансызбай мен көкдолы, қытымыр бәйбіше Қалипаның тозағына тап болады. Сүйген жігіті Қанапия солдаттан оралып, диуана кейпінде байдың үйіне келіп, ретін тауып тордағы тотысын қапастан құтқарып, милицияның көмегімен бастарына бостандық алады. Бұл, әрине, кездейсоқтық емес, жалшы өкіметі кедейлерге еркіндік берген, соларды қорғаған заманның шарапаты. Сазанбай баяғы дәуірі басында тұрса, өзіне "қорлығы" өткен пақыр жігіт пен асау да "күнәһар" тоқалын жазалаудың небір құлақ естімес түрін ойлап табарына сөз бар ма? Уақыттың қас-қабағынан жүрегі шайлыққан шонжар, бостандығын алып, уысынан шығып кеткен жастардан "кешірім" сұрап, ширыққан тартыс шешімін табады. Адам характері сол аумалы-төкпелі заман аясында бар сымбат-ажарымен, боямасыз-қоспасыз өзіне тән табиғатымен көрініс берген.
Жүсіпбек бұқарашыл жазушы болғанымен, қазақты тапңа жіктеп, кедей мен байдың арасына ала баған тартпаған. Ұлттың намысты жоғары қойған, оған, әрине, сол кезде қазақтың зиялы қауымын толғандырған саясаттың ықпалы тимеді деу де қисынсыз. Патша отаршылдығы, ақтар мен большевиктердің қиян-кескі атыс-шабысынан, талауы мен қорлауынан азап шеккен жұртын енді бай, кедейге жіктеп, өзара қырқыстырмай, ауызбірлікті сақтап, елдің бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы ортақ күреске жұмылдырудың ниеті болғанын теріске шығармаймыз. Ел болған соң, қосақ арасында кімдер жүрмейді, бір күнгі билікке қолы жеткенге тыюсыз кеткен әперба¬қан болыс, өткенін көксеген тоқалқұмар бай халық тезінен қайда барады, ойымыздағыдай боп заман оңалса, жақсының қолына өкімет тізгіні тигеннен кейін бәрі емделеді деген драматургтің ұлтжанды, халықшыл идеясы жеңген.
Жүсіпбекше айтсақ, жақсы заман, әділетті қоғам өз-өзінен қалыпты жолмен орнай қалмайды. Заман, уақыт, кеңістік сонда ғұмыр кешіп, әрекеттеніп жүрген азаматтарға ықпал етері сөзсіз. Дәуірден адамын, адамнан дәуірін бөліп алу мүмкін емес... Онда жазушы жасандылыққа ұрынбақ. Қазақтың ұлттық зиялы қауымының қалыптасу тарихы онша ұзақ та емес. Төңкеріске дейін Батыс Еуропа, Ресейдің ірі қалаларынан еуропалық білім мен тәрбие алған саусақпен санарлық оқығандар және орыс-қазақ мектептері, медресе, оқытушылар семинариясын тауысқандар болғанын білеміз. Жүсіпбек "Шернияз" пьесасында соңғы аталған оқу орнынан ұшқан ұлттық зиялылар өкілін арқау еткен. Өмірі мен әрекеті, жастық қызық-шыжығы, күрес әдісі де нақты өз болмысына тән орайластырылған. Қалада тәрбие алған оқыған азамат Шернияз ақын бар ізгілік, тазалық, әділдік, мырзалық, пәктік, сұлулық сахарада деп көңілі тоғайып жүретін. Жастық аңғырттықпен, бірбет асаулықпен қызметке кіріскенде, тіршілік шырғалаң-шиыры толқын үстіндегі жаңқадай қақпақыл қақтырып жағаға лақтырып тастайды. Ағасы Алшағырдың көңілін жықпаймын деп істеген заңсыз бір ісі ағайын, ру мен ру, жүз бен жүз, ауыл арасындағы дау-дамай, бітіспейтін керісті ушықтырып, піспеген басты тығырыққа тіреп, жас жігітті қызметінен кетуге мәжбүр етеді. Бұлай бұрсаң, арба сынады, бұлай тартсаң өгіз өледі. Ел арасы бүлініп, арты өртке айналуға аз-ақ қалғанда, "бұзылған елден" безіп, қалаға барып жан шақырады. Ауылдан ағайынның жікшілдік, партиягерлік мінезінен зәрезап боп шошынып, ширыққан Шерниязды драматург:
Нәрестедей таза жанды
Ел бар ғой деп ойлаушы ем.
Дос та, жар да, махаббат та
Елде ғой деп барлаушы ем...
Жүрегім елді кездірді
Бұзылған елден бездірді, -
деп толғандырады. Ақынжанды, кінәмшіл, шыншыл, елдің бәрін өз бойымен өлшейтін алғыр жігіт ауылдан безгенде, бәрін тәрк етуден де тайынбайды. Түн қатып жүріп, таңдап, тілінен бал жаласқан Раушаннан да үйлене салысымен газетті тауып бермегеніне шала бүлініп, қараңғы, сауатсыз, "шошқа" деп тіл тигізіп, қағынан жеріген құландай айнып, "досты да, жарды да, махаббатты да" қаладан таппақ ниетке бекінеді. Бірақ онда да оған құшағын ашып, пейіш төрін тосып тұрған ешкім табылмайды. Досы - баяғы ауылда Қарлығаштың әйелі Жаңылтайды күнәға итеріп, араларын өзі септестіретін Базарбай. Сыры, жымы бір болғанымен, Шерниязды "ақынсыған бір тантық, желеңдеген бір бәдік" деп, оған қойнына тасын жасырып, атарға оғы жоқ жаман досы еді. Осы Базарбай қалаға келген соң да Шернияз бен араларында қыл өтіспестей "достығын" жалғастырады. Гимназияны бітірген қала қызы Жәмиланы білімді, өнерлі, мәдениетті, ажарлы санап, "диуанамын делқұлы" деп жүріп, әйтеуір қылмыңдаған Жәмилаға Раушанды "анасының ақ сүтімен тастауға ант етіп", қосылады. "Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме" дегендей, опық жейді. Жарым деп құшқаны қаланың іске де, ғылымға да жоқ қуыс кеуде, сұйық жүрісті көк етікті бойжеткені болып шығады. Басқасын кім білсін, әйелі "досы" Базарбайдың ашынасы екенін көзімен көргенде, әр гүлге бір құмартып жүрген жел қуық Шернияз басына тас тиіп, есеңгіреп қалады. Аңсап келген білім ордасы санаған қаласы жынның ойнағы, азып-тозғандардың суық мекеніндей қалтыратады. Бұл дүниенің қызық-шыжығынан баз кешіп, күтуші есті әйел Разия айтпақшы, "жап-жақсы қатынын тастап, есі шыққан сорлы" Шернияз жаңа туған сәбиі Шоқаннан өлідей, опалы махаббаты Раушаннан тірідей айырылып, қаладан да, даладан да қолдау таппай, барар жер, басар тауы қалмай, үміті үзіліп торығады. Жүсіпбек Шерниязды сынап-мінеп, жолсыз қылықтарын әшкерелуден аулақ, қайта оған іш тартады. Елге қорған болатын, ізгілік, бостандық жолында өліспей беріспейтін күреске бастайтын серке, халық қасіретін бойына сіңіретін ер тұлға аспаннан түспейтіні белгілі. Л.Толстой айтпақшы, құлап, жығылып, батпаққа аунап, тауға, тасқа басын соғып, қайта тұрып, қайта азапқа түсіп жүріп, өмірдің ыстық-суығына шынығып барып шыңдалған адамнан енді көп нәрсені күтуге болады. Аймауытов жағымды кейіпкер жасаудың жаттанды, жасанды тәсілінен саналы түрде безіп, шынайы реализм жолынан айнымаған.
Дәулетті үйелменнен шыққан, көне қоғамның қойнауында тәрбиеленіп, арнаулы оқу орындарынан білім алып, жаңа заман рухын мойындаған оқымысты жігіт өз бетімен қызмет етіп, отбасылы болып, екі ұдай жолға түсіп, екі қиырға тартып, екі түрлі көзқарас арасында күресіп, жеңіліп барып, ащы таяқ етіне тигеннен кейін, санасы салқын тартып, азаматтық парызы сілтеген жолына түсуі ақиқат. Жаны нәзік, санасы сергек, жүрегі таза ақынның ояну эволюциясын Жүсіпбек қапысыз ашқан. Азамат соғысы кезіндегі елдің шонжар, болыс-билерінің лаңы, ақсақалдарының бұйрығы, ұрылардың қылмысынан, бақсының, молданың, парақорлардың халыққа тарттырған азабы, қорлығына шыдамай, теңіздей долданып, буырқанған Шернияз:
Ой, кер заман, кер заман,
Талан-тараж қан жылау,
Қабақ қату қансырау.
Азаматы жабылу,
Малы күнде сабылу,
Ұлып жатыр Ұлы жүз?
Қырғын тауып аштықтан,
Ел еңіреп егілу.
Кіші жүзі тұншығып,
Елін әскер жеміру.
Орта жүзі ойсырап,
Сұм Колчактан езілу.
"Сорлатам" деп қазақты
Қазақтың көзі қарықты
Азаматын қырам деп
Атаман Дутов желігу.
Кеше бір туған жарық күн
Көріне түсіп шегіну, -
дейді. Шернияздың бұл монологынан біз іштей өзін-өзі тұншықтырып, кегін, жойқын әрекетін түпке сақтаған жанартаудай аласұрған сәтін аңдаймыз. Ол күллі қазақ шеккен ғазап уытының "дәмін алып отыр". Ұлы жүз аштан қырылып, Кіші жүзді қазақ-орыстар тұншықтырып, Орта жүзді Колчак сұм табанымен таптап, тыпырлатып жатыр, көзіқарықты қазақты атаман Дутов түгел қырып, ұлы Қазан әкелген жарық күнді ақтар мен интервенттер сөндірмек, бақытты тартып алмақ. Міне, дабыл соғылды, күнім туды, жеке бастың сәтсіздігін, шырғалаңын ойлар жай жоқ, топқа қосылып, халқымызды жұтып қоймақ болған айдаһарлар Колчак пен Дутовтың "басын қағып" алғанша арпалысу қажет. Азаттығын, тәуелсіздігін алмаған ел құл болуға ғана жаралған мешел, мешеу ел. Пьесаның финалында өмір өткелінен өтіп, кемдікте, қорлықта жүрген жылаулы еліне қорған болып, жұбатуға белін бекем буған парасат иесі Шерниязды көреміз.
Жүсіпбек Аймауытов осылайша, көйлекшең тумаған, күнәдан да пәк емес, бірақ халқына шын берілген, заман тынысына қанық, елдің жуан ортасынан суырыла шыққан қазақ зиялысының ояну, күреске келу стихиясын нанымды бейнелеген.
"Шернияз" - үлкен қоғамдық, әлеуметтік, моральдық, этикалық, адамгершілік, гуманистік мәселелерді кең арнада қамтыған ақ өлеңмен, публицистикалық стильмен жазылған философиялық драма. Сондықтан да болар, пьесаға жарияланған жабық байқауда "Шернияз" бірінші, ал М.Әуезовтың "Қарагөзі" екінші орын алған. Жүсіпбектің пьесалары тақырып жағынан бірін-бірі толықтырып, дәуірдің тұтас картинасын жасайды. Тартыстары шымыр, кейіпкерлері бірінің образын бірі ажарлап, әрекетін, мінезін айқындап, оқиғадан оқиғаға іріленіп отырады. Драматург кейіпкерлер санын өсіруге ынтықпайды, шақтаулы кейіпкерлерімен шалқар шындықты алдыңа жайып салуға қаламгерлік қажыры еркін жеткен. Артық оқиға, шашау шыққан әрекет, тілдегі олақтық оған жат.
Жүсіпбек Аймауытов - өз өмірінде сан салалы шығармашылық қызмет атқарған адам. Оның әдебиеттің білікті сыншысы ретінде танытқан мақалалары: "Абайдан соңғы ақындар" /1918 жылы М.Әуезовпен бірігіп жазған/, "Мағжанның аңындығы туралы", "Сұңқар жыры", "Әдебиет мәселесі", "Көркем әдебиетті саралау", әлі де оқушылар қолына тие қоймаған театр, музыка, өнер тарихына қатысты жазғандары бар көрінеді. Бұл еңбектерден байқалатын жай, Жүсіпбек өз бетімен қол-көсір білім алған, заманның ең ғұлама адамдарының бірі болғандығы. Әсіресе, ақын Мағжан Жұмабаевтың поэтикалық әлеміне терең бойлап баруы, оның үлгі-өнеге алған мектебін, әр шығармасының өмірге келу тарихын байыппен, парасатпен талдайтын зерделілігі таңқалатын құбылыс. Бұл мақала күні бүгінге дейін мағжантану ғылымының көш басында тұруы содан.
"Көркем әдебиетті саралау" атты мақаласында төңкеріске дейін көр-жерді өлең қылған қожа-молдалардың тірлігін, оның бөтен сөзбен былғанған "шала сауатты поэзиясын" сынай келіп, Жүсіпбек қайткеңде олең өнер болады деген сауалға толымды жауап іздейді. Жазушы шығармашылығын сөз еткеңде, ол өмір сүрген дәуірінен шығармашылығын бөле-жармай, бірлікте қарастыруды мәслихат еткен. "Сұңқар жыры" мақаласында М.Горький шығармашылығы жөнінде қазақ жазушысы өз пайымдауларын ортаға салады. Қазақ оқырмандарын Горькийді тануға жетелеген ойлы да бағалы еңбек.
Ж. Аймауытов - әлемдік әдебиеттің үздік үлгілерінен мол хабардар кісі. Ол оларды оқып, тәлім алып қана қоймай, Н.В.Гогольдің "Бақылаушы" /"Ревизор"/, А.С. Пушкиннің "Тас мейман", "Сараң сері", А.Дюманың "Дәмелі", "Тамилла", Дж.Лондонның "Телегей теңіз", К.Берковичтің "Өрбике", С.Чуйковтың "Тау еліндегі оқиға" шығармаларын майын тамыза қазақшалаған. Сондай-ақ, Аймауытов шығармашылығын зерттеп жүрген ғалымдар оның В.Шекспир, Г.Мопассан, Р.Тагор, М.Горькийден өзін қатты толғандырған дүниелерді көптеп аударғаны жөніндегі мәліметтер барлығын еске салады.
Ол - ұлы Л.Толстой, Абай тәрізді ағартушылық идеяны өмірінің мағынасы санаған адам. Қаншама қоғамдық, жазушылық қызметпен мұрнынан шаншыла шұғылданып жүрсе де, жастарды жаңа рухта тәрбиелеуден сырт қала алмай, оларға бар ғылым саласынан мол білім беруді көксеген жан. Қазақ мектептерінің педагогика, психология, бала тәрбиесі жөнінде оқулықтар мен оқу құралдарына зәрулігін ескеріп, өзі соларды жазуға белсене араласқан. "Тәрбие жетекшісі" /1924/, "Психология" /1924/, "Жан жүйесі және өнер таңдауы" /1926/ атты өз кезінде мінсіз қызмет атқарған кітаптарын шығарады. Өзі жазуға мүмкіндігі жетпеген оқулықтарды аударуға да белсене араласқан. Мұның бәрі Ж.Аймауытовтың жаны нәзік ағартушы, сергек, халықтың талап-тілегіне құлақ асқыш үлкен педагог-ғалым екендігін аңғартады.
Ж. Аймауытов қазақ қоғамы дамуының ең бір күрделі кезінде, төңкерістер дәуірінде аз ғана ғұмыр сүріп, азап пен қуғынды көп көрсе де, мойымай, халқына деген адал пейілінен айнымаған, жан-жақты өнер иесі, сегіз қырлы, бір сырлы дарынды перзенті. Тағдыр жазған келте ғүмырында өлмес рухани мұра қалдырды.
Мақпырұлы С., Сыдықов Т. Қазақ әдебиеті. ІІ бөлім: - Астана: Фолиант, 2007. 284 б.
|