Бал татыған айна сулы Марқакөл!
«Марқакөлдің жиегінде Мамырбайдың Ақбілегі,
ана болып, көп әйелден дана болып...»
/ Ж. Аймауытов /
«Арада бес жыл өтті. Ертіс үлкен өзен. Өре басы Қытайдан келеді. Екі қабағы ызғындай ел. Ызғындай елдің ортасындағы өнер-білімнің, сауда-кәсіптің от арба, от кеменің тоғысатын кіндігі, қара шаңырағы – Семей. Семей - бір губерния елдің миы. Ақыл-ойдың табысы Семейде. Семей – бір губерния елдің жүрегі. Семей бүлкілдесе, бір губерния ел бүлкілдейді.
Ертістің оң қабағында – Семей, солында – Алаш қаласы. Алаш пен Семей арасынан өткенде, Ертіс саулы інгендей талтаяды. Талтайған жерінде арал пайда болады. Аралдың өнбойы сыңсыған орман. Жаз болса, орман жасарады, астына шалғын кілем төсенеді. Арал сәнденеді, арал жанданады. Екі қаланың еті тірі еркек-әйелі қызылды-жасылды киім киіп, түрленіп, қайыққа мініп, сол жеке аралға, көкке шығады. Арал толған ағаш. Ағаш арасы – жол. Жол жиегі – түрлі шөп пен түрлі гүл. Гүл әліпті жасыл жолда иін тіресіп, ерсілі-қарсылы жүріп жатқан жан. Ағаш-ағаштың саясы топ-топ адам. Ол топта пәреміш кәрзеңкелеп, таукеншік самауырынын бықсытқан татар әйелдері де бар, орталарына қымыз қойып, қой сойып, жер ошаққа еттерін асып, шымырлатып жатқан қазақ та бар. Қыз қолтықтаған, гүл терген орыс та бар, арақ ішкен, мас болған, сырнай тартқан, өлең айтқан орыс-татар да бар. Ән-күй де, қызық сый да, сұлу қыз да, бал қымыз да, махаббат та, сыра да, арақ та, карта ойыны да, төбелес те, айқай-ұйқай да, ойын-күлкі де – бәрі содан табылады».
«Қаламгер бас кейіпкердің сіңлісі Камиләның туған өлке табиғатына деген сүйіспеншілігін былайшы сипаттайды: «...- Шіркін-ай! Біздің ауылдың жайлауындағы шалғыны қандай еді! Бұзау көрінбей жатушы еді! Ауыл келіп қонғанда, жұпар иісі мұрынды жарушы еді! Тау аясындағы айдын көлінің айнадай суы қандай еді. Өңшең ұсақ бала шопылдатып, суға шомылып, жұмыртқа іздеп, жылан бас тана теріп кетуші ек. Есіл қызық күндер-ай! Есіл оң жақтағы дәурен-ай! Елім-ай! Жерім-ай! Сағындым-ау, қайтейін...»
Қаншама азапты өмір кешсе де Ақбілек адамдық қасиетін жоғалтқан жоқ. Шығарманың соңын автор былай деп аяқтайды: «Марқакөлдің суы балдай. Марқакөлдің суын ішіп, отын жеген сары қарын, тұтам емшек жануардың бауырынан сүт сорғалап, сүт емес-ау, құт сорғалап көнек-көнек лықылдайды...
Марқакөлдің жиегінде Мамырбайдың Ақбілегі, жас Балташтың сүйген жары Ескендірін құшып, сүйіп, бала болып, ана болып, көп әйелден дана болып, кеудесіне бағы сыймай, кемерінен аса шыпылдайды».
Қолданылған әдебиет:
1. Аймауытов Ж. Ақбілек: роман / - Алматы: Раритет, 2003. - 240 бет.
2. Умарова Г.С. Қазақ әдебиетінің тарихы: оқулық / Умарова Г.С. - Астана : Фолиант, 2007. - 244 б.
3. Қирабаев С. Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері / Қирабаев С. - Алматы : Білім, 1995. - 288 б.
4. Сағынбекұлы Р. «Жүсіпбек»: Жүсіпбек Аймауытұлының өмірі мен қаламгерлік қызметі / Сағынбекұлы Р. - Алматы: Санат, 1997. - 224 б.
5. Аймауытовтың Алтай жеріндегі күндері / А. Жүнісұлы // Абай. - 2009. - N2.- Б.101-104. |