Біз оқырмандарымызды Семей картасынан өзіндік орын алған тұлғалар есімімен таныстыруды жалғастырамыз. Алдағы әңгімеміздің тақырыбы - ХХ ғасыр басындағы отандық тарихтан ерекше орын алған жарқын жұлдыздардың бірі - Жүсіпбек Аймауытов жайында болмақ. Оның есімі 1993 жылы мамыр айында Пролетарская көшесіне берілді.
Жүсіпбек Аймауытов - жазушы, публицист, журналист, қоғам қайраткері, педагог. Ол - әдебиеттің көптеген жанрларында қызмет істей отырып, осы жанрлардың қазақ әдебиетінде орнығуына ерекше еңбек сіңірген, сөйтіп, кеңестік дәуірдегі жаңа әдебиеттің негізін қаласқан топтың алдыңғы легінде болған үлкен талант иесі. Заманның жан-жақты білімді, парасатты ерен тұлғасы, бойына жойқын рухани күш жиып, бергенімнен берерім көп деп шаңқай түсіне жеткен шағында өмірі кілт үзілді. Ол небәрі 42 жаста еді.
Бұның барлығы өткен ғасырдың басында, Баянауыл және Павлодар ауыл шаруашылық семинариясының жас түлегі Қазақстанның ең көрнекті оқу орындарының бірі - Семей мұғалімдерді оқыту семинариясына түскен шақта басталған еді. Ондаған жылдан соң Қайым Мұхамедханов аталған оқу орны Отан мақтанышына айналған тұлғалар тәрбиелегенін атап көрсетеді. Дәл осы кезеңде Ж.Аймауытов жетекші орын алған «Алаш» партиясының көшбасшыларымен алғаш рет жүздесіп, достасты. Кейін халық зиялыларының ашық ой-пікірлері - олардың «ұлтшыл» атануына алып келді. Партияның басты мақсаты - халық ағарту ісін дамытып, жастарды демократиялық бастамаларға тарту.
Жүсіпбек Аймауытов қоғамдық-саяси жұмыспен қатар педагогика ғылымымен айналысып, педагогикалық семинарияда ұстаздық қызмет атқарады, Семей губерниялық ағарту бөлімінің бастығы және Республикалық халық ағарту комиссариатының алқа мүшесі қызметтерін атқарады. Бірақ ең негізгі ісі - шығармашылық болды. Әдебиетшілер бүгінгі күнге дейін оның сөздік қорының орасан байлығына, емін-еркін көсіліп жазып, нақышына келтіріп суреттер жасауына, прозалық шығармаларының образдық тілі мен стиліне таңдануда. Өзге адамдарға бір ғұмырға аз болатын істерді, ол қысқа өмірінде әр салада мол мұра қалдырды. Дегенмен, қаламгер алдында әлі де біршама шығармашылық ойлар, патриоттық идеялар мен ұмтылыстар көп еді. Мұның барлығы 1929 жылға дейін ғана созылды. Ол - халық жауы атанды. Сталиндік қанды қырғынды ұйымдастырушылардың оған басты тағар айыбы да осы. Алаш партиясына кіріп, алаш мемлекетіне қызмет етуі де қара мысықтай алдын кесе берген. Контрреволюциялық ұлтшылдық ұйымымен байланысы бар деген қауесет Аймауытовтың аяғына салынған соңғы болат кісенге айналды. Адал жүріп, адал тұрып адамдықтың ақ жолынан айнымаған жанға да кір жағып, кіріптар еткен, қара пиғылды жендеттер ұйымдастырған жасанды іс 1931 жылы Жүсіпбектің басын жұтып тынады. Оның аты 60 жыл бойы, 1988 жылға дейін бүркеліп келді. 5 жылдан соң оның есімі, дарынды түлектермен елге әйгілі болған мұғалімдер семинариясының жанындағы көшеге берілді.
Умарова Г.С. Қазақ әдебиетінің тарихы: / Умарова Г.С. - Астана: Фолиант, 2007. - 244 б.
Қирабаев С. Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері: / Қирабаев С. - Алматы: Білім, 1995. - 288 б.
|