Туған әдебиетіміз бен мәдениетіміздің бай мерейіне туған санаулы да, аяулы перзенттеріміздің бірі - Жүсіпбек Аймауытов.
Жүсіпбек Аймауытов 1888 жылы бұрынғы Семей облысы, Кереку уезі, Қызылтау болысында (қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданына қарасты Қызылтау өңірінде) кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Жүсіпбектің балалық шағы туған ауылында өтеді. Ол өз ауылында тіл сындырып, ескіше оқып хат таниды. Жүсіпбек 1907 жылы Баянауылдағы орыс мектебіне түсіп, бір жылдай оқиды, бірақ әрі қарай оқуына қаражат тапшылығы кедергі болып, оқуын тоқтата тұрады. Тек 1911 жылы Кереку қаласында жаңадан ашылған 2 кластық орыс-қазақ училищесіне оқуға түсіп, 1914 жылы ойдағыдай аяқтап, сол жылы, яғни 1914-1915 жылғы оқу жылында Семей қаласындағы мұғалімдер семинариясының даярлық класына оқуға түседі. Жүсіпбек семинарияда өте жақсы оқып, ұстаздарының ықылас назарында болады. Ол оқудан босаған жазғы демалыстарында қырға шығып жалданып бала оқытып, келер оқу жылына қаражат жинап қайтып отырған. Осылайша қаражат тапшылығын көре жүріп, Жүсіпбек аталған семинарияны 1918-1919 оқу жылында толық курсын (5 класс) бітіріп, бастауыш училищелерге оқытушы деген куәлік алып, бітіріп шығады. Ж. Аймауытовтың туған жылы архив деректерінде әр түрлі көрсетілген. Біз негізгі документтерге сүйендік.
Жүсіпбек семинарияда оқып жүрген кезінде-ақ қоғамдық, жазушылық қызметтермен айналыса бастаған. Семей қаласында болып тұрған ойын-сауық, әдебиет кештеріне үзбей белсене қатысып, бірде домбыра тартып ән салса, бірде клубтарда қойылып тұратын спектакльдердегі рольдерде ойнаған, тіпті өз жанынан шағын пьесалар жазып, сауық кештерін де қойған екен. Сол кездегі баспасөз деректеріне жүгінер болсақ, Семей қаласында 1917 жылы 17 декабрь күні оқушы жастардың әдебиет кеші болып, онда Жүсіпбектің «Ескі тәртіппен бала оқыту» атты бір перделі комедиясы мен «Рабиға» атты бір перделі драмасы қойылған. Осы екі пьеса қойылымында атақты әнші Әміре Қашаубаев, ұлы жазушы Мұхтар Әуезов рольдерде ойнап, жұртшылық қошаметіне бөленіпті.
Семинарист Жүсіпбек сондай-ақ Қазақстан мен Орта Азия қалаларында қазақ тілінде шығып тұрған газет-журнал жұмыстарына араласып, өзінің алғашқы тырнақалды әңгіме, өлеңдерін, ойлы мақалаларын жазып жариялап тұрды.
1917 жылғы февраль буржуазиялық революциясын Ж. Аймауытов та өзінің мыңдаған отандастары қатарлы шын мәніндегі бостандық төңкерісі деп қабылдады. Патшаның тақтан құлауына қуана отырып: «Тұр, бұқара! Жиыл, кедей! Ұмтыл, жастар!» деген мақала жариялады. («Сарыарқа» газеті, 1917 жыл, 19 июнь).
Ол бұл мақаласында қазақ жастарына: «...Жасыратын қылық жоқ, бостандық, теңдік күштіге, жемқорға келген теңдік емес, бұл өзі қара бұқараға, кедейге келген теңдік, қолы жете алмай жүргендерге берілген бостандық» деп түсінік беріп, алдағы күндерде бостандық, теңдіктен пайдалану, бұл салада қандай жұмыстар істелу керектігін кеңінен баяндайды. Жоғарыда аталған февраль буржуазиялық революциясының шын мәнін жете түсінбеген жас жазушы 1917-1919 жылдар «Алаш» партиясының құрамында болды.
Жүсіпбек Аймауытов 1918 жылы Семей қаласында шыға бастаған «Абай» журналының әдеби жұмысына араласып, кейде оның жауапты шығарушысы бола жүріп, журнал бетінде біраз туындыларын жариялап, жазушылық талантын шыңдай түсті. Жүсіпбектің «Абай» 1918, №1; «Абайдан соңғы ақындар» (Абай, 1918, №5), Мұхтар Әуезовпен бірігіп жазған мақалалары, «Бетім-ау!» «Құдағи ғой» атты әңгімесі (Абай, 1918, №4), «Көшу» атты өлеңі («Абай», 1918, №12) т.б. шығармалары жарияланды. Жазушының бұл алғашқы жиындылары сол дәуірдің өзекті мәселелері турасында ой тербеген, жауап іздестірген автордың арман-мақсаттарын, туған халқына адал қызмет істеуге деген құлшынысын анық аңғартады.
Әдеби творчестволық қызмет пен педагогтік қызметті қатар атқарып жүрген Ж. Аймауытовқа қазақ даласындағы Ұлы Октябрь революциясының тарихи жеңісі зор өзгеріс әкелді, шын бостандық пен теңдіктің не екенін ұқтырды. «Алаш» партиясы заңды түрде таратылғаннан кейін ол бүтіндей совет жағына шығып, ынталы түрде қоғамдық-саяси, әдеби-творчестволық және жемісті педагогикалық қызметін бастады. Ол 1919-1920 жылдарда Семей қаласында ашылған мұғалімдер курсында оқытушы болып істеді. Осында 1920 жылы январьда РКП(б) қатарына өтті. 1922 жылы РКП(б) қатарынан шығып қалды. 1920 жылы Қазақстан Советтерінің құрылтай съезіне делегат болып қатысып, Халық ағарту комиссариатының коллегиясына мүше, Халық ағарту комиссиясының орынбасары және Республика Баспа істері жөніндегі мемлекеттік комитеттің редколлегия мүшесі болып сайланады. Бұл қызметте аз уақыт істеген Жүсіпбек 1921 жылы Семей губерниялық Халық ағарту бөлімінің меңгерушісі, «Қазақ тілі» газетінің редакторы болып тағайындалады. Іскер, жұмысқа қабілетті Ж. Аймауытов бұл қызметте де зор абыройға ие болады. «Қазақ тілі» газетінің шығуына бес жыл толуын той ретінде атап өткен газет алқасы «Қазақ тілінің еңбеккерлері» атты көлемді мақаласында Ж. Аймауытовтың газетке сіңірген ерен еңбегін жоғары бағалап: «...Жүсіпбекті киіз түндікті қазақ елінің көбі білетін шығар. Жүсіпбек өзінің өткір қаламымен қазақ тұрмысының нелер түрлі-түрлі суреттерін түсірген, шебер драмашы (үш-төрт жазушыларымыздың алдыңғыларынан.) Мәннан ағай осы «Қазақ тілін» құрастырып, қаз тұрғызса, содан кем еңбегін сіңірмеген. «Қазақ тілін» жетектеп жүргізіп, ел қатарына қосқан азаматтарымыздың бірі - Жүсіпбек...» деп жазады («Қазақ тілі» газеті, 1924 ж. 5 декабрь). Ол 1922 жылы Семейдегі губерналық Халық ағарту институтына оқытушы болып тағайындалады. Осы кезде, яғни 1922 жылы Торғай уезі қазақтары алапат ашаршылыққа душар болып жатқанды. Елі үшін еңіреп туған Жүсіпбек қол қусырып, газет хабарларын оқып отыра алмайды. Семей қаласында сол кезде қызметте болған біраз қазақ зиялылары - Міржақып Дулатов, Әбікей Сатпаев, Жүсіпбек Аймауытов аштарға жәрдем қолын созып, халықтан азық-түлікке мал жинауды ұйымдастырады. Олар КИРЦИК-тің рұқсатымен Семей губерниясынан аштарға жәрдем үшін екі ай бойы мал жинайды. Жиналған малды Торғай уезінің ашыққан қазақтарына жеткізу Жүсіпбекке тапсырылып, жиналған 2668 сиыр, 1831 жылқы, 264 түйені шағын бақташы топпен Торғай еліне айдап кетеді. Жол бойы көптеген қиыншылықтарды жеңе отырып, түпкілікті мақсатына жетіп, біраз халықты аштықтың шеңгелінен құтқарғандай болады. Жүсіпбектің, осы елеулі іске ат салысқан азаматтар еңбегі кезінде баспасөз арқылы кеңінен жарияланып, халық алғысын алған еді. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа бармады. Кейбір сасықтар мен пасықтар: «Жүсіпбек жиналған малды өзі пайдаланып кетті, дұрыс үлестірмеді» деп заң орындарына домалақ арызды қарша боратты: ақыры РСФСР Жоғарғы сотының Қазақ бөлімі оның үстінен қылмысты іс қозғады. 1924 жылдың 22 май күні басталған сот ісі. 1925 жылы 3 октябрь күні Жүсіпбектен соңғы рет жауап алады. Сот ісі тек 1926 жылдың жазында зорға бітті. Ақ ниет, адал еңбегінің осынша әуре-сарсаңға душар еткеніне қатты күйінген Жүсіпбек соңғы сөзін былайша: «...Мен өз бетіммен ешкімге мал үлестіргем жоқ. Өйткені Торғай елінің бай-кедейін білмеймін, кемесиесіне кірсем де, аштарға жәрдем көрсетсем де, жаным ашығандықтан, аяғандықтан жақсы ниетпен істедім. Пайда, мақтан есімде болған жоқ. Садық деген молданың үйінде болып, бізге бір тоқты сойғанда, отыз-қырық аштар келіп, өтініштерін айтып, жығылып кетіп, талып кетіп, есеңгіреп отырғанда алдымдағы ет тамағымнан өтпеді. Аштарды шақырып алып, бәріне үлестірттім, тағы сондай ауыр әсер берген аштар болды. Сондай аш елді көргенде, бұрынғы істегендерім анық болған соң, тоқ елдің жегені арам екен деген ойлар келді.
Заң тарапынан қарағанда, мүмкін менің қаталарым бар шығар. Азаматтық, адамшылық жүзінен қаралса, бір кісі аштарға жан салып, қызмет көрсетсе, мендей-ақ көрсетер деп шүкіршілік етемін. Мүмкін менің еткен еңбегім себепті ондаған, жүздеген аштар ажалдан қалған болар, қалмады деп Торғай елі айта алмас.
Еңбегім - салауат, ниетім - арам; жүрегім - қара, қазаққа зиянды адам болып табылсам, бұ да бір уақыт шығар, жазаға мойнымды ұсынамын, аштар үшін мен-ақ құрбан болайын. Елімнің заңына көнемін,» - деп толғады.
Ж. Аймауытов жоғарыдағы Торғай сапарынан оралғаннан кейін, Қарқаралы қаласындағы бірінші басқышты мектептің меңгерушісі болып тағайындалып ұстаздық етіп, 1923 жылға дейін қызмет істеді. Ал 1923-1924 жылдары Орынбор қаласындығы Қазақ оқу-ағарту институтында оқытушы болып істесе, 1924-1925 жылдар көлемінде Ташкенттегі Қазақ оқу-ағарту институтында оқытушы және «Ақжол» газетінде қызметкер болып істейді. 1925-1926 жылдары Орынборға қайта қоныс аударып, ондағы әскери мектепте ұстаздық етті. 1926 жылдың соңына қарай Шымкент қаласындағы педтехникумның директоры болып қызмет атқарған. Архивтік деректерде әзірге бұл қызметтен қашан босатылғандығы туралы мәлімет жоқ. Бұл педтехникум Ж. Аймауытовтың соңғы жұмыс орны екені анық. Ол 1929 жылы жалған жаламен репрессияға ұшырап, 1931 жылы мерт болды.
Жүсіпбектің семьясы туралы архив деректерінің бірінде үй ішінің бес жаннан тұратындығы ғана көрсетілген. Жазушының семьясы мен ұрпақтарының тағдырын анықтап білу, іздестіру - келер күндердің ісі.
Әдеби творчестволық қызметін әр түрлі қоғамдық, педагогикалык қызметпен тамаша үйлестіре білген Ж. Аймауытов он шақты жылдың творчестволық өмірінде қаладан-қалаға көшіп-қонып, әр түрлі жауапты әрі күрделі қызметтер атқара жүріп, ат жалы, атан қомында - қуғын-сүргінді бастан кешіре жүріп, әдебиеттің әр жанрында қалам тартып, өндірте жазып, ғылым саласында да зерделі зерттеулер жасаған қаламы қарымды, ойы ұшқыр жазушы болды.
Қазақ совет әдебиетінің қалыптасып, қаз тұруына сүбелі үлес қосқан талантты жазушы қазақ әдебиетіндегі бұрыннан бар тамаша эпикалық дәстүрді шын мәніндегі реалистік дәстүрмен әдемі сабақтастыра отырып, ірі-ірі шығармаларымен туған әдебиетімізді жоғары сатыға көтерді. Солардың ішінде 1926 жылы Қызылорда қаласында кітап болып басылып шыққан «Қартқожа» романы - ерекше көңіл аударатын шығарма. «Қартқожа» романы - XX ғасыр басындағы саяси өзгерістер мен халықтың тұрмыс-тіршілігін кеңінен суреттеген нағыз реалистік көркем туынды.
Жазушының екінші бір көлемді шығармасы - «Акбілек» романы, кезінде 1927-1928 жылдары - «Әйел теңдігі» журналының бірнеше санында жарық көрген. Романның автор қолымен жазылған түпнұсқасы қазірде Қазақ ССР Орталық мемлекеттік архивінде сақтаулы тұр.
«Ақбілек» романы Алтай тауын жайлаған қалың елдің өмірінен алынып жазылған. Романда Ақбілек атты қазақ қызының қиын да, қызықты тағдырын суреттеу арқылы қазақ даласындағы ақгвардияшылардың айуандық әрекеттері әшкереленіп, Алтай өңіріне Совет өкіметінің орнауы, ел тұрмысы суреттелген.
Жазушының бұлардан басқа да прозалық шығармалары бар. Олар «Күнекейдің жазығы», «Томарбай мен қатыны», «Жаңабайдың жанындағы трагедия», «Елес», «Боранды болжағыш әулие», «Қара бақсы» т.б. әңгімелері. Жазушы әңгімелері - ел тұрмысын, заман тынысын дәл танып, шынайы суреттеп, көркем бейнелей алған құнды дүниелер. Олар кезінде мерзімді баспасөз бетінде жиі жарияланып тұрған.
Жазушы творчествосының бір саласы - драматургиялық шығармалары болып табылады. Сонау ертеректе семинария қабырғасынан бастау алған бұл өнерден ол өмір бойы қол үзген жоқ. Оның драматургиялық шығармалары кезінде театр, клуб сахналарында жиі қойылып тұрған, тіпті кейбіреуі кезінде бәйге де алған. 1926 жылы қазақтың ұлт театрының репертуарын жандандыру мақсатымен Білім ордасының жариялаған бәйгесіне түскен 32 пьесаның ішінен Ж. Аймауытовтың «Шернияз» атты пьесасы - Мұхтар Әуезовтың әйгілі «Қарагөз» пьесасынан кейінгі жүлделі екінші орынға ие болыпты. Сол тұста сегіз қырлы өнерпаз Жүсіпбекті ұлт театрына жұмысқа шақырып, баспасөз бетінде хабар жариялаған екен: «Ұлт театрының жұмысын жандандыру қамы үшін Орынбордағы - Қазақстан Орталық кеңес комитеті атындағы әскерлік мектептің оқытушысы - Аймауытов Жүсіпбек шақырылып отыр».
Жүсіпбек - бұрын театр кітаптарын, басқа кітаптарды жазып жүрген азын-аулақ әдебиет қайраткерлерінің бірі («Еңбекші қазақ», 1926 ж. 20 ғинуар, №15) Қазақ өнерінің дамуына жан-тәнімен аянбай еңбек еткен драматургтың қазірде белгілі пьесаларының саны оннан астам: «Ескі тәртіппен бала оқыту», «Рабиға», «Жәбір болыс», «Мансапқорлар», «Ел қорғаны», «Шернияз», «Қанафия - Шарбану» және аударма пьесалары - «Тас мейман», «Сараң сері», «Октябрь» т.б. Бұлардың кейбіреуі әр жылдары кітап болып басылып та шыққан. Жүсіпбек Аймауытов театр өнеріне драмалық шығармалар ұсынып қоюмен шектелмей, үздік пьесаларды сахнаға қоюшы тамаша ре¬жиссер да болыпты. Бұл жөнінде қазақ мәдениетін көп білетін марқұм Әшірбек Бектасов ақсақал өзінің белгілі қоғам қайраткері Ілияс Омаровқа қазақ мәдениеті мен әдебиеті турасында 1964 жылы жазған ұзақ хатында Жүсіпбек Аймауытовқа арнайы тоқталып: «...Аймауытов Жүсіпбектің 1926 жылы Семейдің қатты аязы күндері көп қиыншылықпен театрдың сахнасында Мұхтардың «Қарагөзін» көрсеткені... Марқұм Аймауытов қойған Мұхтардың «Қарагөзін» дәл сондай етіп, ешкім де қоймас. Алматыда қойылған «Қарагөз» Жүсіпбектің «Қарагөзінің» ширегінен де келмейді. Осы екі «Қарагөздің» екеуін де бірдей көрген көзі тірі азғантай адамның бірі менмін. Ойын біткен соң, Шымкенттен әдейі «Қарагөзді» қоюға келген Жүсіпбекті ол замандағы Луначарский атындағы қазақ театр клубының төріне шығарып қойып, шапалақтаған алақандарының даусы менің осы күнге дейін құлағымда сияқты болады да тұрады...» деп толғайды. Әшірбек ақсақал өз хатында ғазиз інісі Ілияс Омаровтан Жүсіпбекті ақтау керектігін, оған қол ұшын беруді өтініп: «...Ол кісіні М. Горький 1924-1925 жылдары қазақ әдебиетінің биік шыңы да депті...» деп үміт арта, жігер бере жазыпты...»
Жүсіпбек Аймауытовтың қаламгершілік қуатын молынан танытқан жемісті еңбектерінің бірі - аударма өнері. Заман талабы, оқырман сұранысына орай, туған әдебиетке үлгі-өрнек іздей жүріп, Жүсіпбек арғысы дүниежүзілік, бергісі орыс әдебиетінен тамаша аудармалар жасады. Ол аударған Мопассан әңгімелері, Рабиндрант Тагордың «Дәмелі» («Тамилла») романы, Кондрат Беркович, Джек Лондон, А.С. Пушкин, Н.В. Гоголь, М. Горький т. б. әйгілі жазушылардың шығармалары қазақ әдебиеті тарихындағы аударма өнерінің жарқын белестері болып саналары ақиқат.
Алғашқы творчестволық қадамын өлеңнен бастаған Жүсіпбек соңына біраз поэзиялық туындылар қалдырды. Оның поэзиялық мұрасы төл туындылары мен аудармалардан тұрады. Жүсіпбек өлеңдері әр жылдарда газет-журналдар, түрлі жыр жинақтарында басылғаны болмаса, жиналып, жеке кітап болып шыққан емес. Ертеректе жарық көрген «Көшу», «Ұршық», «Жәмила», «Ах-ха-ха-хау», «Тұңғиық, түпсіз астында» т.б. өлеңдері елеп, ескеруге тұратын құнды туындылар. Жүсіпбектің пролетариат көсемі В. И. Лениннің қазасына шығарған жоқтау өлеңі - қазақ ленинианасында өзіндік орнын алатын қайталанбас өрнегі бар жыр. Ол дүниежүзі пролетариатының гимні «Интернационалды» бірінші болып ана тілімізге аударды.
Жазушының публицистикалық шығармалары өзінің сан-сала тақырыпты қамтумен, өткірлігімен, ғылымилығымен, молдығымен ерекшеленеді.
Жүсіпбек Аймауытов сан-сала жазушылық, педагогтік жұмыстарымен де шұғылданды. Оның советтік шығыс халықтары арасынан алғаш психология ғылымы саласында көлемді кітаптар жазып, бастырып шығаруы тек жазушы-ғалым мақтанышы ғана емес, бүкіл халқымыз мақтанарлық зор құбылыс, үлкен ғылыми олжа болып саналса керек.
Ғалымның 1926 жылы Қызылорда қаласынан басылып шыққан «Психология» кітабы мен Москвада сол жылы Күншығыс елдерінің баспаханасынан жарық көрген «Жан жүйесі мен өнер таңдау» атты ғылыми кітабы талай ұрпақтың ғылыми сауатын ашып, теориялық һәм практикалық зор міндет атқарды. Ана тіліміздегі психология пәнінің терминдерін қалыптастыруда көшбасшылық, жетекшілік ролі, педагогика саласында да Жүсіпбек ерен білгірлік танытып, өз тәжірибесін ұтымды пайдаланып, «Тәрбиеге жетекші» (1924, Орынбор) оқулық кітабын, ғылыми мәнді мақалаларын жазды. Оның «Әдет заңы» («Сана» 1924, №2-3), «Ана тілін қалай оқыту керек» («Жаңа мектеп» жур. 1925, №2) т.б. мақалалары - күні бүгінге дейін ғылыми дәрежесі жоғары туындылар.
Өз дәуірінің зәру мәселелерінің бірі болып есептелген балалар әдебиетін жасауға да көп күш-жігер жұмсады. Архив деректеріне сүйенсек, 1927 жылы 5 март күні Қазақстан мемлекеттік баспасының кезекті мәжілісінде Ж. Аймауытовтың балаларға арнап жазған төрт бірдей суретті кітапшасы талқыланып, басылуға жолдама алыпты. Олар: «Шал мен кемпір», «Көк өгіз», «Үш қыз», «Жаман тымақ» ертегілері. Кітапшаларға берген жазбаша пікірінде Байтасұлы Абдолла: «Ертегі бір-біріне мазмұн жағынан байланысты болып, оқушылардың жасына, дүние тануына, сана-саңлауына сәйкес жазылған... Ертегілердің тілі әдемі. Сөздің бәрі үлкендікі емес, бірыңғай баланың сөзі» - деп өте жоғары бағалапты.
Жазушының қазақ әдебиеті тарихында атқарған елеулі еңбегінің бірі - әйгілі ақынымыз Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармаларын жинастырып, кейінгі ұрпаққа мәңгілік мұра етіп табыстауы.
Талантының толысып, кемел шағына жеткен тұста, бойындағы барлық мүмкіндігін толық беріп үлгермей мерт болған аяулы қаламгер туралы ақиқат сөз айту, оның асыл мұраларын бүгінгі ұрпаққа таныстырып, табыстау - білетіндердің қай-қайсысының да парызы.
Байғабылов Б. Қайта оралған қаламгер: Талантты жазушы Ж.Аймауытов туралы / Байғабылов Б. // Зауал / құраст. Б.Қойшыбаев.- Алматы, 1991.- 191-198 бет.
|