Жүсіпбек және біз...   









Қаламгер пікір-пайымы бүгінде де өзекті...

"Екі заман шекарасында туған халқының ақылы, ойы, ары, баскөтерері болып, оның қамы үшін, тағдыры мен болашағы үшін бастарын тауға да, тасқа да соғып, ақыры бір кездерде біздің елді жайлаған зорлық-зомбылық дертінің құрбаны болып кеткен арыстарымыздың қатарында Жүсіпбек Аймауытов та бар. Жалпы көпшілік ұмыта бастаған, тек есімдері мен істері бірен-саран көзі ашық зиялылардың ғана есінде қалған тұста, олардың біртіндеп емес, топ-тобымен ел ортасына қайтып оралуы елі мен ерін бөлмейтін азаматтық ойы бар жандарды қалай тебірентпес!"

Серік Қирабаев

Ол азғана өмір сүрді. Сонда да көп нәрсені бастап, руханилық мазмұнының жаңа беттерін аша білді. Тар жол, тайғақ кешуді бастарынан өткізіп, зұлымдық пен зорлык, қасіретін кешкен алып ойшылдар қоғам өміріндегі ескі мен жаңаны, ізденістер мен адасуды, мейірімділік, қайырымдылық пен жексұрын жендеттікті айыра білді. Жақсылық пен адамгершілік жеңсе екен деп армандады. Олар рақымсыз биліктің алдында тізе бүгуден бас тартты, өз дүниетанымында жел қуған қаңбақ, тектес бола алмады, патшалық Ресей, советтік бюрократтық озбырлықтың қияметіне селқос қарай алмады. Қазан төңкерісінің ұрандарын олар қызу қабылдап, ол ұрандардың мазмұнсыз-мәнсіз сипат алғанына қатты қынжылып, өз тұрғысынан шешім табу жолдарын іздеді. Өкінішке орай, олардың оң қызметі теріс баға алып, шен іздеген мансапқорлардың, надан, білімі тайыз атқамінерлердің, жалған революциялық күш иелерінің қолына түсіп, қаза болды.

Күрескер жазушы, ақын, драматург Жүсіпбекті біз қазақ философиялық ойын дамытуға тікелей қатынасқан адам деп бағалай аламыз. Оның шығармашылық мұрасы - философиялық толғауы терең рухани қазынамыз: қазақ болмысы, ұлтаралық қатынастар, дала шаурасының санасы, әйел теңдігі, адамгершілік нормалары, таптық қоғам өмірі, өтпелі кезеңдегі билік нысаны сияқты күрделі теориялық мәселелер көркем әдебиет құралы мен тілі арқылы сөз болды, өзіндік шешім тапты. Ал "Психология" аталатын оқулығы осы күнге шейін маңызын жойған жоқ.

Адам мәселесінің өзегі, Жүсіпбек Аймауытовтың көзқарасы бойынша, мәдениет, оқу-білім, тәрбиеге келіп тіреледі. Бірақ адамда руханилық пен адамгершілік жетіспесе, қандай жетістіктер де рахат пен ләззат әкелмейтінін ол былай көрсеткен: "Бұрын адам хайуан қалпында жүргенде тамаққа таласып, қандай алысып-жұлысса, бұл күнде жетіліп, мәдениетті болған адам да сол халден ұзап шыға алмай отыр. Мәдениеттің ілгері басқышындағы халықтар ғылымның жемісін зорлық, зомбылық, қиянат, озбырлыққа жұмсап отыр".

Қазақ елінің ерекшелігі мен болмысын жете түсінген Жүсіпбек: "Еуропаға еліктей бермей, өз бетімізді, жұртымыздың белгісін көрсеткеннен не кемдік табылады? Қаза тексере берсек, Еуропаның өнеге қылуға жарамайтын жерлері де бар", - дейді. Әрине. Батыс мәдениетін қазақ халқына мүлдем керексіз демейді, оны да игеру керек, бірақ соған беріліп, соның жетегінде кетіп, өз ұлттық нақыштарын жоғалтыл алмауға мегзейді. "Қазақ - мәдениет жөнінде ерте туып, кеш қалған халық. Кенже қалғанымызда, әрине, көп себеп бар: жер, тұрмыс, ғұрып, әдет, надандық (фанатизм), партия, өтірік, мақтан, міне, бізді ілгері бастырмаған осы сияқты себептер", - деп жазды ол.

Ғылым-білімге дұрыс бағыт беретін тәрбие болуы керек. Оқыту, тәрбие беруді кәсіби мамандығы санаған қаламгер өз шығармаларында осы мәселелерге де көп көңіл бөліпті. Жазушының мына сөздерінде көп мән жатыр: "Өнер, ғылым қаражатпен табылады. Өнер, ғылым қаражат табады. Қаражат жан асырайды, халықтың өнерлі болып жетілуіне де байлық керек, - дейді ол. - Жалаңаш кедейге өнер үйрен деу - өгізбен жарысып бәйге ал деген сияқты. Надан болсақ та, бай болайық десек, ғылымсыз байлық баянсыз болмақ, бұлай болған соң, ғылым мен байлық екеуі де керек ғылым білімге қанады. Ғылымсыз білім сыңаржақ ғылым білімді ұлғайтады, ғылымсыз білім тым құрғақ, білімді орнына жұмсау керек. Білімді орнына жұмсайтын не? Ол - тәрбие". Сонымен, білімнің адамзат игілігіне жұмсалуы, жұмсалмауы тәрбиеге байланысты екен. Тәрбиесіз білімді адам сол білімін адамзаттың игілігіне де, сорына да оңды-солды жұмсай беруі мүмкін. Тәрбиелі адам, яғни иманды адам, толық адам ондайға бармақ емес, ол білімін өз орнына, игілікке, адамзаттың гүлденуіне жұмсайды... Міне, осындай-осындай ізгі ойларға жетелейді. Жүсекеңнің кезінде "Тәрбиеге жетекші" (Орынбор, 1926 ж ), "Психология" (Ташкент, 1927 ж.), "Жан жүйесі және өнер таңдау" (Москва, 1929 ж.), "Сабақтың комплексті жүйесінің әдістері" (Қызылорда. 1929 ж.) секілді оқулықтар жазуы тегін емес. Педагогикалық көзқарастары адамға, оны тәрбиелеу мүмкіндігіне деген сенімнен басталады. Өзінің "Тәрбие" деген мақалаларында Жүсіпбек адамның хайуаннан айырмашылығы жайында әңгіме қозғай отырып, адам бойындағы ұнамсыз мінез-құлықтарының барлығы тәрбиенің кемдігінен деп қорытынды жасайды. Оның айтуынша, адам табиғаттың емес, тәрбиенің құлы болуы керек. Адам өміріндегі тәрбиенің рөлін зор бағалаған ол тарихтағы ірі құбылыстардың бәрін тәрбиемен байланыстыра отырып, былай деп жазады: "Алғашқы екі ғасырдай афиняндар мәдениетті, ғылымды күшті жұрт болған, неге? Данышпан Салонның жасаған ережесімен тәрбиеленгендіктен. Рум халқын атақты, күшті қылған кім? Тәрбие. Ескендірді данышпан хакім қылған кім? Аристотельдің тәрбиесі. Неронды залым қылған кім? Философ Сенеканың қате тәрбиесі".

Тәрбиешіге қоғамда өте үлкен маңыз берген жазушы оны дәрігермен ғана салыстырады, тіпті, одан да жоғары қояды: "Адамдық көзбен тереңнен тексерсе, дәрігерден де тәрбиешінің көп болғаны артық. Дәрігер адамның денесін сауықтыратын болса, тәрбиеші адамның ақылын, мінезін, жанын сауықтырады", - дейді. Тәрбие мәселесін мемлекеттік дәрежеге көтеру қажеттігін жете түсініп: "Тәрбиешіге Отанның келешек өмірін тапсыруға болады, себебі, тәрбие нәтижесінде ақылды адам көбейсе - Отанның күзетшісі, қорғаны", - деп атап өтеді.

Болашақ ұрпақты озық жетістіктерге тәрбиелеу, оларға білім беру процесін сол халықтың мінез-құлқы мен тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпын еске ала отырып жүргізудің қажеттігіне Жүсіпбек аса зор көңіл бөледі.

Абайдың көрнекті шәкірттерінің бірі болған Жүсіпбек өзінің туған халқын қатты сүйсе, дәл солай оның кемшіліктерін де көрсетіп, қатаң сынға алып отырды.

Мысалы, "Қазақтың өзгеше мінездері" деген мақаласында өз халқының бұрынғы уақыттарда ұйымшыл, елі жауынгер, биі әділ, намысқор, адамы әрі бітімді, қайратты, сауықшыл, досымен достасып, жауымен жауласуға табанды" болғанын айта отырып, отаршылдық, езгінің әсерінен осы мінездер өзгеріп, "ұрлық, зорлық, өтірік, өсек, алдау, қулық, айдату, байлату, кісі өлтіру, өтірік, мақтану, ынсапсыздық, тұрақсыздық, настық, жалқаулық сияқты жағымсыз қылықтар" көбейгеніне қынжылады, сөйтіп, "ұсақтап келіп, жаужүрек батырларымыздың батырлығы ауыл үйдің малын ұрлауда қалды. Бұрынғы билердің жұрнағы кішкене дөңгелек жер болып қалды", - дейді. Ал енді осы жағымсыз қылықтардан құтылудың ең басты құралы, Жүсіпбектің түсінігі бойынша, тәрбие, оқу, білім.

Ең жаман нәрсе жалқаулық екенін, еш қимыл, әрекет жасамай, еңбектенбей, Алла бере салады деп, қол қусырып отырудың бар екенін сынап, былай дейді: "Қазаққа әлі де бермесең, жақпайсың. Ел еңбекке төселсе, шаруа түрі бірте-бірте өзгерсе, салт-сана да өзгере бермек. "Алладан" емес, "еңбектен" сұрағанның екі бүйірі шығатынына көзі жетпек. Әрқашан жылауық, байбалам, жалыншақ, сұраншақ, жағыншақ, жарамсақ елдің жаны құл болады, ... жоқ болса да, ірі көңіл, сұңқар мінезді бол".

Әрине, автордың бұл көзқарастарында үлкен философиялық маңыз бар. "Жоқ, жоқ," деп жалына бергеннен ешкім босқа ештеңе де әкеліп бермейді. Қазіргі біздің мемлекетіміздің қадамдарын қарасақ та, үлкен билікте отырған ағаларымызда, өз күшімен өтпелі кезең қиыншылықтарын шешудің орнына, себеп іздеп, қол жайып (инвестиция сұрап), шет мемлекеттерге шабуы көп. Сондықтан да бұл тұрғыдағы Аймауытов пікір-пайымы қазір де көкейкесті дейміз.

Жүсіпбек ағаның біздің ұрпақтарға қалдырған бай мұраларымен танысқанда бірден көзге түсетін ерекшелік - автордың адам психологиясын жете әрі терең білуі. Ендеше, оның "Психология" кітабының арқалаған жүгі ауыр. Осы пәннен қазақ тілінде жазылған алғашқы оқулық та сол. «Жүсіпбек Аймауытовтың психологияны зерттеп, көтерген мәселелері - одан басқа қазақ топырағында ешкім де көтермеген мәселе. Осы мәселелердің баяндалуынан қазақтың психолог мамандары қазірдің өзінде айтарлықтай ақау таппайды".

Бұл бағыттағы еңбегін тереңдете түскен "Жан жүйесі және өнер таңдау" деген кітабы оның осы салада ізденістерінің қорытындысы іспетті. Соңғы кездерде ғана Қазақстан қоғамдық, ғылымында орын ала бастаған социологиялық зерттеулер, анкета жүргізу сияқты әдістерді Жүсіпбек сол кездің өзінде-ақ өте шебер қолданған. Ал сарапкер тапқан сарабдал ойлардың бір парасы төмендегідей: "Кісі іштен туғаннан-ақ белгілі бір өнерге, қызметке икем болып туады. Басқаша айтқанда, әр адамда бір нәрсеге талап, ыңғай, қабілет, яки зеректік болуға, біреу мал бағуға, біреу іскерлікке, біреу жазушылыққа, біреу дәрігерлікке, біреу саудаға ыңғайланып жаралады. Кімде-кім өзіне біткен ыңғайына қарай, өз жолымен жүріп, қызмет етсе, өз басына да, әлеуметке де үлкен пайда келтірмек... қайғы сол: өз жолын шу дегеннен тауып алатын адам сирек болады. Бас мақсатын біржола ұмытып, әлеумет қызметіне түгел берілетін адам болуы мүмкін емес! Ондай адам кемде-кем. Біреу әлеумет үшін еңбегін көп жұмсайды. Біреу бойын тежеп, бас мақсатын көбірек сағалайды. Айырма жалғыз осында... Қайткенде әрі жеке адамның, әрі әлеуметтің пайдасы бірден табылады? Қай уақытта әлеумет тілегі мен жеке адам тілегі тоғысады? Әр адам табиғатына біткен қабілетіне, зеректігіне қарай өз орнында қызмет етсе, сонда табылады". Қазіргі қоғам қажеттіліктерін алып қарасақ та, азды-көпті қиыншылықтарға шыдамай, ғылымнан, білім беру жүйесінен, денсаулық сақтаудан саудаға кетіп жатқан көптеген мамандарды кездестіруге болады. Жүсіпбектің бұл ойлары осы өзіміз өмір сүріп отыр-ған қоғам мәселелеріне де жақын екенін көреміз.

Барлық шығармашылығын жұмыр басты пенделердің жан дүниесін зерттеуге арнаған Жүсіпбек өз кезеңіндегі қоғамдық қажеттіліктерді шешуге келгенде, әр дәуірде өмір сүрген адамдар дүниетанымының әртүрлі екендігіне тоқтала келіп, оған мынандай түсініктеме береді: "Бұрынғы оқығандардың алған тәрбиесі, көрген-баққаны, көксеген мақсаты, еткен қызметі қандай, қай заманда еді? Олардың тәрбиесі надан, соқыр қазақтың ортасы еді. Көргені Николайдың төрелері еді. Көксегені шен еді. Еткені тақтан қорыққаннан, не пайда табу үшін жасаған қызмет еді. Олардың басынан кешіргені қараңғы тар замандар еді. Бұлай болса бәріне бірдей ақжүрек болмадың деп кінә қоюға да болмайды.

Бұл тұжырымнан "әркім де өз уақытының перзенті" деген көне қағида көлденеңдейді. "Жауқазын ерте көктеп шыққанменен, ол дағы қалыбынан аса алмайды" деген Абайлық пәлсапамен астасып жатыр. Өйткені адамзат баласы қоғамның шылауында өседі емес пе...

Адамның рухына еркіндік беру керек. Егер рухы еркін болса, жан дүниесі бай болса, адам құлдық психологиядан тез арылып кетуге мүмкіндік алады деп сенеді Аймауытов. Сондықтан да ол халқының өте бай әдеби, мәдени мұраларын зерттеу барысында да жан аямай еңбек етті. Адамгершілікті қалыптастырып, дүниетанымды кеңейтуде әдебиет пен өнердің алатын орны туралы былай дейді: "Баяғыдан қазақ кең далада құр қойын құрттап, айран ұрттап жатқан жоқ екен, оқымаса да, надан болса да, қиял, сезім байлығы бар екен. Жүрегінің терең сырын, жанының алуан-алуан нәзік толғауын ән-күй деген айнасына түсіре білген екен. Енді ол айнаны өнерлі жұрттар көрді... Адамшылықты, өнерді сүйген таза жүректе біреуді олай, біреуді былай ұстайтын тар мінез болмайды... Қазақ күнелту жағының мәдениетінен мешеу қалса да, ақыл, қиял сезім жағына, білім тілімен айтқанда рух мәдениетіне кенде емес екендігі мынау мың әннен танылып отыр. Қазақстан жерінің астында асыл қазына, кен байлығы мол деп аңыз қылысады. Сондай мол қазына қазақ елінің ішінде де жатыр. Ол не десеңіз - әдебиет, ән, күй. Күн көру тәсілін сырттан жұқтырып үйрене беруге болады. Рух мәдениетін бөтеннен қарызға ала беруге болмайды. Алса да, халықтың көкейіне көпке дейін қонбайды. Ендеше, өзіміздің бар дәулетті жарыққа шығарып, іске жаратуға талпыну керек".

Құдды бір қазіргі нарықтық, экономикалық қатынастар негізінде қоғам құрып жатқан Қазақстан жағдайында тап бүгін айтылған сөз сияқты! Экономикадағы уақытша қиындықтарды пайдаланып, егеменді Қазақстанның егемендігіне қайтадан жол салынып жатыр. Біз соңғы кездерде қайта күшейген қарқынмен көтерілген орыс тіліне де мемлекеттік тіл статусын беру, орыс азаматтарына екі елдің азаматтығын беру сияқты талаптарға тоқталып отырмыз. Бұл талаптарды қолдайтындардың барлығы да орыс азаматтары емес.

Қалада өскен қазақ баласының кеңес өкіметі кезіндегі солақай саясат әсерінен өз ана тілін білмей тек қана «орысша сайрауы», егемендігіміздің етегінен тартып отырған неше түрлі нигилистік немесе ел ертеңіне сенбейтін сатқындық көріністері сол "рух мәдениетін бөтеннен қарызға ала беру" нәтижесі екені ақиқат.

Ж.Аймауытовтың гуманистік тұрғыдағы ағартушылық көзқарастары қоғамдағы әйел мәселесін де жан-жақты зерттей қарастыруынан анық байқалады. Себебі, ең жақсы кісілік қасиеттерінің барлығы адам бойына ананың ақ сүтімен дариды. Осы ойларын ол былай түйіндеген еді: "Баланы бұзуға, түзеуге себеп болмайтын бір шарт - жас күнінде көрген өнеге, ол өнеге әке-шешенің тәрбиесі болуы керек. Ата-ананың берген тәрбиесі - баланың мінезіне салған ірге. Жасынан сіңген мінезді есейгенде жоғалтуға, басқа бір күшпен болмаса, болмайды. "Сүтпен біткен мінез сүйекпен кетеді" деген сөз ата-ананың тәрбиесінің күштілігін көрсетеді. Бірақ бұл мақал тәрбие мен мінезді түзетуге болмайды деген емес. Балаға қайырымдылықты, кішіпейілділікті, үлкен көңілділікті, әділеттілікті, әдепсіздікті, шыдамсыздықты, күйгелектікті, шыншылдықты, өтірікшілікті беретін кім? Ол, әрине, ата-ананың тәрбиесі".

"Ақбілек" романында бұл тақырыпты өзінше ашуға тырысты. Бас кейіпкерді тек періште етіп көрсете бермей, өмірдегі бар болмыс-бітімімен, өзіндік табиғи тіршілігімен, яғни пендешілік қателіктерімен қаз-қалпында бейнелейді. Шешесін өлтіріп, өзін зорлықпен алып кеткен ақ офицердің озбырлығына үнсіз көндіккен Ақбілектің жан дүниесіндегі күрделі құбылыстарды Жүсіпбек психологиялық тұрғыдан терең талдап, шебер береді. Романдағы барлық оқиға Ақбілектің айналасында өтеді және оның ойы арқылы өрбиді.

Жүсіпбек Аймауытов қазақ қоғамының даму, өзгеру диалектикасын өте жақсы түсінген. Идеология қалыбы қанша қатты қысса да, оған бой бермей, ғылымда, әсіресе қоғамдық ғылымда объективтілік керек екендігін мойындаған. Өз замандасы М.Жұмабаевтың өлеңдерін "ұлтшылдыққа" теліген шақта араша түсіп, былай деді: "Мағжанның туып-өскен, тәрбие алған әлеуметі - қазақ. Мағжан тұсындағы қазақтың әлеумет құрылысы қандай еді? Ата-анаға, ру-руға бөлініп, руды ақсақал, би, болыс, тілмаш билеген, орысша айтсақ, "патриархат" құрылыс еді...

Жан-жағынан жау қысып, өз ішінен алауыздық шығып, қазақ берекеден айрылып, орысқа қарады. Орысқа бағынғанмен де, қазақтың бұрынғы әлеуметтік қалпы өзгере қойған жоқ, әлі хандардың, билердің, аталы ауылдың тұқымы билейтін болды".

Сол кездегі қазақ қоғамының ерекшелігін түсіндіре келіп, Мағжанның тап туралы, тап күресінің болашағы мен ерекшеліктері туралы не себепті өлеңдер мен мақалалар жазбайтындығы жөнінде былай дейді: "Әлеумет құрылысы өзгерген жоқ: қазақтың кәсібі, шаруа түрі мал бағу болса, әлі де мал бағуда келе жатыр. Кәсібі мал баққан, әлеуметі рубасыға бағынған жұртта тап жігі - байлар, кедейлер тобы деген нәрсе анық болмайды. Міне, Мағжанның туып-өскен ортасы, ұяда көргені осы". Сондықтан да, идеологтар жасанды түрде тапқа бөлгенмен, Мағжан өмірді, шындықты жырлаған, көргенін, білгенін жырлаған ақын болған соң, өзі түсініп біле бермейтін тақырыптарды қозғамағанын алғаш айтқан Жүсіпбек Аймауытов еді.

Қазіргі кезде қайта құру заманы арқасында нарықтық экономикалық қатынастар құрылып, Қазақстан егемендік алды, осыған орай біз де көптеген мәселелерді жаңа ғана біліп, жалтақтамай, ешкімнен қорықпай айта бастадық. Жүсіпбек сияқты еліміздің әрі білімді, әрі өнерлі, әрі мәдениетті азаматтары қазақ халқына Ресей патшасының көрсеткен зорлық-зомбылығын, одан кейін кеңес өкіметі жасаған асыра сілтеулерді сол кездің өзінде ашық айтқанды. Бұған бір ғана дәлел ретінде Аймауытовтың мына сөзіне ден қойып көрейікші: "Патшаның отаршылдық, озбырлық саясаты кімнің болса да арқасына аяздай батты. Қазақтың жерін тілгілеп, келімсек мұжықтарға аударып әпере бастады, тілін бұзуға, дінін бұзуға ауылнай, школ, миссионерлер тартты, әдет-ғұрпын, салт-санасын өзгертіп, орысқа бас июге жаңа закон, мировой судья, крестьянский начальниктер шығарды. Қазақты ішінен тоздыруға сайлау (штат) деген шырға тастап, өзді-өзін жұлыстырды, қырқыстырды".

Ресейдің отарлау саясаты тек қана жерді алып қоймай, халықтың бірлігіне ауыз сала бастап еді. Оны жақсы түсінген Жүсіпбек былай дейді: "Полиция, стражник, урядник, казак-орыстардың қамшысы қазақ даласын жайлады. Қазақтың бұрынғы елдігі, берекесі кетті. Партияға кіруге, азуға, тозуға айналды... Қазақтың басына туған осындай қара күндерді көзі қарақты азамат көрмеске, сезбеске, қайғырмасқа болмады; көрді, қынжылды, жанға батқан соң ашынды, ұлт сезімі ояна бастады. 1905 жылғы өзгерістен былай қазақтың қамын ойлаймын деген азаматтар ұлт мұңын сөйлеп, ұлт мәселесін қолға ала бастады".

XX ғасырдың басында пайда болған ұлттық бостандық идеясы, тәуелсіздік идеясы, отаршылдыққа қарсы күрес идеясы, міне, осылай, Жүсіпбек Аймауытовтың көрсеткеніндей дүниеге келді және одан әрі қарай өте қиын да күрделі жағдайларда дамып, жетіле бастады. Сол кездегі талпынып-талаптанып өсіп келе жатқан жас қазақ интеллигенциясының сана-сезімі мен әлеуметтік-саяси көзқарастарының қалыптасуына әсерін тигізген ықпалдарды ол былай бейнелейді: "Бір жағынан, үй іші әкеге, әлеумет рубасыға бағынған, тапқа, жікке бөлінбеген қазақ ішінде туып-өскен болса, екінші - татар медресесінде оқып, түрікшілік, исламдық рухында тәрбиеленсе, үшінші - патша саясаты шымбайға батып, отаршылдықтың зардабы қазақтың ұлтшылдық сезімін оятқан дәуірдің ұлы болса, төртінші - орыс зиялыларының қаймағы бұқарашыл, халықшыл болып жатқанын сезіп білсе, бесінші - Батыстың, қала берсе, орыс ақындарының санашылдық (идеализм), дарашылдық школынан сабақ алса... Сөз жоқ, ұлтшыл, түрікшіл, санашыл, дарашыл ақын болып шуғуы керек".

Жазушының замандастарына берген бұл анықтамасы өте нақты, ақиқатқа жақын. Себебі, оның өзінде де осы аталған көптеген қасиеттер бар, ол да - сол қоғамның, сол ортаның, сол заманның жемісі.

1905 жылдан кейін қоғамдық ой-сана ояна бастауын қазақ қауымында ұлт-азаттық идеясы пайда болуының алғашқы тұсы десек, Жүсіпбек мұның екінші кезеңін былай көрсетеді: "1916 жыл - қазақтың басы¬на қара күн туған тарихи ауыртпалық жылы еді. Патша өкіметінің 25 июньде шығарған жарлығы бойынша қазақ сықылды бұратана халықтар соғыс майданындағы қара жұмысқа айдалды. Қазақ шаңырағы теңселді, қазақ даласы қан жылап күңіренді". Ал үшінші кезеңі турасында: «1917 жылғы февраль төңкерісі қазақ азаматтарына ұлт сезімінің көтерілуіне зор себеп болды, - дейді. - Ауылда сөйленіп жүрген ұлт қамы, ұлт мұңы іс жүзінде жарыққа шығатындай көрінеді, қазақ азаматы мәре-сәре болды. Төңкерістің болғанына, бостандық туғанына қарық болып, кенелді. Әлеумет жұмысына араласа бастады». Бұдан қайраткердің қазақтың ұлттық бостандығы идеясына бірқалыпты, тоқтап қалған нәрсе ретінде емес, өзгеріп, жетіліп, дамып отыратын құбылыс түрінде қарайтынын аңғарамыз. Аймауытов жалпы адамзаттық құндылықтарды таптық мүддеден жоғары қойды және өз көзқарастары үшін соңғы күндерге дейін батыл күресті.

Ж.Аймауытовтың бұл айтқандары оның М.Әуезовпен бірігіп "Екеу" деген бүркеншік атпен жазған әдеби-сын мақалаларында да өз жалғасын тапты:
"Әдебиет тек қана сол уақытта жан-жақты дамып-жетіледі, егер де ақын-жазушылар өздерінің ойлары мен көзқарастарын еркін ортаға салуға мүмкіндік алса, жалпы мәдениет дамып-жетілсе, халықтың сана-сезімі басқа жоғарғы сатыға көтерілсе және ұлттың дамып-жетілуіне шовинистік көзқарастар мүмкіндік берсе, күш көрсету, күш арқылы мәселелерді шешуін қойса ғана жүзеге асуы мүмкін. Ал ұлтшылдықты жоюдың негізі езілген халықтардың экономикалық, саяси, құқылық, мәдени еркіндіктері теңейгенде ғана жүзеге асырылуы мүмкін".

Сол кездердегі ақындық жырлар мен фольклорды талдай отырып, сынның қандай сипатта болуының қажет екенін көрсетеді: "Сын, ең әуелі, талдап отырған шығармаға объективті баға беру керек, егер кемшілік болса, оны түзету жолдары мен әдістерін көрсету керек, сонымен қатар, түзетуге көмек беру керек, сынағанда сынға жазушыны алмай, жазылған еңбекті алып, достық ниетпен көмекке дайын екендігін сыншы міндетті түрде білдіруі керек", - деген талап-тілек бүгін де өз маңызын жойған жоқ.

"Октябрь қазақ ауылын айналып өтті" деген голощекиндік көзқарасты сынға ала отырып, "Екеу" терең әлеуметтік-саяси қорытындылар жасайды: "Қазақ ауылы үшін Октябрь революциясы үлкен кездейсоқтық, Октябрьге дейін олардың арасында коммунистер болған жоқ, халық саясаттан, саяси күрестен өте алыс болды, революцияға дейінгі ақын-жазушылар, зиялылар, "таптық" мүддеден гөрі, "жалпыхалықтық" мүддеге әлдеқайда жақын болды, яғни ұлттық-демократиялық бағытта болды, сондықтан да Голощекиндікі аспаннан алынған ой-қиял ғана еді".

Бұл көзқарастарда терең әлеуметтік-философиялық қорытындылар жатыр. Кеңес мемлекетінің кезінде, қанша ойланбай, жеңілдетіп айтамыз десек те, қазақ даласында көшпенді өмір ерекшелігінің әсерінен қалыптасқан қоғамдық қатынастарда капиталистік өмір салтына сай дамып жатқан Ресей мемлекетімен ешқандай да ұқсастық жоқ екендігі бас ауыртып дәлелдеуді қажет етпейтін еді. Сондықтан, қай қоғамды алып қарасақ та, оның ішкі объективті даму заңдылықтарымен санаспай, бір ұлттың немесе бір мемлекеттің, бір партияның ғана мүддесін қорғайтын қорытындылар жасап, оған барлық қоғамдық даму мен қалыптасуды бағындыруға тырысу ешқандай да жеміс әкелмейтінін Ж.Аймауытов пен М.Әуезов халқына да, коммунистердің басшыларына да жеткізе білді. Әрине, билеп-төстеп отырған большевиктер олармен санаспады, "халық жауы" атап, екеуін де қуғынға ұшыратты.

Жүсіпбек Аймауытов - азғана шығармашылық өмірінде көптеген мұра қалдырған ойшыл, оның көзқарастарының негізгі тақырыбы - халықтың азаттығы идеясы. Ол феодалдық-патриархалдық салтты, қалың бұқараның қараңғылығын, мешеулігін сынап, оларды оқу, білім, өнер жолына үгіттейді. Бас көтерер адамдарды ел қорғаны болуға шақырады. Қоғамда болып жатқан өзгерістердің бәрі революция нәтижесі екенін мойындайды.

Оның ұлттық қатынастар мәселесіне көзқарасына қазіргі кезең биіктігінен баға бермей, сол кездегі қазақ қоғамы деңгейінен қарап, негізгі этнос орыс пен қазақтың сол кездегі қатынастарына көңіл адуару керек, сонда ғана біз объективті баға бере аламыз.

«Қартқожа» - дейді автор, - қазағын, елін сүйеді... қазақ пен орыс төбелесіп жатса, орыстікі зорлық деп ұққысы келеді. Бірақ та орыстан көрген жақсылығын ұмытпайды, орысты да бауыр тұтқысы келеді... Қазақ та, орыс та Андрейдің, менің көргенімді көрсе, көзі ашылса, менің жүрегімдей бауырмал жүректі болса, зорлық, қиянат, теңсіздік жоғалар еді-ау... Бірақ ол мүмкін бе? Барлық адам баласының мінез-құлқын, жүрегін бірқалыпқа соғып шығаруға бола ма?".

Ж.Аймауытовтың бұл көзқарастарынан адамдарды ұлтына бөлмей, жалпы адамгершілік құндылықтар тұрғысынан қарайтынын көреміз, сонымен қатар, коммунистік интернационализм идеологиясы қалыптастырған кеңес халқының қоғамдастығы деген түсініктен әрі екендігіне, сол кездің өзінде-ақ ол бұл түсініктің өмір сүре алмайтындығына көзі жеткендігін аңғарамыз.

Қоғамдағы жүріп жатқан процестерді және оның болашағын жете түсінген ойшылдың көзқарастарын қарап, талдап отырғанда, біз нағыз халқын сүйген, сол халқы үшін жанын аямаған патриот ерлермен кеңес үкіметінің қалай күрескенін көреміз. Отанымыздың тарихында ақтаңдақ болып келген, соңғы кезде ғана шет жағасы мәлім бола бастаған Созақ көтерілісінің ұйымдастырушыларымен жасырын байланысы бар деп, Жүсіпбек Аймауытов 1929 жылы тұтқындалды. "ОГПУ органдары істі тергеп-тексеруге тиісінше қылмысты іс қозғау жайында қаулы қабылдамастан-ақ, бірден айыптау мақсатына кіріскен. Тергеу бір жылдан астам жүргізілген және заңсыз тұтқында ұсталған осынша ұзақ мерзім ішінде сол 14 айыпталушының қылмысын дәлелдерлік бірде-бір объективті дерек табылмаған. Контрреволюциялық ұйымының болғандығына дәлел жоқ, ондай ұйымның программасы, уставы туралы ешқандай нақты дерек жинай алмаған. Соған қарамастан, айыптау қорытындысы жасалған да, ешкімнің бекітуінсіз-ақ, соттан тыс органның қарауына берілген. Айыпталушылар іс материалдарымен таныстырылмаған, ешқайсысына да өздерін қорғау үшін мүмкіндік туғызылмаған. Осындай қолдан ұйымдастырылған жасанды іс бойынша жаңағы 14 адамға түгелдей сырттан үкім шығарылған", - дейді Аймауытовтың ісін қайта қарауға қатысқан бұрынғы ҚазКСР Жоғарғы Сотының Председателі Т.Қ. Айтмұхаметов.

Міне, осылардың қатарында Ж.Аймауытовтың өмірі 1931 жылы, 42 жасында, нағыз творчестволық толысқан кезінде қыршынынан қиылды... Сөйтіп, шығармашылық өмірі өте ерте үзіліп, бергенінен берері көп жазушының, ғалымның, философтың ой өрісі, мүмкіндіктері кеңінен ашылмай, шегіне жетіп шарықтай алмай қалды. Соның өзінде жан-жақты, бай мұра қалдырып үлгергені таң қаларлық жай. Заманының сан қилы іркілісі мен сілкінісі, тар жол, тайғақ кешулері "адам ойын серпілтіп, лездетіп жетілдіріп, тездетіп алға жетелеп отыра ма деп еріксіз ойлайсың... Оның сол кезде жеткен биігіне (жазушылығы болсын, ғалымдығы болсын, теориялық ойының жетілу дәрежесі болсын) қазақ зиялылары көп кейін жетті деуге болады, ал оның жан-жақты дарындылығын айтсақ, оған тең адам қазақ ортасында кемде-кем деуге боларлық". Атақты жазушы Ғабит Мүсіреповтің ол туралы мына жазғаны көп нәрсені аңғартады: "Өз басым қазақта мұндай білімді, жан-жақты дарынды жанды әлі кездестіргенім жоқ. Мен білетін Жүсіпбек - тамаша жазушы, драматург, ақын, аудармашы, режиссер, әнші, музыкант, ғалым, көркем сынның негізін салған дарын. Оның драматургиялық шығармалары да шымыр,... көркемдік шоқтығы биік болып кеткен..." Бұған Жүсіпбектің ойшылдығын, философиялық ойының даму сатысының биіктігін, оның терең методологиялық және методикалық ойға негізделген ұстаздық қызметін қоссақ, Ғабекеңнің мұндай жанды "әлі кездестіргенім жоқ" деуінде үлкен шындық жатқанын аңғарамыз.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Құсайынов Д.Ө., Қ.Ш. Шүлембаев, Өнегелі өмір // Саясат 1997 №12. 77-86.
2. Аймауытов Ж. «Журнал туралы» // Абай, 1918 ж., N1, 3-б.
3. Есімов Ғ. «Абай хакім» Алматы, 1994 ж., 33-б.
4. Аймауытов Ж. «Тәрбие» // Абай, 1919 ж., N1, 12-б.
5. Аймауытов Ж. «Қазақтың өзгеше мінезі» // Ақжол, 1923 ж., 22 қараша.
6. Аймауытов Ж. «Бұл әдеттен арылу керек» // Еңбекші қазақ, 1925 ж., N397.
7. Жарықбаев Қ.Ж. «Аймауытовтың психологиялық еңбектері туралы» // Алматы ақшамы, 1983 ж., 22 қараша.
8. Аймауытов Ж. «Жан жүйесі мен өнер таңдау» 252-б.
9. Аймауытов Ж. «Жастар кім?» // Еңбек туы, 1920 ж., N3.
10. Аймауытов Ж. «Асыл қазына жиналса екен» // Еңбекші қазақ, 1926 ж., N112.
11. Аймауытов Ж. «Таңдамалы шығармалары» Алматы, 1990 ж., 253-6.
12. Аймауытов Ж. «Мағжанның ақындығы туралы» / Мағжан Жұмабаев. Шығармалары. Алматы. 1989 ж., 401-б.
13. Сәдуақасов С. «Әдебиет әңгімелері» Пікірталас // Еңбекші қазақ, 1927 ж., 15-16 ақпан.
14. Екеу. «Көркем әдебиет жайлы» // Еңбекші қазақ, 1927 ж., 8-9 тамыз.
15. "Қазақ әдебиеті", 1988 ж., 9 желтоқсан.
16. Аймауытов Ж. «Шернияз» Алматы, "Өнер", 1989 ж.