От   









«Заула, отым, заула! Мазда, отым, мазда!»
/ Ж. Аймауытов /

Аймауытов - тамаша қаламгер. Жазушы романындағы табиғат та шығарма оқиғаларымен астасып жатады. Шығармадағы табиғат - кейіпкерлердің бірі іспеттес. Мәселен, романда автор табиғатты былай деп суреттейді: «Марқакөлді алқалаған - ақ ауылды Алтай елі. Алтай елі, Алтай жазы, тау еркесі киік болып, өзге елдерден биік болып, Марқа көлдің самалында сайран етіп жатқаны», - деп, әсем көрініске бас иеді.

Автор бас кейіпкердің басына түскен қайғысын табиғатпен байланыстырып былайша сипаттайды: «Ұйтқып соққан ызылдақ жел. Ай жоқ. Қараңғылық қоюланып келеді. Сабаған жүндей түйдектелген, шыңылтыр сұрғылт бұлттар тоғытқан қойдай шоғырмақтанып, тауға қақпақ болатындай, тауды тұншықтыратындай, аш тауықша селдір жұлдыз тарыларын бір-бірлеп қылқып жатыр. Жұлдыздармен бірге үміт сәулелері де бір-бірлеп батып бара жатқандай. Ақбілектің сұм жүрегі әлденені сезгендей болады. Екі көзі жалт-жұлт етіп, Қара мұрттың бетіне қарай береді... ».

Жазушымен бірге біз табиғат құпияларымен сырласамыз: «Ол кезде ызғырығы ызылдап, сабалақ қара бұлттан түн жамылған күздің көзсіз қара түні ақ бас Алтайдың үстіне қара бурадай шөгіп, сай-салаға бауырын төсеп, дүние қараутып келе жатыр еді. Көк жүзінде жайылып жатқан жұлдыз, қойларын көздеп тұратын шопан атасындай - жау көргенде зым-зия жоғалыпты. Саялдық қара бұлттар-ау! Ақбілектің жанын тұншықтырған қара тұман аз болды дедіңдер ме, үстіне мұнша төнгенше, анау асқар таулардың басына төнсеңдерші! Күздің сарғыш жапырақтары-ау! Кімді әлдилеп, сыбырлап тұрсыңдар! Қалың бұтаның, қайғысыз, қамсыз бөденелері-ау! Несіне қара түнді жаңғырықтырып тұрсыңдар? Сұлудың жүрегін жанышқан ауыр шерді сендер сейілтем дейсіңдер ме? Қанатын қаршыға күйретіп, қиқайған қостың алдында бір қолымен жер таянып, аспанға қарап отырған сұқсырдың налыған зарын тәңірісіне жеткізем дейсіңдер ме?! Бұлттар-ау, серпілмейсіңдер ме?! Жапырақтар-ау, сытырлап жерге төгілгенше, шерлі сұлуға сая болсаңдаршы! Ызғырық-ау, ызылдағанша, жапанда жалғыз қалған баланың әкесіне хабар берсеңдерші! Ой, мейірімсіз шіркіндер-ай! Сендердің тілдеріңді Алтайдың жаралы аруы білмейді ғой! Сендердің қас қабағыңа қараймын, сендерге еркелеймін деп есіл сұлу мұндай күйге ұшырады ғой! Жел мен бұлттың Алласына сенем деп сенделіп қалды ғой!..»

Қаламгер шығармасында жануарлар әлемін де әсерлі етіп суреттеген. Қорғансыз қыздың қасқырлармен шайқасуын мына эпизодтан көреміз: «Түн түнерді. Ақбілек үрейленді. Төбесінен бір топ шүрегей өтеді. Ақбілек дір етеді. Бір мезгілде орман жақтан бір үрейлі дауыс шыққан секілденді. Ақбілек елегізи бастады. Манадан бері жалмауыздай көріп отырған үңірейген қосқа жалма-жан кіріп кетті. Ауылда қой күзетіп жүргенде, қасқырдың ұлығанын әлденеше рет естіген: әлгі дауыс соған ұқсайды. Апырмай-ай! Қасқыр келер ме?.. Онда қайтем? Қой, келмес, қоста кісі бар деп ойлар, қорқар, қостың айбыны бар ғой... Әлде манағылардың кетіп қалғанын олар да білді ме? Олар барда қасқырдың дауысы естілмеуші еді ғой... Қостың есігінен ептеп сығалайды. Қараңғыда бірдеңе қараң еткендей болады. Бірақ дыбыс білінбейді. «Қорыққанға қос көрінген» шығар деп жориды. Өзіне қайрат бергісі келеді, оған да болмайды. Ұлыған дауыс анық толастап бара жатады да, тағы да естіледі. Бара-бара ұлу молайды. Тауды күңірентіп өзге дыбыстың бәрін басып кетеді. Ақбілектің қолы өзінен-өзі қостың бір сырығын суырып алады. Құлаш төс жарардай қайың сойылша, сойылшаны қос қолдап бауырына таман қысып қояды, бір ұшы қостың сыртында. Қасқыр келсе қару қылмақшы. Ұлыған дауыстар саябырлаған тәрізденеді. Сойылшасын жерге сұлатып салып, Ақбілек азырақ бой тоқтатты, бірақ онысы ұзаққа бармады. Бұлақ жақтан су сылдырлағандай болды...

Бұ немене?.. Адам ба? Аң ба?.. Кім болса да қатерлі Ақбілек сойылына тағы жармасты. Демін ішіне тартып, сілейіп қалды.

Кешікпей-ақ қара түнде қаз қатар, дөп-дөңгелек екі көз пайда бола кетті. Екеуі де қып-қызыл, жайнаған от. Ақбілек атып түрегеліп, қостың түкпіріне бұғып отыра қалды.

Әйтсе де байыз таба алмады, сойылы қостың аузында қап қойыпты. Ақырын еңбектеп, қостың аузынан қолын созып, жерді сипалап жатып сығалап еді, екі от төртеу болды. Сөйткенше болмады, олардың артын ала көлденеңнен екі қызыл көз тағы өте шықты. Алты от Ақбілекке алпыс оттай көрінді. Қараңғы түн қаптаған қызыл көз болды да кетті.

Оттар бір жылт етіп, бір сөніп, елбелектеп, таянып келе жатқан тәрізді.

Ойлағаны келді ме?.. Мінеки, шөпті сыбдырлатып келіп қалды.

Әне, қараң ете түсті... Ойбай-ай! Бір топ қасқыр!

- Енді қай жаққа барайын?..

Ал, міне, қостың төңірегін сыбдырлатып, жер тіміскілеп жүр...

Ой, жасаған-ай! Тауып алар ма екен?.. Ойпырым-ай! Әнебіреуі отбасында сүйекті қытырлатып кемірді.

Мынаны көріп, Ақбілектің не жаны шықпай отыр десейші!..

Ақбілек үнін шығаруға мұршасы келмей, өлген кісідей отырған жерінде сіресіп қалды.

Әлден уақытта арсалаңдап бір аш қасқыр Ақбілек отырған қостың аузына келіп қалды. Ақбілектің жан дауысы түнді тіліп жібергендей шыр ете түсті, қасқыр біткен жарық беріп, көздері жалт етіп, тістері сақ етіп, оқшырайып тұра қалды. Қасқырлар ырсылдап, күрілдесіп, бураша шабынып тұрып алды. Ақбілек қасқырлардың қарсы шабатынын білгендей жалма-жан жан ұшырып, қостан атып шығып «қараңғыда көзім жоқ...» деген балаша айнала дөңгеленіп, айғайды салып, ағашын сермей берді... Анда-санда арс-ұрс еткен дауыс шығады. Қасқырға тиді ме, қосқа тиді ме, әйтеуір ағашы кейде бірдемеңе тигендей қолы сүйсініп қалады. Қасқыр одан жаман өршеленеді. Ақбілек жан ұшыра сермейді. Қасқыр қамалайды. Ақбілек сабалайды, қасқыр абалайды. Ақбілек «аллалайды», қасқыр долданады, Ақбілек дөңгелейді... Қасқыр күркілдейді... Ақбілек шырылдайды, қасқыр қырқырайды, Ақбілек шырқырайды... Сөйтіп, Ақбілек көп қасқырмен көп соғысты... «Енді жығылдым ғой, енді талайды ғой, енді ауызды салды ғой, енді жеді ғой...» деген кезде, Ақбілектің аяғы астынан бірдеңе жылт ете түсті. Қасқырлар жалт берді. Манағы, іңірде шай қайнатқан оттың көзі әлі сөне қоймаған екен. Ақбілек аласұрып жүргенде аяғымен шашып жіберген екен. Қасқырлар отты көріп жалт берген екен. Қасқырдың оттан қорқатыны Ақбілектің есіне сап ете түсті.

Ақбілек от басындағы тезекті, қураған шөпті дереу тұтатып үрлеп жіберді. «Менің керегім жаңа болған жоқ па дегендей жел де қошаметкейленіп, жалынды лап ете түсірді. Жалын қалай шықты, солай қасқырлардың қарасы өше берді. «Өлмегенге өлі киік» деген осы да. От сөніп қалса, Ақбілектің өмірі де сөнетін еді. Отты тапқан адамның анасынан айналсаң болмас па? «Заула, отым, заула! Мазда, отым, мазда! Қорқақ аңдар, тілсіз жаулар! Қаш, маңыма жолама! Күйдіремін, өртеймін!» - дегендей Ақбілек от тәңірге сыйынып, таң атқанша маздатып, жаны аман қалды.

 

Қолданылған әдебиет:

1. Аймауытов Ж. Ақбілек: роман / - Алматы: Раритет, 2003. - 240 бет.
2. Умарова Г.С. Қазақ әдебиетінің тарихы: оқулық / Умарова Г.С. - Астана : Фолиант, 2007. - 244 б.
3. Қирабаев С. Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері / Қирабаев С. - Алматы : Білім, 1995. - 288 б.
4. Сағынбекұлы Р. «Жүсіпбек»: Жүсіпбек Аймауытұлының өмірі мен қаламгерлік қызметі / Сағынбекұлы Р. - Алматы: Санат, 1997. - 224 б.
5. Аймауытовтың Алтай жеріндегі күндері / А. Жүнісұлы // Абай. - 2009. - N2.- Б.101-104.