Романның екінші бөлімі «Қайғы» оның атастырылған жігіті - Бекболат пен ағасы - Төлегенге арналады. Бекболат Ақбілекті ауруханада жатып есіне алады: «Мен, міне, құдайдық жарық күнін көрдім, жазылдым. Ол осы күнде не күйде екен? Әлде тұтқында екі көзі жаудырап, жасын бұлап жүр? Әлде орыстар өлтіріп тастады? Әлде бір сары орыспен құшақтасып отыр? Әлде бәрі жабылып...» деп ойлайды. Бұл жолы да Ақбілекті ойламайын десе де, кең дала, еркін сайран өмір еске түскенде, Ақбілек те еріксіз сол сұлу өмірдің гүліндей жылтырап, көзіне іліне береді. Бекболат алғаш көргенін ойына алады: «Маңдайы қасқиып, мойны қаздиып, көзі мөлдіреп, ерні үлбіреп, үріп ауызға салғандай жұтынып тұр еді-ау! Тал бойында бір міні жоқ, жаңа шығып келе жатқан сүйріктей еді. Шашбауын сылдыр еткізіп, сып етіп түре келгені, тізесімен ақ көйлегін серпе тастап, аяңшыл бедеудей кербездене аяқ басқаны, тысқарыда жүріп жеңгесімен сыбырлап сөйлесіп, дауысы күмістей сыңғырлап тәп-тәтті күлгені, әнтек жымиып келіп шай жасап өп-өтірік сызылғансып, үш саусағының ұшымен шыныаяқ әпергені, салалы қою кірпігін салмақпен қағып, анда-санда көз астымен бір қарап қалғаны, мұның шыныаяғына білдірмей бір қант тастап жібергені...» - бәрі-бәрі Бекболаттың есінде қалыпты.
Төлегенмен біз алғаш рет Бекболат емделіп жатқан ауруханада кездесеміз. Төлеген жайымен Бекболат кейінірек, жазылып шығып соның үйіне келгенде толығырақ танысады. Бұл кезде біз оның қалада тәп-тәуір тұратынын, «продком» кеңесінде істейтінін, үйіне қажет ағаш бұйымдарды қазынадан алғанын, өз пайдасын ұмытпайтын, бастығына жағына білетін, ешкіммен айтысып тартыспай, ептеп күн көретін адам екенін көреміз.
Қолданылған әдебиет:
1. Аймауытов Ж. Ақбілек: роман / - Алматы: Раритет, 2003. - 240 бет.
2. Сағынбекұлы Р. «Жүсіпбек»: Жүсіпбек Аймауытұлының өмірі мен қаламгерлік қызметі / Сағынбекұлы Р. - Алматы: Санат, 1997. - 224 б.
3. Қирабаев С. Көп томдық шығармалар жинағы.- Алматы: «Қазығұрт» баспасы,- 2007. Т4.- 424 бет.
4. Дала даналары [Мәтін]. - Алматы: Қазақстанның даму институты, 2001. - 640 б.
5. Аймауытовтың Алтай жеріндегі күндері / А. Жүнісұлы // Абай. - 2009. - N2.- Б.101-104. |