Махаббат   









Енді романның қорытынды бөліміне тоқталайық. Арада бес жыл өтті. Ертіс - үлкен өзен. Өре басы Қытайдан келеді. Екі қабағы ызғындай ел. Ызғындай елдің ортасындағы өнер-білімнің, сауда-кәсіптің от арба, от кеменің тоғысатын кіндігі, қара шаңырағы - Семей. Семей - бір губерния елдің миы. Ақыл-ойдың табысы Семейде. Семей - бір губерния елдің жүрегі. Күн жұма. Жазғы кеште екі жас әйел - Ақбілек пен Кәмилә кездеседі. Кәмилә - Ақбілектің анасының туысы, бұрынғы болыстың қызы, сол кездегі өзінің бастан өткерген мүшкіл халін әңгімелейді. Оның әңгімесі бойынша: «Ақсүйек қазақтар большевиктерден қашып, Қытайға барып бас сауғалайды. Кім көрінгені би болып, малымызды талап ала берді. Әсіресе бір үкірдай дегені жаман болды. Әкемнің бар малын сол айдатып алып, сымпидық та қалдық. Не мал жоқ, не үй жоқ, не тамыр-таныс жоқ, жаппаның астында жаттық. Көрген күнімізді құдай итке бермесін. Мені тартып алады деген сөз шықты. Әйтеуір құдай сақтады. Не керек, сонда бір қыс тұрып, аштан өле жаздап, жаз шыққан соң, жаяу жалпылы шұбырып, елімізге қайттық. Елге келсек - қора-мүлкімізді, жерімізді бір кедей көршілеріміз иемденіп отырып алыпты. Өз үйімізге өзімізді жолатпайды. Әкем ел азаматтарына барды, болысқа барды, түк болмады. Қайдан болсын! Болыстың өзі екен қондырған. Әкем ізденіп, болыстың үстінен арыз беріпті. Қайдан білсін, бұрынғы заманы бар деп жүр ғой. Бір күні ауылға мылтықты екі мелисе келіп, әкемді алды да кетті.

- Не жазығым бар? - десе:
- Сен қашқынсың, боржайсың, - дейді.

Боржайы не екенін қайдан білейік. Әкемді қалаға апарып, абақтыға жауып қойыпты. Әкем жатып алды, шығармады. Ақан деген ағатайым бар еді, сол олай шапты, бұлай шапты. Әкемді босата алмады. Жалғыз әкем ондай болды. Әкемнің абақтыда жатқаны жаныма жаман батып жүрді. Айға жуық жатты. Бір күні Ақан ағам қалаға кетіп еді. Әкемді босатып алып келді. Қуанып қалдық. Әкем келген соң, қора-мүлкімізді де, жерімізді де өзімізге қайтарып берді. Онысы тәуір болған екен. Тәуір болғаны құрысын! Арада бір жұма өтті ме, өтпеді ме бір күні кешке таман қаладан үш кісі сау ете түсті. Жоғары үйге кіргізіп, көп көрпе салып, қой сойып, әкем шала бүлініп жатыр... Сөйтіп, әкемнің бостандығы үшін тұрмысқа шығуға мәжбүр болдым. Жыладым, жалындым, жалбарындым. Бірақ ол құлақ салмады. Темірдей қолдарымен денемді бүріп, күйретіп барады. Не керек, тамұқ азабын тартқандай жан терге түсіп, қиналып, тұла бойым дал-дұл болып, көрер таңды көзіммен атқыздым...

Ақыры Кәмилә қаладағы большевиктердің жаңа сатысы арасындағы маскүнемдікті, жемқорлықты алғаш рет көреді. Оның ішімдікке салынған коммунист күйеуін жұмыстан шығарады. Содан ол басқа қалаға кетеді...

Енді Ақбілектің жайына келсек. Сонау Ақбілек үшін қайғылы болған қилы кезеңге қайтып оралайық... Сол жылдың жазында оның үлкен ағасы Төлеген ауылға келеді. Ұрқияның үйінде жасырынып отырған Ақбілекті табады. Ауылда бір жарым ай тұрған Төлеген әкесі мен қызы арасындағы келіспеушілікті реттеп, қарындасын үйге қайтарады. Кейін Төлеген Ақбілекті қалаға алып кететіндігін айтады. Көп кешікпей Төлеген қызмет бабымен Семей қаласына аударылады. Ол жақтан екеуі үй алып, жақсы өмір сүре бастайды. Төлеген Ақбілекті курсқа жазады. Алғаш рет ол арифметика, география пәндерімен танысады. Курста ол алты ай оқиды. Үйде жеңгесіне үй шаруасына көмектеседі. Тамақ әзірлеудің әртүрлі жолдарын жеңгесінен үйренеді. Сонымен бірге, киім кию үлгісі де өзгереді. Семейге қоныстанған соң аға-жеңгесі оған соңғы үлгідегі көйлектерге тапсырыс береді. Содан соң ағасы білім беру бөлімінен Орынбор қаласына оқуға жолдама алады. Осы кезде Ақбілек алғаш рет поезға отырады...

«Оқу Семейдегі оқуға қарағанда әлдеқайда қиынға түсті. Семейдегі оқытушылар да қазақ және кітаптар да қазақ тілінде еді. Орыс тіліндегі сабақтар аз болатын. Ал мұнда бәрі де орыс тілінде. Бір-екі қазақ болмаса, оқытушылардың барлығы орыстар. Ақбілек аға-жеңгесінен орысша бірер сөз үйренеді. Алайда бұл - ғылым ба? Айналадағы орыс тілді қыздар оның орыс тілін меңгеруіне біршама пайда келтіреді. Егер оны қоршаған орыс тілді қыздардың көмегі тимегенде, ол сабағын ойдағыдай оқи алмас еді».

«Жатақханада бес жүзге тарта бала бар. Үй тар. Отын кем. Жұмасына бір жаға ма, жақпай ма. Үйдің іші былғаныш, сасық. Көп бала сасытпай тұра ма? Тесікті ашсаң, азынап суық кіреді - ауырып қаласың. Ашпасаң тұншығып кете жаздайсың. Оның үстіне тамақ та жайсыз. Ашаршылық жылы ғой. Таласып-тармасып, күніне жарты қадақ нан, бұлдыры жоқ картоп салған сорпа ішесің. Кешке бір қайнаған су. Оқу оқып жетілгеннен бұрын аштан өле жаздадық. Талай бала ауырып шығып кетті. Өлгендері де болды. Қыстың аяғына жете алмай, мен де жүдеу басқа айналдым. Семейге баратын үш-төрт баламен мен де қайттым».

Ақбілек Орынборда аман қалғанына таң қалды. Бірақ бір нәрсені анық білді: оқысаң кем болмайсың деген шешімге келді. Бұл кезде ағасы губпродкомда қызмет қып, тәуір боп тұр екен. Келген соң ағасы «босқа жүргенше, тіл үйрен» деп бір учитель қатынды жалдап төрт ай оқытты. Орысша жазуға да, сөйлеуге де сол кісі сауатымды ашты.
Заман оқығандікі көрінеді. Өмірдің қызығы соларда. Бар тапқанын тамағы мен киіміне салады. Мал жиям деп әуре болмайды. Тұратын үйлері қандай! Саңғырлаған бір сарай. Әй, біздің қазақтың көрген күні құрысын! Бықсып, сасып, биттеп, құрттап жатқаны...

Қалай болғанда да туған ауылынан артық жер жоғын автор басты кейіпкер арқылы былай деп сөйлетеді:
«- Құрттаса да, мен сол елді сағынып өліп жүрмін. Қуарған қаласы бар болсын. Бәрі бөтен, бәрі жат. Ішім пысып, санамен сарғайып, дертті боп отырмын».

Орынборда Ақбілек үш жыл оқиды. Осы жерде ол - Ақбала және Балташпен танысады. Ақбала да, Балташ та бірдей Ақбілекке ғашық болады. Бірақ алғашқы уақытта Ақбілек Ақбаланы таңдайды. Алайда Ақбілек өзінің басынан өткен Қара мұрт арасындағы байланысы және одан туған баласы жөнінде естірткенде, жағдай мүлдем өзгереді. Инабатты да салмақты жарды Ақбілек бойынан көрген Ақбала үшін бұл үлкен соққы болды.

Балташ - көрнекті коммунист, кез-келген саяси сұраққа жауап бере алатын, тәжірибелі қызметкер... Ол Семей мен Ақмолада, Орал мен Бөкей губерниясында қызмет еткен. Оған барлық кадрлық жұмыс таныс, көрнекті тұлғалармен оңай тіл табысады. Балташ Ақбілектің басынан қандай қиыншылық өтсе де оның өмір сүруге деген құлшынысы мен адамгершілік қасиетін сақтап қалғанына таң қалып, бұрынғыдан да бетер ғашық бола түседі. Айта кететін бір жайт, Ақбілек пен Балташ АХАЖ-ға некелерін тіркеуге барған кезде, жас жұбайлар бұрынғы Ақбілекті жәбірлеген Қара мұртпен кездеседі. Тіркеу бөлімінде қызмет еткен ол Ақбілектің есімі аталған кезде, басын көтеріп тесіле қарап қалады. Ол Ақбілектің соңынан ұзақ қарап тұрып қалады. Бәлкім, өкінген де болар...

Өмір сәнді, өмір қызық! Бәрі күлкі, жаңадан ғана қосылған екі жас. Қабақ қағысынан ойларын танысады. Бірін-бірі ренжітерлік түрі жоқ. Көп кешікпей жас жұбайлар Зайсанға да жетті. «Шықтық» деп телеграмма берген ғой. Төлеген мен жеңгесі де кішкене қызын көтеріп қарсы алады. Балташ Төлегенмен бұрын да таныс. Бірге қызмет қылысқан жолдасы ғой. Бұрын «Балташ жолдас» деуші еді - енді «жолдас» деуді кеңсе тілі көріп, «қарағым, саумысың?» деп аузынан сүйді. Бұрын Төлеген Балташты икемге көнбейтін, бірбеткей, қазақ жайын білмейді деп, ішінен ұнатпаушы еді. Енді ол ойы да жоғалып кетті. Өйткені ол енді туған күйеуі, ол - кіндіктен келген комиссар. Енді Балташ туралы не деп жаман ойласын? Күйеуіне буланбаса...

Қонақтардың түскенін естіген соң, уездің сорпаға шығарамыз деп жүрген шалбарларының тізесі қалталанған, пенжегінің артқы етегі жымырылған шолақ комиссарлар да Төлегендікіне Меккеден қажы келгендей ағылды. Төлеген хабар қылған ғой. Түтін аңдып жүретін, өлеңінде бес тиындық құн қалмаған салдаман әншілер де, тарысы піскеннің тауығы бола кететін «бөстекі» даяршылар да келді.

Көп ұзамай жас жұбайлар Ақбілектің туған ауылына жол тартты. Осы сапарында басты кейіпкер тағы бір кездейсоқ оқиғаға жолығады. Жолда кіші бесін кезінде әйелдер шөлдедік деген соң, өзен бойында бір ауылға бұрылды. Желісінде он шақты құлыны бар бір үлкен үй орталықта. Оның оң жағында бір ақ отау тұр. Жолаушылар сол отаудың сыртына келіп тұра қалды. Есік алдында көрінген бір балалау жігітті шақырып, сөйлесе қалды. Ақ отау «Бекболаттікі» дегенде Ақбілектің жүрегі бүлк ете түсті. Әйтсе де осында түскісі келді. Бала жігіт жүгіріп үйге барған соң, тымағын қисайта киіп, шапанын киіп, қалбаңдап Бекболат шығып қонақтарға абдырап қарсы жүрді.

Баяғысындай алақанын қалақ қылып, Төлегеннің, Ақбілектің алақанына жапсырып амандасты. Ақбілектің көзіне көзі түсіп кеткенде қызараңқырап қалды. Құрақ ұшып жүгіріп, есік ашып кіргізіп жүр... Ендігі кезекте біз Бекболаттың ұсқынсыз образды жұбайымен таныс боламыз: «Төсегінің алдында бұйығылау, келте мұрын, қара торы келіншек іс тігіп отыр екен. Ақбілектің көзі алдымен соған түсті. Келіншек те тымырайып, әйелдерге көз астымен қарады. Еркектермен тізерлесіп, төрге шығып кеткенін сөкет көрді немесе Ақбілек өзінен артық болғанын күндеді ме, кім білсін, әйтеуір, «адырам қал!» деген қарас еді».

Қонақ аз отырса да, көп сынайды ғой. Ақбілек Бекболатты ішінен аяды, келіншегін менсінбейді екен деп ойлады. Бекболатпен жолыққан күндер замат көз алдына елестеп өтті. Әйтсе де өткен күнге өкінген жоқ. Бұрынғы арман қылатын тұрмыс енді аяқ астында қалғандай, өзі басқа бір жаңа дүниеге көшкендей, бір жоғары көңіл пайда болды...

Туған жермен қауышқан Ақбілек тек тамсанумен ғана болды. Мамырбай балаларын көріп, қуанышы қойнына сыймай, үлкен той жасады. Марқакөлдің бес ауылы Мамырбайдың тойын тойлады. Марқакөлдің жиегінде Мамырбайдың Ақбілегі, жас Балташтың сүйген жары Іскендірін құшып сүйіп, бала болып, ана болып, көп әйелден дана болып, кеудесіне бағы сыймай, кемерінен аса шыпылдайды.

Түйіндей айтқанда, "Ақбілек" романы - қазақ ауылындағы дүрбелең жылдар шындығын, олардың дәстүрі мен тұрмысын, жекелеген адамдардың іс-әрекеттері мен қарым-қатынастарын, әсіресе негізгі тұлға - Ақбілектің қызығынан қиындығы мол өмір жолдары жайында мұң мен шер де, сыр да толғайтын туынды. Сонымен бірге халқымыздың өткен өмір көріністерін, адамдар арасындағы көзқарастар қақтығысын, ел мен жер, келешек күндерге деген наным, сенімдері серпінді, шабытты, көркем кестеленеді. Кейіпкерлер келбеті, іс-қимылдары да нанымды жеткізіледі. Оқырманның - әдемі әлем, әсерлі ой құшағында қалары да анық. Жазушы Р. Тоқтаров: «Ақбілек» романынан адам мінездерінің энциклопедиясын көруге болады» деп қысқа сөзбен нұсқалы, нақтылы түйін жасайды.

«Ақбілек» романы қысқа мерзімде жазылғанымен кезең, уақыт шындықтары, кейіпкерлердің орыны мен іс-әрекеттері бейнелі де бедерлі жеткізіледі әрі байыпты ой мен сөз жүйесінен, қалыптасқан қолтаңба мен стиль сұлулығынан табиғи талант белгілері терең танылады. "Ақбілек" романының ақиқаты мен әсерлілігі осында.

 

Қолданылған әдебиет:

1. Аймауытов Ж. Ақбілек: роман / - Алматы: Раритет, 2003. - 240 бет.
2. Сағынбекұлы Р. «Жүсіпбек»: Жүсіпбек Аймауытұлының өмірі мен қаламгерлік қызметі / Сағынбекұлы Р. - Алматы: Санат, 1997. - 224 б.
3. Қирабаев С. Көп томдық шығармалар жинағы.- Алматы: «Қазығұрт» баспасы,- 2007. Т4.-424 бет.
4. Дала даналары [Мәтін]. - Алматы: Қазақстанның даму институты, 2001. - 640 б.
5. Аймауытовтың Алтай жеріндегі күндері / А. Жүнісұлы // Абай. - 2009. - N2.- Б.101-104.