Өлім аузынан құтылдым-ау деп туған ауылына келгенде Ақбілекті мұнан да ауыр кезең күтіп тұр еді. Бұл жөнінде Р. Нұрғали былай баяндайды: «Бандының зорлық-зомбылығы артта қалды, дегенмен нағыз тозақ оты алдынан кесе көлденең шығып, ауылдағы өсек-аяңның кесірінен елдің бетіне қараудан қалды. Бұның барлығы оның жанын жегідей жеді». Автор Ақбілектің ойын былайша жеткізген: «Осы арам деміммен, арам аузыммен әкемнің иманды жүзіне қалай жақындармын, қайтіп оны арамдармын?! Құдайдан қорықпай, оның құтты қадам мешітті үйіне қалай кіремін? Кәпір сүйген, аймалаған аяғыммен жайнамаз салатын жерін қалай денем шімірікпей басармын? Кәпірді құшақтаған арам қолымды қайтіп әкемнің адал дастарқанына апарып, қайтіп бір табақтан ас ішемін?» - деп ойлайды, қиналады, күйзеледі. Ия, бұл сияқты Ақбілектің аянышты халі әрбір адамның жанын ауыртпай қоймайды. Не себепті еріксіз біреудің құрбанына айналған әйел өзін әрқашан кінәлі сезінуі тиіс? Автор мұны ашық көрсете білген. Бұл романның жылдар бойы тыйым салынып келуіне алып келген себептердің бірі шығар. 1997 жылы түсірілген фильмді тауып, көру де бұл күні қиынға түсті.
Ақбілек болашақтан үмітін үзбеді. Бекболаттың өміріне қайта оралған Ақбілектің келбеті мынадай еді: «бұрынғыдан да сұлуланып, ұяңдығынан арылған, иықтары толықсыған, жайнап кеткен». Ал Бекболаттың жанарында тек: «Мен сені сүйемін» деген ыстық сезім болды.
Оған қарамастан, кезінде құлай сүйген Бекболат та оның аяғы ауыр болғанын естігенде теріс айналып кетеді. Әкесі Мамырбайдың үйленуі, өгей шешесінің қатыгез мінезі, Ұрқия жеңгесінің адамгершілігі, Қара мұрттан туған Ескендір баласы - мұның барлығы реалистік тұрғыда жазылған. Ақбілектің жақсы көретін жеңгесі Ұрқия Мамырбайдың бәйбішесі дүниеден қайтқанда да Ақбілектің ақ солдаттарының жұртында қалып Ескендір дуана арқылы еліне келген соң жанашыры да, сырлас, мұңдасы да сол болды. Бұл реттен алғанда Ұрқия жаңалық, жақсылықты өзгенің басына тілеуді, өзі соның жылу, шапағатымен өмір сүргенді қалайтын ұнамды тұлға.
Романның кейінгі оқиғасы қарқынды дами түседі. «Байдың әйелі өлсе төсегі жаңғырады, жарлының әйелі өлсе басы қаңғырады», - дегендей Ақбілектің әкесі жұбайы өлгеннен кейін, жас қатын Өрікті әкеледі. Бас кейіпкердің өгей шешесі Өрік «үйге жылан кіріп келгендей» сүйкімсіз, «қара сұр адам еді». Ақбілектің бауырларына да, көрші-қоланға да жағымсыз, жайсыз жан. Өгей шешесінен көңілдері қалған балалар біртіндеп әкелерінен алшақтай берді. Ақбілектің қайғысы мұнымен де шектелмейді. Енді Ақбілектің аяғы ауыр екендігі анықталады. А.С. Ысмақова өзінің «Роман және стиль» еңбегінде: «Ақбілекті өгей шешесі толғағы келген шақта үйден қуып шығады», - деп жазған. Жеңгесі Ұрқия Ақбілекті қарт кемпірдің үйіне әкеліп, босандырады. «Бұлайша баланың дүниеге келуі қазақ прозасында бұрын-соңды кездеспеген», - деп А.С. Ысмақова баса көрсеткен.
Автор аналарды сомдағанда шындық өмір фонында, ер-азаматтардың жары, отбасының береке, ұйтқысы ретінде қарайды. «Дүниеде бойың өспей, бұғанаң қатпай тұрып, туған анаң өлмесін! - дейді автор. - Жас жүрегіңді қанды жас пен шер қыласың!.. Көкірегіңдегі жылы жүректі, бауырмалдықты кім берді саған? Әлдилеп, аялаған, аяған, бәйек болып, бағып-қаққан кім сені? Ана... Ана... Мейірімді ана. Адамды сүйгіш, ар-ұятты, көргенді бала болсақ, әкемізге бір есе, анамызға он есе борыштымыз. Тәжім еттік бізді тәрбиелеген аналарға!..».
Бұл романдағы әйел - ана, арудың орнын, оған деген құрметтің шынайы көрінісі. Автор әйел - ана орнын айқындау арқылы әрбір адам анасымен бақытты екенін, сонысымен де асқақ, биіктігін көрсетеді. Бұл бүгінде, болашақта да солай екені анық.
Қолданылған әдебиет:
1. Аймауытов Ж. Ақбілек: роман / - Алматы: Раритет, 2003. - 240 бет.
2. Сағынбекұлы Р. «Жүсіпбек»: Жүсіпбек Аймауытұлының өмірі мен қаламгерлік қызметі / Сағынбекұлы Р. - Алматы: Санат, 1997. - 224 б.
3. Қирабаев С. Көп томдық шығармалар жинағы.- Алматы: «Қазығұрт» баспасы,- 2007. Т4.-424 бет.
4. Дала даналары [Мәтін]. - Алматы: Қазақстанның даму институты, 2001. - 640 б.
5. Аймауытовтың Алтай жеріндегі күндері / А. Жүнісұлы // Абай. - 2009. - N2.- Б.101-104.
|