Ақиқатында, жазушының қос ұлы /Бектұр, Жанақ/ мен қызының /Муза/, жарының өмірбаян беттері туралы не білеміз?
30-жылдар ойранының алғашқы құрбандарының бірі Ж. Аймауытұлының соңында қалған тұяқ-тұқымдарының /балалары/ тағдыр-талайы, таным-түсініктері, дүниетаным иірімдері хақында не айтуға болады?
Бұл тақырып төңірегіндегі алғашқы сөзді ел ардағына айналған ақын - М. Әлімбаев "Бектұр Аймауытов, қайдасың сен?" деген іздестіру, сұрау райындағы мақала мазмұнында айтқан болатын /Лениншіл жас, 1990, 12 сәуір.
Белгілі жазушы-ғалым Ж. Аймауытұлының ұрпақтары, олардың тағдыр-талайы туралы дерек көздері естіліп, жазыла бастады. Журналист Ә. Оралбаев "Ж. Аймауытовтың қызы Ақтөбеде тұрады" деп жастар газетінде хабарласа ("Лениншіл жас", 1990, 17 сәуір), осы жолдар авторы аталмыш басылым бетінде "Ардақтап атын әкенің" деген екінші ұлы - Жанақпен кездесудің сырын қалың көпке жайып салады ("Лениншіл жас", 1990, 29 маусым). Журналист-жазушы А. Тасымбеков 78 жастағы Бектұрдың қазақ еліне "жолы түсуін" қуана қарсы алып, тебірене жазады ("Қазақ әдебиеті", 1994, 28 қазан). Сондай-ақ Д. Әбілев "Жүсіпбек аға" (естелік). - "Қазақ әдебиеті", 1989, 13 қазан), "Көкейде қалған кездесу" (естелік), - "Егеменді Қазақстан", 1992, 26 желтоқсан), Г. Дулатова "Аманат" (естелік), С. Жанәбілов "Жаралы жүрек" (әңгіме). - ("Қазақ әдебиеті", 1992, 1 мамыр) т. т. естелік-әңгімелерден де кеңінен көрініс тапты...
Сонымен алғашқы сөз Бектұр туралы.
Белгілі "Оян, қазақ" кітабының авторы М. Дулатұлының қызы Гүлнәрдің естелік райындағы әңгімесінен Бектұрдың балалық кезеңінен хабардар боламыз: "...Тұтқындарды Москваға алып кетеді" деген хабарды естідік. Ертемен, күн шығар-шықпаста қасымда үш бірдей қатар құрбыларым бар, олар - Жүсіпбектің баласы Бектұр, Абай тұқымдары Өміртайдың қызы Әзен, Жүсіпов Ахметсафаның қызы Фарида болатын. Екі өкпемізді қолымызға алып вокзалға жеттік. Жүк таситын вагондар, шеткі бір вагонда, темір торлы терезеден әкем - Жүсіпбек қарап тұр екен. Күзетшілер вагонға жолатпай, "қайт, атамын" деп жекіп, жасқай берді. Бектұр үркіп, кідіріп қалды. Жүсіпбек аға анадайдан айқай салды. "Бектұр, жақында... қорықпа... деп. Айтатын бір сөзі болуы керек. Күзетшілер баланы әкесіне жолатпады, жылап еңіреп жүріп, поезды көзбен шығарып салдық. Бұл 1929 жылғы 24 маусым күні болатын".
Ақиқатында, жазушының үлкен ұлы Бектұр Аймауытұлы әкесі "істі" болған соң-ақ "Алашорданың баласы" атанып, өз еліне, жеріне "сыймады". Араға ұзақ уақыт салып, 78 жасында Ресейдің Кемерово облысы, Прокофьевск қаласынан Қазақстанға жолы түсті. Бектұрдың ата-тек, туған жері, отбасы мен әкесі, оның өнерпаздығы туралы толғанысын журналист А. Тасымбековтың "Жоғалып табылған асылдың сынығы" атты мақаласы бойынша береміз: "...Ел-ай, жер-ай, шіркін! Сұлулығымен тамсандырған мұндай қаладан айналдым. Әкемді ұмытпаған алматылықтардан, Қазақстан кіндігі ару Алматыдан айналдым! Қазақстан жеке ел болды, тәуелсіздігін алды дегенде алыста жүріп жан айғайымды кім естіген. Бақытты, еркін ел болсын Қазақстан!
...Бұрын Павлодар кішкене қала еді. Көшенің ана басынан мына басына жаяу жүріп өтетінбіз. Әкеммен еріп, паромға мініп, Ертістің арғы жағына өтіп, серуен құратынбыз. Бәрі өзгеріпті. Қала аумағы кеңіген. Балалық кезіміз көз алдыма келіп отыр. Қыс-қыстау, жаз-жайлау, ойнаған жеріміз ұмытқан жоқпын.
...Әкемді ұстап алып кеткен соң, үйімізде жан бағу мәселесі қиындап кетті. Ашаршылықтың аранын ашып тұрған кезі еді. Көп ұзамай өгей шешем (жазушының алғашқы жары - Волкова Вера Николаевна - Р.С.) Евгения Кирилловна Қызылорда қаласындағы Бас дәріханаға жұмысқа орналасты. Мамандығы бойынша аптекашы еді ол кісі. Үлкен қалаларда жаппай ФЗО ашылып жатқан кезі. Өгей шешем мені шақырып алып: "Уақыт өзгеріп жатыр. Буының қатпаса да өз жаныңды өзің бағып, нан тауып жейтін уақыт келді. Білім алуың керек. Тасқира Бақтыгереевна ертең Уфа қаласына жүргелі отыр. Сонымен бірге Уфаға барасың. ФЗО-ға түсуіңе көмек береді. Оның үстіне бұл жақта қудалау қаупі бар" деген соң, Тасқира апаймен Уфаға тартып отырдым. ФЗО-ға қабылданып, электромонтер мамандығы бойынша үш жыл оқыдым. Бұл кезде үйіміз Шымкентке көшіп кеткен екен. Шымкентке келсем ел-жұрт ашаршылықтың әлегімен көз жастары көл болып, келеңсіздікті көріп жатыр екен. Біздің үйдің жарығы жоқ. Бірден келіп үйге жарық тарттым. Жұмысқа орналасып, алғашқы айлығымды өгей шешеме алып келгенімде марқұм қандай қуанды. Бұл қалада да көп тұра алмадым. Соңымнан "Алашорданың баласы" деп шырақ алып түскен соң ізімді жасырайын деп Түркменстанға өтіп кеттім. Бұл жақта Қазақстанға қарағанда біршама тәуір екен. Малдәрігерлік техникумға түсіп, жақсы оқып жүрдім. Әрі әкемнің кітабын безендіруші Кривницкий деген суретшілерден қарап жүріп үйренген әуесқой суретшілігім бар еді. Бүкіл малдәрігерлік техникумның безендірілуі, көрнекті құралдары менің мойнымда. Сөйтіп бір еркін тыныстап, арқаны кеңге салып жүргенімде "Қызыл ізшілер" тағы да соңымнан түсті. Ол кезде оқуға ұлттық кадрлар дайындау науқаны басталған. Мен Қазақстаннан қазақ балаларын алып келем деп айла жасап Шымкентке тарттым да, тікелей Қазанға өтіп кеттім. Қазан қаласында да мамандығым бойынша әскери зауытқа электро-монтер болып жұмыс істеп жүргенімде мені шошқа бағуға көндірді. Айтқанды орындамасаң, таяқ жейтін уақыт, мен келістім. "Шошқаның торайын өлтірдің, өзің "Алашорданың баласы" екенсің" деп мені 1937 жылы желтоқсан айында ұстап, 10 жылға соттады. Әкем үшін контрреволюционер болып шықтым да, сотталып кете бардым. Солтүстік лагерьлерінде 10 жылымды өткізіп, 1943 жылы айдаудан қайтым. Енді елге, Қазақстанға баруға жол жоқ. Оның алдында сотталмай тұрып, аты-жөнімді өзгертіп, Бурятияға ма, Чукоткаға ма қашып кетсем деген де ой болған. Тағдырдың жазғаны сол. Әкем үшін 10 жыл отырып, тағдыр алдында талқаным шықты. Содан үнемі қара жұмысқа жегілетін шахтерлер қаласы бар Кемерово облысына қоныс аударып, ең ауыр жұмыстарға жегіліп, ақыры еңбек зейнетіне шықтым. Үй-күй жоқ, жатақхана қажытты. 1965 жылы ғана үйлендім. 1966 жылы туған ұлым - Виктор Викторович Аймауытов Кемерово қаласында политехникалық институттың соңғы курсында оқиды. Ал қызым Римма Аймауытованың күйеуі - латыш, қазіргі фамилиясы - Турмас. Кемпірім - 1935 жылғы. Қазір аурушаң, қарапайым жан. Үйде екеуіміз ғана. Мінеки, Уфа трагедиясы.
Аймауыт атамның бейіті мінеки, әкеміз екеуіміз Орынбордан арнайы келіп, басына құран оқып, сыртын кірпішпен қоршап, ескерткіш қойып едік. Екі атпен айналдыра жүріп балшық илеп, оның иін қандырып, кірпіш құйдық та, төрт құлақ бейіттің сыртына араб әрпімен Аймауыт атамның туған, қайтыс болған жылдарын жазған едім. Қазір кірпіштері жоқ. Ескерткіш тақта да жоқ.
"...Қызыл бидай", "Торайғыр" деген әнді айтатын. Есімде қалғаны осылар. "Торайғырды" домбырада ойнағанда даладағы жылқы дүбірі, жүйрік аттың екпіні білінер еді, жаза беретін, жаза беретін, кейде орыс тілінен аударған ертегілерді оқып беретін. Иә, иә, есімде... Аты-жөнін ұмытып қалдым. Бір зор ақылды адам менің ертегімді тыңдап арқамнан қаққаны бар. Үйде өгей шешеммен орысша, ал менімен қазақ тілінде сейлесетін".
Көрнекті қаламгердің тұңғыш перзенті Бектұрдың отаны - Қазақ елі мен жері, әкесі туралы есінде қалғаны, қиын кезеңдегі өмір жолы, қазіргі жай-күйі осындай.
- Жанақ (кіші ұлы) 1920 жылдың 18 ақпанында (Семейде) туған. Отбасы орыс: бір ұл, екі қызы бар. 1948 жылы туған ұлының толық есімі - Александр Аймауытов, Санкт-Петерборда. Екі қызы - Надежда және Валентина Аймауытовалар Мәскеуде тұрады.
Қаламгер ұрпақтары дегенде еске түседі. Бішкектің маңында тұратын Жанақ Жүсіпбекұлына (құжат бойынша - Аймауытов Евгений Юрьевич - Р.С.) кездесу, сұхбат үстінде білімдарлығы мен есте сақтау қабілетіне қайран қалғаным бар-ды. Отбасылық тағдырым "тар жол, тайғақ кешуі" мол болғанымен оқу-білімді жүйелі алдым дегенді.
Ақиқатында, ізденіс түбі - ізгілік. Іздестіру нәтижесінде Жанақ Жүсіпбекұлының оқу-білім мен тәлім-тәрбие алған Ақтөбе мұғалімдер институты мен Әбу Насыр әл-Фараби (бұрынғы С.М. Киров) атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің физика-математика факультетін (математика мамандығы бойынша) бітіргеніне көз жеткіздік.
Расында, архив - айғақ. ҚазМУ-дың №190 ісінде Ж. Жүсіпбекұлының (жеке делодағы дерек құжаттар бойынша - Аймауытов Евгений Юрьевич - Р.С.) Ақтөбе мұғалімдер институтын (2 жылдық, үздік бітірген, №195 бұйрық, VII. 39), мемлекеттік емтихандарды (физика, математика, педагогика - "өте жақсы") бес деген бағаларға тапсырған. Бұл туралы арнайы "Анықтамаға" институт директоры (Оспанов) қол қойған (мөрі қоса басылған - P.С).
Дерек-құжаттарды рет-ретімен қарап, жүйелі түрде таныса бастасаң, өзіндік сыр-құпиясы ашылып, ақтарылып сала беретіні бар. Физика-математика пәндерін еркін меңгеріп, "өте жақсы" (бес) деген бағамен бітірген Ж. Жүсіпбекұлы ендігі жерде аталмыш оқу орнының қолдап, көмек ету негізінде (ақиқатында - үздік бітіргендіктен - Р.С.) жоғары оқу орындарының біріне түсуге мүмкіндік беріледі. Оқып көрелік:
Қазақ ССР Халық Комиссариатының бұйрығы 22 мамыр, 1939 жыл, №1260, Алматы.
Оқу озаты ретінде Аймауытовқа жоғары оқу орындарының біріне түсуге рұқсат берілсін.
Қазақ ССР-інің Халық ағарту комиссариаты Әбдіхалықов.
Институт хатшысы Абрамова (мөрі, қолдары бар).
Ж. Аймауытұлы Ақтөбе мұғалімдер институтын бітірген соң (1939 жыл) ҚазМУ-дің физика-математика факультетінің 2-курсына қабылданады (математика мамандығы бойынша, 1939 жыл, 1 қыркүйек). Ол туралы "Өтініш" төмендегідей:
Қазақ мемлекеттік университетінің директорына Аймауытов Евгений Юрьевичтен
Өтініш
Осы жылы Ақтөбе мұғалімдер институтының физика-математика бөлімін бітірдім. Қазақ ССР-нің Халық Ағарту Комиссариаты маған үздік бітіруші ретінде осы бағытта білімімді тереңдетуге кең жол ашып отыр. Сондықтан мені Қазақ мемлекеттік университетінің физика-математика факультетінің 2-курсынан (математика мамандығы бойынша) қабылдауыңызды сұраймын.
Өтінішпен бірге өмірбаяным, Ақтөбе мұғалімдер институтын бітіргенім туралы анықтама, Қазақ ССР-нің Халық Ағарту Комиссариаты бұйрығының көшірмесі мен 3 (үш) фотобейне беріліп отыр.
Е. Аймауытов. 23. VIII. 1939 ж.
Ж. Жүсіпбекұлының "жеке құжаттарында" оқуға қабылдау жөніндегі "Өтініштен" өзге анкеталық жазбалар (мысалы, төлқұжат - АЖ №666995, комсомол билеті - №6862881 мен мекен-жайым Актөбе қаласы, Базар көшесі, 34 үй, т. т.), өмірбаяндық деректер берілген. Еске алар жайт: "Өмірбаян" да орыс тілінде, қолмен, түсінікті жазылған. Біз де кезекті тұста маңызды мәлімет ретінде қалың көпке қаз-қалпында жеткізгенді жөн көрдік.
ӨМІРБАЯН
Мен, Евгений Аймауытов, 1920 жылы 18 ақпанда Семей қаласында ұстаз - Юрий Александровичтің отбасында өмірге келдім (орыс отбасылық ретпен: Бектұр - Виктор, Жанақ - Евгений, жазушының өзі - Юрий Александрович болып кеткен - P.С).
1921 жылы анам - Вера Волкова қайтыс болды. Анамның қайтыс болғанына 1 жыл толған соң, әкем Чкалов қаласына көшіп, сонда үйленді, ал мені өгей шешем тәрбиесіне берді. Мен сол уақыттан бері әкеммен, өгей шешеммен - К.А. Сермұхамедовтар отбасында тұрамын.
Атам Кирилл Александрович Сермұхамедов 1870 жылы Қостанайда туған. 1903 жылы Қазандағы малдәрігерлік институтын бітірген. Сол уақыттан бері Қазақстанда өз мамандығы бойынша үзбей жұмыс істеп келеді. Атам 1926 жылы Чкаловтан жұмыс бабымен Шымкент қаласына ауысты. 1927 жылы мені осындағы орта мектепке оқуға берді.
1929 жылы Қызылорда қаласында тұратын әкем қайтыс болды. (?)
1930 жылдан 1935 жыл аралығында мектепте пионер қатарында болдым. 1935 жылы Ақтөбе қаласына көшіп
келісімен мен осындағы №2 орта мектепке қабылдандым.
Оны 1937 жылы бітірдім.
Онжылдықты бітірісімен Ақтөбе мұғалімдер институтының физика-математика бөліміне оқуға түстім.
1939 жылы комсомол мен жұмысшы кәсіподақтарының (РСШ) қатарында болдым.
Қазіргі кезде атам Ақтөбенің М.К. стансасында мал дәрігері болып жұмыс істейді. Отбасындағы адамның төлемақысын есептемегенде оның жалақысы - 475 сом.
Осы жылы, яғни 1939 жылы - Ақтөбе мұғалімдер институтын бітірдім.
Е. Аймауытов. 23. VIII. 1939 ж.
"Өмірбаян" хақында, нақтырақ айтсақ Жанақтың "1929 жылы Қызылорда қаласында тұратын әкем қайтыс болды" дейтін "жазбасы" туралы көп болып ойласатын, түсініктеме беретін тұстар баршылық.
Ақиқатында, Ж. Аймауытұлының Қызылорда қаласында ұсталып, бес рет тергелгені туралы жазушы Д. Досжан "Абақты" атты көркем-публицистикалық зерттеуінде кең көлемде қарастырған ("Жас алаш", 1991, 26 қараша; "Жалын" журналы, 1991, №4). Осы және басқа да дерек, естелік, жазбаларға назар аударсақ, Жанақтың: "...әкем қайтыс болған" деп ашық та айқын жазуына қарағанда 30-жылдар ойранын, нақтырақ айтсақ - қазақ зиялыларының бірқатарын қоғадай жапырып, қара құйындай соққан "жікшілдік" жебесі мен әкесі - Ж. Аймауытұлының "Алаш" партиясына мүше болуын, Кеңес үкіметіне қарсылығын, ағайынды Әділевтердің бандылық тобымен байланысын, "Торғай ісінің" салқынын т. т. алаң да балаң көңілі солай түсініп, сенгені ғажап емес. Өгей анасы мен атасының, жақын-жуықтарының солай деп айтып, сендіруі де әбден мүмкін... Бізбен кездесуінде (1990 ж.) Қазақстанға көңілінің "қара қазандай" екенін де қабақпен танытқан. Елден жырақта жүргенін де солай түсіндірген.
Құжаттар қатарында, әсіресе Ж. Жүсіпбекұлының Ақтөбе институтын үздік бітіргені туралы "Анықтама" назар аударарлық. Алдымен айтарымыз: оқу кезінде 4 семестр бойында барлық пәндерден "өте жақсы" деген баға алған, мемлекеттік емтихандарды (физика, математика, педагогика) да осындай үздік көрсеткіштерге тапсырған ("Анықтамаға" институт директоры қол қойған. - Р.С).
"Анықтама" - Ж. Жүсіпбекұлының математика мамандығына бейім әрі қабілетін танытумен қоса оқу-білімге құштарлығын, өмірге сүйіспеншілігін де айқын аңғартар еді.
Бұл айтылғандарға бірден-бір дәлел дерегіміз: 1939 жылдың 27 тамызында №118 бұйрықпен Ж. Жүсіпбекұлы (Е.Ю. Аймауытов - P.С.) мұғалімдер институтын үздік бітіргендіктен ҚазМУ-дің физика-математика факультетінің II курсынан оқуға қабылданды (1 қыркүйек, 1939 жыл).
Е. Аймауытов өтініші мен физматтың деканы - Ершовтың келісімі бұл айтылғандарды куәландыра түседі.
Біздіңше, "Анықтама" айтар ақиқат - Ж. Жүсіпбекұлының оқу-білімге жоғары құштарлығымен қоса осы мақсат жолына адалдығы мен шексіз берілгендігін айқын аңғартады. Математика жұмбағын шешуге, әке арманы мен данқын асқақтата арттыруға деген сүйіспеншілік сезімінің жоғары болғанын да толық сезінеміз.
"Анықтама" ақиқаты осында.
Ж. Жүсіпбекұлының жеке құжаттарында студенттік кезеңін, оқу жүйесіне қатысты көзқарас, танымын танытатын жазбалар да сақталған. Атап айтқанда, шәкіртақы (стипендия) туралы (14. IX. - 1939; 19. IX. - 1939 ж. ж.), атасы - мал дәрігері К.А. Сермұхамедовтың отбасы жөнінде анықтама (22 қыркүйек, 1939 ж.), мұғалімдер институтында оқыған кезде тапсырған емтихан мен сынақтардан (қазақ тілі, ВКП(б) тарихы, әскери дайындық - 22. XII. - 1939), және педагогика мен математика методикасынан (3. XI.-1941 ж.) босату туралы физмат деканының атына жазылған өтініштері, жазғы демалысқа шығу жөніндегі мәлімдеме (29.VI. - 40 ж.) т. т. жүйелі, реттік тәртіппен тіркелген.
Сондай-ақ ҚазМУ-дың профессор-оқытушылар құрамы мен бірқатар студенттер арасында Ж. Жүсіпбекұлы да арнайы аталып, қаржылай көмек беріледі, сайлау науқанына белсене қатысқаны үшін де комсомол, кәсіподақ ұйымдарының айрықша марапатына ие болады (1941 жылғы №171 бұйрықтың көшірмесі).
Көз көріп, көңіл қуантқан жәйт - Ж. Жүсіпбекұлының студенттік шақтары кезең, уақыт жағынан қиын да күрделі болғанымен өмірге сүйіспеншілігі, оқуға құштарлығы жоғарылығымен ден қойғызар еді. Әсіресе, физика-математика мамандығы бойынша зерек те сергек, айрықша қабілетті болуы оны (Жанақты - P.С.) өзгелерден озық та, биік те әрі тұлғаландырып тұрады. Бұдан біраз жыл бұрынғы кездесуде (1990 ж.) үйіндегі санаулы кітаптардың бірыңғай физика-математика саласында жүйе құрауын, көрші-қолаңдарға осы бағытта сауатты да нақты көмектер беруі (мысалы, математика мамандығының түйінді мәселелері мен тапсырмалардың шешуін шекілдеуікше шағып (шығарып) ақыл-кеңестер айтуы т. т.) жоғарыда айтылған жайларды тиянақтай түсері хақ.
Ал, ҚазМУ-дың ректоры (Лукьянец) мен партбюро хатшысы қол қойған "Мінездемеде" Ж. Жүсіпбекұлының адами-имандық қырлары кеңінен көрінер еді ("Мінездеме" Сталин аудандық әскери комиссариатына берілген - P.С).
Оқып көрелік:
"Аймауытов Евгений Юрьевич 1920 жылы туған. С.М. Киров атындағы ҚазМУ-дың физика-математика факультетінің 3 курс студенті.
1939 жылдан комсомол қатарында.
Университетте оқыған кезден бастап өзін жақсы қырларымен көрсете білді. Қоғамдық жұмысты комсомол бағытында атқарды - топ жетекшісі. Тәртіпті, саяси сауатты".
"Құжаттар" топтамасында әскерге шақырылуына байланысты Ж. Жүсіпбекұлын студенттер қатарынан шығару туралы ҚазМУ-дың оқу бөлімінің 2.02.42 жылғы №462 бұйрығының көшірмесі де бар (Ректор - Сокольский қол қойған).
Kөп ұзамай ҚазМУ-дың ректорына жазған "Өтініште" Армиядан оралған Ж. Жүсіпбекұлының бұрынғы оқыған факультеті физика-математиканың 4-курсына қабылдауын сұрайды (11.02.1942 ж.).
"Көп ұзамай" деген сөзді арнайы жаздық. Мақсат - бар-жоғы он шақты күн ішінде Армия қатарына шақырылып, содан соң "студенттік сезімнен" айырылып, одан кейінгі жерде "Өтініште" көрсетілгендей оқуды қайта жалғастыруы (4-курстан - P.С.) еріксіз ойға қалдырады. Ой тұманын, күдік бұлтын аталмыш оқу орнының 1942 жылдың 13 ақпанындағы №408 бұйрығына сәйкес Ж. Жүсіпбекұлының Армиядан кейін сабағын жалғастыруы серпіп-ақ тастайды.
Алайда, ойымыз бен тіліміздің ұшында үміт пен күдік қатар ұялап тұрғанын қалың көптен жасырып қалғымыз келмейді.
Ақиқатында, 1942 жылдың ақпан айының басыңда бұрынғы Кеңестер Одағының құрамында болып келген Қазақстан халқы Ұлы Отан соғысының сұрапыл сәттерін бастан өткеріп жатқанды. Жыр жампозы Жамбылдың "Ленинградтық өренім" атты толғауы да жауға қарсы атылған оқпен бірге жыр жебесі болып жетіп жатты (шығарма - 1941 жылдың күзінде жазылған, көп ұзамай "Великий город Ленина" деген жинақта жарияланды. М., 1942 ж.).
Ендеше, Ж. Жүсіпбекұлының Армия қатарына шақырылуына орай әрі студенттік өмірмен "қоштасуы" әрі жатақхана, кітапхана, оқу бөлімімен т. т. толық есеп айырысуы, кейінгі тұста "Өтініште" көрсетілгендей "Армиядан оралуыма байланысты" ("...я возвращен из Ар¬мии") оқуын жалғастыру -әскери комиссариаттың кезекті есепке алу, тіркеу тәрізді шақыруы болуы әбден мүмкін.
Бәлкім, "алашордашылардың" тұқымына қойылған зымыран уақыт пен қатал кезеңнің (30-жылдардың - P.С.) "кезекті сұрақ-жауабы" болды ма екен?!
Сонымен Ж. Жүсіпбекұлының ҚазМУ-де оқыған студенттік кезеңін куәландыратын "құжаттардың" соңғы бетіне де жеттік. 25-беттегі 0-38 куәлік көшірмесінде қанаты күйген, асылдың тұяғы - Ж. Жүсіпбекұлының ҚазМУ-де оқып, сондағы сынақ-емтихандардан қандай бағалар алғандығы көрсетілген. Математика жолына сүйенсек, аталмыш "Көшірмеде" - Университет қабырғасында өтілген пәндер, олардан алған бағалар ретті тәртіппен түзілген. Нактырақ айтсақ, Ж. Жүсіпбекұлы ҚазМУ-де оқыған жылдары төмендегідей бағалар алған: "өте жақсы" - 26. "жақсы" - 9, "орта" (үш) - 1 және бес сабақтан сынақ тапсырғаны көрсетілген.
Аталмыш "құжатқа" - Сокольский (ректордың міндетін атқарушы), Литвинов (физика-математика факультетінің деканы, профессор), хатшы (Федотова) қол қойған.
"Құжаттар" топтамасының соңына "Сынақ кітапшасы" қоса тігілген.
Демек Ж. Жүсіпбекұлының студенттік кезеңі - уақыт жағынан қатал да күрделі болғанымен (Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан мезгіл - P.С.) университеттің оқу жоспарына сәйкес толық үлгіріммен аяқтайды.
"Құжаттар" хаттамасына ойлы көз, сергек көңілмен ден қойсақ - Ж. Жүсіпбекұлының өз қолымен жазған "Өтініш", "Өмірбаян" басқа да жазбалары анық та айқын ойларымен, әрі сауатты, әрі нақты, әрі қысқа үлгісімен назар аудартады...
Муза Жүсіпбекқызы (Сахно) жұбайы Степан Сахно (мұнайшы) және қыздары Наталья мен Татьяналармен бірге Ақтөбе қаласында тұрады. "Ақтөберентген" бірлестігінде еңбек еткен, қазір зейнеткер. 1926 жылы 3 мамырда Орынборда өмірге келген. Шымкент шаһарына осы жылдың шілдесінде әке-шешесімен келіп, алғашқыда Крегер көшесіндегі №8 үйде, кейіннен А.С. Пушкин атындағы көшенің №9 үйде тұрған.
Ал жазушының зайыбы жөнінде айтсақ екі рет неке қиған. Алғашқы әйелі - Вера Николаевна Волкова. Көрнекті қаламгердің ұлдары - Бектұр, Жанақ осы В.Н. Волководан туған. 1921 жылы өмірден өтеді.
Жазушының екінші әйелі - Евгения Кирилловна Қарабатырқызы. Бұдан Муза туады (1926 жыл, 3 мамыр).
Е. Қарабатырқызы жазушының шығармашылық мұрасы ақталардан бір жыл бұрын өмірден өткен (1897- 1987)...
Пікір орайында, жазушының кіші ұлы Жанақ пен қызы Музаның әке есімі мен еңбегіне қатысты перзенттік сағынышқа толы естелік, сөздерін еске алсақ - бұдан қалың көп те, әдеби жұртшылық та ұтылмас дер едік.
Жанақ Жүсіпбекұлы:
- Әкем азамат әрі қалам қайраткері ретінде, шын мәнінде, өз халқына елеулі еңбек етті деп білемін. Көптеген ғылым салаларына ақын-аудармашы, көрнекті жазушы, үлгілі ұстаз ретінде белсене араласқанын, қалам қуатын молынан арнағанын мақтан етемін. Маған бұл жай күрделі кезең - 20 жылдардың соңында-ақ айқын, бедерлі болатын.
Әкем ақын, жазушылығымен қоса мейлінше қарапайым әрі сан-салалы өнер иесі еді. Айталық, темірден түйін түйетін ұста, ерінбейтін етікшілігімен қоса музыка аспаптарында (домбыра, рояльде, скрипкада т. б.) еркін ойнай білуші еді. Бұл өнерпаздығы өзінің дос-жарандарына өте ұнайтын еді. Сол себепті де ол әрбір ортаға сыйлы еді, кіммен болса да еркін араласып, бүкпесіз сөйлесетін, сыр шертетін. Ең негізгісі, нағыз көркем сөз шебері болғаны әлі есімде. Ерте тұрып, кеш жататын әкем әлгіндей өнерлерінен қолы қалт ете қалса үстеліне келіп, тапжылмастан отырып, ұзақ жазушы еді... Өкініштісі, қапыда көз жазып қалдық. Бірақ, мен әкемнің негізсіз қараланғанын сол кездің өзінде бала көңілмен болса да сезінуші едім. Енді, міне, "өшкен жанып..." дегендей, есімі мен еңбегі халқына қайта оралып отыр...
Муза Жүсіпбекқызы:
- Әкемнен 3-4 жасымда көз жазып қалыппын. Оның тағдыр-талайы туралы шешем Евгения Қарабатырқызынан және атам Арыстан Сермұхамедұлынан (1870-1951) естіп, білдім. Әсіресе, анамның әкем жайлы, оның жолсыз жаза құрбаны болғанын естіп, еске алғанда екеуміз де ұзақ егіліп, жылаушы едік. Анамның қолында отбасылық альбом сақталынған екен. Мен осы альбом арқылы әкеммен күнде кездесіп, үнсіз сырласамын. Әкемнің достары арасында беделді әрі өзін еркін ұстайтыны, ал жазу жұмысына келгенде оймен өмір кезіп, айнала әлемді уысында ұстап, саусақтарымен сөйлеткенін де анам есіне алады... Енді, міне, араға көп жылдар салып 30-жылдар ойранының бұлты сейіліп, алыптарымыз ортамызға қайта оралуда. Солардың қатарында әкемнің де есімі мен еңбегі екінші тынысы - рухани өмірін бастады. Ендеше, оның ұрпақтары да көп жылғы "халық жауы" деген атақ, қамыттан азат. Сондықтан мен өзімді қазақ қызы санаймын, бақытты ұрпақ жалғасымын деп білемін.
Жазушының өмірбаян беттерін толықтыруға шәкірттер ой-пікірі де елеулі көмек етеді. Бұл ретте 30-жылдары Өзбекстан Жазушылар одағы жанындағы қазақ қаламгерлері бөлімшесінің жұмысына басшылық жасаған Қалмахан Оспанов пен Шымкент шаћарындағы педагогикалық техникумының түлегі Керім Тіленшіұлының ұстаз еңбегі мен адами-имандық белгілеріне қатысты ойлары маңызды.
Қ.Оспанов:
- 1920-26 жылдары Ташкентте "Казин-просс" дейтін оқу орны болды. Аталмыш оқу орны жанында 9 жылдық үлгілі тәжірибе мектебі бар болатын. Ж. Аймауытұлы осында сабақ берді, мен ол кісінің алдында оқыдым. Кішіпейіл де таза жүретін, әрі қарапайым ұстазымды шәкірттер мақтан тұтатынбыз. К. Маркс көшесінің нөмірі 49 үйде тұратын ұстазым отбасында да қадірлі, көпшіл екен. Шәкірт ретінде Жүсекең мені үйіне шақырып, отбасымен таныстырғаны барды. Жеңгеміз Валя (толық есімін ұмытыппын) қарапайым болса, ұлдары Бектұр мен Жанақ ақжарқын, көңілді де көпшіл болатын. Сол жылы Жүсекең - ұстаздық өмірбаян беттерінен, шығармашылық жұмыстары жөнінде де едәуір сыр толғағанды... Қысқасы, Ж. Аймауытұлы көпке сыйлы, шәкірттеріне үлгілі, ғибратты жан еді...
К. Тіленшіұлы:
Ұстаз туралы әркім түрліше пікірде болатыны белгілі. Мен Жүсекең - Жүсіпбек Аймауытұлы жөнінде оң көзқарастамын. Шымкент шаһарындағы педтехникумда (А.С. Пушкин көшесіндегі №9 үй - P.С.) оқып жүргенімде байқағаным: әрі көпшіл, әрі өнерлі бо¬латын. Көшпілдігін педтехникумда тұрғанда байқасам, ал өнерін қалың көп білуші еді. Ойы терең, сөзге де шешен еді. Кейіннен білдік - түрлі ғылым саласынан еңбектер жазып, аудармалар жасаған екен... Ең бастысы, азамат ретіндегі бейнесі әлі көз алдымда. Ендігі міндет: ақталған арыстандарымызбен бірге Ж. Аймауытұлын да ардақтау, бүгінгі буынға үлгі ету борыш деп білемін...
Жауынгер-жазушы Бауыржан Момышұлы ұлылық иірімін әрі қысқа, әрі нұсқалы үлгіде жеткізген: "- Менің ұстаздарым көп. Солардың бірі - Жүсекең... Өмірден өз орнымды табуға көмектесіп, дұрыс бағыт сілтеген ол кісіге мен мәңгі қарыздармын..."
Міне, "ел үшін күйген" көрнекті қазақ қаламгері Ж. Аймауытұлының талант табиғаты мен тағдыры, сондай-ақ перзенттері мен шәкірттері ой-пікірлерінің кейбір үзік-үлгі, сырлары осындай. Біз бір ғана Ж. Аймауытұлының отбасы мен өмірбаян беттеріне үңілгеннің өзінде кезең кестелері әр қырынан көрініп, талант табиғатына парасат шуағынан гөрі саясат салқыны көлеңкесін молынан түсіріп, салмағын салғаны анық аңғарылады.
Алайда өмір - өзен, уақыт - сынап емес пе? Тәуелсіздік туы желбірегелі әлеуметтік-қоғамдық салалармен бірге рухани әлеміміз де жан-жақты толысып, ағысты арнадай кең өpic алуда. Ой мен сөз жүйесін Ж. Аймауытұлының өмірі мен рухани әлеміне қатысты айтсақ, дәуір дидарын өмір шындығына сай суреттеп, кейіпкерлер бейнесін, болмыс бітімі мен іс-әрекеттерін бойы мен ойына лайық бедерлей білгенін анық аңғарар едік. Өмір, уақыт шындықтары жазушының шығармашылық мұра-мирастарында жанр және шеберлік түрғысынан әрі теориялық дәрежесімен, көркемдік-рухани белгілерімен, тілдік-стильдік сипаттарымен жарқырай көрінген. Ендеше Ж. Аймауытұлының өмір тағдыры тауқыметке толы болғанымен рухани әлемі айшуақ айшықтарымен ажарлы, көркемдігі келісті де бедерлі.
Ж. Аймауытұлы өмірі мен отбасының, рухани әлемінің сыры да, талант тағылымының үлгі-өнегелік, тәлім-тәрбиелік мәні де осында.
Сағынбекұлы Р. «Жүсіпбек»: Жүсіпбек Аймауытұлының өмірі мен қаламгерлік қызметі: Көмекші оқу құралы / Сағынбекұлы Р. - Алматы : Санат, 1997. - 224 б. |