Ақын-жазушылар естеліктері   









Ақ жүректі адам

«Өлгендер қайтып келмейді» деген ұғым санамызға әбден сіңіп қалғандай еді. Жарты ғасырдай уақыт топырақ астында «сүйектері қурап қалған» Шәкәрім, Мағжан, Ахаң, Жүсіпбек қайта тіріліп, қатарға қосылар деп кім ойлаған. Әйтеуір, 1988 жыл қазақ халқының өмірінде «Өлгені тіріліп, өшкені жанған» ғажайып тамаша құтты жыл болды. Ылайым сондай жылдар көбейе берсін.

Шынымды айтайын, мен құралыптас, жасы сексенді қусырған қарттар, бүгінде ақталған алыптарымызды «жау» дегенге еш уақытта сенгеніміз жоқ, ішімізден «айта берсін!» деп тарта бердік, бірақ сыртқа шығаруға дәрмен қайда, өз басына қатер, әркімге жан керек.

Оған дәлел: солардың кейбір шығармалары әрқайсымыздың үйімізде кілт астында тығулы жатты. Шәкәрімнің «Еңлік-Кебегін», «Қалқаман-Мамырын», Мағжанның «Батыр Баянын», Жүсіпбектің «Қартқожасын» жатқа айтатын қарттар күні бүгінге дейін бар.

Жүсіпбектің «Қартқожасы» менің столымның кілттеулі тартпасында жатқанына алпыс жылдай болды. Ана бір кездерде өртеп те жібергем жоқ, көміп те тастамадым. Аса бір сенген адамым болмаса екінің біріне көрсете де бергем жоқ. Кім біледі, адамға адамның сенімі жоғалған, әркімнің соңында ГПУ-дің бір тыңшысы жүретін заман еді ғой ол. Жүкеңнің шығармаларын жасымда түгелге жуық оқығам. Ол кісі менің ойымнан еш уақытта шыққан емес. Неге екені белгісіз, «әйтеуір, бір тірілер» деген үміт үзілген де жоқ еді. Мүмкін, оған Жүкеңмен біздің туыстық жақындығымыз себеп болған шығар. Ерте заманда Баянауыл дуаны тоғыз болыс ел болған екен, соның бірі Қызылтау болысы, ал мен Далба болысыныкімін. Біз онымен 6-7 атадан қосыламыз.

Керекуде (Павлодар) патша заманында екі кластық (алты жылдық) орыс-қырғыз училищесі болған. Сонда Жүкеңмен бірге оқыған Пауан Жүсіпбаев (1892-1977), Әбділда Әбжанов (1890-1956) сияқты қарттармен бірер жыл қызметтес болғаным бар. Олар Жүсіпбекті ауыздарынан тастамайтын.

- Ол біз сияқты емес, кедейдің баласы еді. Үйінен келетін көмек жоқ, қаладағы ауқатты тұрғындардың малын күтіп, қорасын тазалайтын, суын тасып, отын жағып, күлін шығарып... күн көретін. Оған Жүсіпбек ерінбейтін де, намыстанбайтын да, сабағынан да қалмайтын. Бір тамашасы ағаштан түйін түйетін шебер еді. Қазақтың екі аяқ арбасын, киіз үйдің сүйегін жасайтын, ер қашайтын, етік тігетін, кереге көктейтін. Домбыра жасайтын, домбыра тартып, ән салатын, өз ойынан өлең шығаратын, оны өзі шығарған әнге қосатын, - дейтін еді Әбділда да, Пауан да.

- Қазіргі «халық әні» деп жүрген «Ахау, Семей», «Бір бала» соның әндері, - дейтін еді Әбділда. Әрине, әлі мұны зерттей түсу керек.

1972 жылы Баянға бір барғанда, Пауекеңді (Пауан Жүсіпбаев) іздедім. Ондағы ойым, біріншіден, өзіне сәлем берейін, екіншіден, Жүсіпбектің дәл қай жылы туғанын білейін деп.

- Менің жылым - ұлу, - деді Паукең (1892), оның жылы сиыр еді (1889-90), менен үш жастай үлкен еді.

Жүсіпбек С. Сәдуақасовқа жазған жауап хатында «Сиыр жылының аяқ кезінде туыппын» дейді, олай болса Пауанның айтқаны дұрыс. 1890 жылдың январь, февраль, мартында (22-сіне дейінгі кез) туған болады, өйткені Хижра бойынша жаңа жыл марттың 22-сінде кіреді.

- Училищені бітіретін жылы (1914 жылы болса керек), - деді тағы Паукең, - ол бір оқыс іс істеді. Керекуде тұратын бір бай ағайыны қайтыс болды. Әйелі Жүсіпбектен он жастай үлкен еді, соған қарамастан жесір жеңгесіне үйленді. - Мұны қайтесің? Ол шеше бола ма саған - деп күліп жүрдік.

- Сендер түк білмейсіңдер, әлі көрерсіңдер, - деп жүре жауап беретін. Сөйтсек, әлгі бай әйелдің қаражатымен Павлодарда газет шығармақ болған екен. Ол заманда ондайлар болды да ғой. Бірақ шығара алмады. Бірінші дүниежүзілік соғыс киіп кетті де, ойы іске аспай қалды, - деді Пауан.

Жүсіпбек атақты ақын, ірі ойшыл, шежіреші Мәшһүр-Жүсіп Көпеевке (1858-1931) жақын, туыс адамдар. Өз айтуынша, 7 атадан қосыламыз депті, менің есебімше одан да жақын.

Екеуі 1927-1929 жылдар арасында жиі-жиі хат жазысып тұрады екен. Жүкең Мәшһүрге «аға» деп қара сөзбен, Ал Мәшһүр Жүсіпбекке «бауырым» деп өлеңмен жазады.

Бір хатында Жүкең былай дейді: «Былтыр ойын кітабын (пьеса дегені - 3.А.) жазуға бәйге жарияланып еді ғой. Мен «Шернияз» деген кітап жазып қосқам. Соған бірінші бәйге беретін болыпты. Мен оны алмадым - екінші бәйге алған Мұхтар Әуезовтың «Қарагөзіне» беріңдер дедім, өйткені ол шет жерде оқып жүрген шәкірт, ақша менен гөрі оған керегірек қой».

Енді бір хатында: «Құрметті Мәшһүр аға! Сізге үлкен ұятты болдым. Не деп ғапу өтінем десем де, ол өтінішім түкке тұрмайды. Өйткені екі хатыңызға бірдей жауап қайыра алмағаным кешірілмейтін күнә болды. Ренжіген шығарсыз, тек қарғамасаңыз болды. Ұруға-ұрсуға мойнымды ұсынып отырмын. Екі жарым ай болды үйден шықпағанымыз. Не істедің десеңіз, бір роман жазып бітірдім. Үлкендігі өзіңіз көрген «Қартқожадан» екі есе. Бар ойым, ниетім, рухым сол романға кетіп қалып, жынды кісідей болып, досты, жолдасты, құрметті, қымбат ағаны ұмытып, уақытын бос өткізеді десеңіз, міне, былай: таңертең сағат 8-де тұрамын да, шай ішіп қызметке кетемін. Күніне 6 сағат бала оқытамын. Сағат 3-те үйге келемін, тамақ ішіп, содан кейін ұйықтаймын. Сағат 6-7-де оянып шай ішемін. Сөйтем де жазуға отырамын. Сол отырғаннан түнгі сағат 2-3-ке дейін отырып қаламын, әбден талғанда барып ұйықтаймын. Міне, екі жарым ай бойы көрген күнім осы. Әйтеуір, бұл күндерде романым бітті. Баспаға жібергелі отырмын. Басылып шықса көресіз».

Бұл қай романы екенін өз басым айта алмаймын, «Ақбілек» деуге келмейді, оның көлемі «Қартқожадан» кем. «Жүсіпбек Кенесары туралы кітап жазып жүр дейді» деген бір сөз шыққан. Жарық дүниені көруге үлгере алмай біржола жоғалып кеткен сол болмаса.

Мәшһүр-Жүсіп інісіне хатты тек өлеңмен жазады екен. Хатында өзінің қартайғанда, тұрмыстан қажығанын көбірек айтып мұңын шағады. Осы арада Мәшһүр хаттарынан бірер шумақ келтірейік:

Шымкенттен почтаменен бір хат келді.
Саналы жан сағынбақ жер мен елді.
Жүсіптің көйлегінен иісін танып,
Сайрамақ көзі ашылып Жақып енді
Белгі алған шаршы топты озып аты.
Танымал болған жұртқа қиянаты.
Мәшһүрді өліп қалған бір тірілткен -
Шымкенттен Жүсіпбектің жазған хаты.
Аман бол! Аман болсаң, сен аман бол!
Сен аман жүрсең, маған дүние мол.
Жүсіпбек, Бектұр, Жанақ үшеуіңе
Тұрайын тілеулес боп көтеріп қол.
Алашқа аты шыққан Ақан сері
Жүйріктің көзге түскен о да бірі.
Илаһи жаңа талап жүйріктерді,
Ақанның қыла көрме Құлагері,
Бұралқы болмайтын мен еркек қой ма.
Бұл жалған айтшы маған айт пен той ма.
Неге ерте мезгілі жоқ қартайдың деп,
Әмінді көрген болсаң кінә қойма.

Бұл арада бірер жайға түсінік бере кету қажет. Жүсіпбектің семьясы - жұбайы, бала-шағасы, туған-туысқандары туралы әзір сенімді дерек тым аз. С. Сәдуақасовқа жазған жауап хатында да толық ештеңе айтылмайды. Мәшһүрдің хатында аталған Бектұр, Жанақ - Жүсіпбектің балалары. Олардың анасы кім, ол қайда! Әзірше белгісіз. Екі ұштылау бір дерекке қарағанда, Бектұр бір жылдарда Семейде халық соты болып қызмет істеген (?). Бектұр жайлы соңғы деректі журналист А. Тасымбеков жеткізді. Ол амалсыздан Викторға айналып кеткен, Жүсіпбектің ұлы әкесі ақталған соң, көп ұзамай Москва түбіндегі Коломна қаласында қайтыс болғанын айтты...

Жүсекең С. Сәдуақасовқа жазған хатында үш ағайынды едік дейді. Үлкені - Ахат, ортаншысы - өзі. Кіші інісін атамайды. Сол екі ұштылау дерек бойынша, кішісі - Жақыпбек. Көп жыл Қарағандыда тұрған, ұрпағы әлі сонда.

Мәшһүр хатындағы Әмін (Мұхамет Әмин) өзінің ортаншы баласы, оқыған, ақын адам болыпты. Жүсіпбекпен жасты, Керекудегі екі кластық училищеде онымен бірге оқыпты. Ташкенде интернат ашып, соған төңіректегі жетім балаларды жинап оқытып, тәрбиелеп жүргенде, өштескен біреулер пышақтап өлтіріп кеткен. Мәшһүрдің соған арнап, «Қан түсті алпыс үште аяғыма» деген үлкен толғауы бар...

Жүсіпбек 1930 жылы Москваға апарылып, Бутырка түрмесіне қамалған екен. Бұл түрме сонау XIX ғасырдағы Александровский централдан кейінгі «Барса келместің» нағыз өзі. Оған бір кірген адам жарық дүниеге қайта шығуы неғайбіл. Соны білетін қайран Жүкең он шақты шумақ толғау жазып қалдырыпты. Соның ішінде:

Шықпаса жаным денемнен,
Не салса тағдыр көрем мен,
Бір өзім үшін өлмеймін,
Бір ғана соған көнем мен.
Кеудеде әзір жүрек бар,
Тілек бар. Соған сенем мен.
Артымда қыруар елім бар.
Өлсе де денем, мен өлмен!.. -

деген жолдар бар. Бұған түсінік берудің қажеті болмас.

Зейтін Ақышев жазушы, аудармашы

 

ШЕБЕРЛІК ПЕН ШЕШЕНДІК

1923 жылдың қысында Семей қаласының көшелерінде қазақ тілінде басылған жарнамалар пайда болды. Қаланың Ертіс өзеніне таяу іргесінде Свердлов атындағы клуб бар. Мұнда көбінесе жиналыс, ойын-сауық кештері өткізіліп, концерт, спектакль қойылып тұрады. Ертең осы клубта ақындар: Иса Байзақов пен Нұрлыбек Баймұратов айтыспақ. Әншілер ән шырқап, жыршылар жырламақ, өнерпаздар өнер көрсетпек. Жарнамада осындай хабар жазылған.

Ол күндерде арнаулы театр да, маманданған артист те жоқ. Тек қана әуесқой өнерпаздар оқта-текте шағын пьесаларда ойнап, концертке қатысатын. Кейде қаладағы әншілер Әміре Қашаубаев пен Жүсіпбек Елебеков ән салатын.

Бүгін клубта Иса мен Нұрлыбектің алғашқы айтысы өтеді. Кешке халық көп келгендіктен залға сыймады. Билет сатылып біткен. Айтыс басталудан бұрын сахнаға кең маңдайлы, орта бойлы, жасы отыз шамасындағы қара торы адам шықты. Ол ашық қоңыр дауыспен мүлтіксіз, жай сөйлей келе айтысатын екі ақынның аты-жөнін таныстырды. Жұрт оның сөзін ықылас қоя тыңдады. Бұл адам - сол кезде губерниялық «Қазақ тілі» газетінің редакторы Жүсіпбек Аймауытов еді.

Бүгінгі айтыста екі ақын рудың атынан: Исаның өзі арғын болса да найман руы атынан, ал Нұрлыбек найман болса да арғын руы атынан айтыспақ. Алдымен Нұрлыбек ақынға сөз берілді. Нұрлыбектің зор даусы клубты жаң-ғырықтырды. Ол ойланып, асықпай, баяу үнмен арғын руының атақты адамдарын, байларын, батыр-билерін өлеңмен мақтап өтті. Исаға сөз кезегі келгенде, ол да найманның белгілі кісілерін, шешен билерін көкке көтере мақтады. Арғынның атақты адамдарын, соның ішінде Қаз дауысты Қазыбек биді халықтың қамқоры емес, елді жеген парақор, озбыр деп айыптады. Бұл күнгі айтыстың төрешісі Жүсіпбек еді. Ол орнынан шапшаң тұрып, байсалды үнмен екі ақынның бүгінгі сөздеріне баға берді.

- Бұл екі ақынның бүгінгі айтысынан аяқ алыстарын, өнерін байқадық, - деді ол. - Екі ақынның да шеберлігі, тапқырлығы қай шамада екені байқалғандай болды. Өлеңді табанда суырып салып айту екінің бірінің қолынан келе бермейтін қиын өнер. Осы тұрғыдан қарағанда Иса ақын шапшаң қимылдайтын ұшқыр, сөзге шешен, тапқыр. Ал, Нұрлыбек баяу қимылдайтын, бірақ сөзінің салмағы, мағынасы басым, ойға көбірек үңілетін ақын. Бүгінгі айтыстан біздің байқағанымыз осы... Енді бір айтар сын мынау. Исаның айтқандарының көпшілігі дұрыс. Ал Қаз дауысты Қазыбек биге тіл тигізуі, оны парақор деп кінәлауы қате. Қазыбекті арғынның қастары да жамандай алмаған:

Қаракесек қап-қара күңнен туған,
Қазыбегі би болып бетін жуған...

деген сөз осыны дәлелдейді. Ахаң (Ахмет Байтұрсынов) патша абақтысында жатқанда:

Қаз дауысты Қазыбек,
Қара Қыпшақ Жәнібек,
Жетім қалған еліңе
Кім тиянақ қазық еді, -

деп Қазыбек бидің аруағына сиынған болатын.

Бұл күнгі айтыстың нәтижесінде төреші Иса ақынның өнеріне жоғары баға берді. Екі ақынның айтысы бұдан кейін де жалғасатыны хабарланды. Келесі айтысқа ақындар «Адам» деген тақырыпқа дайындалып келмек. Екі ақын адам туралы өз ойларын өлеңмен бейнелеп айтып берулері тиіс.

Иса мен Нұрлыбектің келесі айтысы қаладағы ескі циркте өткізілді.

Бұл күні, ең алдымен, Семейдегі қазақ, татар өнерпаздары домбырамен ән салып, гармоньға қосылып жыр жырлады. Осы кеште әнші Әміре қазақтың халық әндері: «Қарғаны», «Ағаш аяқты» айтты. Татар жыршысы Мәулікей көрермендердің сұрауы бойынша «Жастар гүзелсіз» деген жырды жырлады. Татар халқының ақыны Ғабдолла Тоқай туралы сөз сөйленді. Екі палуанның французша күресін көрсетті.

Осыдан кейін цирк алаңына киіз төселіп, ортаға үстел қойылды. Екі ақын мен бір топ адам үстелді жағалай отырды. Үстелге қымыз әкеп сапыра бастады. Шағын кеселерге қымыз құйылды. Ықшам денелі, сұр көйлек киген Жүсіпбек орнынан тез тұрып, айтыс басталатынын жариялады. Иса мен Нұрлыбек ақындар «Адам» деген тақырып бойынша айтысуға тиіс екенін жиналған халыққа тағы ескертті. Жүсіпбек алғашқы сөз кезегін Исаға берді. Иса бөгелместен шұбырта ұзақ сөйледі. Адамның қасиеті, міндеті туралы жырлады. Адам туралы ойларын жырға айналдырып, суырып салып айтты.

Нұрлыбекке кезек келді. Ол даусын күңгірлете бір көтеріп алды да, ашық үнмен сөйлей жөнелді. Ол бұдан бұрынғы айтыстағыдай емес, қимылы, сөзі ширап қалған тәрізді. Тегі, бұл жолғы айтысқа едәуір дайындалған болуы керек. Адам деген не екенін бұл ақын да өзінше бағалап, өзінше түйіндеді.

Ақырында бұл жолғы айтыстың қандай дәрежеде өткеніне баға беріп, оны қорыту үшін Жүсіпбек сөз алды.

- Иса ақын бұл айтысқа онша дайындалмаған сияқты, - деді Жүсіпбек. - Ақын өз күшіне сенген болар. Ал, Нұрлыбек ақынның айтысқа өте дайындалып келгені өлеңінен байқалып тұр. Иса жүйрік ақын болғанымен, берілген тақырыпқа жеңіл-желпі қарап, тереңірек ойлануға көңіл бөлмеген. Бүгінгі айтыстың қорытындысы осы.

Жүсіпбек қаламға қанша шебер, жүйрік болса, сөйлегенде ағып тұрған шешен еді.

Жиырмасыншы жылдардың басында аштарға жәрдем көрсету комиссиясына Жүсіпбек Аймауытов та қатысып, мал жинауға басшылық еткен. Аштарға жинаған малды үкімет орындарына өткізген. Осы жинаған малды түгел тапсырмады, өздері ішіп, жеді деп, өсекші, жалақорлар сотқа шағым арыз берген. Сол сот мәжілісінде Жүсіпбектің өзін ақтап сөйлеген сөзі Семей маңындағы ел аузында ұзақ жылдар бойына аңыздай болып айтылып жүрді. Ол сөйлеген сөзінде ел тарихынан, өз өмірінен тамаша өнегелі мысалдар, маңызы зор, мағынасы терең дәлелдер келтіріп, сотта жалақорлардың өсек арызын жоққа шығарған. Сөйтіп өз ісінің адалдығын ақтап шыққан.

1918 жылы Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов екеуі Семей қаласында «Абай» журналын шығарып тұрды. Журнал сары қағазға басылған, көлемі 20-30 бет шамасында. Журналға сол кезде елде болып жатқан жағдай, ауылдағы халықтың тіршілігі туралы хабар, өлең-мақала басылатын. Абайдың баласы Мағауияның «Медғат-Қасым» дастаны ең алғаш осы журналда жарияланды.

1932 жылғы көктемде жазушы Бейімбет Майлин Семейге келді. Мен Жазушылар одағының Семейдегі өкілі болатынмын. Бейімбетпен бұдан бірер жыл бұрын танысқанмын. Ол Өлкелік партия комитетінің астық дайындау науқанына жіберген өкілі еді. Семейде біраз уақыт Бейімбеттің қасына еріп жүрдім. Бейімбет бұл жолы өзінің жерлесі, жақын досы Аманғали Сегізбаевтың пәтерінде тұрды. Бейімбетке күн сайын жолығып, онымен әңгімелесіп жүрдім. Ол газетте әдебиет бетін ұйымдастыруға көмектесті. Бір күні редакцияның тапсырмасымен кеме тоқтайтын, жүк тиеп, түсіретін айлаққа (пристаньға) бармақшы болдым. Бейімбет түсте дем алып, енді сыртқа серуендеп қайтпақ болып отыр екен. Мен оған Ертіс жағасына бара жатқанымды айттым.

- Ендеше, сенімен бірге мен де біраз жүріп қайтайын, - деді Бейімбет.

Екеуміз көшеге шықтық. Ертіс жағасына қарай жаяу жүріп келеміз. Бейімбет аз сөйлейтін кісі еді. Өзінің шығармасын жиналыста сынап жатқанда да үндемей отыратын. Бірақ не айтса да асырмай, жасырмай, дәл өз қалпында шындықты айтуға тырысатын. Келе жатқанда Алматыдағы жазушылар жайында қысқаша әңгімелер айтты. Жазушылардың әрқайсысының ерекшелігін айта келе, кенет әңгіме тақырыбын Жүсіпбекке бұрды:

- Мен Жүсіпбек Аймауытовтай шебер жазушыны бұрын-соңды көрген емеспін, - деді ол.

Мен Бейімбеттің бұл сөзіне таңғалдым. Өйткені біз Бейімбеттен асқан дарынды, шебер жазушы жоқ деп ойлайтынбыз. Оның жаңағы сөзін естігенімде, бұл - Бейімбеттің қарапайымдылығы, кішіпейілдігі шығар деп түсіндім. Бейімбет әңгімесін одан әрі жалғастырып, әлгі сөзін нақты дәлелдеуге кірісті.

- Мен «Қазақстан» баспасында директор болған кезімде бір күні Жүсіпбек Аймауытов маған келіп амандасты, - деді ол. - Біраз әңгімелескен соң Жүсіпбек менен аударатын көркем шығарма бар ма деп сұрады. Мен көп ойланбай, дереу үстелімнің суырмасын ашып, аударуға берілетін шығармалар тізімін алып қарадым. Сол тізімнің ішінен ағылшын жазушысы Фердинанд Дюшеннің «Тамилла» повесін ұсындым. «Құп болады, бұл кітап өзімде бар», - деді Жүсіпбек. 200 бетке жуық осы шығарманы аударып, 5-6 ай ішінде қолжазбаны баспаға әкеп тапсырмақ болып шарт жасасты. Сол күні үйіне қайтып кетті.

Арада 15 күндей уақыт өтті. Баспаға келіп жүрген Жүсіпбекті тағы кездестірдім. Амандық сұрасқаннан кейін:

- Әнеугі шығарманы аударуға кірістің бе? - деп сұрадым Жүсіпбектен.

- Кіріспек түгіл, толық аударып әкелдім, - деді.

- Қой, рас айтасың ба? - дедім. Ол араб әрпімен ұсақ жазылған қолжазбаны шалбарының қалтасынан шығарып маған көрсетті.

- Кәне, көрейінші, - дедім мен қолжазбаны қолыма алып. Қарасам, оқта-текте бірер түзету енгізген, беттерінің көпшілігі таза күйінде сайрап тұр.

- Осы бірінші рет жазғаның ба, әлде көшіріп жаздың ба? - деп сұрадым.

- Алғашқы бірден жазғаным осы, тек жеке сөздерін түзеттім, көшірген жоқпын, - деді Жүсіпбек. Қолжазбаны оқып қарасам: аударма дейтін емес, таза қазақ тілінде жазылған көркем шығарма сияқты, оқуға жеңіл. «Аршын төс, алма мойын», тағы осы тәрізді көркем, әсем теңеулер. Сөз тіркестері үйлесімді, мінсіз. Шығарманың орысша аты «Тамилла» болатын, оны «Дәмелі» деп тәржімелеген.

Қолжазба көп кешікпей баспаханаға сол қалпында теруге жіберілді. Мен мұндай шешен, сөзге бай, ұшқыр жазушыны ешқашан көрген емеспін, - деп аяқтады әңгімесін Бейімбет аға.

Шынында да, Жүсіпбек аударманың ең үздік маманы еді. Ол әсіресе өлең аударуға шебер болатын. Ең алғаш, 1919 жылы Совет өкіметі Қазақстанда орнағаннан бұрын Жүсіпбек «Интернационалды» қазақ тіліне аударған. Совет өкіметі келгеннен кейін арнаулы комиссия Жүсіпбектің аудармасын мақұлдап қабылдаған. Бұл аударма 1950 жылдарға дейін Қазақстанның барлық жерлерінде айтылып жүрді.

Орыс совет ақыны Александр Безымянскийдің «Молодая гвардия» өлеңін қазақ тіліне аударушыларға бәйге жарияланғанда, Жүсіпбек тағы да бәйгеден озып келді.

Таңға қарсы алға бас,
Қарысып жолдастар!
Найза мен оқ қамалды
Қиратып жол бастар.
Тайынба, қайтпа бұл беттен.
Жастар тобы түйдектен...

деген өлең жолдарын комиссия өте жоғары бағалады.

Мен Жүсіпбек Аймауытов шығармаларын 1920-21 жылдары оқып таныса бастадым. Жүсіпбектің «Лениншіл жас» журналында басылған «Жаңабайдың жанындағы трагедия» әңгімесін, «Әйел теңдігі» журналында жарық көрген «Ақбілек» және «Қартқожа» романдарын қызыға оқыған едім. Оның екінші бәйгені жеңіп алған «Шернияз» пьесасы Семей баспаханасында басылғанда, сол кітапқа корректор болдым. Газет-журналдарда басылған өлең-әңгімелердің аяғындағы «Жік», «Жаңа батыр», «Танашбай» тағы басқа бүркеншік аттар (псевдоним) Жүсіпбек Аймауытов екенін соңынан білдім.

Жүсіпбектің 1924-25 жылдарда Семейдегі «Қазақ тілі» газетінде басылған «Алып ұйқы», «Жапырақтар», тағы сондай әңгімелері де көңіл аударарлық.

Жүсіпбектің әр кезде жазған шығармалары (өлең, әңгіме, аударма, мақала, т.б.) өте көп.

Жазушының әдеби мұрасы жинауды қажет ететіні даусыз.

Жүсіпбек музыканы - ән мен күйді жанындай жақсы көрген адам. Атақты композитор Александр Затаевич Жүсіпбектен қазақтың оннан астам халық әнін жазып алып, оны «Қазақтың 1000 әні» деген кітабына енгізген. Жүсіпбек өзі де ән шырқаған.

Семей қаласына жақын Шағыл дейтін жердегі көк шалғынға шығып, Әміреге ән салдырып, оның өз өмірі туралы әңгімесін тыңдаған. Жүсіпбектің «Әнші» деген әңгімесі 1925 жылы Ташкентте «Терме» дейтін жинақта басылды. Әңгімедегі «Жеті шатыр» (Семипалат) - Семей, ал ондағы Әмірхан әнші - Әміре. Мұны Қайым Мұхаметқанов та мақаласында дәл айтқан.

Семейдің «Қазақ тілі» газетінде секретарь болып, Жүсіпбектің редактор кезінде бірге қызмет істеген Ғазиз Ысмағұлов Жүсіпбектің сол кезде «Сылаң қыз» комедиясын жазып, бір жыл бойына соны қайта-қайта түзетіп, ақырында сахнаға шығарғанын аңыздай етіп айтушы еді. Бұл бір актілі пьеса көпке дейін сахнадан түспей, көрерменді күлкіге батыратын еді.

Көркем сөздің сырына жетік, әр сөздің тамырын танып, тез аңғаратын ақын Ілияс Жансүгіров Аймауытов туралы қызықты әңгіме айтып еді. Ол баспасөзде жарияланған өлең, әңгіме, сын мақалаларды үзбей оқып, әр жазушының ой өрісін, сөз шеберлігін шамалап біліп отыратын.

- «Лениншіл жас» журналының 1924 жылғы бір санында «Самат өлеңдеріне сын» деген мақала шықты», - дейді Ілияс. - Мақаланың жалғасы келесі нөмерлерінде басылды. Мақаланың аяғына «Ү» деген бүркеншік ат қойылған. Ол әдебиетші, аудармашы Молдағали Жолдыбаев болатын. Бұл кісі мұндай мақаланы бұрын жазған емес. Оның жазатыны мұндай нәзік сырлы, ойнақы, өткір мақала емес, саяси аударма мақалалар болатын. Мақаланың авторы ол екеніне күдіктендім. Самат Нұржанов - павлодарлық жас ақын. Архивтен осы материалдың қолжазбасын тауып оқыдым. Бұл мақаланы редакциялап, бірнеше беттер қосып, ұлғайтып қайта жазған Жүсіпбек екенін өз көзіммен көрдім. Жүсіпбектің қолымен түзелген бұдан басқа да бірқатар материалдар кездестірдім, - деді Жансүгіров.

Жүсіпбек Аймауытов қатарға қайта қосылды. Оның жазушылық еңбегі, адамгершілігі, мінез-құлқы туралы ашық айтуға, жазуға мүмкіндік туды. Олай болса, кемеңгер қаламгердің еңбектерін тәптіштеп жинап бастыру, ол туралы естеліктер жазу, оның шығармаларын халықтың игілігіне айналдыру - кезек күттірмейтін маңызды міндет.

Сәду Машақов жазушы

Бес арыс: Естеліктер, эсселер және зерттеу мақалалар / Алматы: «Жалын» 1992 ж.