(Ж. Аймауытовтың ұлы Жанақтың әкесі жайында еске алу әңгімесі)
Алматыдағы орталық автовокзалдан күн көтеріле «Икарус» автобусымен жолға шықтым. Бағытым - Фрунзе. Менімен бірге бармақ болған Муза Жүсіпбекқызы, Гүлнәр апай Дулатова мен Армиял Тасымбековтер сәл кейінірек, жеңіл машинамен келмекші еді. Муза Жүсіпбекқызынан естіп, жазып алған адрес бойынша Фрунзе маңындағы Новопавловка селосына бет алдым. Рас, көңілімде тынышсыздық барын, ойымның бір нүктеге тұрақтамай сан-саққа жетелей бергенін жасырып қалғым келмейді. Ол бір есептен орынды да. Әрине, көрсетілген адрестегі мекен-жай орнында болып, іздеген, сарыла күтіп жүрген іргелі қаламгердің екінші ұлы - Жанақпен кездесіп, әкесінің ұзақ жылдардан соң туған халқына қайта оралуын, әдеби-рухани мұраларын жазып, зерттеу ісіне кең жол ашылғанын, ең бастысы, қазақ совет әдебиетінің қалыптасу, даму жолында мол еңбек сіңіргенін айтып, жеткізу түпкі ойым болатын.
Межелі жерге көп уақыт ұттырмай жеттім. Әйтсе де, жоғарыда еске алып өткен көңілдегі мың сан ойлар санадан кетер емес. Қойын кітапшамдағы үлкен әріптермен жазылған «Аймауытов Евгений Юрьевич (Жанақ)» деген жазуды еске түсіріп, екі семья тұратын бір үйдің кіреберіс қақпасын қақтым. Үй, есігі мен қақпаның арасы 8-10 метр болғандықтан маған ірі денелі, бойы ұзындау, толық келген, басында аспан түсті кепкесі бар ақсары адамның жүзі анық көрінді. Аты-жөнімді, қайдан келгендігімді естіген соң, қақпанын есігін (құлыптаулы тұрған) ақырын әрі сақтықпен ашты.
- Өзім туралы аз айтам. Саған керегі менің әкем жайлы әңгіме емес пе? - деп маған бар денесімен бұрылып, тіктей қараған. Жанарында мұң мен нұр аралас бір сыр барын сезінгендей болдым. Жүзінде ше... жүзінде ептеген жылылық болғанымен іштей әлденеге қапалану белгісі бар.
- Мен 1920 жылдың 18 ақпанында тудым. Кішкене кезімде өз халқымның тілін (қазақ тілінде - P.Т.) жақсы білуші едім, ал қазір бірер сөз болмаса түгелдей дерлік ұмыттым, - деді де шағын бөлменің ішінде мазасызданып жүріп алды. Үнсізбін. Жанақ аға аузынан шыққан сөздерді тездетіп қағазға түсіріп алуды өзіме міндет етіп алғандай үздіксіз жаза бердім.
- Бауырым Бектұр (Виктор) 1916 жылы туған еді. Оның бүгінгі хал-ахуалынан, өмір-тағдырынан хабарсызбын, - деген ол бөгелместен әкесі жайында, қысқа да болса нұсқалы, мәнді әнгіме айтты.
- Әкем Жүсіпбек шын мәнінде өз халқына үлкен еңбек етті деп білемін. Алуан ғылым салаларына ақын-аудармашы, көрнекті жазушы, үлгілі ұстаз ретінде белсене араласқанын, қалам куатын арнағанын мақтан етемін. Біруақ көңіліме демеу аламын.
Жанақ аға шағын бөлменің ішінде біраз үнсіз жүрді. Басындағы ақ кепкесін үстел үстіне қойды да бурыл шалған шашын кері қайырып және сөйледі.
- Әкем жазушылығынан бөлек өте қарапайым әрі сан-салалы өнер иесі еді. Айталык, ол ғажап етікшілігінің үстіне, темірден түйін түйетін ұста, музыкалық аспаптарда (домбыра, скрипка, рояльда) еркін ойнайтын еді. Ең негізгісі, нағыз көркемсөз шебері болды. Әлгіндей өнерден қолы қалт ете қалса, жазу үстеліне келіп, тапжылмастан отырып, көп жазатын. Ұзақ ойға шомып, сосын қаламсабына кезек беріп, бір деммен тыныстағандай қолын үстелден алмастан жаза беретін, жаза беретін...
Осы тақырыпта тағы айта түссе екен деп Жанақ ағаға сұраулы жүзбен бар ынта-ықыласыммен ден қоямын. Бірер сұрақ та тіл ұшында тұрған. Іркіп қала алмадым.
- Әкеңізбен қашан, қандай жағдайда көз жазып қалғаныңыз есіңізде ме? - деген едім. Жауапты қысқа қайырды.
- Халқы үшін құрметті, маған қымбат әкемнен тоғыз жасымда көз жазып қалдым... Анық есімде қалғанын жаңа айттым. Және қайталап айтамын:
- Әкем адам ретінде адал, шын мәніндегі жан-жақты өнерлі жан болды. Жазу ісіне келгенде ойлы, қиял қанаты мол, қалам куаты қарымды болатын.
Әңгіме желісі осы тұста үзілген. Жалғауға ілік іздеп алуан сұрақ бергім келген-ді. Осындай көңіл-ниетпен ендігі жерде әкеден қалған кей сәттері көңілге медеу, өткен өмір бел-белестерін еске түсірер сурет, эпистолярлық жазба басқа да мұрагерлік заттар жөнінде сұрадым. Жанақ аға басын шайқады. Сөйтті де көңіл түкпіріңде ұмыт қалғаны еске түскендей әлгіндегі көне үлкен үстелдің үстіңгі тартпасынан (төменгі екі тартпада математика, физика секілді мектеп оқулықтары лық толы) жұқа қалтаға сақталынған бір ғана әкесінің суретін (ол сурет «Жазушы» баспасынан шыққан қаламгердің бір томдығына, портрет, плакаттарда, газет, журналдарда жиі басылған - Р.Т.) қолына ұстап көрсетті де лезде қайтадан салып қойды. Қимылында әрі жылдамдық, әрі сақтық байқалады. Әлгіндегі таныс суреттен басқа бірер өз семьясының суреттері болды. Көріп, танысқымыз келгенде болмайтындығын бірден кесіп айтты. Қоштасарда - Жанақ ағамыз екі қыз, бір ұлы барын, олар бөлек тұратынын қысқа әңгімеледі де қазақ тілінде «Рахмет, қош бол!» дегенді еркін, күлімсірей айтты.
Мен тысқа шыққанда күн нұрын аямай-ақ төгіп тұр екен. Қақпа алдында бірер орыс әйелі мен шыққан үйге қарап Женя туралы (көрші-қолаң Жанақты осылай атайды екен - P.Т.) сөз етіп тұрғанын құлағым шалды. Еріксіз бұрылдым. Көрші, елу бесінші үйде тұратын Валентина Андреевна Бранкеева мақсатымды біліп, түсінген соң ашық-жарқын әңгіме бастаған.
- Женяның (Жанақтың) орыс әйелі болды (біз Вера дейтінбіз. Екі қыздары Валентина, Надежда Москвада тұрады. Ұмытпасам, соңғы бір келгендерінде адрестерін жазып қалдырған-ды - Валентина Андреевна бірер уақыттан соң үйіне барып, маған сол адрестерін көрсетті. Мен жазып алдым. Жанақ туралы білгім келетінін, көрші ретіндегі көзқарасын сұрағанымда Валентина Андреевна:
- Ашығын айтсам, Женя бұл күнде жиі төсек тартады. Басы ауырып, тез шаршайды (ашуланады). Ұлы Шурик Ленинградта тұрады. Сөйте тұра, Женя еш адамға сыр ашпайды, тиісті орындардан көмек те сұрамайды. Керісінше, көшеде жүргенде өзін көңілді, асқақ ұстайды. Жас балаларды жақсы көреді. Ең негізгісі, есеп-қисапқа өте жүйрік. Көше балаларының немесе жоғары оқу орындарында оқитын қыздарымыздың ара-тұра қиналып, математика пәнінен көмектесуін сұрағанымызда, қандай бір шешуі қиын есептерді сол пәннің күнделікті басы-қасында жүрген маманындай тез, әрі дәлме-дәл шығаратынына қайран қаламыз. Қарт адамдар арасында есте сақтау қабілетінің бұлайша ұзак сақталынатыны сирек құбылыс қой, - деген.
Өзім көріп, естіген әңгімелерімді, әсіресе Жанақ Аймауытовқа мұнда қараушы жоқ, қамқор қолға зәру әрі моральдық та, материалдық та көмектің өте қажет, әрі оңды шешуін өтініш ретінде Новопавловкадағы Соколок ауданына қарасты атқару комитеті төрағасының орынбасары Светлана Григорьевна Сюминаға баяндадым.
С.Г. Сюмина осында Жанак Aймауытовтың тұратынын, өзінің қараушысы жоқ, үйінің ескі, күтімсіз екенінен бейхабар болып шықты. Сөйтті де алдындағы ақ қағазға мекен-жайын, аты-жөнін жазып: таяу күндері «Қайырымдылық» қоғамынан арнайы адамдар баратынын, бұл істі аяқсыз қалдырмайтынына мені сендіріп, уәдесін берді. Пікір орайында, мынадай да ой туындады. Мәселен, республика атынан Қырғыз ССР-інің мемлекет басшыларына хат, жеделхаттар (телеграмма) үлгісінде сұрау салып, Жанақ Аймауытовты астанаға көшіріп, бөлек үй беру жағын қарастыpсa неге жараспасқа? Бұл жазушы Ж. Аймауытов рухына көрсетілген құрметпен қоса, бүгінгі ұрпақтарына жасалынып отырған қамқорлық іс шараларының оңды көрінісі болары анық.
Ойды ой қозғайды демекші. Жанақтың ағасы Бектұр (Виктор) қайда? Оның өмір-тағдыры неге сонша күрделі ауыр болды. Бұл айтып, жазғанға ғана жеңіл, оңай көрінгенмен бәлкім, ақын Абай айтқандай « Көңілім қалды достан да, дұшпаннан да» деп, немесе «Түбінде тыныш жүргенді теріс көрмедім» деген ойға иман сөзіндей бекінді ме екен? Қалай болған күнде де бір дерек көзі болу керек қой. Оқырман бұл жайлы да ойланар, пікір қосар. Ал, жазушының жұбайы Евгения Қарабатырқызы (Кирилловна) дәл бүгінгідей ақжарылқап заманға бет бұрған шақта өмірден өткен екен. (1987 ж. ) Оны да Муза апайдан естіп отырмыз. Ендігі жерде Муза Жүсіпбекқызымен тығыз байланыс жасау арқылы жазушының жұбайының бейіті басына белгі қою да азат ойға еркіндік алған бүгінгі мәдениетті жұртшылық үшін үлкен сын әрі міндет болса керек.
...Сол күні Жанақ аға Аймауытовтың үйіне қайыра соқтым. Бұл мезгілде Муза және Гүлнәр апайлар, А. Тасымбеков те келген екен.
Қысқасы, санаулы күн ішінде іргелі жазушы, ақын-аудармашы, білікті педагог Жүсіпбек Аймауытовтың ұрпақтарымен жүздесіп пікір алыстым. Мақсат: жазушының өмірбаян беттеріне балаларының көзімен үңілу, олардың әкесі жайлы дерек, көзқарастарын естіп, білу ниет етілсе, дарияның тамшысындай болса да ондай мұрат пен міндетті орындадық. Ол - біріншіден, жазушының көптеген суреттеріне қол жеткізіп, бірсыпырасының көшірмесін жасадық. Жоғарыдағыдай әңгіме, естелік үлгісіндегідей дерек көздеріне ден қойдық. Ең бастысы, Жанақ, Муза сынды ұл-қыздарын көріп, сырластық. Бізді үміт алға осылай жетелеген еді. Ендігі жерде сол үміт отын сөндіріп алмай ілгері жылжып, осы мақсаттағы ізденісті жалғастыра, жүргізе бepу ләзім.
Рахымжан Тұрысбеков, Қазақ ССР Ғылым академиясы М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының кіші ғылыми қызметкері. Алматы - Фрунзе - Алматы
Ардақтап атын әкенің / «Лениншіл жас», 1990, 29 маусым
|